АҚҚУЛЫ ДОСМАЙЫЛ БАҚСЫ

Тұлға
1 532 Views

Досмайыл бақсы жайлы аңызға бергісіз әңгімелер жеткілікті-ақ. Оның әкесі Күйік әулие туралы оқиғалардың өзі не тұрады?

Күйіктің азан шақырып қойған аты – Бейсенбі екен.

Бейсенбі тоғыз жасқа келгенше былдырлап, тілі жөнді шықпай, далада қонып, есі кіресі-шығасы бала болып жүреді. Оны көргендер: «Әй мынау бала болып жетістірмес» деп анда-мұнда жұмсайды екен. Тек түн баласы Бейсенбі құла дүзге жүгіріп, тек ай туғанда ғана үйге қайта оралатын әдет табады. Содан «Айкезбе» бала атанады.

Тоғыз жасқа толған сол бір жазда ел ішіне індет кіріп, бүкіл шиеттей бала-шаға қынадай қырыла бастайды. Ел қонысын тастай қашады, жұрт ауыстырады, түрлі ем-дом жасайды, бірақ шешектен бесіктегі бөбектен бел асып жүгірген балаға дейін үстеріне қызыл шиқан бөртпе қаптап, бір екі күн албырап-жалбырап, қызумен жатып, шетіней беріпті. Жота үсті шүпірлеген балаларды қойған жаңа бейіттерге толыпты. Ауылда жүгірген бала-шаға қалмай бара жатыпты.

Тоғыз жасар Бейсенбінің де үстіне қышыма шығып, қоярға жан таба алмай қалың тоғайға кіріп кетіпті. Өзен ортасындағы арал іші сыңсыған тоғай екен. Сол аралға барып, тоғайға өрт салыпты да, ішіне қойып кетіпті. «Айкезбе есалаң бала күйіп босқа өлетін болды-ау» – деп тұрғанда қып-қызыл жалақтаған өртті қақ жарып, екінші өртеніп кеткен жағасына тәлтіректеп шығады да құлапты.

Бейсенбінің әке-шешелері барып алса, отқа қақтаған талыстай қырысып-тырысқан бала қап-қара боп қара местей созылып жатыр. Шаш, қас, бет түгел күйген, денесі қап-қара.

Үйге алып келіп қаздың майымен сылап тастайды. Түн ауа толған ай туған кезде ес-түссіз жатқан бала орнынан атып тұрып:

– Аспанда түнде ай толады,

Ата жолы сақталады.

Аралға түгел көшіңдер,

Ауру енді сап болады, – деп айқайлай жөнеледі. Ел түгел шошып қараса ай астында қара терісі жидіп өртенген қара бала тілі шығып, ары-бері безілдей жүгіріп айқай сап жүр:

Оу, Дәуқара мен Сұрларым,

Алдыма келгін жындарым.

Алапаттан аулақ қыл,

Енді мені тыңдағын.

Кел! Кел! Кел!

 

Ібіліс-сайтан азғырдың,

Талайды көріп қағындың.

Кесепат әкеп таратып,

Ойранды елге салғыздың.

Жоғал! Жоғал! Жоғал!

– Ойбай-ау, мынау күйік бала кім?

– Оу, бұл жеті атасынан бері бастарынан бақсы-әулиелік кетпеген

Қайдауыл Әйтектен шыққан бала ғой.

– Аяғы-аяғына жұқпай дедектеуін қарашы!

– Тілі шықпай жүр деп еді, жұптап-жұптап жындарын шақырып, зарлауын қарашы.

– Күйген қара томардай ғана баланың айтқаны келсін. Ауру-індеттен аман қалсақ болғаны.

– Күйік-әулие бала болайын дегені онда.

Бала ауыл-ауылды зыр жүгіріп аралап, өртенген аралға көшіңдер дейді. Түні бойы ел аралға көшеді. Күйген бала үйіндегі үш ғасыр бойы тұрған қобызды алып, дыңылдатып, аңылдатып, арсыл-гүрсіл қаққызып, кейде жылатып, кейде уатып тарта береді, тарта береді.

– Ата-бабасынан келе жатқан бақсылық күйік балаға қонды.

– Ел-жұрты үшін аман болғай, – дейді көрген жұрт. Өртенген аралға көшіп қонысымен шешек ауруы сап басылады. Күйік бала егер денелерінде бөртпе, қышыма болса өрттің күлімен демдеп беріп, жағып тастайды. Бала-шаға біткен құлан-таза жазылып, жүгіріп кетеді. Содан бірде бір бала шетінемей, дін аман, сәбилердің күлкісі, балалардың ойыны көбейеді.

Түнде ай туа бергенде әжесінің сандығынан аққуды алдыртып, айдалаға шығып, басына киеді де ғайып боп кетеді. Тек ай қонақтағанда борша-борша терлеп, қайтып келеді. Елді жайлаған індет сап тыйылады. Алыс-алыстан Күйік әулиеден ем іздеп, ел ағылып келе бастайды.

Күйіктің денесі тыртықтанып, біржола жазылып кетіпті. Бейсенбі деген аты ұмытылып, емші-бақсылығымен аты шыққан ол «Күйік әулие» атаныпты.

Осы Күйіктің арғы ата-бабасы үш ғасыр бұрын Сыр бойында көшіп-қонып жүреді екен. Ноқай Әйтектегі асқан күйші, атақты қобызшы болыпты. Ол қобызын ойнағанда ұшқан құс ұшуын тоқтатып, жүгірген аң тоқтап, бүкіл жан-жануар мүлгіп, көз жұмып, күй сиқырымен балқып тыңдап тұрып қалады екен. Ноқай күйші Сыр жағалап жүріп үйеңкіден дәу қара шанақ қобыз жасап алыпты.

Бұл қобызының үні – жылағанды уататын, ауруға шипа беретін, шерлінің шерін ада қылатын ерекше кие қасиеті болыпты.

Бір күні Ноқай ұйықтап жатқанда түсіне ақсақалы белуарына түскен аппақ киінген ақсақал: «Ноқай балам, ертең түнде шаңқылдап басыңа аққу келіп қонады, сол саған, сенің үрім-бұтағыңа бақсылық киені алып келеді. Қорықпа, ертең Әулиетөбеге түнде жалғыз барып, жалаңбас тұр», – дейді.

Ноқай түсін жан баласына айтпай, қамыс, тораңғы, тоғайды қақ жарып өтіп құм сапырған Әулиетөбеге түнге қарай кетеді. Атын тораңғыға арқандап, жалғыз өзі төбеге келіп отырады.

Кенет аспан әлемі қап-қараңғылыққа бөгіп, төңірек түгел түк көрінбей кетеді.

Қап-қараңғы түнде сақ-сақ күлкі, жыланның ысылы, шайтанның зәрлі арбауы, жынның зіркілі кезек-кезек құлағына келіп, жалғыздан-жалғыз тұрған Ноқайды қорқытпақ болады. Міз бақпай қанша тұрғаны белгісіз, бір кезде қап-қара түнді қақ жарып ащы сұңқыл естіледі. Жан-жағынан жарқ-жұрқ найзағай ойнайды. Сол сәтте қара түнде аппақ жалғыз аққу сұңқылдай ұшып, дәл төбесінде жеті рет айналып кеп, басына қонады. Сол кезде шатыр-шұтыр еткен найзағай өртеніп, ес-түссіз құлап түседі.

Есін жиса, басында ішек-қарыны алынған, іші кепкен үлбіреген аппақ аққу. Әлгіні шешсе – кәдімгі адам, басына кисе – аяғы жерге тимейтін ұшып жүретін ерекше құбылысқа, ғажап күш-құдіретке ие. Құстай ұша да алады, жетпіс жеті аңның тілін біледі, өртке кірсе жанбайды, суға түссе батпайды, алдағыны болжап, айтқаны келетін ерекше құбылысты адамға айналады.

