ӨҢІРДЕ АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР ІСКЕ АСЫП ЖАТЫР

Экономика Қоғам
71 Views

Түркістан облысының  әкімі Дархан Сатыбалды Түлкібас ауданына арнайы іссапармен барып, аймақта іске асып жатқан жобаларды бақылады.

Бірінші кезекте «Састөбе инновациялық кешені» ЖШС-не табан тіреп, қазіргі таңда атқарылып жатқан жұмыстар барысымен танысты. Жылына 100 тонна каустикалық сода, 120 мың тонна поливинилхлорид (ПВХ) және 1 млн. тонна цемент өндіретін кешеннің жоба құны 159,9 млрд. теңгені құрайды. Қазіргі таңда зауытқа қажетті инфрақұрылым толық тартылып, басты нысанның жерін тегістеу жұмыстары атқарылуда. Нысан іске қосылған жағдайда 1000-ға жуық адам жұмыспен қамтылады деп күтіліп отыр.

Сапар барысында Дархан Сатыбалды «Beibars Bottlers» (Бейбарс Ботлерс) ЖШС-нің құрылысымен танысты. Ауыз су және хош иістері бар алкогольсіз сусын өндіретін зауыт жобасының жалпы құны – 9 000 млн теңге, жаңадан 94 адамға жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Жобаны орналастыру үшін жер телімі бөлінген, тегістеліп, іргетасы қаланған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Кәсіпорынды электрмен, газбен қамту мәселесі өзекті болып тұр. Тиісті құжаттары әзірленген.

– Бізге кәсіпорындар өте қажет. Жұмыс орындарын ашу, кәсіпорындарды көбейту, инвестиция тарту жұмысын күшейтіңіздер. Сүйемелдеу жұмыстарын жүргізу керек, – деген Дархан Сатыбалды жауапты басқармалар мен аудан басшыларына тапсырмалар берді.

Іссапар барысында инвестициялық жобаларды көбейту, «Ауыл аманаты» жобасын тиімді үйлестіру, «Таза Қазақстан» акциясын сапалы атқару, көгалдандыру және ауылдардың тазалығын сақтау жұмыстарын жандандыру жөнінде тапсырмалар берілді.

ҚЫТАЙ ИНВЕСТОРЛАРЫМЕН БІРЛЕСКЕН ЖОБАЛАР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қытай делегациясымен кездесті. Тараптар Қазақстан мен Қытай мемлекеттерінің достық қарым-қатынасына, оның ішінде Түркістан облысымен арадағы сауда-экономикалық байланыстардың жоғары деңгейде дамып келе жатқанына тоқталды. «Бір белдеу, бір жол» халықаралық жоба аясында бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру жөніндегі жоспарлар талқыланды. Бұл жоба Қытайдың экономикалық қуатын, сондай-ақ оның жаһандық деңгейдегі жаңа белестерді бағындыруға ұмтылысын көрсетеді.

Қытайдың іскер топ өкілдері бірлескен перспективалық жобаларды жүзеге асыруға үлкен қызығушылық танытып, қазақстандық серіктестермен табысты ынтымақтастыққа үміт білдірді. Басқосуда өңір басшысы Қытай елінің өкілдерін өңдеу өнеркәсібі, тері өңдеу, электротехника, құрылыс, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу сынды салаларда бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Сонымен қатар білім саласы бойынша жаңа жобаларға қатысты ұсыныстар айтылды. Көршілес елден келген инвесторлар аталған салалар аясында ынтымақтастық орнатуға дайындығын білдірді.

– Қазіргі таңда Түркістан облысы еліміздің қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің бірі және үлкен инвестициялық сондай-ақ туристік әлеуетке ие. Өңіріміз арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі әлемдік нарыққа шығудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіндегі шешуші рөліне назар аударып, оны экономикалық және технологиялық дамудың локомотиві ретінде атап өтті. Осы бағытта жұмыстарға күш салып, облыс аумағында қытайлық компаниялардың қатысуын арттыруды жоспарлап отырмыз. Біз облысымызда жұмыс істеуге келген әр инвесторға жағдай жасаймыз. Мен өзім әр инвесторға өзімнің жеке телефон нөмірімді беріп, өзім хабарласып отырамын. Біз өз тарапымыздан қытайлық компаниялардың бизнесті дамыту жөніндегі бастамаларына толық қолдау көрсетуге дайынбыз және ынтымақтастығымыз ұзақ мерзімге жалғасады деп үміттенеміз, – деді Дархан Сатыбалды.

Қытай делегациясы тарапынан да бірнеше жобалар ұсынылды. Ең алдымен халық сұранысына сай салаларға бет бұратындарын атап өтті.

САРЫАҒАШ ШИПАЖАЙЫНЫҢ ЖҰМЫСЫ ЖАНДАНА ТҮСПЕК

Түркістан өңірінде емдік-сауықтыру туризмі дамып келеді. Бұл тұрғыда Сарыағаш ауданының үлесі зор. Өңірдегі 75 шипажайдың 60-ы осы ауданда. Алайда оның ішінде 3 шипажай статистика органдарына тіркелмеген. Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде Сарыағаш шипажайлары мен ондағы мәселелер қаралды. Өңір басшысы жауапты құрылымдарға мұқият қарауды тапсырды.

Жиын барысында «Сарыағаш» Емдеу оңалту кешені» ЖШС басшысы Төлеген Байсейітов өз кезегінде шипажайдың қазіргі жағдайы туралы баяндады. 2024-2028 жылға дейінгі дамыту жобасын таныстырды. Биыл сондай-ақ, корпустың ішін, қасбетін ағымдағы жөндеу жұмыстары мен шатырын ауыстыру жұмыстарын жүргізу жоспарланып, қазіргі уақытта жобалық сметалық құжат дайындалған. Сонымен қатар абаттандыру жұмыстары да қолға алынбақ. Өңір басшысы жұмысты қысқа мерзім ішінде қайта жандандырып, кемшіліктерді түзету бойынша нақты тапсырмалар берді.

Бұдан бөлек облыстық мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев баяндама жасап, облыстағы жалпы туризм саласының дамуына тоқталды. Қазіргі таңда емдік туризмнің басты келелі мәселелері қызмет көрсету сапасының төмендігі, шипажайлардың ретсіздігі және ұңғымалар санының аздығы болып отыр. Аталған мәселелерді шешу жолдары ұсынылды. Сонымен қатар облыс әкімдігі тарапынан атқарылған мониторинг жұмыстары баяндалды.

Айта кетейік, Сарыағаш» Емдеу-оңалту кешені» ЖШС 2013 жылы облыстық коммуналдық меншіктің құрамына қабылданған. 2023 жылы демалушылар саны 15 416 адамды құрады. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 480 адамға өскен. Мұнда азаматтарды емдеу, оңалту және сауықтыру ісі бойынша 37 қызмет түрі жүзеге асырылады.

ӨНДІРІСТІК АЙМАҚТАР САНЫ АРТАДЫ

Түркістан облысында инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашуға басымдық берілген. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Ордабасы ауданына жұмыс сапарында осы саладағы бастамаларды тағы бір пысықтады. Нақты айтсақ, ауданда екі өндірістік аймақ құрылады және «Бадам» индустриалды аймағы 50 гектарға ұлғаяды.

Алдымен Шұбар ауылында өндірістік аймақ құру үшін жоспарланған 60 гектар жердің жобасымен танысқан өңір басшысы инфрақұрылым, ұйымдастыру жұмыстарын сапалы жүргізу маңызды екенін айтты. Бадам-Шұбар автожолының бойында, Батыс Еуропа – Батыс Қытай автодәлізінен 500 метр қашықтықта орналасқан аумақта инфрақұрылым тартылады деп жоспарланып отыр. Қуаттылығы 25 МВТ қосалқы станция, 1,5 шақырым электр жүйесі, 2,1 шақырым су жүйесі, 0,7 шақырым газ жүйесі, ұңғыма құрылысы жүргізілуі тиіс.

Облыс әкіміне Шұбарсу Ауылында өндірістік аймақ құру үшін жоспарланған 50 гектар жердің жобасы да таныстырылды. Мұнда да су, газ, электр жүйелерін тарту керек.

– Барлық аудан, қалада индустриалды аймақтарды тиімді пайдалану, жаңа өндірістік аймақтар ашу өте маңызды. Осы бағытта жұмысты күшейтуді тапсырамын. Өндіріс орындарын, кәсіпорындар ашу бойынша белсенді жұмыс жүргізілсін. Инвесторлар тартыңыздар. Біз өз тарапымыздан инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетеміз. Бұл ретте мегаполиске жақын орналасқан Ордабасы ауданының әлеуеті өте жоғары, – деді Дархан Сатыбалды.

Облыс әкімі Ақбұлақ ауылындағы «Бадам» индустриалды аймағына да барып, жер көлемін 50 гектарға ұлғайту жобасымен танысты. Жоғарыда аталған жобалар іске асса, Түркістан облысындағы кәсіпорындар және жұмыс орындары көбейеді деген жоспар бар.

Айта кетейік, 2023 жылы Түркістан облысының экономикасына 972 млрд. теңге тартылып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 126,1%-ға артты. Оның ішінде жеке инвестициялар 705,1 млрд. теңге болса, бюджеттік инвестициялар – 266,9 млрд. теңге. Өсім динамикасы бойынша облыс республикада 3-орында тұр.

ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ТРАКТОР ЗАУЫТЫНДА БОЛДЫ

Ордабасы ауданына облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров жұмыс сапарымен келіп, Бадам ауылдық округіндені “KazKioti” трактор құрастыру зауытының жұмысымен танысты.

Зауыт басшылығы облыс әкімінің орынбасарын зауыттың қуаттылығы және алдағы даму бағыты туралы ақпараттандырды.

Айта кету керек, зауытта 50 адам жұмыс істейді. Олар 2023 жылы 304 дана трактор, 6 комбайн құрастырып шығарған. Ал, осы жылдың бірінші тоқсанында 120 дана трактор құрастырған.

2023 жылы Алматы, Тараз, Қызылорда, Ақтөбе және Орал қалаларында зауыттың филиалдары мен дилерлік орталықтары ашылды.

ӘКІМ ЖҮГЕРІ ЗАУЫТЫНЫҢ ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Аудан әкімі Арман Қарсыбаев Шардара қаласындағы индустриалды аймақта орналасқан «Казкрахмал» ЖШС жүгері өңдеу зауытына барып, құрылтайшысы Закиржан Пирмухамедович Кузиевпен кездесті.

Онда жүгері зауытының құрлысы, алдағы жұмысы мен жоспарларын талқылады.

Зауыт басшылығы аудан әкімдігімен бірлесе жұмыс жасап, өндіріс орнын тездетіп ашуға ниетті екенін білдірді.

Айта кетсек, «Казкрахмал» ЖШС компаниясының Шардарада салып жатқан жүгері өңдеу зауыты жылына 150 мың тонна жүгері дәнін терең өңдейді. Онда 550 жұмыс орны ашылу көзделген.

Аудандағы индустриалды аймақта орналасқан ірі өндіріс орнының құрылысы 2 кезеңнен тұрады. Қазіргі таңда жүгеріні сақтау және кептіру кешенінің құрылысы аяқталды.

Екінші кезеңде жүгеріні терең өңдеу зауытының құрылысы 2024 жылы басталып, 2025 жылы толық іске қосу жоспарланған.

35 гектар аумақта орналасқан зауытта крахмал сірнесі шығарылмақ. Бұл дақылдың құрамында 75%-ға дейін қант бар. Сондықтан өнімді өндірістік мақсатта, яғни табиғи қант алмастырғыш ретінде пайдалануға болады. Осы ретте крахмал-сірне зауыты еліміздегі ірі кондитерлік фабрикалар мен сусын шығаратын зауыттарды қажетті өніммен қамтамасыз етеді.

Зауыт түрлендірілген крахмалдың 20-дан астам түрін, мальтоза және глюкоза балшырындарын, глютен, жүгері майын, ұрық, кебек, түйірленген құрама жем шығарады. Ал сірне – осы крахмалдан алынатын қою шәрбат тәрізді тәтті өнім. Зауыт бұдан бөлек крахмал-глюкозалық қант пен тағамдық глюкозаны шығарады. Глюкоза алынатын шикізат тағы сол – крахмал.

Айту кете керек, зауыт глюкоза балшырынын өндіру кезінде генетикалық түрлендірілген шикізатты қолданбайды, бұдан тыс жүгеріні қалдықсыз қайта өңдеу циклын жолға қойған.

Кристалдық глюкоза таза тəтті, әрі тез сіңетін жоғары сапалы тамақ өнімі. Кондитерлік нан-тоқаш өнімдерін, жеміс консервілерін, қоюлатылған сүт, балмұздақ жəне өзге де аспаздық өнімдерді шығару үшін осы глюкоза пайдаланылады.

Жеке кәсіпкер өнімдерді ішкі нарықпен қоса сыртқы нарыққа да шығаруға ниетті. Зауыт өнімдерін Азия және Еуропа елдеріне экспорттайды. Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандарының шаруалары жүгері егудің тиімділігіне толықтай көз жеткізгенше зауытты шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында жүгеріні өздері егіп отыратындығын жеткізді.

ЖЕТІСАЙДА ЖІБЕК КЛАСТЕРІНЕ ЖЕР ҚАРАСТЫРЫЛУДА

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен жібек кластерін дамытудың жол картасы әзірленіп, шаруаларға несие беру бағдарламасы бекітілді. Осы ретте Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытовтың бастамасымен ауданда тұт өсіру арқылы жібек құртын өндіру ісі қолға алынып, өткен жылы көршілес Өзбекстан елінің Андижан қаласынан әкелінген жапондық «Ашима» сортының алғашқы 10 мың данасы егілген болатын.

Биыл да бұл жұмыс жалғасын тауып, жібек кластерін дамыту мақсатында тұт ағаштарын отырғызуға болатын ауданның теңгеріміндегі 31,8 гектар жер қарастырылып отыр. Жібек өндірісін дамытуға қызығушылық білдірген 6 кәсіпкер анықталып қолдағы 52 гектар жердің бүгінгі таңда 25 гектар жеріне тұт егу жұмыстары жүргізілуде. Аудан басшысы бекітілген жұмыс кестесі аясында егістік алқапта болып, мамандармен жүздесті.

Мамандар тұт ағашын егу арқылы отбасылық кәсіп ашып, табиғаты қолайлы өңірде 1 гектар жерге егілген тұт ағашының жапырағынан 2 млн теңгеге дейін, ал жібек құртын өсіру арқылы 1 гектар баудан 4,5 млн теңгеге дейін пайда табуға болатынын айтады. Егер бұл өлкеде осы кәсіп жаппай қолға алынатын болса өнімдерді Шығыс Еуропа мен Оңтүстік Кореяға, Қытайға еш кедергісіз сатуға болатынын алға тартады.

«Жібек – жібек құртынан өндіріліп, тоқыма-мата өнеркәсібінде пайдаланылатын табиғи талшық. Оны өндіру – аудан экономикасын ары қарай дамытуға мол септігін тигізеді. Өндірілген өнімнің келісін көршілес Өзбекстандық инвесторлар 600 теңгеге дейінгі бағада сатып алатындықтарын айтуда. Табысымызды тек мақта немесе бақша өнімдерімен байланыстырмай, тұт егу арқылы жібек өндіріп арттыруға да болады» деген аудан басшысы бұл жұмыстардың алдағы уақыттарда да тоқтаусыз жалғасатынын айтады.

Айта кетейік, бұған дейін де отандық және Өзбекстан елінен шақырылған тұт шаруашылығы мамандары жергілікті шаруалармен бірнеше рет кездесулер мен семинар-кеңестер өткізіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізуінің нәтижесінде ауданында жібек кластерін дамытуға арналған жалпы жер қоры 83,8 гектарды құрап отыр.

ШАРУАЛАРҒА ҚОЛДАУДЫ КҮШЕЙТУ ТАПСЫРЫЛДЫ

Түркістан облысында дала жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл ретте облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен диқандарға көмек беру шаралары қолға алынған. Өңірдегі «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығы мен «Ырыс» микроқаржы ұйымы тарапынан да шаруаларға қолдау көрсетілуде. Бүгін облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлының төрағалығымен өткен жиында аталған қаржы ұйымдары басшыларының есебі тыңдалды.

«Оңтүстік» АИО ЖШС-нің басқарма төрағасы Бақбай Әбілдабектің айтуынша, 2023 жылы 8593 млн. теңгеге 846 жоба қаржыландырылған. Оның ішінде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы тартылған 6165 млн. теңгеге 802 жоба жүзеге асқан. «Кең дала» бағдарламасы бойынша көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына қолдау көрсетілген. 1100 жұмыс орны құрылған.

«Ырыс» микроқаржы ұйымының басшысы Мұхит Мыңбаев былтыр 5892 млн. теңгеге 883 жоба қаржыландырылғанын мәлімдеді. 2024 жылдың І тоқсанында көктемгі егін егу және жинау жұмыстарын жүргізу және ауыл шаруашылық субъектілерін қаржыландыру жұмыстары жүргізілген. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның ««АгроБизнес» бағдарламасы бойынша 124 жоба, «Кең дала» бағдарламасы бойынша 302 жоба, жалпы 426 жоба қаржыландырып, бөлінген қаражат толық игерілген.

Жиында алған қаржыны уақтылы қайтармай жүрген тұлғалардың мәселелері де сөз болды. Облыс әкімінің орынбасары қаржы ұйымдарының басшыларына шаруалармен белсенді жұмыс жүргізіп, көмектесуді тапсырды. Жобаларды уақтылы жүзеге асырып, сүйемелдеу маңызды екенін жеткізді. Аудан, қала әкімдеріне су үнемдеу технологияларына басымдық беру жөнінде тапсырма берді. Сонымен бірге жеңілдетілген жанар-жағармайға тапсырыс беру жұмыстарын жандандыруды жүктеді.

ОРДАБАСЫДА СҮТ КЛАСТЕРІ ДАМИДЫ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Ордабасы ауданындағы кәсіпорындарды аралап, жоспарларымен танысты. Мемлекеттік қолдау бойынша кәсіпкерлердің ұсыныстарын тыңдады.

Бадам ауыл округіндегі «Бөрте Милка» ЖШС-нің жаңа технологиялы сүт өңдеу зауытында болған облыс әкімі аталған ұжымның жұмысына оң бағасын берді. Өндірістік қуатын арттыру, экспортқа шығару мәселелері назарда тұруы тиіс екенін жеткізді.

Жалпы «Бөрте Милка» сүт тауарлы тауарлы фермасы 3 кезеңмен іске асырылған. 2015 жылы сүт тауарлы ферманың құрылысы басталып, 1-ші, 2-ші сиыр қораларының құрылыстары жүргізілген. Швецияның «ДеЛаваль» компаниясымен ферманың құрал-жабдықтары, сиыр сауатын роботтары орнатылып, 136 бас сүтті бағыттағы асыл тұқымды ірі қара мал Венгрияның «Хунланд Трейд Кфт» компаниясынан сатып алынған.

2016 жылы 3-ші, 4-ші сиыр қораларының құрылыстары жүргізіліп, толығымен жабдықталып, тағы да ірі қара мал әкелінген. Ал 2017 жылы ІІІ кезең аясында тәулігіне 50 тонна сүт өнімдерін өңдейтін зауыттың құрылысы жүргізіліп іске қосылды. Сүт өңдеу зауытына Италия мемлекетінің «Технолат», «SPX», «FBF» компанияларының құрал-жабдықтары қойылған. 110 адам жұмыспен қамтылған.

Кәсіпорын жетекшісі өңір басшысына зауыттың өндірістік қуаттылығын тәулігіне қосымша 9 тоннаға дейін ұлғайту жобасын іске асырып жатқанын айтты. «Түркістан» ӘКК» АҚ арқылы 2 млрд. 498 млн теңге несие алынып, өндіріс аймағы ұлғаюда. Қосымша 400 бас ірі қара малға қоражай салынып жатыр.

Дархан Сатыбалды Бадам елді мекенінде орналасқан «JNRAY Group» ЖШС-нің тігін фабрикасымен танысты.

Тәулігіне 500 дана өнім шығаруға қауқарлы фабрикада 500-ге жуық жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жалпы құны – 1 млрд. 300 млн. теңге. Өндіріс алаңы 1,5 гектарды құрайтын фабриканың өнімі толықтай дерлік еліміздің ішкі нарығына жіберіледі.

Жалпы «JNRAY Group» тігін фабрикасы 3-кезеңмен іске асырылуда. 2023 жылы құрылысы басталып, биыл аяқталады деп жоспарланып отыр. Заманауи құрылғылармен жабдықталған.

Облыс басшысы кәсіпорын басшылығымен кездесіп, ұсыныстарын тыңдады. Сондай-ақ жауапты басқарма мен аудан әкіміне кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жұмысын жандандыруды тапсырды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *