(Жалғасы. Басы өткен санда).
Дастархан жинала бастағанда енесі шаңыраққа қарады.Көптен қайта тігілмеген үйдің уығы бұратылып, шаңырағы маңдайша жаққа қисайып,итініп кетіпті. Жұмыс түс қайтқанға қалса, қайта тігіп алатын. Құрымын сыпырған жалғыз бұлар ғана емес екен. Біраз үйдің қаңқасы жалаңаштанып қалыпты. Қайтсын,осындай бір орайы келгенде болмаса, үйге қарауға мұрша бар ма?
Сүйегі тоза бастаған үйдің ағашына қайдағы бір құрт-құмырсқаның бәрі үйір. Енесі соларды бездірмек болып, керолин бе, у дәрі ме — құя беріпті. Көзді ашытып барады.
Қоқыр-соқырдың көбі-ай. Қазір ештеңе емес қой. Көшкенде қайда сыйғызарыңды білмейсің. Мына бір шөп машинасының тіс-тіс темірінің не керегі болды екен? Енесі ғой, ұстахананың маңында жатқан темір болса, үйге тасиды. Атасы осыларды таба алмай маңайын түгел қорс қалып, шай іше үйге келгенде, босағада жатқан темірді көріп, кемпіріне алая бір қарап қояды. Үндемейді. ұстаханасына кетерде қолтығына қыса кетеді. Мына темірді де таба алмай басы қатқан шығар.
Атасы шикі кірпіштен салынған ескі үйдің жанында әлденені тықытып жатыр. Ауылдың аз ғана еркегі соның қасында. Біреуі орақ қайрап, біреуі косогон жөндеп, шалға қолғабыс етуде.
Әлгі Сақан кетіп қалған жоқ па? Шаңырақ көтертіп алатын еді. Ә, әне өзі де келеді. Темір флягалар арқан қоя ма? Тағы да жіп сұрайтын болар.
— Шырақ, мына шаңырақты көтерісіп жіберші. Сақанда не күш болсын. Бақанды бұралаңдатып зорға ұстап тұр. Шаңырақ шайқалақтай береді. Уықтың қаламынан қалам қалмайтыны осындайдан ғой.
Жүктің астына керегеге шырматылып күн көрмеген ақ тамыр шөп өсіпті. Жұрт ескіре бастаған.
— Бар, жүре бер, шырақ. Жолыңнан қалма. Ендігісін өзіміз де бірдеңе қылармыз.
Ұстахананың қасында тұрғандар ду күлді. Сақанға күліп жатыр. Жырық мұрын сары атан бақ-бақ етіп, маңына жолатпайды. Сақан құлағына дейін қызарып, түтігіп кетіпті. Шықпыртып жүр. Жұрт та қызық-ау. Сәл қолдары босап кетсе, іштері пысып, кеу-кеулеп желіге жөнеледі. Несіне күледі екен?
Байғұс бала ашушаң. Енді осыдан сонау асу кезеңге дейін зар желдіреді. Даусы оқшау шығып тұрған Берден бригадир. Сол-ақ жетіседі де жүреді.
Жанына жуып кеткенді кекеп-мұқап тұрмаса басы ауырады. Соғыстан бұрын май тасып жүргенінде екі ауылдың арасында түйесі ауып, еңкілдеп жылап тұрады деуші еді. Енді міне, қаршадай Сақанға:
— Жатқан түйеге міне алмайтын шажырқай атаңның аузын! — деп кеңк-кеңк етеді.
Бір кішкене баланікі болу керек, тылтиған құрақ телпекті маңдайына шоқитып қойыпты. Томпақ көзінен жас ағады. Быртық алақанымен тізесін шапақтайды. Бері қарады. Көзі бір түссе, қадала қалатыны бар. Атасынан ұятты.
Торғын туырлықтың бауын тартқылап үйді айналып кетті. Жауыннан кейінгі ащы күн айбатын енді шығарып келеді. Жауырынын күйдіріп барады. Көк желкесіне тер құйылды. Үйдің киізін тез жауып алмаса, мына күн қазір-ақ қуырып жіберетін. Енесі байғұс та пыс-пыс етеді. Томашадай болып ап, шаршамайды өзі.
— Әй, қатын бол, тездет күн ысып барады. Берден үй тігіп жатқан әйеліне анадайдан айқайлап әмір беріп тұр. Оған орақ тұмсық қара қатын қайдан қыңа қойсын.
— Қу шешек шыққар, сені сол жерге тұсап қойған шығар,— деп бір баж етті. Шылапшын ба бірдеңе құлап қаңғырлай жөнелді.
Торғын мырс етіп күліп қойды. Берден ақсақ аяғы құмақ топыраққа батып шығып-батып шығып, үйіне беттеді. Қара қатын оны қуырар әлі.
Ұстахананың маңындағы тық-тық әлі тыйылған жоқ. Туырлық пен үзік тегіс салынып болды. Түндік байғұс та іріп тұр екен ғой. Кенеп пе, ескі жабудың жұрнағы ма — жапсыра-жапсыра, зіл батпан боп қалыпты. Зорға көтертті. Үйдің іші тозаңытып кетті. Қазір құдықтан мұздай су әкеліп шашпаса, бас сауғалатар емес, қапырық.
Метейді арқалап, шелегін қарына іліп суға беттеді. Топыраққа түскен түнгі ылғал кеуіп те үлгерген. Ауада тынысыңды ауырлатқан бір күңірсік бу бар. Құрақтың желбірек мұрттары сарғайып қалыпты. Бұдан әрі қатып кетсе қайран жоқ.
Бүгін шөп машинасын осы қалың құраққа салатын шығар. Түні бойы емін-еркін жайылған аттар, түйелер құдық басына енді-енді келе бастапты.
— Ә, жамалдатқыр! Ә, құлағыңды…
Әлдекім шаңқ-шанқ етеді. Берденнің дауысы. Анау қызыл мая сол үйдікі. Орақ тұмсық қатын түйе суарып келуге жұмсаған ғой. Әбден қара терге түсіпті. Кеңсірігі шегіп кеткен батық мұрыны шу-шу етеді.
— Ә, құрдас, сенбісің? Кел толтырып берейін…
Қауғаны астауға сырғытып жіберіп, әйкелде талтайып тұрып алды. Көзі күлің-күлің. Мұрынының астындағы суағар маңы мақұрым қалып, езулете біткен төрт-бес талдың бәрі тікірейіп кеткен.
Торғын ығы-жығы түйе мен аттың арасынан зорға өтіп, әйкелдің түбіне барып, арқасындағы метейін түсірді. Берден астауға ентелеген жылқы мен түйеге шаңқ етіп ақырып қойып, қауғасын астауға сарықпай, қалғанын Торғынның шелегіне құяды. Торғын метейін толтырып болғанша жалпып сөйлеп тұр.
— Әй, құрдас-ай, маңайлатпайсың-ау.
— Менің маңайлатпағаным ештеңе емес, бұл пиғылыңды білсе Сіздің үйдегі құрдас есіктен қаратпай қояр.
Торғын метейге үңілген қалпы үнсіз жымиды. Берден зірк-зірк күледі.
— Ішіңді ұрайын, қатын жолатпаса, езің құсаған құрдас бар, жерде қалмаспыз… Әй, тәйіт… О, бұ жайрағырларын суармай иелері қайда жүр?
Торғын метейі толған соң тығындап жатыр еді. Сауырына сарт ете қалды. Қараса — Берден әйкелден түсіпті. Бұның сауырын сипалай береді. Ыржың-ыржың.
— Тек әрі.
Торғын зілдене жымиды да, метейін арқасына салып жүріп кетті.
— Ой, жайрағыр, о аусыл келгір!
Берденнің даусына бір ызалы діріл кіріпті. Осы біреудің осындайы бар енді. Шөп басында да маңайынан кетпейді. Қара қатын байғұс қанша шабалаңдаса да қояр емес. Енесінің де естіміші бар білем. Берденнің дауысын естігеннен-ақ тыржыңдап қалады. Әсіресе, Сақанның күйіп-піскені қызық. Әне бір жолы ат тырмамен шөп жинап жүріп, шөлдеген соң шөмелеші әйелдерге келген. Сол араға Берден де дік ете қалды. Келген бойда Торғыннан шалап ішіп отырған Сақанға тиісе кетті.
— Әй, балшыққа батқыр, бар шөпті күнге қуратып, мұнда неғып отырсың?
Сақан сырлы зереңнің бір пұшпағынан сыңар көзін алартты. Ішіп болғанша үндеген жоқ. Ауызының айналасындағы шалаптан қалған ақ тандақ ізді жеңіне сүртті. Берденнің бетіне сосын барып қарады. Зілдене қарады.
— Әй, атаңның аузын, сүзетін бұқадай…
— Тарт тіліңді.
— Мына жаманды қара.
Құмақта талтайып отырған Сақанның қалай атып тұрғанын ешкім байқай да алмай қалды. Бала Берденнің омырауына жабысып, қадалыпты да қалыпты. Қапелімде не істерін білмей сасқалақтап қалған Берден әйелдердің тұрғанын көріп, намыстанып кетті. Қолындағы шолақ қамшымен Сақанның иығынан тартып өтті. Бала бақырып жіберді. Торғын шыдай алмады. Жүгіріп барып, Берденнің қамшысын жұлып алды. Әйелдер де шу ете қалды.
— Сын тимеске сын тиіп құтыруын.
— Жетім-жесірді сабасын деп қалдырған шығар сені мұнда.
— Доңыз…
Берден атына ырғып мінді де, шөп маялап жатқандар жаққа шаба жөнелді.
Сақан да қырыс. Сол күні, ертесіне жұмысқа шықпай жатып алды. Атасынан қорқып Берден де соқпады. Сақаннан құтылмақ боп, аттырманы басқа біреуге беріп, оны сиыр ауыл мен жылқы ауылдан айран, қымыз тасуға бөлді.
(Жалғасы бар).
Әбіш КЕКІЛБАЕВ