Әулиетөбеге әр келген сайын бірде сабы ұзын кездік, бірде асатаяқ, бірде қамшы тауып алып, жинай беріпті. Міне, содан бері Әйтек әулетінен тараған Ноқай бақсы атағы Сырдан асып, алты алашқа тарапты. Бақсылық ұрпақ қуалайды, тектісіне барып қонады. Ноқайдың арғы атасы – Айқым, одан Қайдауыл, одан Әйтек би.

Ноқайдан – Жомарт, Жомарттан – Қадырбай, одан Күйік.

Күйіктен – Смайыл, Досмайыл деген екі ұл туады. Смайыл жасынан «Бақсылық маған қонады, мен бақсы болам» деп көп әуреленіпті.Бақ кейде тауып қонады, кейде ауып қонады. Бақсылық Смайылға емес Досмайылға қоныпты.

Досмайыл бақсы 1889 жылы ел жайлауға жаңа көшіп-қонып жатқан шақта Кішісазда туыпты. Жасында момын, көнбіс, қой қайырып, айранын ішіп, «Бақсылық ағам Смайылдікі» деп мән бермей жүре беріпті.

Он үш жасқа келгенде бірде қой жайып жүріп өз-өзінен есінеп, аттан ауып түсіп, сол жерде тас боп ұйықтап кетіпті.

Түсінде сақал-мұрты аппақ, қасы да бір қарыс аппақ, ақ шапан киінген ақсақал: «Мен сенің Ноқай бабаңмын. Смайыл әуре болмасын. Қара қобызды қолыңа ал, аққуды басыңа ки, асатаяқты сілкіле, бақсылық саған қонды. Балам, іркілме, жүрегіңе сабыр сақта. Аумин», – деп бетіне үшкіріп-үшкіріп жібереді.

Ояна кетсе, бет-аузы түгел су.

Досмайылға бақсылық осылай қоныпты.

Досмайыл бақсы өзіне келе жатқан жолаушының кім екенін, не үшін сапарға шыққанын алдын ала болжап, біліп отырады екен. Ағасы Смайыл інісіне көмекші болып, асай-мүсейін көтерісіп жүреді.

Досмайыл кездігін отқа салып, қып-қызыл болғанда шығарып, тілімен жалағанда, кездігін алып өзіне-өзі сұққылағанда жылаған бала жылауын қойып, дертті жан сауығып кетеді екен.

Досмайыл бақсының емдеу тәсілі сан түрлі. Ауру-сырқаудың түріне қарай қобыз тартып, бақсы боп билеп, жындарын шақырып, алапес, қояншық, жүйке ауруы науқастарын емдеген.

Жаз шыға шөп бүрленіп, пісер шақта тау-тас аралап, түрлі дәрілік шөптерді жинап әкеліп, кептіріп, ұнтақтап дәрілер жасайды. Долана, жиде дәндерін кептіріп, кейбір шөптердің тамырларын қазып алып жинайды. Жыланның тісін қағып, уын алады. Түрлі қоспалардан дәрі жасап, емдейді.

Кеңес өкіметі орнап, жас Досмайыл біраз емдеуді тастап кетеді. Тіпті, көрші-қолаң, туыстарын жасырып ғана емдейді.

Үйіне бірнеше мәрте тінту жүргізіледі. Сол кезде аққуды тауық қора еденін терең қазып көміп тастайды.

– Жас бала періште ғой, тек балаларды ғана емдеймін, – деп балаларды емдейді.

Керім Ақшалов деген қазір жетпіске келген ақсақал айтады:

– Айдын деген тұңғышым бір жасында кенеттен қызуы көтеріліп, былқ-сылқ етті де қалды. Ұшып отырып, дәрігерлерге көрсетсек, қайран болмайды дейді. Қолымызда нәресте үзіліп кетіп барады. Дереу Досмайыл бақсыныкіне алып ұшып келсек бақсы ата үйінде екен. Дереу түшкіріп, бетіне дем салып, әлдебір нәрселерді күбірлеп, қыр арқасынан қағып-қағып жіберді. Оттың үстінен ары-бері алып өтіп, «Тіл-көз тиген екен, енді жазылады» деді. Айтқандай-ақ, өлдіге санап қойған бала көзін ашып, айығып, біржола жазылып кетті. Қолы жеңіл еді, бақсы атамыздың. Мұндай емшілік қасиетін көп адамдар айтады.

Құрманғазы атындағы Қазақтың ұлттық консерваториясының профессоры, белгілі қобызтанушы Базархан Қосбасаров:

– Жас кезімізде бізді өнердің үлкен қайраткері Болат Сарыбаев ағамыз Досмайыл бақсынікіне ертіп барды. Бақсының үлкен қара қобызына, түрлі бұйымдарына қатты қызықтық. Бөкең ұлт аспаптары десе жанын беруші еді ғой. Қара қобыз бен асатаяқты сұрап, өтініп тұрып алды. Досмайыл бақсы «Қарақобыз ата-бабамнан келе жатқан мұра, кие – оны ешкімге бере алмаймын» – деп тұрып алды. Болат Сарыбаев қалтасынан бір сиырдың пұлын беріп жатып асатаяқты алып кетті. Қазір ол Ықылас атындағы ұлт аспаптар музейінде болуы мүмкін, – дейді белгілі ғалым.

Белгілі өнертанушы-ғалым, филология ғылымының докторы Ақселеу Сейдімбековпен көзі тірісінде сөйлесіп, Досмайыл бақсы жайлы айтқанымда ол кісі жарықтық, қатты таңқалған еді.

– Жалпы түркі халықтарында қобыздың неше түрлісі кездеседі. Бақсылық қонар түсте сол адамға аққу басына қонады деген ежелден аңыздар бар. Бірақ бақсының аққуы деген жалғыз дәлел, ақиқат – Досмайыл бақсының аққуы болды онда. Бұл өте құнды жаңалық, керемет дерек. Біз Мырзаекең, Мырзатай Жолдасбеков екеуіміз, Алла қаласа, әдейілеп танысып, көріп қайтамыз. Бұл – бүкіл этнограф, тарихшы, өнертанушылар бәрі бірігіп зерттейтін объекті болғалы тұр! – деп Ақселеу аға ағынан жарыла қатты қуанып еді. Әттең дүние, Ақаң да аяқ астынан дүниеден озды.

 

*  *  *

Досмайыл бақсы 1979 жылы қайтыс болды.

Досмайыл бақсының аққуы, қара қобызы, кездігі, қамшысы тағы басқа қасиетті бұйымдары Қарғалы ауылындағы Серік деген ұрпағының үйінде тұмардай сақтаулы тұр.

Шоқан Уәлиханов бақсылық қонған жанды «басындағы аққудың терісі және жиһанкездің асасы» арқылы анық тануға болады деген.

Суретші П.Кошаровтың 1857 жылы салған «Ұлы жүздің дуанасы» атты суретінде бақсының басында аққу терісінен тігілген қалпақ кигізілген.

Еш жерде бірақ аққу терісі – қалпақты бақсы кездескен жоқ еді. Алматы облысындағы Қарғалы ауылындағы Досмайыл бақсының аққу-бөркін көріп, теледидарға алғаш хабар берген едім. Белгілі жазушы-журналист Қайнар Олжай арнайы хабар түсіріп, елге таратты.

ХҮІІІ ғасырдағы саяхатшы П.С. Паллас өзінің күнделігінде былай деп жазды: «Оның (қазақ бақсы қобызының) жылқының қылынан жасалған шектеріне тиіп кеткенде шығатын дыбыс аққудың сұңқылына ұқсайды, аспаптық түрі де аққуға ұқсайды».

Аққу-бөрік қазақ фольклорында да кездеседі. Мәселен «Қамбар батыр» жырының кейіпкерлерінің бірі қауіпті сапарға аттанған кезде бітеу сойып, аққудың терісін киеді». («Алматы тарихы». 2006 жыл. «Толағай» баспасы. 348 бет).

Міне, ұланғайыр қазақ даласындағы үлкен символдық күш – аққу-бөріктің нағыз ақиқат, дәлелі – Досмайыл бақсының шаңырағында сақтаулы. Енді өнер зерттеушілер оның көшірмесін жасап, музейлерге қою, зерттеу жұмыстарын қолға алуы қажет-ақ.

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *