Сауран ежелгі қалалардың бірі болса да өте құнды деректері бар орта ғасырлық тарихи өлке. Х ғасырда құрылып, сол кезде халықтың тіршілігіне өте қолайлы болған. Себебі қайнаған өмір. Ұлы Жібек жолының басты бағыттары осы қала арқылы өтіп отырған. Осы жерден жібек мата, қымбат металдар және дәмдеуіштер тиелген керуендер ағылып жатқан еді. Тіпті археологтар Сауранды бүгінгі күнге дейін сақталып келген Қазақстандағы жалғыз ортағасырлық мегаполиске жатқызады. Қайран қалмасқа шара жоқ.
Ал енді осы ежелгі Сауранның маңайынан алыс емес, Түркістан мен Қызылорда облысы шекарасының ортасында орналасқан бүгіні Сауран ауданы да байырғы тарихи қаланың жаңғырығы, жалғасы іспеттес десе болады.
Ендеше бүгінгі Сауранның келбеті қандай? Аты аңызға айналған қаланың ізін қайта жандандырып, дамыту жолында қандай жұмыстар атқарылып жатыр. Көңілді соған бөлейік.
Түркістан облысы, Сауран ауданының құрылғанына биыл наурыз айында бір жыл толады. Нақтырақ айтсақ, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2021 жылдың 12 наурызында жаңа Сауран ауданы құрылып, 12 сәуірде аудандық әкімдік пен мәслихат құрылған болатын. Орталығы Шорнақ ауылы. Ауданда қазір 104 мыңнан аса халық тіршілік етіп отыр.
Аудан әкімі Ғани Рысбеков аудан әкімі қызметіне тағайындалған күннен бастап, Сауранның әлеуметтік-экономикалық ахуалын көтеруге атсалысып, дамыл таппай ат үстінде жүр. Расын айтқанда Шорнақ өз тарихында бір жылдары аудан орталығы қызметін атқарған, алайда ауыл-аймақтар бөлінісін қайта орталықтандыру кезінде Түркістанға бірігіп кеткен. Ал енді Түркістан облысы жаңадан құрылған шақта Шорнақ қайтадан аудан орталығы болып бекітілді. Шорнақтың бүгінгі қоңторғай қарабайыр кейпін дамыған заманауи аудан орталығына айналдыру – қазіргі атқа мінген әкімдік қызметтегі азаматтардың мойнында. Аудан әкімі Ғани Құрмашұлы алдымен ауданның ең өзекті ауыз су, газ, жол салу мәселесін бірінші орынға қойған. Бұл проблемалар кезең-кезеңімен шешілуде. Алда жоспарлар мен атқаратын міндеттер жеткілікті.
Қазіргі таңда ауданға қарасты 35 елді мекен бар. Оның ішінде 31 елдімекенге Түркістан және Кентау қаласының тарапынан ауыз сумен қамтамасыз ету құрылыстары жүргізілген. Енді кезекте 2022 жылдың жоспарына сәйкес Ойық елдімекеніне ауызсу тарту үшін жобалық құжаттамалар әзірленуде. Жоба құны 160 миллион теңге. Сондай-ақ, Шоқтас пен Еңбекші-Дихан ауылдары ауызсумен қамтылмақ. Мақсат – сағатпен берілетін ауыз су мәселесін жою. Сондай-ақ, тұрғындарды Оранғай, Қарашық, Жүйнек ауылдарын газбен қамту 2022 жылдың еншісінде.
Ғани Рысбеков, Сауран ауданының әкімі:
– Алдымыздағы жыл өзгерістке толғалы тұр. Жақында ғана жаңа үкімет жасақталып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа Үндеуін жариялады. Әрбір салаға қатысты өз ойын, бағыт-бағдарын айтты. Міне, осы тапсырмаларға сәйкес ауданда жұмысты тиянақты үйлестіретін боламыз. Ынтымақ бар жерде, халықтың әлеуметтік өсу динамикасы қалыптасатыны белгілі. Сондықтан, халықты сабырлық пен бірлікке шақыра отырып, түзілген жоспарларға сәйкес ауқымды жобаларды жүзеге асыратын боламыз. Алдыңғы кезекте халыққа қызмет көрсететін түрлі орындар – мәселен, көлік жуатын және жөндейтін орындар да жоқ, бәрін басынан бастап ашып, халық игілігіне жарататын боламыз!
Айта кетейік, Шорнақ елдімекенінен 38 гектар бөлініп, аудандық әкімшілік іскерлік орталығының құрылысы биылдан бастап жүргізіле бастайды. Түркістан облыстық құрылыс басқармасы ауданда 6 мемлекеттік нысанның құрылысын бастап кетті. Аудандық әкімдік, қазынашылық мекемесі, прокуратура, сот, мәдениет үйі салынбақ. Міне, ауданның келбеті мен көркі болашақта балалар ойын алаңдары, спорттық кешендер, саябақтар салумен де жандана түспек.
Мұның барлығы ел тыныштығы сақталғанда, бейбіт өмірде жасалатын жұмыстар әрине. Кешегі қаңтардың басында болған халық наразылығымен қатар ел ішін ала тайдай бүлдірген бұзақылық әрекеттер халықты әбігерлендіріп жіберді. Дегенмен, Сауран ауданы бұл күндері тыныштық құшағында болды. Жаппай тәртіпсіздіктер орын алған жоқ. Қазіргі таңда Сауран-Түркістан ауданынан Қызылорда облысына кететін бағытқа блок постар қойылған. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында құқық қорғау қызметкерлерімен бірге саурандық азаматтар мен қызметкерлер де бірлесіп ауыл аймақ тыныштығын күзетуде.
Сауран аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы, полиция полковнигі Даул Төребекұлы Панзабеков те осында.
– Қоғамдық келеңсіздіктер мен тәртіпсіздіктерді болдырмау мақсатында Түркістан бағытымен және Қызылорда бағытынан келе жатқан көліктердің жүк салғышын, жүктерін, жүргізушілердің жеке куәлігін қатаң тексеріп өткізудеміз. Сондықтан бекет қойылғалы бері өрескел оқыс оқиға орын алған жоқ. Қазіргі таңда еліміздің тыныштығы бәрінен қымбат.
Дәулет Құдияров, Сауран ауданы әкімінің аппарат басшысы:
– Қазір блок-бекет жұмыстары барлық талап-тілекке сақадай сай тұр. Мұндағы әскери қызметкерлерге бар жағдай жасалған, жатыр орны мен ас-ауқаты қамтылды. Бекетте жолаушылар көлігі жіті қадағалауда. Алдыңғы кезекте қоғамның тыныштығы қажет.
Еліне адал қызмет ететін азаматтар осындай ел басына күн туған қысылтаяң шақта көрінеді. Мемлекеттің басты бөлшегі – халық. Ел абыройын мен халықтың мамыражай бейбіт өмірін қорғау үшін күндіз-түні аянбай еңбек етіп жүрген азаматтарымызға мың алғыс.
Сауран – алдағы уақытта белді де беделді аудандарың біріне айналары сөзсіз. Біз бұған бек сенімдіміз.
Қ.АХМЕТ