Жазира АРТЫҚОВА: «АВТОЧЕХОЛ ТІГУ СҮЙІКТІ КӘСІБІМЕ АЙНАЛДЫ»

Экономика Қоғам
567 Views

Темір тұлпарыңның жайлы, отыруыңа жағымды боп, сәні келісіп тұрғанға не жетсін?! Жетісай қаласында дәл осы талаптарды қанағаттандыратын, яғни авточехолдарды шебер, қалауыңызға қарай тігіп беретін Жазира есімді ісмер ханым бар. Жазира Артықова медициналық колледжді бітірген соң 4 жыл дәріханаларда фармацевт болып қызмет істеді. Алайда, мардымсыз жалақысы отбасының қажетін өтей алмай қиналып қалатын кездері аз болмайтын. Өйткені, жалғызбасты ана ретінде екі балапанының қамқоршысы да, шаңырағының тірегі де өзі, ананың да, әкенің де орнын жалғыз өзі басып отыр. Сенетін ешкімі жоқ. Ұзақ ойланып барып, бір шешімге келу керектігін түсінді. Жазира жас күнінен үй шаруасына икемді, қызыққан нәрсесін тез үйреніп алатын елгезек қыз болатын. Еңбек сабағында да ұстаздарын қолынан шыққан оюлы әдемі кесте, тігісі жатық құрақ көрпешелерімен таңғалдырып қоятын.

Кейін «тігін цехын ашып ал» деп кеңес те берген құрбылары. Жақсы кеңес деп ойлағанмен, оны орындауға күшім жетпейді деп күрсінді де, күнделікті күйбең тіршілігімен айналысып жүре берді. Күндер жылжып өтіп жатыр. Балапандары өсіп келеді. Жеке баспаналары да жоқ. Кейде шайлығына жетпей қалатын жалақымен таңнан кешке дейін уақытының көп бөлігін босқа өткізіп жүргеніне көзі жетті. Тігінмен айналысуым керек деп ойлады. Өзінің ескі тігін машинасы бар еді. Ол машинамен көрші-қолаң, таныстардың перделерін қысқартып, көйлек-шалбарларын ретке келтіріп беріп, нәпахасын айырып жүрді.

Бір жолы ет жақын туысы «көлігімнің чехолы әбден ескірді, жаңасын тігіп берші» деп матасын әкеліп берген. Оны тігіп бергенде, машинасына төсеп, мәз-мейрам болып, алғыс жаудырғаны Жазираға да жылы әсер етті.

Осы кәсібін ары қарай дамытуды күндіз-түні ойлап жүргенде, ақыры бір авточехол тігумен айналысамын деген түбірлі шешімге тоқталды. Уақыт оздырмай, Түркістан облысы, Жетісай ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне барып, кеңес сұрады. Құжаттарын тапсырды. Кәсіп бастауға да тыңғылықты даярланып, Жетісайда 3 ай тігіншілік курсты оқыды. Сонымен, көптен күткен сәт келіп, Жұмыспен қамту орталығы арқылы жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік қайтарымсыз гранттың 550 мың теңге ақшасы қолына тиді. Мемлекеттің бұл қолдауы жас тігіншіге жігер беріп, кәсібін сенімді түрде бастап кетті. Алдымен Jack /TYPICAL деген жақсы тігін машинасын сатып алды. Содан кейін Жетісайдың орталығындағы көшелердің бірінен жалға орын алды. Тедди, Энигма, Латте деген мата түрлерін сатып алып, авточехолдарын тігіп, алғашқы сатылымға шығара бастады. Уақыт өткен сайын тұтынушылары да көбейіп келеді. Инстаграмнан бизнес парақшасын да ашып қойды. Оның да кәсібіне біршама көмегі бар. Матасының сапасына қарай авточехолдардың бағасын 60 мың теңгеден бастап, одан жоғарыға бағалайды. Чехол тігу де оңай шаруа емес, тиянақтылықты, ептілікті қажет ететін шаруа. Бір чехолды тігуге 2 күн уақыт кетеді екен. Ұқыпты тігілген әп-әдемі чехолдар қолдарына тиген тұтынушылар машиналарының бүтінделіп, жаңарып қалғанына қуанып, алғыстарын айтып жатады.

«Қазір бір көмекшім бар. Алдағы уақытта кәсібімді кеңейтіп, тағы да жұмысшылар алсам, жеке жұмысқа арналған жай салып алсақ деген жоспарым бар. Маған алға тоқтаусыз жылжуыма, жақсылыққа талпынуыма қос ұлым, көзқуаныштарым, бар үмітім Қуанышым мен Елдосым күш береді. Менде уайымға салынып, пайдасыз істерге көңіл бөлуге уақыт жоқ. Қос қанатым тұрғанда уақытты мәнсіз өткізуге қақым жоқ әсте. Тек даму, алға жылжу, бір орында тоқтап қалмау керек деген ойға бекініп, кәсібімді жасап жатырмын. Адал кәсібімнің барына, маңдай термен тапқан ырзығымыздың барына шүкіршілік етемін. Жаратушымыз шүкір еткен сайын арттырады екен» деп Жазира ойын түйіндеді. Оған ақ ниетімізді білдіріп, кәсібіңе береке берсін дестік.

Айгүл СҮНДЕТОВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *