«БОЛАШАҚ» БАҒДАРЛАМАСЫ ЗАҢГЕР-ҒАЛЫМДАРДЫ ДАЙЫНДАЙДЫ

Білім
734 Views

2021 жыл еліміздің ғалымдары үшін Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы шеңберінде жаңа «500 ғалым» жобасының іске асырылумен белгіленеді. Жобаның мәні мынада, жыл сайын 500 отандық ғалым әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында еліміз үшін маңызды басым мамандықтар бойынша ғылыми тағылымдамадан өтеді.

Мұндай тағылымдаманың қажеттілігі туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында атап өтілген болатын. Президент Жолдауында: «Ғылым саласын дамыту туралы да айтқым келеді. Бұл мәселе бойынша бізге тың көзқарас пен жаңа тәсілдер керек, сондай-ақ халықаралық тәжірибеге арқа сүйеуіміз қажет. Үкіметке жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымның тағылымдамадан өтуін қамтамасыз етуді, сондай-ақ «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін 1000 грант бөлуді тапсырамын» — деді.

Осы екі жобаны да бүгінгі күні Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі толық көлемде іске асыруда.

Ғалымдар, әсіресе жас ғалымдар үшін ғылыми тағылымдамалардың маңыздылығы мен қажеттілігі өте жоғары. Ол ғалымдардың ғылыми идеяларын іске асыруға, сондай-ақ ғылыми ізденістердің тәжірибесімен танысуға, ғылыми құзыреттіліктерді алуға немесе оларды арттыруға мүмкіндік береді.

Бұл үшін мемлекет «Халықаралық бағдарламалар орталығы» уәкілетті операторы арқылы ғылыми тағылымдамалардың қаржылық бөлігін қамтамасыз етуге және стипендияға үміткерлерді тиісті іріктеуді жүргізу үшін қажеттінің бәрін жасауда. Халықаралық стипендияның мөлшерін анықтау үшін стипендиаттың баратын еліне байланысты шығыстар нормалары белгіленген.

Ғалымдар ғылыми жаңалықтар ашуда үнемі ізденістегі адамдар ретінде ғылыми тағылымдама жаңа білімдерді, әдістер мен технологияларды алуға және үйренуге серпін береді. Бұл білімнің, ғылым мен техниканың қарқынды дамуы жағдайында ерекше өзектілік пен қажеттілікке ие.

Сонымен бірге, ғылыми тағылымдамалар отандық ғалымдардың бәсекеге қабілеттілігін халықаралық деңгейде арттыру үшін жаңа мүмкіндіктер береді, яғни олардың танымалдылығына (авторларға және олардың ғылыми еңбектеріне сілтеме жасау), ғылым мен білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және т.б. ықпал етеді.

Отандық заң білімі мен ғылымы үшін ғылыми кадрларды даярлау маңызды сипатқа ие, бұл ретте ғылыми тағылымдамалар арқылы жас ғалымдардың біліктіліктілігін арттыру аса өзекті болып отыр. Бүгінгі таңда заң білімінің сапасын арттыру және заң ғылымын дамыту мәселелерін заң қауымдастығы әртүрлі алаңдарда, оның ішінде мемлекеттік деңгейде, уәкілетті органдар көтеріп, талқылауда.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Заң факультеті заң ғылымын дамытуға өз үлесін қосуда. Атап өтетін жағдай ғылыми тағылымдама аясында 2021 жылы бірден үш ғалым — оқытушы «Болашақ» стипендиясының иегері атанды.

Осы стипендияның иегері бола отырып, маған жас ғалым ретінде 2022 жылдың 1 наурызынан бастап М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Заң факультетінің қылмыстық іс жүргізу, сот төрелігі және прокурорлық қадағалау кафедрасында ғылыми тағылымдамадан өту мүмкіндігі берілді.

Ғылыми тағылымдаманың мақсаты қылмыстық процесті дамытудың қазіргі заманғы үрдістерін ғылыми пайымдау, сондай-ақ алынған нәтижелерді қылмыстық процестің отандық теориясы мен практикасын жетілдіру үшін пайдалану болып табылады.

Тағылымдама базасы құқықтанушы ғалымдардың ғылыми әлеуетін және материалдық — техникалық қамтамасыз етілуін ескере отырып таңдалды. Ғылыми тағылымдама әртүрлі ғылыми іс-шараларға қатысуды, теориялық материалдарды жинау мен талдауды, жетекші ғалымдармен кеңесуді, ғылыми кітапханаларға баруды, мақалалар мен баяндамаларды жариялауды, ғылыми қызметті ұйымдастыруды және оқу процесін зерделеуді және т.б. көздейді. Бұл өз кезегінде стипендиаттың ғылыми құзыретін арттыруда көрініс табады. Айта кету керек, Мәскеу мемлекеттік университеті халықаралық QS рейтингі бойынша әлемнің Top-100 университетінің қатарына кіреді және ол 78-ші орында орналасқан.

Жалпы, Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясының «500 ғалым» жобасы Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған әрбір Жолдауында ғылым мәселелерін қозғайтын саясатының қисынды жалғасы болып табылатынын атап өткім келеді.

Өз кезегінде «Болашакерлер» отандық ғылымның дамуына және жаңа Қазақстанның қайта құрылуына өз үлесін қосады деген ойдамын!

Әсет БАЛҒЫНТАЕВ,

PhD докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті заң факультеті деканының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *