ЕҢБЕК ЕТПЕЙ ЕР ОҢБАС

Қоғам
533 Views

жылыжайдан тұрмысын түзеген отбасы

Есенгелді Мақұлбеков – Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Шұбар ауылының тұрғыны. Жекекәсіпкер бұл күндері өз үйінің бақшалығында жылыжай шаруашылығын дамытып, ісіндөңгелетіп отырған шаруа. Есік алдындағы он бес сотық жерді тиімді пайдаланумақсатында жылыжай тұрғызып, бастан-аяқ қияр егіп шықты. Қазір қиярды екі күндебір теріп, өнімін ойдағыдай алуда.

– Әрбір терімінен бір тонна, кейде сегіз жүз келі қияр түседі, – дейді кәсіпкер. Түскен өнімді жинап алып, Шымкент қаласының орталық базарына көтерме бағамен өткізіп келеді. Дәл қазір келісін тоқсан теңгеден сатып алып қалатын тұтынушылар баршылық. Күнкөріс көзін жылыжайдан тапқан кәсіпкер ертелі-кеш осылай тер төгеді. Айта кетейік, бұл кәсіпті игеріп алып кетуіне себепкер болған Ордабасы аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы. Мұндағы Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы үш миллион теңге несие алып, тәуекелмен іс бастаған болатын. Әдепкіде жылыжай қаңқасын тұрғызудан бастап, оған керек-жарақты темірі мен ағашын, қаптайтын кленкасын, суғаратын шлангыларын, тұқымдықтар мен тыңайтқыштарды түгендеуге осы қаржы жұмсалды. Есенгелдінің өзі бала кезінен диханшылықты көріп өскендіктен, оған жылыжай құрылысын жүргізу оншалықты қиынға соққан жоқ. Тіпті, басынан аяғына дейін өзі тұрғызып шықты. Бүгінде қасында екі жұмысшысы бар. Балалық шағы сонау Өзбекстанда өтті. Ол жақтағы ағайынның ортасында отырып көргені көзді тырнап ашқаннан жер еміп келеді. Жердің құнарын келтіріп, еңкейіп бір тал дән егу ата кәсіптері. Кім де болсын, ортасына қарап, бой түзейді ғой. Мақұлбековтер отбасы ерте көктем шыға атыз аралап қауын-қарбыз, картоп, пияз егіп, күзге дейін жинап алатын.

Ол 2008 жылы Өзбекстаннан атамекенге оралған. Өзінің мамандығы механик, көп жылдар теміржол саласында жұмыс істеген. Алғашқы жылдары Орал қаласына қоныс теуіп, тұрақтап қалмақ болған-тұғын, алайда жұмыс көзі табылмай, оның үстіне суық жақты жерсіне алмай, осында оңтүстік өңірдегі Ордабасы ауданынан он үш шақырым әріде жатқан Шұбарға бүйрегі бұрды. Нәсіп осы жерден бұйырып тұр ма, әйтеуір жатсынған, жатырқаған жан болған жоқ. Қайда барса да өзінің қаракөз қазақтары. Ауыл іші тату-тәтті, берекелі, кәделеп асқа шақырып, қонақ қылып күтіп, ақ көңілін білдіріп жатқаны. Сондықтан ауылға демде үйі-ішімен үйренісіп кетті.

– Наурыз айының соңын ала бере егуді бастағанбыз, міне, өнім бергеніне бір жарым ай, нақтырағы қырық күндей болып қалды. Жылыжайдағы көкөністі күтіп баптау оңай емес. Мұның да тілін біліп, уақытылы суғарып, мерзімімен тыңайтқыштарын беріп отырғанда ғана нәтижеге қол жеткізе аласыз, – дейді Есенкелді Мақұлбеков. Иә, қияр – назарды көп қажет етеді. Оған бір-екі күн қарамай қойсаңыз, есіл еңбегіңіз еш кетер. Сол себепті, күнбе-күн көз салып, шектен тыс пісіп кетпеуін қадағалап отыру керек. Жиі суарсаңыз, күмпиіп ісініп кетеді, ал керісінше сирек суаратын болсаңыз, ащы дәмі татып, көктей тез солып қалады.

Жалпы, қиярды шілде айында күніне екі рет суарған дұрыс. Бірінде таңғы күн шапағы шығар-шықпас салқынмен суарып алсаңыз, соңғысын кешкі салқынмен, күн батқанда іске асырған жөн. Есіңізде болсын, күннің шыжыған ыстығында қиярды суғару қауіпті дейді кәсіпкер көп жылғы тәжірибесімен бөлісіп. Он бес сотық жерге қазір күніне үш тонна су кетеді. Айтпақшы, бұл жылыжайға тамшылатып суғару әдісін қолданады. Өте тиімді, әрі үнемді.

– Тамшылатып суғаруды әрбір жылыжай иесі оңай қондырып алуына болады, – деді ол. – Базарға барсаңыздар, тамшылатып суғарудың құрал-жабдықтары толып тұр.

Мұндағы жылыжайға құрылғыны кәсіпкердің өзі қондырып алған. Күніне қырық минут уақыт су жіберсеңіз болғаны, үш тонна су жұмсалып, әрбір көшетті жүйек-жүйегімен суғарып шығады.

Қазір нағыз науқан уақыты. Енді қыркүйекке таман көкөніс таусылады. «Әрі қарай не істемексіз, қыстыгүндері қияр егу ойыңызда бар ма?»деген сұраққа ол былай дейді:

– Расына келгенде қыс мезгілінде қиярдың саудасы бола бермейді, тек қонақ келгенде болмаса көпшілік тұтына да қоймайды. Сондықтан қыс айларында тоқтата тұрып, бірақ, ақпан айының басынан егісті бастап кету ойымда бар. Егер қыстың соңынан бастасам, күздің соңғы айларына дейін көкөніс жинауға мүмкіндік болады. Ол үшін жылыжайға жылу жүйесін орнату қажет. Ондай жоспарым бұрыннан болған. Сол себепті, әу баста жылыжай құрылысын қолға аларда әдейі қымбат, сапалы қалың кленкаларды қолдандым. Бұлар енді үш-төрт жылға дейін міз бақпай, шыдас бере алады.

Егер жылу қондырғыларын орнатып, салқын күндері де қияр егуді қолға алса, еңбек өнімділігі екі есеге дейін ұлғаяды. Қазір екі жұмысшының да қолдары бос емес, жинап-теру, суғару, тозаңдандыру жұмыстарымен айналысады. Арам шөптерден тазартып қою да өз алдына уақыт алады. Жұмысшылардың жалақысы қырық мың теңге шамасында. Кәсіпкер Есенкелді Мақұлбеков өзінің жұбайымен, балаларымен бірге жылыжай шаруашылығының жұмыстарына жұмыла кіріседі.

«Еңбек етпей ер оңбас, бірлік болмай ел оңбас» деген. Ертелі-кеш еңбек етіп, жылыжай шаруашылығын бар ынтасымен бүге-шүгесіне дейін меңгеріп, бас-көз болып, білгенін елге үйретіп жүрген Есенкелді ағаның еңбекқорлығына риза болдық.

– Сарыағашта жора-жолдастарымның бәрі осындай жылыжай шаруасымен шұғылданады, мен де сол достарымнан кеңес алып, істі бастағанмын. Міне, қазір соның жемісін көре бастағандаймын. Мемлекеттік Еңбек бағдарламасына, осы бағдарламаның орын алуын үйлестіре ұйымдастырып отырған Халықты жұмыспен қамту орталығына алғысымды білдіремін,– дейді кәсіпкер аға.

Меруерт МАҚАЖАН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *