ЖҮРЕК ЖЫЛУЫ

Тұлға
874 Views

Жалпы, университетті бітірген соң Алматыда қалып,журналистік қызметін бастаған әрбір жастың өмір жолында өзіндік ұқсастықболады. Алдымен мақалаларың баспасөз бетінде бірінен соң бірі жарияланып,біршама таныла бастайсың. Кейінірек жазған дүниелерің біртіндеп ұжымдықжинақтарға енеді. Ал енді соның бәрін біріктіріп, жеке кітап етіп шығару үшінкөп тер төгуің керек. Сондықтан, біздің тұсымыздағы жас қаламгерлердіңалдындағы әдепкі межесі түрлі тақырып бойынша жарық көретін ұжымдық жинақтарболғаны рас. Оған енудің жолдары әр түрлі. Әдетте «Осындай кітап әзірленіп жатыр, дайын дүниелерің жоқ па?» деген сипаттағы хабарлар жетеді. Ондайдажинақтың жоспары өзіңді қызықтырса, баспагерлерге мәлімет бересің. Ал кейдежинақты құрастырушылар сені өзі іздеп табады. Белгілі бір тақырыпқа орай жинақтүзумен айналысып жүрген адам сенің сол сипатқа сай келетін мақалаң көзінетүссе, авторға дереу сұрау салады.

Бірде жұмыста отырғанымызда «Социалистік Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі, белгілі қаламгер Әділ аға Дүйсенбек телефон шалды. Бұл біздің оқу бітіріп, «Лениншіл жас» («Жас алаш») газетінде қызмет істеп жүрген кезіміз еді. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін ол:

– «Жалын» баспасының тапсырысы бойынша «Жетекші жүгі» деген кітап құрастырып жатыр едім. Соған сенің жастар ұйымдарының басшылары туралы мақалаларыңды енгізсек пе деп отырмын. Газетте жарияланған екі-үш очеркіңді топтап, біртұтас дүниеге айналдырып бере ғой, – деді.

Сөзі салмақты, өзі өте мәдениетті Әділ ағамен етене араласпасам да, үнемі көріп жүретінмін. Елдің бас газеті – «Социалистік Қазақстан» тоғыз қабатты әйнек қабырғалы ғимараттың үшінші қабатында орналасқан еді. Ал біз жетінші қабаттамыз. Күнделікті баспаханаға барғымыз келсе, сол үшінші қабат арқылы өтетінбіз. Басқалай жол жоқ. Әйтпесе, аулаға шығып, сыртқы есіктердің бірінен кіруге мәжбүр боласың. Сол себепті аға газеттің редакциясын көктей өтіп, үйреншікті үшінші қабат арқылы зулаймыз. Сондайда сірескен «СҚ»-ның қызметкерлерінің біразымен кездесіп қаламыз. Келбеті келіскен, ұзын бойлы, найзадай тіп-тік Әділ ағаны да сол дәлізден талай рет ұшырастырғанымыз бар. Ондайда інілік ізетпен сәлем береміз. Ол кісі сені жыға танымаса да, сәлеміңді ықыласпен алып, күлімсіреп басын изейді. Осыған қарап мінезі жайлы, жақсы адам екенін іштей сезесің. Басқадай байланысымыз бола қоймап еді.

Айтпақшы, мен оны ілгеріден-ақ сырттай біледі екенмін ғой. Біздің мектепте оқитын кезімізде ме, әлде студент шағымызда ма, әйтеуір сол шамада, республиканың Ішкі істер министрлігі детектив жанрындағы үздік көркем шығармаларға конкурс жариялап тұратын. Аталған бәйгенің бәсі өте биік еді. Жазу өнеріне таласы бар ағайын жыл сайын бір дүрлігісіп қалады. Бұл салада қара үзіп, дара шапқан, туындыларын жұрт жаппай оқыған қарымды қаламгер Кемел Тоқаевтан кейін тәртіп сақшылары туралы дүниемен оқырманды таң қалдыру қиындау екені анық. Дегенмен, аталған жанрға бейімдеу авторлар дәстүрлі додаға барынша атсалысатын. Осы бәсекеде Әділ Дүйсенбек екі-үш рет жеңімпаз болды. Жүлде алған шығармалар сол тұста көп данамен шығып, елдің қолынан түспеген «Қоғамдық тәртіп сақшылары», «Тыныштық күзетінде» атты ұжымдық жинақ түрінде жарық көрді. Әділ ағаның да деректі повестері мен әңгімелері осындай кітаптардың төрінен орын алатын.

Бас басылымнан арнайы қоңырау шалған Әділ ағамыздың бұл ұсынысына дейін де менің мақалаларым екі-үш жинаққа енген-ді. Сол тәжірибеме сүйеніп, материалымды әзірлеуге кірістім. Ол жылдарда редакцияның талабы бойынша іссапарға барып, аудан, қала жастарының жетекшілері туралы мақалаларды көбірек жазатынбыз. Сол сапарлардан әзірленген бірнеше портреттік очерктің басын біріктіріп, ауқымды дүниеге айналдырып, машинкаға бастырдым. Сосын «Социалистік Қазақстандағы» Әділ ағаның бөлмесіне жеткізіп бердім. Тағы да үйреншікті әдетінше, жылы жымиып, ілтипатпен қарсы алды. Сол «Құрдастар» деген очерк-триптих бірер айдан кейін ол кісі құрастырған «Жетекші жүгі» деген жинақта (Алматы: «Жалын», 1989. – 160 бет // 126-141 беттер) жарық көрді. Бүгінде жеке кітапханамның төрінде тұр.

Бұдан соң біразға дейін тағдырымыз тоғыса қоймады. Тек баспасөзден мақалаларын ғана оқып жүрдім. Зейнетке шыққанша ол өзі өмір бойы қызмет істеген «Егемен Қазақстаннан» іргесін ажыратқан жоқ. Егде тартқанда да қолынан қаламы түспеді. Қоғамды толғандырған мәселелерге орай дер кезінде үн қатып отырды. Жұмысына адал, ұстанымына берік болды.

Кейін Әділ ағамен Президенттің Баспасөз қызметінде жолымыз түйісті. Қарт журналист «Егеменнен» қол үзген соң Мемлекет басшысының сол кездегі баспасөз хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің шақыруымен осында келіпті. Келісім-шарт бойынша жұмыс істейді. Негізгі міндеті – басшылықтың алдына баратын газет-журналдарды іріктеу, сұрыптау және ең маңызды материалдардың тұсына арнайы белгі соғу. Бұл бір қарағанда оп-оңай шаруа көрінгенімен, аса жауаптылықты талап етеді. Бекітілген кестеден бірер-минут кешіксең болды, бүкіл жұмыс жүйесіне кесірің тиеді. Сондықтан да руханият жанашыры Мұхаң бұл іске өзі жақсы білетін, ұқыптылығы аңызға айналған Әділ ағаны тартса керек. Онысы өте дұрыс болды.

Ол бозала таңнан жұмысқа келеді. Таңмен таласа жететін басылымдарды кіре берістен қабылдап алады. Сосын қызметтік нұсқаулыққа сәйкес асықпай отырып іріктейді. Ең маңыздыларын бөлек қояды. Бұдан кейін тиісті газеттерді тиянақтылықпен шолып шығады. Өзі әбден сараптамадан өткізген соң түрлі-түсті жалпақ маркердің бірін қолына алып, қажетті белгіні түсіре бастайды. Оның өз ісіне мығым екені соншалық, соншама жылда бірде-бір рет қателесіп көрген жоқ. Баспасөз хатшылары қанша рет ауысса да, Әділ ағаны орнынан қозғай қоймады. Қайта оған бәрі де ерекше ілтипатпен қарап, тиісінше құрмет көрсетті.

Күнде таңертең жұмысқа келгенімізде Әділ аға бәрімізді күлімсіреп қарсы алады. Тым ерте жеттім дегеннің өзінде ол кісінің алдын орауың мүмкін емес. Сергектікті серік ететіні байқалады. Сол баяғы жылы жымиыс. Жұмысқа тойға жиналғандай көңілді келеді. Қатып киініп, сымдай тартылып тұрады. Соның бәрі қызметтестеріне айрықша әсер қалдырады. Әріптестеріне ішкі әлемін айқара ашады, жан жылуын сыйлайды.

Өмір болған соң, адамның жеке шаруасы шықпай тұрмайды. Кейде Әділ аға да өзі туып-өскен Жамбыл аймағына немесе өркен жайған Алматысына барып-қайтуға жиналады. Ара-тұра жоспарлы түрде демалу әрі ем алу мақсатымен санаторийге кетеді. Сондайда ол күн ілгері ескерту үшін бізге келеді. Бізге келетіні, мен оның айналысатын шаруасына жауапты адамдардың біреуімін. Ағамыз жоқта бұл істі уақытша атқаратын қызметкерді ертерек белгілеуіміз керек. Сол себепті ол бірер апта бұрын қимылдайды. Мемлекеттік аппараттағы темірдей тәртіптің табиғатын түсінеді. Әдекең өзі сыртта жүргенде де жұмысына қатты алаңдайды. Орнында қалатын адамға міндетін егжей-тегжейлі түсіндіріп, қайта-қайта тиянақтап тапсырып кетеді. Оның асқан ұқыптылығы мен уәдеге беріктігі жастарға үлгі болды.

Әділ Дүйсенбек біздің ұжымның ақсақалы ретінде ақыл-кеңес сұраған қыз-жігіттерге ғана жөн-жоба көрсетіп отырды. Ал мол тәжірибесін малданып, өздігінен жұртқа ақыл айтып, ой-пікірін орынсыз таңып, көсемсіген емес. Керісінше, ол жастарды көбірек тыңдағанды қолай көретін. Бірге қызмет істейтін әріптестерінің қуанышына ортақтасты, қайғысын бөлісті. Сондықтан біз оған кәдімгідей арқа сүйейтін едік.

Бір күні оның өз басына да ауыр қайғы түсті. Президенттің күзет қызметінде жемісті жұмыс атқарып жүрген ұлы, полковник Айдар Дүйсенбеков мезгілсіз қайтыс болды. Бұл қаза Әдекеңнің жүрегіне жара салды. Ақыры соның салдарынан өзі де ауыр науқасқа шалдықты. Тәрбиелі перзенттерінің оны жетелеп, көрсетпеген дәрігері жоқ. Тіпті шетелге де бірнеше рет сапар шегіп, дүние жүзіне белгілі майталман мамандардың клиникасында емделді. Сол аурудан айыға алмай, дүние салды.

Әділ ағаның ең бір сүбелі еңбегінің бірі – «Шерағамның шеруі» атты роман-эссесі. Ол көп жыл бойы қазақ баспасөзінің қара нары Шерхан Мұртазаның адами және шығармашылық болмысы туралы материалдар сериясын жариялап тұрды. Өйткені, ұзақ уақыт бойы Шерағаңның жанында жүрді. Абзал ағаның әр сөзін, әрбір ісін қағаз бетіне кестелеп түсірді. Арыстандай айбатты Шерхан Мұртаза да елгезек інісін бауырға тартты. Оны «Арқари» деп еркелетті. Шынында да, шың басында ширығып тұрған арқардың құлжасын еске салатын Әдекең ұлт баспасөзінің бас сардарының ықыласына ие болатындай мәрт мінезді адам еді. Бәлкім, адалдығына, ақкөңілдігіне бола жақсы көрген болар. Сондықтан, Әділ Дүйсенбектің бұл ауқымды портреттік туындысы сәтті шықты. Жеңіл оқылады, тәуір әсер қалдырады.

Қаламгердің «Шерағамның шеруінен» басқа да шығармалары жеткілікті. Оның әр жылдарда жазылған «Ақ күм­без», «Көкжиек», «Жүрек жылуы», «Қара шаңырақ», «Тер­геу әлі біткен жоқ» атты туындылары – өз оқырманын тапқан дүниелер.

Әділ аға қызмет бабындағы лайықты еңбегіне орай мемлекеттік марапаттан кенде болған жоқ. «Ерен еңбегі үшін» медалін, «Парасат» орденін иеленді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанды. Ол кісінің бағы мен бабы қатар өрістеді. Жұмысында қандай абыройлы болса, үйдегі күтімі де ерекше еді. Ардақты апайымыз Дариға Нүкенқызы ағамызды баладай баптап, биікке өрлеуіне үнемі тілеулес болды. Әділ ағаның бір бақыты – тәрбиелі ұл-қыздары. Олардың әрқайсысы әкесі дегенде жүрегін жұлып беруге даяр тұрды.

Тағы бір байқағанымыз, ағамыздың жолдас-жораларының көптігі. Әсіресе, университетте қатар оқыған қазақтың көрнекті жазушысы Дулат Исабековпен достығы аңызға айналған. Екеуінің риясыз сыйластығына талай рет куә болдық. Әділ ағаның шаңырағында қуаныш болса, Дулат аға Алматыдан лезде жетеді. Жақсылыққа ортақтасып, үйдің төрінде отырады. Былайғы уақытта да Әдекең оның есімін аузынан тастамайды. Тіпті сонау жастық шағында Әділ ағаның қыздарының есімін де Дулат ағамыз қойыпты десетін жұрт.

Ардақты азаматпен азды-көпті сыйлас болған кезіміздегі осындай әсерлі сәттер есімізде қалыпты. Соның бәрі жан жылулығы, жүрек жылуы деген ұғымдардың төңірегінде тоғысады. Қаламгердің жазған дүниесінен өз болмысы көрініп тұрады деген қағидаға сүйенсек, бір кітабына «Жүрек жылуы» деп ат қоюынан да көп нәрсе аңғаруға болар…

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *