БІЛІМ ХАҚ. ШЫМКЕНТТЕ 10 МҰҒАЛІМНІҢ БІРЕУІ 300 МЫҢ ТЕҢГЕ ТӨҢІРЕГІНДЕ ЖАЛАҚЫ АЛАДЫ

Білім Қоғам
1 824 Views

Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты білім мекемелерінде бірқатар мұғалімдердің жоғары жалақы алатыны туралы газеттердің бірі сыни мақала жазған болатын. «Әлеуметтік желіде жарық көрген мақала қоғам белсенділері мен қаламгерлер қауымына «жалған» ақпарат таратты ма?» деген жөнсіз мәлімдемесі төңірегіндегі мақала аталмыш басқарма басшысы Ақерке Абылайханның шындығын бұрмалауға алып келген сыңайлы. Жаңадан мегаполис атанып, республикалық маңызы бар ірі қалаға айналған тұста білім басқармасына басшы болып келген Ақерке Абылайхан әкімдік ғимаратында, бүкіл БАҚ өкілдері қатысқан жиында жалған ақпармен алдап, айды аспанға шығарып қайтсін, оған қоса берілген мәлімет министрлікке дейін жететін дүние. Шымкент көнеден қонағын Құдайындай сыйлайтын қонақжай қала екені жасырын емес. Жаңа келген басшыны сынға алмай, керісінше қолдайтын кезеңде Оңтүстік өңірі іскер ханымға демеу көрсетудің орнына сынға алып, басқармадағы орталықтандырылған бухгалтериядан алған мәліметтің өтірік екенін меңзеген басылымның діттегені не болды екен… Шымкент десең, таяқтың бір ұшы өзімізге тиеді, алайда, жоғарыдан келіп өз қызметіне құлшына кіріскен азаматшаны сынға тарту тектілігімізге таңба емес пе!

Сынауға құштарлау басылым қала мектептерінің бірқатар мұғалімдерімен тілдескен екен. Әрине, дұрыс-ақ делік, ақпаратқа толық көз жеткізу үшін сұхбат алу сатысы әр тілшінің міндеті, кәсіби шеберлігіне тән нәрсе. Әттеген-айы, сұхбат беруші тараптар шын мәнінде осындай айлық жалақы алатын әріптестерінен хабарсыз екені қарын аштырады. Сенімсіздік танытып, «Мұндай жалақыны түсімде көрмеппін», – дегенді алға тартпай, алдымен білім басқармасына келіп қызығушылық танытсын, таныссын, қандай жағдайда айлығын көбейтетін мүмкіндіктер бар екенін білсін. Ізденсін, сұрасын, мұғалімдік біліктілік пен бірінші санаттағы сатыға көтерілу жағдайларына қанықсын. Қазір ешкімнің ешкімге бұйрық беретін заманы емес, тек қана алға ұмтылу мен тынымсыз еңбек әрбір мұғалімнің мәртебесін көтерері анық. Әрине, түстеріне кірмеген жалақы төбеден жай түскендей болары сөзсіз, шын мәнінде естімеген, білмеген болар… Ал шындығында білім басқармасының басшысы ешкімді алдап, әрбір мұғалімдік кәсібін меңгергендерді талдап, таңдап отырған жоқ. Алынған ақпараттар да, берілген мәліметтер де барлығы дерлік шындыққа жанасады. Ақиқатын анықтау үшін біздің редакция аталмыш басқармаға хабарласып, ұстаздардың жоғары жалақысына қатысты әріптестерімізді ретсіз ұйқыдан қалдырған жағдайға журналистік зерттеу жүргізіп көрген болатын. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, бүгінгі таңда басқармаға қарасты барлық білім мекемелерінде 288 мың теңге жалақы былай тұрсын, 350-400 мың теңге көлемінде жалақы алатын ұстаздар бар екені мәлім болды. Бүгінде қазынаның қаражатын есептеп емес, басқармаға бағынатын білім ошақтарының айлығын айтып өту әкімдіктегі жиынның күн тәртібіне қойылғандықтан, жалақы, жағдайының бүгінгі жайымен таныстырып, нақты ақпарат берген еді. Басқармада қаншама жылдық еңбек өтілі бар есепші мамандардың жаңадан келген басшыға болмашы, жалған жалақы мөлшері жазылған жазбаны беріп жіберу білімдегі білікті мамандардың жұмысына орасан нұқсан келтіреді. Сондықтан, жалақы жайындағы мәселені «жалған» дегенге келтіріп, (па), (ма) сынды сауалдармен тақырыпты талқыға салу басылымның беделін түсірмесе, асырмасы анық. Жарияға жар салу жөнсіз. Сондай-ақ, басқармаға қарасты бірқатар білім ошақтарының басшылары да ондай жалақы жөнінде естімегені жайлы жеткізіпті. Әрине, қарамағындағы қызметшілердің кәсіби деңгейлерін дамыту мен олардың жалақысына жанашырлық танытып жатса, педагог мұғалімдермен тынбай еңбек етсін! Тіпті, өздері де еңбектеніп, сол жалақыны еншілеулері әбден мүмкін. Ол заңда бар. «Ештен кеш жақсы» деген сөз осындай жағдайда айтылар…

Сонда да көңілге қаяу түсіретін мақаладан соң «Білім басқармасы хақ па…?!» деген ойға көз жеткізбек ниетпен қаламыздағы №65 білім нысанына бас сұққан болатынбыз. Мектеп басшысы Қатира Қырғызбайқызы аталмыш мектепті бірнеше жылдан бері басқарып келеді. Айтуынша, жоғары жалақы алатын мұғалімдер қатары жетерлік! «Тіпті, менің өзім 300 мың теңгеден астам жалақы алмаймын. Ал біздің мектепте айлық жалақылары 300 мың теңгеден асып жығылатын мұғалімдікті кәсіп еткен бірнеше білікті мамандар бар екені шындық» деп ағынан жарылған мекеме басшысы мектептегі ұстаздардың тынымсыз тірлігі мен білім сапасын жандандырудағы әдістері мен шеберліктерін тілге тиек етті. Әрине, кез келген педагог мұндай жалақыға тез арада қол жеткізбейтіні айдан анық. Алайда еңбектеніп, есті бала тәрбиелеуде аянып қалмаған, білімін әрі қарай жаңа әдістемелермен толықтырған, ізденуден жалықпаған ұстаздар қатары ғана бүгінде ауыз толтырып айтарлықтай айлық жалақыны еншілеп отыр. Қуантарлық жайт.

Бүгінде Шымкент қаласының білім басқармасына қарасты 147 мектеп бар. Әр мектепте 100 мың теңге мен 200 мың теңгеден асып, 300 мың теңгеге жетерлік жалақы алатын мұғалімдер қатары жетіп артылады. Сұрап көрдік, зерттеп көрдік, біліп көрдік.

Қатира ҚЫРҒЫЗБАЙҚЫЗЫ, Ыбырай Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназияның директоры:

– Қазіргі таңда білім саласы өте қарқынды дамып келеді. Елбасымыздың Жолдауында ұстаздардың мәртебесін көтеру туралы айтылуда. Онымен қоса мұғалімдерді 2012 жылдан бастап оқуға жіберіп отыр. Назарбаев зияткерлік мектебі мен 35 мектеп республикамызда базалық мектеп санатына енді. Сол бойынша мектеп директоры мені, білім меңгерушісін Астанаға, Ұлыбританияға апарып оқытып отыр. Қаражатының барлығы мемлекеттің есебінен төленеді. Семей қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде болып келдім. Сонымен қатар қаншама мұғалімдерді жаңартылған 1,2,3 деңгейде оқытты. Ол оқуға кеткен кездегі айлығы да сақталып отыр. Оның орнына сабақ берген мұғалімнің де еңбек жалақысы төленеді. Қазіргі үштілділік бағдарламасына байланысы физика, химия, биология, информатика пәндерінің мұғалімдері де ағылшын тілінде оқып, бітіріп келгендерге 35 мың теңгеден айлықтарына үстемақы төленуде. Ағылшын тілі – дүние жүзінің тілі. Бұл тілден алатын материалдарымыз көп.

Ал жаңартылған біліммен оқытылған ұстаздардың жалақысына тағы да 30 пайыз қосылады. Осындай білім сапасы жоғары, жақсы жұмыс жасайтын, ата-ананың талаптарына сай келетін, еңбекқор мұғалімдерге біз екі ставкаға дейін сағат береміз. Себебі олардың бірінші мектептен екінші мектепке барып қосымша табыс іздеп жүрмеуі үшін. Білімді маман болса неге бермеске? Олардың сол еңбегіне байланысты жалақылары да жоғары.

– Нақты айтқанда, өздеріңіздегі білімді мамандардың жалақысы қалай?

– Мысалы, Марфуға Күлтаева деген қазақ тілі пәнінің мұғалімі. Білім сапасы өте жоғары білікті маман. Осы мектеп ашылғалы бері жұмыс істеп келеді. Ата-аналар да разы. Баланың да көңілінен шығып отыр. Осы мұғалім 300 мың теңгеге дейін айлық жалақы алады. Математика пәнінің мұғалімі Ғалия Қожахметова деген ұстаз да жоғары жалақы алып отыр. Бізде мұндай білімді мұғалімдер жеткілікті.

– Жалпы, бүгінде білім басқармасының атқаратын жұмысы қалай?

– Білім басқармасының саясаты өте жоғары деңгейде. Шындыққа, әділдікке қарап отыр. Шешілмей жатқан мәселелер бар ма, қиыншылықтар бар ма, осы сұрақтармен кез келген уақытта есігіміз ашық, бізді қаншама рет шақырып, тыңдап отыр. Тек қана жақсы жақтарыңды ғана емес, жетіспейтін нәрселеріңді де айтыңдар дейді.

Сонымен қатар мұғалімдерге Астанадан «Болашақ» бағдарламасымен білім алған мамандарды шақырып, бір емес, бірнеше рет семинарлар өткізіп келеді. Кембридж университетінің мамандарын шақырып, ағылшын тілінде үлкен Халықаралық конференция өткізді. Біздің түсінбеген сұрақтарымыз, кемшілік кетіп жатқан жағдайларымыз айтылды. Бұл өте керек дүниелер. Мұндай конференциялар бізге керек. Ұстаз болған соң 45 жыл мұғалім болсақ та 45 минуттық сабаққа тыңғылықты дайындалуымыз қажет. Қазіргі заман ағымына байланысты күнде оқып жаттықпасақ, біз жаңара алмаймыз. Бір ай оқымай қалсақ, ұмытып қалатын жағдайларымыз болады. Күнде бір жаңалық. Сондықтан күніге оқуымыз, ізденісте болуымыз керек.

Жастарға да оқыңдар, ізденіңдер деп айтамын. Қазір бізге барлық жағдай жасалған. Тек ерінбесең болғаны.

– Ақерке Абылайханқызының айтқан сөзі рас па, сол туралы не айтарыңыз бар?

– Рас. Әрине, не жасыратыны бар. Қазіргі заманда желіге кірсең болғаны кім қандай жалақы алады, барлығы да жазылып тұр.

Марфуға КУНТАЕВА, №65 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

– Осы мектепте қазақ тілі пәнінің мұғалімімін, жоғары санаттағы бірінші деңгейлі ұстазбын. Бүгінде жаңартылған білім мазмұны бойынша жалақыма қосымша 30 пайыз қосылды. Жаңартылған білім мазмұны бойынша тағы да қосымша 30 пайыз, оған қоса бірінші деңгейлігімнің өзіне лайықты жалақысы бар, одан басқа ұлттық тестілеу орталығынан өтіп, шебер мұғалім деген лауазыммен тағы да үстемақы 50 пайыз жалақы қосылып, 30 сағаттық жүктемемен бүгінде 270 мың теңге жалақы алып отырған жайым бар. Бұл жерде мектеп басшысының да ерекше еңбегін айтқым келеді. Еңбегіне қарай өнбегі. Сіз еңбек етесіз бе сағатты аямайды. Сізге үлкен үміт артқан соң,одан сайын артқан сенімді ақтауға әрекет жасаймыз. Жалпы Елбасымызға, Үкіметке осындай материалдық жағынан қолдау беріп отырғанына алғыс айтамыз. Осындай жоғары айлық алып жүргеніміз ақиқат.

Нұрзия ҚАСЫМОВА, №65 мектептің информатика пәнінің мұғалімі:

– Осы мектепте информатика пәнінен мұғалім болып еңбек етіп жатқаныма 15 жыл болды. Қазіргі уақытта жаңартылған білім мазмұны бойынша 30 пайыз үстемақы алып отырмыз. Үштілділікке байланысты информатика сабағын ағылшын тілінде өтіп, осы жылдың қыркүйек айынан бастап 65 мың теңге тағы да жалақы қосылып жатыр. Жалпы, мектепте мұғалімдерге жақсы жағдай жасалған. Салық, зейнеткерлікке тағы басқа алынып тасталғанда тазасы 180 мың теңге айлық аламын.

Дана ЖАППАРОВА, №65 мектептің химия пәнінің мұғалімі:

– Химия пәнінен жоғары санаттағы мұғаліммін. Жаңартылған білім бағдарламасы бойынша 7-8 сыныптарға сабақ бергендіктен, 30 пайыз үстеме жалақы қосылады. Екінші деңгейдің білімін алып, оған да үстемақы жалақы аламын. Ағылшын тілінің С1 деңгейін бітірдім, оған да 35 мың теңге жалақы қосылды. Бұған қоса 220 сағатым бар, казіргі таңда қолыма таза 220 мың теңге жалақы аламын.

Құрбанкүл БЕКАМАНОВА, №65 мектептің ағылшын тілі пәнінің І деңгейлі мұғалімі:

– Өзіміздің еңбегімізге байланысты сағатымызда соған сай берілген. 2 ставкам бар. І деңгейді оқып бітіргенмін. Соған орай 30 пайыз жалақыма қосылған. Тереңдетілген ағылшын пәнінен 20 пайыз үстемақы аламын. 30 пайыз жаңартылған бағдарлама бойынша аламын. Жалпы 265 мың теңге көлемінде таза қолыма жалақы аламын.

Айда АЙТҚОЖАЕВА, №65 мектептің орыс тілі пәнінің мұғалімі:

– Бірінші деңгейлі орыс тілі пәнінің мұғалімімін. Бүгінгі таңда айлық жалақым 342 мың теңгені құрап отыр. Жоғары санаттамын. Мұның үстіне жаңартылған білім деңгейіне 30 пайыз қосылған. Бұдан кейін тағы да айлыққа қосымша мұғалім-зерттеушімін. 36 сағаттық жүктемемен жұмыс істеймін.

Айгүл КЕРІМБАЕВА:

– Сегіз жылдан бері директордың әдістемелік жұмыстары жөніндегі орынбасарымын. Бүгінгі таңда әлеуметтік желіде, баспасөз беттерінде мұғалімдердің айлық жалақысы туралы көтеріліп жатқан мәселеге мен өз басым үн қостым. Қалалық білім басқармасы басшысының айтқаны шындық. Өйткені осы мектепте менің өзімнің лауазымдық қызметіме кіретіні мектеп мұғалімдерінің айлық жалақысын есептеу. Жұмыс күндерін есепке алу. Сондықтан, біздің мектепте 180 мұғалім болатын болса, соның 101-і жоғары санатта, 38-і бірінші санатта, 42-і екінші санатта, қалғандары қатардағы ұстаздар. Осы мұғалімдердің ішінде 68 мұғалім деңгейлік курстан өткен. Сонымен қоса бүгінгі таңда 1 және 3 сыныпта, және 5-8 сыныптарда жұмыс істейтін мұғалімдердің барлығына дерлік 18 сағаттан жаңартылған білім бағдарламасымен жұмыс жасағаны үшін айлық жалақысына 30 пайыз үстемақы қосылуда. Сонымен қатар біздің мұғалімдер ұлттық тест тапсырды, бұдан кейін өздерінің щығармашылық портфолиясын ұсынып, шебер педагог, зерттеуші педагог, сарапшы педагог, педагог модератор деген төрт біліктілік санаты бойынша өздерінің биылғы жылдың қыркүйек айынан бастап қосымша үстемақысын алып отыр. Біздің ұлттық тесттен білімін дәлелдеп шыққан мұғалімдер өздерінің портфолиясын екінші кезеңге ұсынды. Қалалық білім басқармасына ұсынып, сонда зерделеніп, сараптау комиссиясында жатыр. Сонымен бірге мектеп мұғалімдері жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқытқаны үшін Үкімет қаулысына сәйкес осы қыркүйек айынан бастап, олар бір сағат оқытса да ол мұғалімдерге арнайы 35 мың теңге үстемақы қосылып отыр. Менің жалпы айтпағым, мектеп педагогтарына, әсіресе мынау жаңартылған білімге көшкен кезде педагогтарға жасалып жатқан жағдайды өте жоғары деңгейде деп бағалаймын. Елбасының білім саласына өзінің әр Жолдауында айтып өткендей, бұл біз үшін қуаныш әрі болашақ ұрпақтың алдында үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан бүгінгі педагогтарға менің айтарым, осындай жағдай жасалып жатқанда елдің ертеңгі болашағының алдында жарқын болуына, біздің еңбегімізді бағалайтын ұрпақтың ертеңгі білімі, тәрбиесі, қазіргі жаңартылған білім берудің де басты мақсаты сол. Бала алған білімді өмірде қолдана алады ма, жоқ па деген мәселе. Сондықтан біздің мақсатымыз біреу ғана, алған білімді өмірде қолдана алатын, сыни ойлай алатын, өз ұлтын, өз жұртын сүйе алатын және қазақстандық білімді әлемдік бәсекеге шығаруға атсалысуымыз керек. Сондықтан, мен әлеуметтік желідегі кейбір ұстаздардың біз мұндай жалақыны көрген емеспіз, біз мұндай ақшаны естіген емеспіз деулері шындыққа сай келмейді деймін. Мәселен, биыл ғана жұмысқа кіріскен апталық сағаты 20 сағаттық бастауыш сынып мұғалімі қолына таза 86 мың теңге айлық жалақы алады. Сол сияқты биыл ғана жұмысқа кіріскен жас маман, ағылшын тілі пәні мұғалімі 25 сағатық апталық жүктемемен қолына 97 мың теңге жалақы алады. Бұл деген сөз еңбегіне қарай өнбегі!

Қ. ТАСБОЛАТҰЛЫ.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *