ТЕРГЕУШІНІҢ БІР ІСІНІҢ ІЗІМЕН

Құқық
747 Views

Полиция қызметкерлерінің қызметі қашанда ең қауіпті де қатерлі, жауапкершілігі мол сала болып қала бермек. Себебі қылмыс әлемімен қарапайым қызметкер немесе кез келген адам емес, тап осы полиция қызметкерлері айналысып, қауіп-қатердің ортасынан табылады. Арыз түскен сәттен бастап қылмыс орын алған жерді тексеру, куәгерлерді іздеп табумен сұрастыру, тергеу мен беттестіру жұмыстарын жүргізеді. Содан соң барып жиналған ақпараттарды талдау барысында қылмыстың бірнеше болжамын жасайды. Тергеуге алынған адамды тергеудің өзі – өте күрделі операция болып саналады.Себебі, тергеуші әрі психолог, әрі философ секілді ойлауы қажет. Оған қоса тергеудегі адаммен бірге басқа да адамдардың тағдыры, тіпті өмірі туралы мәселелер шешіледі. Тергеушінің ғылыми білімі мен кәсіби шеберлігі де істің әділ шешілуіне бірден-бір көмек. Осыдан кейін қалайша тәртіп сақшыларының ісін бөліп-жарып, оңай деп айтамыз.

Жалпы, Сіздерді Түркістан облысы Полиция департаментінің үздік тергеушісі ретінде, өз қызметін жоғары деңгейде атқарып жүрген тергеуші Самат Әсілханұлы Бейсенбаевтың бір ісімен таныстырмақпын. Оқиғаны тергеушінің өз аузынан естідім…

«Бұл жайт өткен жылы орын алған болатын, – деп әңгімесін бастады Самат. – Шетел азаматы Ресейден Қазақстан арқылы Тәжікстанға қымбат бағалы көлікті өткізіп, сатып алушыға жеткізбекші болады. Алайда құжаттары толық болмай, кедендік бақылауда кідіреді.Содан ол азамат (есімі– Мансұр)Ресейдегі таныстарына хабарласып, қосымша қажет болған құжаттарды жеткізуін сұрайды. Құжатты алу мерзімі бір аптаға созылады. Сол аралықта ескі достарымен бірге қыдырып, уақытын тиімді пайдаланғысы келген Мансұр ойда жоқта қымбат көліктен айырылып қалады.

Көпшілігімізге белгілі полицейлердің қызметіне кейбір адамдардың көңілі әлі күнге дейін алабөтен. Бірі жақтаса, енді бірі даттап жатады. Алайда қылмыс орын алып немесе қылмыстық оқиғаның құрбаны болса бірден полиция қызметіне жүгінеді. Өзінің мүлкінен әп-сәтте көз жазып қалған Мансұр да еш ойланбастан жедел түрде жақын маңдағы полиция бөліміне барады. Ол жерде арыз жазып, көлігінің тезірек табылуын тілейді.

Сонымен аудандық полиция бөлімінен бұл іс облыстық полиция департаментіне жетті. Осылайша іс басшылық тарапынан маған тапсырылды. Мансұрмен тілдессем көлікті автотұраққа апарып қойғанын ғана біледі, ал ол жерден оны кімнің және қалай ұрлағанынан мүлде бейхабар. Түн ортасы болғандықтан камераға күдіктінің түр әлпеті де түспеген. Ешқандай іліп аларлық із жоқ. Бар үміті – бізде ғана.

Істі тездетіп ашу мақсатында департаменттің тәжірибелі тәртіп сақшыларынан арнайы топ құрдық. Соның ішінде тергеуші ретінде өзім де бармын. Бірінші кезекте жәймендеп Мансұрдың бір апта ішінде еліміздің қандай жерінде болғанын, кімдермен сөйлескенін сараптап, ол адамдар туралы ақпарларды жинадық. Күн-түн демей жұдырықтай жұмылып, жоспарды да құрдық. Сонымен ақыры күдіктілердің ізіне түсетін ілікті таптық. Одан әрі қарай біраз еңбектеніп, нәтижесінде жедел уәкілдермен бірге кінәлілердің түр-тұлғасын анықтап, тергеуімді жүргіздім.

