САБЫР САҚТАП, ПАРАСАТТЫЛЫҚ ТАНЫТАЙЫҚ

Өмір-өзен
941 Views

«Ажал айла таптырмас» дейді дана халқымыз. Ажалға қимас асыл азаматтан айырылдық, ағайындар. Білікті басшы, парасатты азамат Түркістан үшін жан аямайеңбектенген, халқымызға қалтқысыз қызмет жасаған әріптесіміз ӘліпбекШәріпбекұлы Өсербаевтың мезгілсіз қазасы қабырғамызды қайыстырып отыр.

Әліпбек Өсербаев Шымкенттегі Бүкілодақтық Қазақ химия-технологиялық институтын бітірген соң еңбек жолын Қарағандыда қарапайым машинист болып бастаған. Жиырма жылдай құрылыс саласының қиын да күрделі жұмыстарына жегілді. Кейіннен Кентау мен Түркістан қаласы әкімінің орынбасары болып шыңдалды. Үш мәрте Түркістан қаласының әкімі, облыс басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды. Өңірді дамытуға аянбай атсалысты. Қасиетті Түркістан қаласын облыс орталығына айналдыруға зор үлес қосты.

Кейінгі кездері талантты басшының тың тынысы ашылған еді. «Ел жүрегі, жер кіндігі», «Қазақ рухының қағбасы» атанған Ордабасы тауы орналасқан айтулы ауданды басқарып, жаңа да жарқын істерімен аймақ халқының құрметіне бөленді.

Амал қанша?! Бәрімізге ауыр-ақ. Балтакөлде кіндік кескен, туып-өскен өрен елу тоғыз жасқа енді аяқ басқанда бақиға аттанды.

«Жақсының ерте болды батар күні,

Тағдырдың бұл да болса қаталдығы.

Қабірге бауыр беру оңай емес,

Көңілде әлі талай жатар мұңы», – деп ақын тебіренгендей, Әлекеннің отбасына, әулетіне, туған-туыстары мен жекжат-жұраттарына, дос-жарандарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз.

Ардақты ағайын, қабырғамыз қайыса отырып, баршаңызды сабырға шақырамыз. Әлемді әбігерге түсіріп, дүниені дүрліктірген кезеңді бастан кешіп отырғанымызды ешқайсымыз да естен бір сәт шығармауға тиіспіз. Облыс басшылығы, әкімдік пен мәслихат атынан баршаңызды төтенше жағдай мен карантиннің қатаң талаптарын терең түсініп, бұлжытпай сақтауға шақырамыз.

Марқұм Әліпбек Шәріпбекұлын құрмет тұтатын барлық жамағатты парасаттылық танытып, Құран мен дұға-тілектерді үйлерінде оқып, бағыштаулары керектігін ерекше ескертеміз. Бұл жөнінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының арнайы шешімі бар. Төтенше жағдай мен карантинге байланысты жерлеу рәсіміне қатысатындар он адамнан аспау керектігі белгілі.

Қадірлі қауым, жоғары жауапкершілік, тәртіптілік, талапшылдық Әліпбек Шәріпбекұлына тән еді. Осындай қасиеттерді бәріміз де таныта білейік. Төтенше жағдай мен карантин де аяқталады, қауіптің де беті қайтады. Бірлік пен ынтымақты ту еткен еліміз қиындықтарды жеңеді.

Сол сәтте Әліпбек Өсербаевты еске алып, арнайы ас береміз. Түркістан, Кентау, Жаңақорған, Балтакөл, тағы басқа да елді мекендердегі, облыс көлеміндегі тілектес-ниеттестер шақырылады.

Бауырымыздың иманын берсін, пейіште нұры шалқысын. Жары, перзенттері, туған-туыстары мен барша еліміз амандықта болсын.

Өмірзақ Естайұлы ШӨКЕЕВ,

Түркістан облысының әкімі.

Қайрат Рахымұлы БАЛАБИЕВ,

Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы.

Әліпбек Шәріпбекұлы ӨСЕРБАЕВ

· Туған жылы: 1961 жылы 20 тамыз

· Туған жері: Оңтүстік Қазақстан облысының Қызылқұм ауданындағы Балтакөл ауылы (қазіргі Түркістан облысының Отырар ауданындағы Балтакөл ауылы).

· Білімі – 1983 жылы Қазақ химия – технологиялық институтын бітірген.

· Қызмет баспалдақтары:

1983-1984 жылдары Қарағанды асбест –цемент өнімдері зауыты, шифер цехының ЛФМ машинисті, Қарағанды қаласы

1984 жылы Қарағанды асбест-цемент өнімдері зауытының ауысым шебер алмастырушысы

1984-1986 жылдары Қарағанды асбест-цемент өнімдері зауытының ауысым шебері

1986-1987 жылдары Түркістан қаласының құрылыс детальдары мен конструкциялары комбинатында уақытша зертхана инженері

1987-1990 жылдары Түркістан қаласының құрылыс детальдары мен конструкциялары комбинатында жоғары қысымды құбырлар цехының шебері

1990-1991 жылдары Түркістан қаласының құрылыс детальдары мен конструкциялары комбинатында жоғары қысымды құбырлар цехының экономисті

1991-1993 жылдары Түркістан қаласының құрылыс детальдары мен конструкциялары комбинатында жоғары қысымды құбырлар цехының бастығы

1993-1996 жылдары Түркістан қаласының құрылыс детальдары мен конструкциялары комбинатында бетон араластыру цехының бастығы

1996-1999 жылдары Түркістан қаласының құрылыс детальдары мен конструкциялары комбинатында бас инженер

1999-2005 жылдары Түркістан қаласының рудасыз материалдар комбинатының директоры

2005-2006 жылдары Түркістан қалалық мәслихат хатшысының міндетін уақытша атқарушы

2007 жылы Түркістан қаласының құрылыс бөлімінің меңгерушісі міндетін уақытша атқарушы

2007-2009 жылдары Түркістан қаласы құрылыс бөлімінің меңгерушісі

2009 жылы Кентау қаласы әкімінің орынбасары

2009-2012 жылдары Түркістан қаласы әкімінің орынбасары

2012-2013 жылдары Түркістан қаласының әкімі

2013 жылы Түркістан қаласы әкімінің орынбасары

2013-2014 жылдары ОҚО кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы

2014-2017 жылдары Түркістан қаласының әкімі

2017-2018 жылдары ОҚО әкімінің бірінші орынбасары

2018-2019 жылдары Түркістан облысы Түркістан қаласының әкімі

2019 жылдан бастап Түркістан облысы Ордабасы ауданының әкімі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *