Дәрігер – қастерлі мамандық. Бұл мамандық иелерінің жауапкершілігі де мол, атқаратын жұмыстары да ауқымды. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін осынау маңызды салаға бүкіл өмірін арнап келе жатқан абзал жандар қаншама. Сондай жандардың бірі Шымкенттегі №6 қалалық емхананың күндізгі бөлім меңгерушісі Сұлтанова Жанат Төребайқызы.
Ауру алқымнан алып, дерт дендегенде әр адам дәрігерден үміт күтеді. Тырп етпестен төсек тартып жатқан жандардың жебеушісі де осы ақ халаттылар. Орта ғасырдың ұлы ғұламасы Ибн Сина айтпақшы дәрігерлердің үш қаруы бар. Оның бірі – пышақ, екіншісі – шөп, үшіншісі – сөз. Яғни, дәрігерлерге артылар жүк те, жауапкершілік те ауыр. Алайда олардың ешқайсысы ел басына күн туғанда жұмысын тастап, қара бастың қамын ойлап, тасаға тығылып қалмайды. Осы мінездеме нақ Жанат Сұлтановаға арналғандай. Жанат Төребайқызының медицинада сіңірген еңбегі ерен. Адам жанының арашасы болған ақ халатты абзал жанның осы еңбегі еленіп, өткен жылдың соңында ол Қазақстан Республикасының «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен наградталды.
Десек те Жанат Төребайқызы үшін халықтың құрметі, ықыласы және тезірек сауығып кетуіне өзі көмектескен емделушілердің шын жүректен айтқан алғыс-лебізі ыстық. Ал ыстық ықылас білдірген мұндай емделушілер Шымкентте аз емес.
Ж. Сұлтановаға алғыс айтушылар қатары әсіресе кешегі бүкіләлемдік пандемия жарияланған карантин кездері өте көбейді. Төтенше жағдай кезінде табанынан тік тұрып, күні-түні халық денсаулығын сақтау үшін тынымсыз еңбек еткен абзал жан аталмыш емханада 11 жылдан бері еңбек етіп келеді. «Батылдық, жан жылуы, өзгелерге жәрдем беру – бұл біздің дәрігеріміз – Жанат Төребайқызына тән қасиет. Ол жаны таза, еңбегіне адал, ұстанымына берік маман». Әріптестері ол туралы осылай дейді.