Қазақта «Әуелгі байлық – денсаулық» деген керемет сөз бар. Иә, шынтуайтында да дені-басы сау адам ғана бақытты. Өйткені, ол толыққанды жұмыс істей алады. Сәби сүйіп, ұрпақ тәрбиелейді. Салауатты өмір салтын ұстанып, адамдармен жақсы қарым-қатынаста болады. Міне, осылардың бәрі мықты денсаулықтың арқасында ғана жүзеге асатыны мәлім.
Егемен елімізде халықтың салауатты өмір салтын ұстану мен денсаулық сақтау мәселелеріне жете мән беріліп келеді. Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда 1 400 заманауи аурухана мен амбулаториялар ашылғанын бәріңіз жақсы білесіздер. Соның бірқатары күншуақты Оңтүстік өңірінде, шырайлы Шымкент шаһарында бой көтеріп отыр. Мұнда жұмыс істейтін жоғары және орта буын медицина қызметкерлері халық денсаулығын сақтау, сан түрлі ауру-сырқаттардың алдын алу жолындағы профилактикалық шараларды да жүйелі атқаруға талпыныс жасап келеді.
Шымкент республикалық мәртебеге ие дербес қалаға айналған. Осыған орай демографиялық жағдайдың жақсарып, халық санының еселеп өсуіне байланысты біздің жұмысымыз да күрделене түсті. Денесінің ыстығы көтеріліп, басы ауырып, балтыры сыздаған науқас жандарға ең алдымен біздің ақ желеңділеріміз жетіп барады. Алғашқы медициналық жедел жәрдем көрсетуді мойнына алған қызметкерлеріміз өздерінің жұмыстарына қашанда үлкен жауапкершілікпен қарайды. Әрине, мұның бәрі жұмыс сапасының артып, халық денсаулығын жақсарту ісіне оң әсер ететіні белгілі.
Қалалық мәслихаттың депутаты ретінде Шымкенттейін мегаполистің өркендеп, дамып, бұдан да шырайлана түсуі жолында қолдан келген тірлікті аянып қалмаудамын. Сайлаушыларымның аманатына қашанда да жіті көзбен қарап, олардың оңтайлы шешілуіне бар күш-жігерімді жұмсап келемін.
Аяулы аналар, қадірлі құрбылар! Сіздерді көгілдір көктеммен бірге келетін мерейлі мерекемен шынайы құттықтаймын! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін! Көктемдей жайнап жүре беріңіздер!
Гүлнар Мамытқызы ҚҰРМАНБЕКОВА,
Шымкент қаласы медициналық жедел жәрдем
көрсету стансасының бас дәрігері,
Шымкент қалалық мәслихатының депутаты.