Белгілі болғандай, Мансұр көлік құжаттарының дұрыс болмай кеденнен өте алмағаннан кейін, қонақ үйге барып аялдаған. Сол жерде жатып, ескі достары – Әли мен Досжанға хабарласады. Олармен бірнеше рет кездеседі. Кейіннен әлгі екеу Мансұрға ақыры бос жатып зеріккенше, құжатың реттелемін дегенге дейін тауға барып, салқын суға түсіп сені қонақ етейік, деп өздерімен бірге алып кетеді. Тауда Мансұр мен Әли бірге суға шомылып жатқанда алдын ала ағасымен сөз байласқан Досжан сол жердегі заттарды ақтарып, сөмкеден қымбат көліктің кілттерін алып, орнына дәл сондай, алайда жалған кілттерді салып ауыстырып қояды.Осылайша екі ағайынды Әли мен Досжан ойластырған істерін тындырып, автотұрақтан көлікті алып кетіп, басқа қалаға қарай айдап апарып, ақшаға айырбастап кетеді.

Бастапқыда күдікті ағайындылар істеген істерін мойындамады. Мансұрды танымаймыз деп жауаптан жалтарды. Алайда біз кілтті жасап берген адамнан, автотұрақтағы қызметкерден, қонақ үйдегі персоналдан әбден сұрақ-жауаптар алып, бірқатар дәлелдерді тапқан болатынбыз. Осылайша күдіктілер мен осы іске қатысы болуы мүмкін адамдарды беттестіре отырып, ақыры істі соңына жеткіздім. Кінәлі ағайындылар істегендерін мойындағаннан кейін, құжаттарды толығымен сотқа жолдадым. Көлікті де көп ұзамай таптық, иесіне тапсырып, шексіз алғысқа бөлендік. Бастысы – осы ғой.

Өзім үшін тергеу барысы аса қиыншылық туғызбады. Себебі, алдын ала күндіз-түні әрбір ұсақ детальға дейін ойластырып, қалай әрекет ететінімізді өзара келісіп алған болатынбыз. Жедел уәкілдер де жарады. Істің соңына жеткенге дейін маған көмектерін аямады. Жұмыс кабинетімде қатарынан қонған күндерім де болды. Алайда жұмсалған уақыт та, күш-жігерім де маңызды емес, маңыздысы қылмыстық істі ұйымдастырып жасағандар, олардың кінәсінің дәлелденуі, әділдіктің жеңіп шығуы еді!»

Осылайша өзінің қысқаша оқиғасын баяндаған Түркістан облысы Полиция департаментінің үздік тергеушісі Самат Бейсенбаев – өзінен кейінгілерге үлгілі қызметкер. Жас та болса бас болып, әрбір істің ақ қарасын ажыратып, талай адамның тағдырына жауапкершілікпен қарап, істің оң шешім табуына ықпал жасап жүрген маман. Орынсыз зәбір көрген жандардың құқығын дер кезінде қорғап жүрген қызметкер. Шешуі күрделі қиын істер тапсырылса да өз ісін сүйгендіктен бел шешіп кірісетін тегеурінді тергеуші.

Әріптестері де Саматтың еңбексүйгіш, үнемі ізденісте жүретін, өз мамандығының қыр-сырын жетік меңгерген маман екенін мақтанышпен айтып отыр. «Біз куәміз талай күрделі істерді ақырына дейін жалғыз өзі жеткізді»,– дейді.

Самат өзінің адал жары Жәудір Берікқызы Керимовамен бірге Ілияс, Мәди, Марлен атты үш болашақ батыр ұлдарды тәрбиелеп отырған жайы бар. Жары Жәудір Шымкент қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде оқытушы болып қызмет істейді. Татулығы айрандай ұйыған жас отбасыға біз де баянды бақыт тіледік. Елін ойлаған Сіз секілді өз ісінің нағыз мамандары жасай берсін. Қарапайым халықтың алғысын алып, қызметіңізде тек биік белестерден көріне беріңіз демекпіз.

(Оқиға кейіпкерлерінің аты-жөндері ойдан шығарылған).

Гүлнар АБДУРАХМАНҚЫЗЫ,

Түркістан облысы полиция департаменті

баспасөз қызметінің өкілі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *