Суық хабар жүрегімізді жүдетті. Ел үшін туған азамат, Түркістан облысы Ордабасы ауданының әкімі Әліпбек Шәріпбекұлы ӨСЕРБАЕВ ағамыз мезгілсіз өмірден озды. Оңтүстік өңіріне еселі еңбек еткен, іскер, байсалды да парасатты басшы болып, елбасқарған Әлекеңнің әлі де еліне берері мол еді. Қазір іскерлігінен гөрі интригасы басым әкімдердің ешбіріне ұқсамайтын азаматтың бірегейі еді. Бірсөзді. Ештеңені күлбілтелемейтін. Осындай ерекше, мықты жандардың арамыздаұзағырақ жүрмейтіні өкінішті.
Түркістан облысының дамуына сүбелі үлес қосқан, қасиетті Түркістан қаласын басқаруға бір емес, үш рет тағайындалған, соңғы бір жылдың көлемінде Ордабасы ауданының әкімі болып қызмет істеген Әліпбек Шәріпбекұлы Өсербаев мезгілсіз дүниеден озды.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың шырайлы Шымкент шаһарын егемен еліміздің үшінші мегаполисі деп жариялағанын бәріңіз жақсы білесіздер. Арнайы Жарлықпен бұрынғы Шымкент облысы Түркістан облысы деп аталды. Жаңадан құрылған облысқа Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев әкім болып тағайындалды. Осы кезде Екінші Мекке, Рухани астанамыз іспеттес киелі қаланы басқару тізгіні Әліпбек Шәріпбекұлына үшінші рет нәсіп етті. Қос әкім облыс пен онымен аттас қаланы көркейту, көгалдандырып, абаттандыру жұмыстарына бел шеше кірісті. Олардың уақытпен санаспай жұмыс істеулеріне, қажыр-қайрат танытуларына тура келді. Соның арқасында тарихи қысқа мерзім ішінде ежелгі де мәңгі жас қала адам танымастай болып өзгерді.
Облыс басшылығына Өмірзақ Естайұлы Шөкеев келгеннен кейін Әліпбек Шәріпбекұлы Өсербаев кезінде үш жүздің ұлы билері бас қосқан, «Ел жүрегі, жер кіндігі», «Қазақ рухының қағбасы» атанған Ордабасы тауы орналасқан осы аттас ауданының әкімі болып тағайындалды. Ол мұнда да білек сыбана қызмет істеді. Өзінің ерен еңбегімен қалың жұртшылықтың ыстық ықыласы мен ізет, ілтипатына бөленді. Ауданның 55 жылдық мерейтойын дүркіретіп өткізді. Оған алыс-жақыннан келген көптеген қадірменді қонақтар қатысты. Темірланға «көгілдір отын» әкеліп, тұрғындарды қуанышқа кенелтті. Оның жүзеге асырамын деген талай игі жоспары болатын.
Әліпбек Шәріпбекұлы қазақ руханиятының шынайы жанашыры тұғын. Өзі басшылық жасаған жерлердегі тұрғындарды баспасөзге көптеп жазылуға үндеп, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне қолдау білдіріп жүретін жомарт жүректі жан еді. Осы орайда оның біздің республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық «Әділет.Рухани жаңғыру» газетіне көрсеткен қолдауын ешқашан да ұмытпаймыз.
Ажалға амал бар ма! Жаратқан Алла жәннаттан орын бұйыртсын! Қамшының сабындай қысқа ғұмыр осы екен ғой! Бес күндік бұл жалғанда бір-біріміздің қадірімізге жетіп жүрейік, ағайын!
Республикалық қоғамдық-саяси,
тарихи-танымдық «Әділет.
Рухани газеті жаңғыру»
газеті ұжымының атынан
Қуанышбек БОТАБЕКОВ.