Біртуар ақын Есенқұл Жақыпбеков көзі тірі болғанда 70 жасқа толар еді.
Сені тағы да түсімде көріп, қыстығып жатып оянып кеттім. Есеңгіреп отырып-отырып сыртқа шықтым. Аспан асты түнеріп, дала суықтан қалтырап, боздап тұр. Қыс кезіндегі аспан жақтан мөлдіреп көрінетін жұлдыздарда жоқ… «Есенқұл ақын бұл фәниден өтті деп», таңғы сағат алтыда Керім бауырым телефон шалып оятқанда сенер-сенбесімді білмей сенделіп, дел-сал болып, өзі деаурушаң жүрегімді ұстап егілдім ғой.
Есіме нелер келіп, нелер кетпеді?
* * *
Қайран біртуар, асыл інім! Есіме нелер келіп нелер кетпеді десеңші?!
Аудандық «Екпінді еңбек» газетіне өлеңмен жазылған мысал, сықақтарының төрт-бесеуі шықты. Тілі тотияйындай, өлеңінде мін жоқ. Елеңдесіп, бұл кім екен деп жүргенде, өзі іздеп келіпті.
Редакцияға кіре алмай есік алдында ұялып тұр.
– Мыналарды жазған сенбісің?
– Иә… – дейді.
Жөпелдеме журналистке тән қызығушылықпен бәрін сұрап жатырмын. Бірлік ауылынан, Шамалғандағы училищені бітіргені жаңа екен.
– Газетке қызметке шақырсақ қалай қарайсың? – деймін.
– Ол менің мәңгілік арманым ғой, – дейді ұяң ғана тәтті жымиған жас бозбала.
– Жүр онда, – деп алды-артына қаратпай редакторымыз Әбілғазы Тоғызбаевқа алып кірдім. Обалы не, бекер адам редактор бола ма, сынақ мерзімімнен корректорлыққа қабылдап жіберді.
Бәріміз де жаспыз, дүрілдеген қайран күндер-ай!.. Есенқұл өлең жазады екен, бірінен кейін бірін ұсынады. Үстінен қалам тигізе алмай талантына бәріміз тәнті болып, бас шайқаймыз.
Аудандық газетте істейтін Жұмабай Шаштайұлы, Өмірәлі Смайылов, Сейітхан Молдахметов, Ратбек Терлікбаев, Әлімжан Дәуітов, Нүсіп Әбдірахимов, Талғат Сүйінбаев, Ержан Мұсаев, Манарбек Ізбасаров және тағы басқа да сол кездегі жастардың бәрі де өршіл рухтағы қаламының желі бар таланттар еді. Оларға Жұмағали Жұмаділов, Сәдуақас Бигелдиев, Базарбек Атшабаров, Жұматай Қалығұлов, Ханымбүбі Ақжолова, Тұрсынбек Ешенқұлов, Еркін Құтпанбаев секілді сақа журналистер өз тәжірибелерін айтып, үнемі үйретіп отырды. «Екпінді еңбек» газеті – таланттарды тауып шыңдап, үлкен орбитаға ұшырып шығаратын нағыз әдебиет пен журналистиканың лабораториясына айналған ғажап орта еді.
Түрлі айтыс, кеш, диспут, конференциялар ұйымдастырамыз, мәдениет үйі, жаздық паркте жастарды жинап, поэзия кештерін өткіземіз. Міне, осындайигі істердің басы-қасында Есенқұл жүретін. Алматыдан Оспанхан Әубәкіров, Мұқатай Жылқайдарұлы тағы басқа да ақын-жазушылар редакцияға келіп, апталап жасжурналистердің үйлеріне қонып, думандатып кететін.
Үсті-үстіне өлеңдері бұрқырап шығып, Есенқұлдың атыауданнан асып кетті. Балғабек Қыдырбекұлы, Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов секілді аузы дуалы, азуын айға білеген атақты редакторлардың өздері Есенқұлды іздейді.
Ауданды басқарған Бекболат Тұрысжанов ағай газетке шыққан әр өлеңіне таңдай қағып: «Бұл бала талай жерге барады», – дейді.
Талант қоя ма, Есенқұл домбыра тартып, қыршаңқы қиып түсер уытты жырымен айтыс додасына күмп қойды да кетті. Оның әзіл-қалжыңға толы айтқандарын ел іліп алып, ауыздан ауызға жаттап, аңыз қылды. Республикалық айтыста бүкіл елді таңқалдырып, Біржан сал атындағы бас жүлдені жеңіп алды.
Айтыстың құдіретімен Өзбекстан, Қырғызстан барды, бүкілқазақ елін аралап, айтыс туын жаңа белеске көтерген алғашқылардың бірі, бірі ғана емес бірегейі болды.
Сол кезеңде руханият әлемінің үлкен жанашыры Мырзатай Жолдасбековтың ұсынысымен бір топ белгілі айтыскерлерге «Қазақстанның халықақыны» атағы берілді. Есенқұлды да ұсынған кезде, сол кездегі мәдениет министрі«Бұл ішеді» деп тізімнен сызып, алып тастаған еді.
Айтыс көрігін әбден қыздырып, жігіт ағасы болған шақта «Мен енді айтыспаймын, таза өлең жазамын» дегені есімде.
Лирикалық сезімге толы өлеңдері жарық көрген сайын оқырманы молайып, жырсүйер қауым оның биік талантын бірден мойындады. Әдемі өрілген өлеңдерімен жұртты әбден мойындатты.
Белгілі мемлекет қайраткері Серік Үмбетов Жамбыл облысына әкім болғанда құттықтап барғанымда:
– Қандай тілегің бар, кітаптарыңды шығарып берейін, – деді.
– Рахмет, шын ниетіңізге. Есенқұл бауырым екі папка толы өлеңдер жазып, дайындап қойғанымен кітап етіп шығара алмай жүр, – деп едім Серік Әбікенұлы:
– Екі кітабын да шығарып бер. Қаржысын өзім төлеймін, – деп екі кітабын шығарып бергенімізде Есенқұл ақын қуанғаннан жеті қат аспанда жүргендей жыр жинақтарын құшақтап, сел-сел өлеңдерін жазды.
Ұзынағашта тұрғанымда сол кездегі Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Қалдарбек Найманбаев келіп, бір ауданда жеті жазушылар одағы мүшесі тұратын бірден-бір өңір болғандықтан, арнайы бөлімше ашып, оның жетекшілігіне мені тағайындаған болатын. Осы лауазымды пайдаланып Есенқұлды Жазушылар Одағына мүшелікке өткізуге ұсыныс жасадым. Секретариат мәжілісін өткізгенде ол келмей қалды, Қ. Найманбаев жайсаң кісі ғой:
– Жақыпбековтей ақынды қабылдамай кімді қабылдаймыз, – деп сыртынан қабылдап жіберді. Мына тұрған Алматыға келіп Жазушылар Одағының мүшелік билетін де алмады, екі айдан соң өзім алып, Ұзынағаштағы үйіне апарып тапсырған едім.
***
Бұл дәл бұдан жиырма жыл бұрын болған жайт еді.
Таңертеңгісін телефон шалады:
– Нәке, елу жылдығым атаусыз өтіп барады, аудан басшылары қозғалатын түрі жоқ, – дейді мұңайып.
– Сен оған қам жеме, бауырым. Бәрін өзім ұйымдастырамын, – деп іске кірісіп кеттім. Тура туған күнінде жазушылар одағының конференц залын алып, кешті ашарда жиналған жұрт симай кетті. Ауданның әкімі кешігіп келіп еді, отыруға орын болмай қалды.
Мерейтойы ғажап ән-жыр кеші болып дүрілдеп өтті. Мұнда Есенқұлдың композиторлығына ерекше мән беріп, ғажап сезімдерге толы керемет әндерін айтқыздым. Тұңғышбай Жаманқұлов, Нұрлан Өнербаев, Ақан Әбдуәлиев және де басқа әншілер де оның сезімге өрілген әндерін орындағанда зал жарыла қол шапалақтап, дүр-дүр көтеріліп кетті. Үш сағат бойы залдан бір адам кетпей, кеш соңында Есенқұл гүлге көміліп қалды. Қолтаңба алушылар тым көп болды. Інісі Ақан Әбдуәлиев мәшине мінгізді.
Сондағы қайран ақынның асып-тасып, көңілі көлдей шалқып қуанғаны-ай!
Сол кездердегі аудан басшылары Ләззат Тұрлашев пен Махаббат Бигелдиевтердің көмегімен кейін М. Әуезов театрында үлкен жыр кеші ерекше серпіліспен өтті.
Өзі еңбек жолын бастаған баяғы «Екпінді еңбек», бүгінгі «Атамекен» газетіне бас редакторы болып тағайындалды.
Сенатор Л. Тұрлашев:
– Есенқұл ағайымыздың ешқандай атағы жоқ екен ғой, – деп құжаттарын сұратты. Өзіне келгенде тым жұпыны ол керекті қағаздарды жібермей, ақыры өзім жұмысына барып, көзбе-көз толтыртып, Астанаға жеткіздім. Ақыры «Мәдениет ісінің озаты» деген атақ алып, омырауына белгі тақты.
Елу жасқа толған кешін өзім жүргізіп, өткізіп бергеннен кейін:
– Бауырым, алпыс жас мерейтойыңды да кейін дүркіретіп өткіземіз, – деген едім.
Сұраншы, Саурық батырларға арналған айтыста:
– Сен, Ақан үшеуіміз енді мерейтойыңды ақылдасайық, – дегенімде:
– Сіздер аман болыңыздаршы, – деген еді ол тәтті жымиып, жұмсақ қана күлімсіреп, нұрлана қарағаны есімде.
– Нақа, мен проза жазып жүрмін. Проза жазуға ниет еттім, – деді сонда.
– Оның дұрыс шығар, бірақ сен құйма таза лирик ақынсың ғой, – дегенім бар.
Қайдан ғана білейін, бұл ақын ініммен соңғы дидарласып, тілдесуім, көруім екенін. Қайдан ғана білейін тағдырдың осыншама қатыгез опасыздығын?! Қайдан білейін?
Алпыс жылдығына жетпей мерейтойлық мақала жазудың орнына еңіреп, жер тоқпақтап қалдық қой.
Бүкіл қазақ баласы, ата-баба даласы, алаш жұрты қайғы-шерден теңселіп кетті.
Баяғыда Гагарин апатқа ұшырады дегенде, бала жүрегім сенбей осылай аласұрып кетіп едім.
Сенің мәңгілік арманың – өлең, өнер, жазу, ән-жыр еді.
Бірақ сен жыр сүйер еліңнің жүрегіндесің. Қазақ деген ұлы халық барда Есенқұл Жақыпбеков ақын есімі биікте асқақтай береді.
Мен соған кәміл сенемін!
Алқара аспаннан түнде сан мың жұлдыздар ішінен сенің жұлдызың қайсысы екен деп іздеймін ғой сені. Ғұмыр бойы енді сені аңсаумен, сағынумен өтеміз. Әйтеуір, артыңда Алатаудың тұнық бастауындай мөп-мөлдір, тап-таза ғажап поэзияң қалды. Соған тәубә дейміз де…
Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,
жазушы.