ЕСТІГЕНДЕЙ ЕЛІГЕМ ТӘҢІР ҮНІН

Мерей
16 Views

Ұстаз жандардың қағазбен көп әурешілігін ұстаздар ғана білетін шығар. Сол себепті, талай қаламның ұшын тоздырған, бірақ, өлеңге сиясын тауыспаған сондай бір азаматты жақсы білемін. Ол өлеңдері анда-санда аудандық басылымда жарияланып қалатын, екі өлең кітабының авторы, ҚР білім беру ісінің үздігі атанған, Жамбыл атындағы №6 кәсіптік-техникалық колледждің бұрынғы қызметкері, қазіргі зейнеткер – Сәбит Алдабергенұлы.
Кезінде Бүкілодақтық және Қазақстан комсомолы орталық комитеттерінің, Облыстық кәсіптік-техникалық білім беру басқармасының Құрмет грамоталарымен марапатталғаны оның қажырлы еңбегінің бағасы. Менің тағы білетінім, Сәкең зейнетке шыққан соң, уақыт тізгіні өз қолына тигенде, ойы тереңдеп, әбден толысқан шағында, бұрынғы өлеңдерінің басым көпшілігін қайта қарап, өлшеп, өңдеп, тәп-тәуір дүниеге айналдырғаны. Өн бойындағы ұқыптылық, тақуалық пен үлкен жауапкершілік өлеңдерін оқырмандардың көңілінен шығарлық дәрежеге жеткізуге себепкер болған. Өз туындыларын, әсіресе, лирикалық өлеңдерін ұзын сонарға салмай, шағын көлемде және нақты баяндауы оның қабілетінің бір қыры.
Жетпіс бес жылдығын жақында атап өткен Сәбит Алдабергенұлын мерейтойымен құттықтай келе, жаңадан жазылған өлеңдер топтамасын ұсынып отырмыз.

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты.

АЛАТАУМЫЗ
Құдірет қақпақайлар қолыменен,
«Адамның басы — Алла добы» деген.
Әкем де ойлы-қырлы дүниеде,
Тағдырдың домалаған жолыменен.

Сіңірген мол еңбегі Отанына…
Қимаған қош айтысып отауына,
Әскерге жас жеткенде жолдамамен,
Аттанған таскөмірді қопаруға.

Міндеті: «жарғыш» болып талқандаған,
Құдайым қарайласып қалқан болған.
Сапёрдей қыл үстінде жүргендіктен,
Жүйкенің жібі үзіліп талқан болған!

Сондағы көмір жарып таба алғаны,
Қатерден қара шашы ағарғаны.
Қаншалық емделгенмен қаталанып,
Қызарған қанталаған жанарлары.

Самайдың себеп болып «жаңарғаны»,
« Алатау» құрдастары жалғағаны.
Ұрпағы ондай атақ алмағанмен,
Алайда, «алатауға» саналған-ды.

Біздер сол: бауыр, ұлым —гүлдегенбіз,
Шашымыз ерте ағарып үлгергенбіз.
Атадан жалғасқан сол «асыл мұра»,
Соғыстың сақталғандай бізде реңі.

Жалғадым үміт-арқау немереге,
Соғысты болдырмасын сенем елге.
Әйтеуір, қауіп-қатер шаш ағартпай,
Тағдыры түспесе екен жеребеге.
Сәбит Алдабергенұлы, ҚР
білім беру ісінің үздігі.

ЖАПЫРАҚТАР ЖҰЛЫНАР
Аңсап жүріп аптаптың басылғанын,
Көңілімнің сарғайтып жасыл бағын,
Салқын күздің қабағы сұстаныпты,
Тоңазытып қарағаш асыл қанын.

Жапырақсыз жабығып құба талым,
Білген едім, әйтеуір, мұңайтарын.
Ал, бәйтерек тамыры тереңдеген,
Сары желеуі біраз күн жұбатарын.

Қарашаны қоңыр күз қонақ етіп,
Қарақшы жел тоғайды тонап өтіп,
Саябақты суырып сілкілейді,
Суық қолын қойнына сала төніп.

Желтоқсан да жетер-ау дабыл қағып,
Пенде де сол — түнерер жабырқанып.
Өз өмірін өлшеген өкінішпен,
Өткерілген жылдарын азырқанып.

Мезгіл жетсе құла дүз қурамас па?
Адамда да амал жоқ мұңаймасқа.
Өңі өзгеріп, жұлынар жапырақтай,
Табиғаттың жолы жоқ бұдан басқа.

ТАМШЫДАЙ ТАЗА
Тұныған көлдей көздерден,
Қызарған күннен өң берген,
Үзіліп түсер тамшыдай,
Көрікті қызды көрген ем.

Тама жаздаған бір тамшы,
Тамбай-ақ тұратұрсайшы.
Өлеңге сусын бергендей,
Жүргенде құрғап жыр-тапшы.

Шөліркеп барып, құрғап ем,
Жолықтым жалқын нұрға мен.
Батар күн от боп көзіңде,
Батысқа қарап тұрған ең.

Санада сөнбей сол бір кез,
Тұмадай тұнған мөлдір көз.
Үкінің көзі — қос лағыл,
Үп етсең отын сөндірмес.

Көркем қыз көнген болғансып,
Жақындап жанай қолдастық.
Қызарып қыз да, батар күн,
Шымылдық қызыл қалды ашық.

Тамшыдай таза пәктігің,
Сырнайлы саздай тәтті үнің.
Табиғатпенен табысқан,
Ғажайып көрген сәт күнім!

Түйіскен ерін — тәттіні,
Сыйлаған көңіл шаттығын,
Тамшыға сыйып кетті де,
Теңізге қызыл батты күн!

Шабытпен өлең жаздырып,
Аңсатқан қызға жан жылып,
Тамшыны қызыл тамдырып,
Жалқыннан жамал жамылып,
Күн батты… шоғын қалдырып!

ТАУ МЕН ДАЛА ТУЫСҚАН
Тауларды аласартпай,
Даланы асқақтатайық.
О. Сүлейменов.
Құрлықтан жаралмаған теңіз бөлек,
О бастан тау мен дала егіз, демек.
Ендеше, ежелгіде жаралған соң,
Ерекше емексудің жөні бөлек.

Таулардың дала тәнті паңдығына,
Құйылған құзырына таң нұрына.
Таулар да шетсіз, шексіз шартарапқа,
Көніп тұр көсемсімей табынуға!

Көкқаптал — соның бірі көктөбедей,
Күзде де көкорайлы көктемедей.
Көз салсам маусымдайын масайраймын,
Көк далам көк көсіліп көктегендей!

Соқпағым басталатын басы мұнан,
Жартасы жаралғандай жасын жырдан!
Даланың ұлылығын ұғар ұрпақ,
Құзардың көз тастасы хас шыңынан!

Шаншылған аспаныма қасқа шыңға,
Таңырқап қамал құрған тастарына,
Күмән жоқ, Құдірет күш шағып-шағып,
Далаға сыбаға ғып шашқанына!!!

Тірегем мен де арқа асқарыма,
Төскейде толысқанмын жас шағымда.
Қымбат жоқ қазағыма таулары мен,
Тап осы, жазирадан басқа мұра!!!

Биік пен жазықтықтың күн аулаған,
Бар сырын сұрамай-ақ ғұламадан,
Танырсың тұтастығын жұмыр жердің,
Ғарыштан елестетсең мұнарланған!

ШӨЛ
Әдетте әрленетін дестелі жыр,
Қураған қу далаға көшкелі жүр…
Сапырып құм қуырған,
Сыр суырған,
Қайнаған құм қазаны өшпейді бір.

Басы бар аяғы жоқ ағыстарым,
Қиырдан қуаңданған алыстадың.
Күйдіріп күн төбеден, құм астыңнан
Қаңсыған тақырменен табыспадың.

Өңірде өзен тапшы тасып аққан,
Жылға жоқ жүгіртерге жасыл баққа…
Қиналған қара шалға қайран қалам,
Құдықтан бақшаға су тасып жатқан.

Кең далам сонша неге қуаң келген?
Бір жұтым қақ таба алмай құлан өлген.
Тереңнен су сүзетін сексеуілден,
Басқа түк қылпығың жоқ қылаң берген.

Сағымға сүңгіп сайғақ жетіп пе еді?
Жетпеген жаңбырлы бұлт мертіккені.
Тұтанған түнгі тірлік, күндіз өшіп,
Жабыққан жұтаңысың жер біткеннің.

Шөліркеп, шөгіп өлген теңіз бе едің?…
Ширығып, шөл жұтынған өмір көрдім.
Шаянға, кесірткеге, қосаяққа,
Шілдеде шытынамас төзім бердің.

САРҚЫРАМА
Сауылдап сорғалаған сарқырама,
Таулардың қойнауынан қарқын алған.
Үздіксіз «уралаған» сарбаздардай,
Дуалы бірсарынды даусы маған!

Құзармен жағаласып ұрғылаған,
Тасқыны тас табанды бұрғылаған!
Кім білсін…
Қанша заман толастамай,
Түбінен саба-шұңқыр үңгіп алған!

Саумалдай пісіп-пісіп сабадағы,
Көбікті қымыздайын тола қалды!
Сусынын қанша сімір таусылмайтын,
Сабылып шатқалдардан ағады әлі.

Жақпарлар доспен жаңа қауышқандай,
Аймалап, ағысымен алысқандай!
Көшкіндей еңістерден екпін алған,
Аптыққан алағауым ағыстар-ай!

Жағаға шашуларын шашып талмай,
Алқапқа сусұраған асыққандай!
Арнадан аласұрып асатындай,
Селдетіп құйған жауын тасытқандай!

Талабын тасқа соғып тауысқандай,
Шаршаған шобыр аттай шабыстан да,
Жазыққа жеткенінде жуасыған,
Жайдарлы жолдасымен табысқандай.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *