Отбасы – сыйластық, жарастық орнаған орта. « Отан – отбасынан басталады» дегендей отанды сүю – ошақ қасынан басталатыны рас. Себебі, отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы ортасы. Баланың ер жетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілері отбасында қалыптасады. Сондықтан да туған үйдің жылуы оның көкірегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде жүреді.
Отбасы – табиғат сыйлаған таңғажайып дүние. Жеке адамның бойындағы ар-ұятын, ақыл-ойын, адамгершілік мінез-құлқын қалыптастыруда отбасы – алғашқы қадам, өте қажетті, өзгертуге келмейтін баспалдақ болып табылады. Адам бойындағы асыл қасиеттер отбасында жарқырай көрініп, қалыптасады.
Отанға деген ыстық сезім – жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады. Болашақтың жарқын болуы – отбасының мықтылығы мен татулығынан. Сол себепті де біз отбасын Отанның кішкентай бір бөлшегі ретінде қарастырамыз. Осыған орай, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Шымкент қаласы әкімдігі жергілікті белсенділермен бірлесе отырып орталық саябақта отбасылық құндылықтарды насихаттайтын «Otbasy Fest» әлеуметтік және қайырымдылық фестивалін өткізді.
Шараға Шымкент қаласының «Рухани жаңғыру» кеңсесі мен «Отбасы, балалар және жастар істері» басқармасының, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері және көптеген отбасылар келіп белсене қатысты.
«Otbasy Fest» фестивалінде 100-ге жуық мемлекеттік мекемелер мен жекеменшік компаниялар өз кеңестерімен бөлісіп, қызметі мен тауарларын көпшілікке ұсынды. Осылайша, ата-ана мен балаға қажет қызметтердің барлығы да бір ортада тоғысып, бірікті.
Аталған шарада Шымкент қаласының басқармалары мен Еңбекші, Абай, Әл-Фараби мен Қаратау ауданы әкімдігінің өкілдері де бой көрсетіп, сала бойынша қойылған сауалдарға тікелей жауап берді. Сонымен қатар, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасына қарасты №1, №2 қалалық емхана дәрігерлері халыққа өзіндік кеңестері мен қызметтерін аямады.
Тұңғыш рет қолға алынған іс-шарада барлық қызмет түрі тегін қарастырылды. Мұның дәлелі ретінде «Қасиетті жол» балаларды оңалту орталығының логопед, психолог және тағы басқа мамандарының тәжірибе алмасып, жаттығулар жасауын ерекше атап өтсек болады. Бұл қазақстандық әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардағы және балалар үйіндегі сал ауруына шалдыққан балаларға оңалту қызметтерін жүйелі түрде тегін ұсынатын орталық.
Шымкент қаласының «Отбасы, балалар және жастар істері» жөніндегі басқармасының басшысы Жандос Қалтаев: «15 мамыр – Отбасы күні. Сол күннен бастап арнайы онкүндік іс-шаралар жоспарын бекіттік. Ал бұл «Otbasy Fest» әлеуметтік және қайырымдылық фестивалі сол онкүндіктің қорытындысы болып отыр. Осы уақытқа дейін атқарылған шаралар, келген демеушілер, қонақтар, медициналық мекемелер – бәрі осында. Өздеріңіз куә болып отырғандай, отбасылық ойындар ұйымдастырылып отыр. Жастарға отбасын құрғанда алдымен неге баса назар аударып, денсаулығын қалай жақсарту керек екені туралы кеңестерін беріп, отбасына қажет құндылықтарды насихаттайды. Қазір отбасылар арасында ажырасу жиілеген. Мұның мінез-құлқы бір-біріне сай келмеуі, әлеуметтік мәселе, денсаулықтары дұрыс болмауы сынды түрлі себептері бар. Отбасы басқармасы құрылғалы, 2013 жылдан сараптама жасадық. 2013 жылы 100 некенің 26-сы ажырасумен аяқталған. Қазір бұл көрсеткіш 38-ге ұлғайып отыр. Арнаулы әлеуметтік көмек аламыз деп шартты ажырасып жатқан отбасыларда кездесіп жатады. Біз мұндай олқылыққа қарсы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Арнаулы әлеуметтік көмек алуға ажырасудың еш әсері жоқ. Ажыраспай да атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсырып, төлем алуға болатынын түсіндірудеміз», – деп іс-шараның мақсатын тілге тиек етіп, аталған шараның алдағы уақытта дәстүрлі түрде жалғасын табатынын атап өтті.
Орталық саябақта ұйымдастырылған фестивальдің локациясы өте ыңғайлы болғандықтан барлығын көріп, тамашалап, аралап шығуға мүмкіндік жасалған.
Отбасы фестивалін ұйымдастыру идеясын басқармаға ұсынған белсенділердің бірі – Айғаным Тұран. Екі баланың анасы. Жамбыл облысының тумасы.
Ол өз сөзінде, «Алматыда мұндай іс-шаралар көп өтеді. Соған баратынмын. Шымкентке тұрмысқа шыққаннан кейін, осында сәбилі болып, бірақ балаларды апаратын осындай іс-шаралардың жоғын байқайтынмын. Содан Алматыдағы таныстарым хабарласып, Шымкентте отбасына арналған іс-шара ұйымдастыруды ұсынды. Отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармаға ұсынысымызды айтып, олар қолдап, міне нәтижесі көз алдарыңызда. Бүгінгі фестивальдегі түрлі ойындарды, басқа да іс-шараларды ұйымдастыру үшін шетелдік ивент-агенттіктердің идеяларын алып, соны жергілікті халыққа бейімдедік. Шымкентте, жалпы Қазақстанда саябақтардағы көк шөп үстінде отырып, демалыс ұйымдастыру жағы дамымаған. Бізде газонды басуға тыйым салады. Ал шетелде көк шөп үстінде отырып, демалады», – деп болашақта осы жағын дамытуды қолға алу қажеттігін назарға алды.
«Бүгін өтіп жатқан фестиваль аясында осында келуші, демалушы тұрғындарға, жүкті әйелдерге пайдалы тағамды дайындау, дәрумені көп тағамдарды дұрыс таңдау туралы сайыс ұйымдастырдық. Сонымен қатар, тұрмыстық жарақаттың, түрлі жағдайда орын алатын жарақаттардың алдын алу мақсатында алғашқы медициналық көмек көрсету әдістері көрсетіліп, насихатталып, сайыстар ұйымдастырып, жеңімпаздарды марапаттадық», – деді Фарида Байзақова Шымкент қалалық Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының атқарушы директоры.
«OTBASY FEST» фестивалі аясында жастар қазақтың ұлттық спорты асық ату, ләңгі тебу, тоғызқұмалақ ойындарын насихаттап өзара сайысып жарысты. Тоғызқұмалақ спортынан 20-ға жуық жасөспірім қатысып, өзара бақ сынады.
«Ұлттық зияткерлік тоғызқұмалақ спорт түрінен сайыс ұйымдастырып, сайыстың жеңімпазын анықтап, оларды марапаттадық. Біздің ұйымдастырған сайысты қаланың тұрғындары өз көздерімен көріп тамашалады. Меніңше олардың осы спорт түріне деген қызығушылықтарын оятып, одан ары арттырдық деп ойлаймын. Осындай іс-шаралар ұйымдастырылып тұрса, біз өз үлесімізді міндетті түрде қосамыз» – деді жаттықтырушы Сәбит Сапарбеков. Сонымен қатар, фестивальге жоғарғы оқу орындары, балалар тағамын өндіруші мекемелер, дизайнерлік киімдер мен колөнер бұйымдарын, сондай-ақ тоқыма өндірушілері өз өнімдерін ұсынды.
Екі күн бойы өткізілген іс-шарада ойыншық, балмұздақ пен сыйлықтар үлестіріліп, балаларды қуанышқа бөледі. Қала тұрғындарының көңіл-күйін көтеретін сайыстар ойнатылып, жаппай флешмобтар көрсетіліп, арнайы концерттік бағдарламамен ұласты.
Дайындаған А.СӘКЕНҚЫЗЫ.