АУДАН ӘКІМДЕРІН САЙЛАУ ХАЛЫҚ ПЕН БИЛІК АРАСЫН ЖАҚЫНДАТА МА?

Билік Қоғам
667 Views

Бір аптадан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы саяси-әлеуметтік реформалардың жаңа бағдарламасын жариялайды. Белсенді өзгеріс кезеңіне аяқ басқан Жаңа Қазақстанға жаңа ұстаным керек-ақ. Жаңа бағыттың бірі – аудан әкімдерін сайлау болмақ. Бұйыртса, ол 2024 жылы өтеді.

Орталық Азия елдері ішінде Қазақстан Республикасы аудан мен ауыл әкімдерін сайлау құқын халықтың өзіне тапсырған алғашқы мемлекет болғалы тұр. Бұл саяси пилоттық жоба билік пен халықтың арасын жақындата алады ма? Аудан әкімдерін сайлау қаншалықты қисынды? Әділ өте ме? Қоғам белсенділерінің пікірі мынадай:

Бақытжан БҰҚАРБАЙ, белгілі саясаттанушы, публицист:

«ЕЛГЕ ЖАНЫ АШИТЫН АДАМ КЕРЕК»

Әділ өтеді деп ойламаймын. Өйткені бұған дейін де талпыныстар болды: ауылдық әкімдерді сайлап көрдік…

Жалпы, басқарушы органға қатысты сайлауды ауыл және аудан әкімімен шектеу дұрыс емес. Өйткені ол бәрібір де облыс бюджетіне тәуелді бола-ды, сайлаушыларының алдында сөз бергенмен, ол тек сөз – бос уәде болып қала береді. Неге? Нақты бір іс атқару үшін әкім бюджетке сүйену керек. Бюджетсіз өзінің ықпалы болмайды, облыс әкімінің аузына қарайды. Ал облыс әкімін, білесіздер, тағайындайды. Сондықтан бұл шала, соңына дейін жеткізілмеген шара (жоба) деп айтуға болады. Қазір бізге аудан, ауыл әкімдерін емес, алдымен пилоттық жобада Астана, Алматы сияқты ірі қалалардың әкімдерін сайлау керек.

Әкімді сайлауға халық дайын ба, дайын емес пе деген әңгіме – бос сөз. Алматылықтардың ішіндегі қалауы, көкейінде жүрген мәселесі – өз әкімін өзі сайлау. Біз – алматылықтар өз әкімімізді сайлауға әбден лайықпыз. Бұрынғы президент бір сөзінде «демократия жасау үшін сіздерге Қазақстаннан соншама америкалықты қайдан табамыз?» деп еді. Ақылға сыймайтын әңгіме, қисынға келмейтін сылтау. Неше жыл үндемеуіміз керек? Неше жыл күтуіміз керек? Өз әкімін сайлауға дайын болмайтындай, демократияны қабылдамайтындай, еркіндікті қаламайтындай, біздің елдегі 19 миллион адам түгел санасыз ба, ақылсыз ба, әлде надан ба? Демократияны қабылдамайтындай, еркіндікті қаламайтындай.

Қазіргі сайлаудың мақсаты басқа – таразыда ел мүддесі. «Аузы қисық болса да бай баласы сөйлесін» дейтін заман емес қазір. Бұл – рушылдық деңгейінде емес, ұлт болып ұйысу үшін адамзат деңгейінде ойланатын кезең. Бәріміз де бір қазақпыз – Қазақстанның қай бұрышында болсам да, ол менің жерім, қай тұсында болсам да ол менің ауылым! Солай саналуы керек. Бұл – Қазақ жері, Қазақ елі! Қазаққа ең бастысы елге, жерге, республикаға жаны ашитын адам керек, міне, сондай азаматтар үлкен іс атқарады. Соны өзгертуге білімі жетсе, біліктілігі болса, соның өзі жеткілікті.

Халық сайлауға дайын емес деген – жалған. Мен сенбеймін. Қала әкімі түгілі, президентті халық сайлап жатқан жоқ па?! Фальсификация – дауыс ұрлау, жалған мәлімет, тағайындап кету, мынау менің ізбасарым деп, өзіне қолайлы адамды отырғызуды енді біздің халық қабылдамайды.

19 миллион халықтың ішінен Президент болуға лайық бір адам жоқ деу, лайық адамды көріп тұрған жоқпын дейтіндер қазақты кемсітіп, қорлайтын адамдар. Біздің халықтың ішінен ел басқаратын 10 шақты үміткер шықпаса, онда шынымен сорлы халық болғанымыз ба?!

Айгүл ОРЫНБЕК, белгілі заңгер, қоғам белсендісі:

«ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН ҚҰРУҒА ҮЛКЕН МҮМКІНДІК»

Аудан әкімдерін сайлау – болашаққа жасалған қадам, жаңа Қазақстанды құруға үлкен мүмкіндік. Бірақ, егер біз әкімдер халық тұрмысын жақсарту үшін қандай да бір өзгеріс жасағанын қаласақ, шын мәніндегі жаңа Қазақстанның құрылғанын қаласақ, сайлаудың әділ өтуіне барымызды салуымыз етуіміз керек. Ол үшін сайлаушылар туысқаным, руласым, бауырым деген түсінікті жойғаны абзал. Әкім деген лауазым бауыры мен туысы, сосын руласының қамын ойлап, солардың жағдайын жасаушы емес, елдің мүддесі үшін тер төгетін тұлға ғой. Сайлауға түсетін азаматта да бауыр деп бұра тартатын туысқаншылдық, рушылдық мінез болмауы тиіс.

Аймақтың гүлденуі, инфрақұрылымы, ондағы тұрғындардың әлеуметтік мәселелері тікелей әкімге қатысты. Ал сайлаудың қалай өтуі, яғни жауапты да әділ, іскер де жанашыр әкім келуі жергілікті халықтың өзіне байланысты.

Өткен жылы Қазақстанда алғаш рет бірқатар ауыл әкімдерін сайлау өтті. Сонда Оңтүстіктегі 1-2 ауыл ақсақалдары, жалпы тұрғындары әкім болудан дәмелі кандидатты руласы болғанына қарамастан өткізбеді. Ауылға жаны ашымайтын адамның керегі жоқ, ал біз ауылымыздың көркеюін қалаймыз деді. Ал ол азамат, қателеспесем, кәсіпкер болуы керек, жол жөндеу бойынша тендер ұтып алып, жұмысын дұрыс атқармаған көрінеді. Қысқасы, тұрғындар оған наразы, риза емес. Мұндай әкімнің бізге керегі жоқ деп ауылдастары қарсы болды.

Халық талап ете білсе, ел үшін қызмет ететін адамды сайлайтын болса, әрине, ол аудан көркейеді. Бұрынғыдай емес, халықтың қазір көзі ашық, талап етуді біледі. Ақпараттар да ашық. Мысалы, Шымкент қаласында наурыз мерекесін тойлауға бөлінген қаражат мәселесіне байланысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік бірнеше адамды тергеп-тексеріп жатыр. Жұмсалған сома аз емес, жарты миллиардтан асады. Оны жасырып қалу мүмкін болған жоқ, қоғам белсенділері мәселе көтерді, ақшаның босқа шашылмағанын талап етті, халық есебін сұрады. Қай нәрседе де халық осылай өз мүддесі үшін биліктен тиісті іс пен оған жұмсалған қаржы есебін талап ете білсе, азаматтық қоғам құрылады және халыққа қызмет ететін әкімдер пайда болады. Ал әкімнің бойында қандай қасиеттер болуы тиіс? Жаңадан халық сайлайтын әкімдер, ең бірінші, халықтың тілін – қазақ тілін білуі міндетті. Өз ана тілімізде сөйлеуі керек. Халықтың тілінде сөйлеген әкім сол жердің жағдайын да, жанын да жақсы түсінеді. Қазақстандағы кез келген әкімге ең бірінші қоятын талабымыз осы болса екен.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *