ЕҢКУ, ЕҢКУ ЕСКІ ЖОЛ (Әңгіме)

Әдебиет
649 Views

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

Ауыз тамның бұрышындағы төсекте құп-қу боп әкесі жатыр. Шаран қажы басында құран оқып отыр.

Шешесі келіп бас салып:

– Келдің-ау қарағым. Таң атқалы құлады, тұра алмай әуелі бір ауыз сөйлей де алмай қалды. «Елубай… Елубайым» – дей береді, – деді жыламсырап.

Шаран молда әппақ сақалын сипап:

– Дауыс шығармаңдар. Дем салып жатырмын, – деді.

– Әке, мен келдім! ГАИ болдым! – деп ала таяғын көрсетіп, қасына жүрелей отырып, сұп-суық қолдарын кезек-кезек алып, уқалай берді. Әкесі жұмулы көзін ашып, жалғыз тал ұлына мейірлене, шуақтана қарағанын-ай…

– Қарағым-ай! Келдің бе?.. – деп үзіп-үзіп айтты да қолы сылқ ете түсіп, жүріп кете барды.

Қайран әкесі мәңгілік сапарға аттанды.

– Сені ғана күтіп жатыпты ғой! – деп дауысы бұзылған Шаран қажы қандыкөйлек досының көзін жапты.

Қаракемпір, Мінәш азан-қазан дауыс салып, өзегі өртене өкіріп астаң-кестең болған Елубайды бас салып кезек-кезек құшақтап, көрісе бастады. Жалғыз ұлының жанұшыра айқайлап, жылаған дауысы тау қуысындағы алақандай ауылды дүр сілкінтіп, бәрі осы қаралы үйге топ-тобымен ағылып келіп жатты. Бой-бой жылап еңіреген жан досының қолтығынан сүйеп тұрған Махмудтың да ыс-ыс етіп қасқа тістерінің орны үңірейіп, қыстыға өксігені естіледі.

* * *

Қанша асыққандарымен артынып, тартынып жолға шыққанша күн көтеріліп, тас төбеде шақшиып тұрып алды. Алакөлге, Мінәштің төркініне бармағалы да үш жыл зырғып өте шығыпты-ау. Зәті жуас келіншегі әке-шешесін сағынғанын көп айта бермегенімен, солай барамыз дегелі үкідей ұшып-қонып, қуанып жүр.

Белдеуінде «ГАИ» – деген жазуы бар жап-жаңа «Жигули» рулінде Елубай, жанында досы орақ мұрын Махмуд, арт жағында екі баласымен келіншегі жайғасқан. Жылға жетпей Мінәш қошқардай салпы ерін, бүркіт қабақ күйеуінен аумайтын ұл туды, одан көзі де өзі де өзіне ұқсаған қарақат көз қызды өмірге әкелді. Енесі екеуі екі баламен алысып, үй-ішін базар ғып тастады. Үйінің алдына тағы ас бөлме қосып, үстін шиферлатып, сиыр мен уақжанға қора салды. Тек, әкесі әттең, мұндай қуаныштарын көре алмай кетті. Үйлену тойына деген семіз байтал әкесінің жаназасына сойылды, қырқын, асын берді, бейітінің үстіне күмбез тұрғызды.

Мінәш бір атадан бес қыз, бір ұл. Жалғыз інісі үйленіп, бәрі сол тойға жиналып бара жатқан беті. Соңында қап-қара сүліктей «Волгада» шешесі, татар жеңгесі кенже қызымен отыр. Генерал Досов қыста министр болған, Талдықорғанда облыстық милиция бастығы күтіп алып, ресторанда аста төк күтті. Аудан шекарасында қызыл бет толық майор осы ауданның милиция бастығы екенін айтып, өзен жағасында самаурын көтертіп, қуырдақ жасатып, балық қақтап, далаға көк шөпке дастархан жайып мәре-сәре қылды.

«Министрдің бәйбішесі бастаған туыстары келе жатыр» – дегенді қалай естігенін кім білсін, бұлар иіліп жік-жапар боп қарсы алды дерсің. «Енді жеттік-ау» – деп өзен жағасында татар жеңгесіне көрсетпей Елубай мен Махмуд екі реттен тартып алып, көңілденіп, лепіріп шыға келді.

Қыркүйектегі күннің қызыл шапағы семген шақта оқалақ тиген сиырдай ойқы-шойқы жолда селкілдеген үш машина музыкасы даңғырлаған ауласына палатка тігілген үйге тірей тоқтады.

– Құдалар келді! – десті шулаған жұрт.

– Жоқ, ескі құдалар екен, – деп жапатармағай жүгірісті.

– Министр келіпті өз «Волгасымен!»

– Жо-жоқ, министрдің бәйбішесі екен! – деп ұбап-шұбаған құда-құдағилары жапырлап амандаса бастады.

Самаладай электр жарығынан Елубай жан-жағына қарап еді Рәш көрінбеді. Бәрі Мінәшті құшақтап, сүйіп, бетінде қалы бар шешесі көзіне жас алып, өз қызына өзі жатырқай қарап:

– Мінәшжан-ау, мынау жиен бе? – деп салпы ауыз ұлын сүйді.

– Иә, анау апам көтеріп жүрген қыз екіншіміз.

– Тағы екіқабат көрінесің?..

– Иә, тәте. Елубай бері кел. Міне, күйеубалаңыз, – деп тіп-тік шынардай старшинаны шақырып таныстырды.

Ауылды азан-қазан қылып, машинасын бипілдеткен дауыстар естілді.

– Құдалар келе жатыр!

– Арқан керіңдер!

– Шашу қайда, шашу? – дегенше болған жоқ, бір қорапты машина дүр етіп ентелей тоқтады. Үстінен топырлап секіріп түсе бастағандарды кабинадағы қаба сақал басқарып, үсті-бастарының шаңын қаққыштап бәрі жиналып, бері топталып жүре бастағанда арқан керіліп, шашу шашылды.

Ауыздыға сөз бермей лепірген дудар бас қалақтай жұқа жігіт тойды бастап кеп жіберді.

Елубай келіншегімен, Махмуд бәрі жастармен бірге отырды. Махмудтың сілтесі жаман, алдындағы стақанға құйғанды әп-сәтте алып қойып, көзі алайып қарап отырады.

– Әй, тізгін тарт, абайлап ішсеңші, – дегеніне:

– Оллә, биллә, мен ешуақ мас болмаймын, – деп тістерін жарқырата күлді.

Осы жаққа жүрерде бой бермей, «Доғдырдан өлердей қорқамын!» – деп азар-безер болған Махмудты жетелеп алып «стомотология» деген жазуы бар үйге әрең кіргізді. Тісінің қызыл етіне піскілеп дәрі салғанда байлап, шандып тастаған Махмуд қанды көрген бұқадай өкіріп, жылап бір кезде сылқ ете түсіп, серейіп қатып қалды. Қол-аяғын ұстап отырған Елубайдың есі шықты.

– Ойбай мынау өліп қалды ғой, – деді тастай суып бара жатқан қолақпандай қолын уқалап.

– Нешауа, қазір тіреледі, – деп білегіндегі көк тамырына ине салып, оятып алып: – Не деген қорқақ едің. Дәп-дәу жігітсің, – деп егде дәрігер ананың ұлардай шулаған үңірейген қос танауына дәке иіскеткенде ғана тынши қалды.

– Наркоз бердім. Асау түйедей жынды ғой досың, – деп аузын арандай керіп тастап, ұрғылап, пістелеп қос қасқа тісін жарқыратып салып берген еді.

– Әне, ана албастылар келді! – деді мұны бүйірінен түрткен досы есік жақты нұсқап. Қызыл берет қылт-қылт көрініп, арық ирелеңдеген, ширатылған мұртты ұзын жігіт бұларға қарсы кеп отырды.

– Мынау менің жарым Елубай, анау досы Махмуд, – деп Мінәш тызақтап бірдеңе шығып кете ме деп таныстыра бастады.

– Атым Манас. Бажа екенбіз, Рәштің күйеуімін, – деп анау ұзын мұртын ширатып қойды.

Стақанға ліпілдете арақ құйып:

– Әй, бажа неге тойға кешігесің? Давай штрафной іш! – деп Елубай әкіреңдеді.

– Тамшы қалдырмай алып қой, қане! – деп жүн-жүн білегін көрсетіп, Махмуд стақан соғыстырды.

– Мен ішпеуші едім, гастритім бар, асқазаным ауырады, – деп күмілжігенде:

– Әй, бұл тойда гастрит, ана ит, мына ит деме! Атың Манас – дырдай, өзің ұзын қылдай, мұның қалай бажеке сый-сияпаттан жұрдай! Сөзді доғар, қане түрегеп тұтас алып қой! – деп Елубай өзі бірінші болып төңкеріп салды. Анау да су ішкен тауықтай, кернейдей өңеші сорайып екі жүз граммды әзер қылқылдатты.

«Осы бір жыланқұртша ирелеңдеген сүмелекке мені айырбастады-ау. Әй, Рәш-ай, міне Мінәш сіңіліңді қарашы. Ұл десең ұлы бар, қыз десең қызы бар, үлде мен бүлдеге орап қойдым. Сен мына сүмірейген байға тигелі үш жыл болса да пұшпағың қанамай қысыр байталдай қубас өтіп барасың?» – деген ойлар дегбірін қашырған Елубай ындыны құрып, тағы арақ құя бастады.

Бұйрабас асаба шәңкілдеп:

– Үзіліс жариялаймын. Бір сағат би, – дегенде алдарындағыны асыға-үсіге қаға салып, бәрі сатұр-сұтыр тұра бастады.

Палатка іші пысынатып жіберіп еді, далада көл жақтан салқын леп еседі.

Су сеуіп сыпырып қойған есік алдындағы алаңда би басталды, радиоланың пластинкасын ауыстырып, «Облади, облади» деп тынық түнде әндеткенде Елубай да ортаға шығып жас жұбайлардың жанында жер тепкілеп, отырып-тұрып, моряктардың биін билеп көрсетіп, бәрін таң-тамаша қалдырды.

Терлеп шыға бергенде балбұл жүзді Мінәші беторамал әкеп берді. «Әй Рәшті алмағаным қандай жақсы болған, міне мына келіншегіме қарашы, өң десе құлпырған өңі бар, мінезі ме, жібектей мінезі қандай, енесі екеуі бір самаурын шәйді терлеп-тепшіп, әңгіме-дүкенді құрып, жарасып ішкені қандай!» – деп Елубай келіншегімен теңселіп, тербетіліп вальс биледі.

Тойға жиналған қауым, әсіресе қыз-қырқындар көздерін сүзе қарап, министрдің бауыры-старшинаға тиген Мінәш қандай бақытты деп қызыға да қызғана қарап қалысты.

Желпініп, терін басуға палатка сыртына шыққанда Махмуд қасына сап ете түсті.

– Әй, жаңағы бажама айтсаңшы, бірдеңелерін алып шығып құймай ма бізге! Әй, қонақ күтіп үйренбеген сүмелек-ау…

– «Айн момент!» Қазір тас қыламын! – деп тісін салдырғалы сөзі анық түзелген досы арбаңдай басып жоғалды.

Бажасы бір бөтелке мен тарелканы ұстап, үш стаканды қалтасына салып алып жетіпті.

Үшеуі тік тұрған күйі тартып алды.

– Темекіңнен берші, – деп еді шешен досы Елубай туған күніне портсигарын шырт еткізіп ашып, екеуіне бір-бір тал ұсынып, біреуін ерніне ілді. Қалтасынан зажигалкасын алып, алдымен Манастың аузындағы темекісін тұтатам дегенше болмады теңселіп әзер тұрған Махмудтың қолы дірілдеп, толқып-ақ кеткені. Лапылдаған от Манастың қарабұйра ширатылған мұртының бір жағын тұтас лап еткізіп, алып түсті.

– Ойбай-ау, ойбай – деп Манас шөкелеп отыра кетіп, қайта тұрғанда ширатылған мұртының жартысы өртеніп, күйіп жоқ болыпты.

– Ештеңе етпейді, кел күйген жеріңді сүртіп жіберейін, – деп Елубай беторамалына арақты құйып, сүрте бастады.

– Ойбай, ашып жатыр, – деп бажасы сұңқылдады.

– Нешауа, иә, мынаны ішіп ал, – деп толы стақанды ұсынған

Махмудтың ойында дәнеңке жоқ.

Үшеуі екі шиша ішіп тауысқанда Манас бажасы шөккен түйедей жүрелей отырып, арқасын палаткаға тірей, сылқ ете түсті.

Биге қайта келгенде Елубай құдашаларымен твист билеп, бойжеткендер кезек-кезек шақырып, тіпті бір-екі жайтаңдаған келіншектер де бөкселерін бұлтыңдатып, сілесін қатырды.

– Аға, ана біреу тиісіп қоймайды. Алып қашамын деп жатыр, – деп министрдің мектеп бітіргелі отырған ерке кенже қызы келіп тоқтатпағанда өнерін көрсетпек-ақ еді.

– Мамаң қайда?

– Сақинасы ұстап, үйде жатып қалды.

– Көрсетші қане, кім ол саған тиіскен?

Әп-әдемі тотының балапанындай әсем қысқа көйлек киген, иығынан шашын қиған қарындасына қоқиланып тиіскен жігіт ақ жейдесінің омырауын ашып тастап тыпырлап билеп жүр екен.

– Бауырым, бері жүрші, – деп әлгі тампыш мұрын, түрік ерін бозбаланы шақырғанда ар жағынан бес-алты жолдас-жорасы қоразданып ере шықты.

Стол басында қалғып отырған Махмудты бүйірінен түйіп жіберіп:

– Не, массың ба? – деп еді.

– Олла, біллә, Махмуд өмірі мас болмайды! – деп ол қарғып тұрды.

Қашадан шығып, арырақ барғанда:

– Әй, жігітім, анау қарындасыма неге тиісесің?

– Немене, шауып аласың ба? – деп анау тіпті есіріп алыпты. – Бүгін түнде оны алып қашамын!

Сөзін бітіріп үлгертпеді, баспен құлақ-шекеден сұрапыл соққанда анау найзағай түскен теректей шаң басқан жолға гүрс құлады. Жанындағылар едіреңдеп, жұдырықтарын түйісіп, қоршай-қоршай алды.

(Жалғасы бар).

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, қоғам қайраткері, «Әділет. Рухани жаңғыру»

газеті редакциясының алқа төрағасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *