ЕҰУ ҒАЛЫМДАРЫ ChatGPT-ДІҢ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ПРОТОТИПІН ЖАСАДЫ

Білім Қоғам
191 Views

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Жасанды интеллект ҒЗИ ғалымдары ChatGPT чат-ботының қазақ тіліндегі отандық аналогын жасап шығарды.

Қазіргі таңда әлемдегі ғылым атаулы ай сайын емес, күн санап емес, сағат санап дүркірей дамып жатыр. Әсіресе жасанды интеллект ғаламторда пайда болғаннан бастап ғылыми-зерттеу жұмыстарында қарқын артты. Қазір әрбір университет осы жарыс көшінен қалмауға тырысуда.  Солардың көшін бастап тұрғандардың басында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті де бар. Қазір айына бірнеше жаңалықтың куәсі болу қалыпты жағдайға айналды.

ЕҰУ ғалымдары мемлекеттік тілдегі жасанды интеллект жүйесін 5 айдың ішінде әзірледі. ChatGPT чат-ботының қазақстандық үлгісі үлкен көлемдегі деректерді талдай алады, сұрақтарға жауап береді, мәтіндер құра алады, сонымен қатар қазақ тілінің барлық морфологиялық және синтаксистік ережелерін біледі.

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Жасанды интеллект»ғылыми-зерттеу институтының директоры Әлібек Барлыбаевтың сөзі ғылыми жұртшылықты дүр сілкіндірері анық:  «Біз қазақ тілінде бірінші ірі LLM тіл үлгісін жасадық. Жүйе нейрондық желі архитектурасы негізінде қазақ тіліндегі кез келген мәтінді түсінуге және өз біліміне сәйкес жауап беруге қабілетті. Біздің ChatGPT прототипіміз қазақ тілінің ережелерін түсінеді, әріптер мен буындар, сөздер мен сөйлемдер арасындағы барлық тізбектерді есте сақтайды, сонымен қатар синтаксистік және грамматикалық тұрғыдан дұрыс әрі пайдаланушының сұранысына сәйкес келетін дәрежеде жауап бере алады».

Ғалымдар жүйенің қазақ әдеби шығармаларын, нормативтік құжаттамалар мен ғылыми материалдарды дайындау бойынша тәжірибелер жүргізіп көрді. Олар жасанды интеллект моделін білім беру үрдісінде қолдануды ұсынбақ. Чат-боттың білімін қажетті ақпаратты нақтылау үшін пайдалануға болады.

 PhD докторы Әлібек Барлыбаевтың пайымдауынша, «Мектеп оқушылары емтиханға дайындалу кезінде тесттегі кейбір ақпаратты, мәселен, математика теңдеуі немесе химиядағы терминді  түсінбеді делік. Өздері нақтылағысы келеді, бірақ олардың қасында мұғалім болмайды. Сондай кезде балалар жүйеге сұрақ қойып, өте тез және қысқа жауап алады. Содан кейін олар қосымша сұрақтар қоя алады. Бұл технологияны жалпы білім беретін курстарды жиі оқитын бастапқы курстардың студенттері үшін де пайдалануға болады.

Бүгінде ІТсаласындағы ғалымдар мен мамандар жобаның техникалық және серверлік мүмкіндіктерін нығайтып, одан әрі дамытуды жоспарлап отыр. Болашақта бұл жоба әлем елдеріндегі қандастарымыз күн сайын дерлік қолданатын құрал болары хақ.

М. БАЛҚЫБЕКҰЛЫ,

Астана қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *