«САУМАЛ ІШСЕҢ – САУЫҒАСЫҢ»

Қоғам
319 Views

«Сары қымыз сүйегіңе сіңсе, сан ауруды кеседі» деп ата-бабамыз текке айтпаса керек. Бойдағы кеселді кетіретін сусын дертке дауа, денеге күш береді. Ал қазіргі таңда шипалы қымыз-қымыранға сұраныс өте жоғары. Отандастарымыз қымызды той-томалақта арақ-шараптың орнына ішуді, сауықтыру шараларына қолдануды жөн көреді. Міне, сондықтан да болар, шетелдік туристер де ұлттық мәдениетімізден ойып тұрып, орын алатын сусынға ерекше құмар. Адам ағзасын артық заттан тазартатын қымыз бен саумал – ұлттық тағамдардың ішіндегі ең құрметтісі. Күтім мен баптауды қажет ететін жылқы малынан өнім алу оңайға соқпасы анық.Осы тұста нәсібін дәл осы кәсіптен көріп отырған ауыл халқына шынайы алғысыңды білдіргің келеді.

Гүлдариға Қалмырзаева – Түркістан облысы, Келес ауданы, Аманжар елді-мекенінің тұрғыны.Таң салқынымен тұрып, мал-жанын баптап, саумалын сауатын кейіпкеріміз – іске шебер, жан-жақты адам. Тиянақтылығының арқасында кәсібін бастап, табысқа шығып отыр.Айтуынша, мемлекеттік грантты ұтқан жылы сәттілік шырағы жанып, асығы алшысынан түсіпті.

– Қазақ халқы өзін қымыздың ең мықты сарапшысы деп санайды. Бұл туралы әзілдер халық арасына кеңінен таралып кетсе де, қымыз – төл мәдениетіміздің бірегей бөлігі деп ауыз толтырып айта аламыз. Дегенмен, биенің жаңа сауылған сүті саумал емес. Саумал жаңа сауылған сүт пен ашытылған қымыздың арасындағы өтпелі сусын.Ауылдық жерлерде жылқының өніміне сұраныс өте жоғары деңгейде.Бағасы қолжетімді болғандықтан, сатып алушылар да ағылып келеді.Саумалдың арқасында қаншама адам ауруынан айықты, дертіне шипа тапты. Міне, сол себепті, аталған кәсіпті таңдадым. Мақсатым – халыққа өз пайдамды тигізу болды. 2019 жылы «Бизнес бастау» бағдарламасына қатысуға бел байладым.1 айлық тегін курстан өтіп, бизнес жобамды қорғап шықтым.Комиссия мүшелерінің шешімімен 505000 теңге көлемінде грант ұттым. Көп ұзамай-ақ, сауынды бие алып, жұмысымды бастап кеттім. Келушілерге саумалмен қатар,сыйлық ретінде ыстық бауырсақ ұсынып тұрдық. Ыстық нан жауып, тұрғындарға саттым. Шынында да, қуанышымда шек болған жоқ, – дейді Гүлдариға.

Көпбалалы ана аудандық жұмыспен қамту орталығының қызметкерлеріне дән риза. Үнемі қол ұшын созып, бар көмегін аямайтын көрінеді.

– Мемлекеттің мол мүмкіндіктері мен орталық қызметкерлеріне шынайы ризашылығымды білдіргім келеді. Бүгінде әрбір жан еңбегін сауып, биіктерге жете алады. Тіпті, мал шаруашылығымен айналысып та, жетістікке жете аласың. Тек көзін таба білсең болғаны.

Жылқы малы ішсең – сусын, мінсең – көлік. Бие сүтінің адам ағзасы мен он екі мүшесіне тигізер пайдасы ерекше. Бойдағы қан айналымын жақсартып, асқазан-ішек жолдарының ауруынан сақтайды.

– Көптеген адамдар бие сүтін қалай қолдану керектігін біле бермейді. Негізінде саумалды күніне 4-5 рет, тамақтанудың алдында 20-30 минут бұрын, 250 милиграммнан ішкен абзал. Ем осылай жалғаса берсе бір аптадан кейін, адамның көңіл-күйі көтеріліп, ұйқысы жақсарып, асқа деген тәбеті ашылады. Емделу уақыты – 1 ай. Бие сүті сауылғаннан кейін 3 сағаттың ішінде негізгі қасиеттерін жоғалтады, мұны да біле жүрген жөн. Бірақ саумалды мұздату арқылы «өмірін» ұзартуға болады. Осылай еткенде табиғи өнім барлық биологиялық белсенді компоненттер мен дәрумендерді өз бойында сақтайды. Саумалдың құрамындағы С дәруменінің мөлшері сиыр сүтінен 7 есе жоғары болады, – дейді кейіпкеріміз.

Гүлдариғаның болашаққа құрған жоспары көп.Алдағы уақытта жер телімін алып, мал басын көбейтіп, саумал орталығын ашуды қалайды.Халыққа адал қызмет көрсетіп, ризашылығына бөленіп жүрген кейіпкеріміздің бірнеше кәсіпті дөңгелетпек ойы бар.

– Еңбек – бәрін жеңбек. Таудай талап пен бармақтай бақ берілсе, асуларды алып, биіктерді бағындыратыныңыз анық. Тек әрекет ету керек.Себебі, әрекет түбі – берекет.

Кейіпкеріміз күнделікті күйбең тіршілікке қарамастан, жастық шағының алтын уақытын шаруашылыққа арнап, тырбанып еңбектеніп жатыр. Егер әрбір кәсіп иесі осылай өз мамандығына адалдық танытар болса, қазақтың жоғы түгенделіп, асығы алшысынан түсер еді. Ендеше, сіз де мемлекеттің ұсынған мүмкіндіктерін пайдаланып, кәсібіңізді ашуды бүгіннен бастаңыз!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *