Ілгеріде ел ішінде туындаған түрлі дауларды сөзге шешен билеріміздің шешіп отырғаны бізге тарих беттерінен белгілі. Бүгінде сол билердің орнын кәсіби медиаторлар басып отыр.
2011 жылдың 5 тамызында ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Медиация» туралы заңға қол қойды. Медиацияны пайдалану біріншіден, бізге дауларды жеке тайталасу саласынан мүдделі пікірталас саласына ауыстыра отырып, олардың даулылығы мен шиеленісуін төмендетуге, азаматтар мен ұйымдардың дауларды сотқа жүгінбей және істі сотта қарау процесінде шешу үшін татуласу рәсімдерін пайдалануына, дауға қатысушылардың үнемділігін, шығынның барынша төмен болуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін назарға салғымыз келеді.
Біздің мақсатымыз – кінәлілерді іздеуге емес, ортақ шешімге келу жолдарын іздестіре отырып, екі тарапты да қанағаттандыратын нұсқаға қол жеткізу болып отыр. Сондай-ақ, медиацияның басты қағидаттары еріктілік, тараптардың тең құқылығы, құпиялылық, медиатордың тәуелсіздігі мен бейтараптылығы, медиация рәсіміне араласуға жол бермеушілігі болып табылады.
Сондықтан да қазіргі кезде халықтың арасында медиацияға деген көзқарас жақсара бастады. Себебі, медиацияның не екенін олардың көпшілігі түсініп отыр. Содан да болар, қазіргі кезде азаматтар да, кейбір жұмыс орындары да сотқа дейін араларында пайда болған дауларды шешуге келетін болды. Ал, кейбір азаматтарымыз сотта қаралып жатқан мезгілде де медиация рәсімін қолдану тиімді екенін біліп, медиаторлардың қызметіне жүгінетін болды.
Соңғы жылдар ағымында медиацияны жүзеге асырудың оң нәтижелері де көрініс беріп отыр. Соның бірі болып, Түркістан облысы бойынша медиация арқылы қаралған қысқарған істер 2017 жылмен салыстырғанда, 2018 жылы едәуір артты. Бұл да болса көңілге қуаныш ұялатары хақ. «Дау мұраты – біту» деп Сырым бабамыз айтқандай, татуласу, бітімгершілік рәсімінің аясын кеңейтуге, халықты дауды сотқа дейін реттеуге мүдделі етуге, қоғамдағы шиеленістерді төмендетуге оң ықпал ететін аталмыш заң осылайша оң нәтиже көрсетуде.
Лаура МҰРАТҚЫЗЫ,
«Медиацияны дамыту орталығы» РҚБ-ның өкілдік директоры.