ЖАЗУШЫ ДУЛАТ ИСАБЕКОВ АҚСАҚАЛДАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Мерей Қоғам
1 047 Views

Арыс қаласының тумасы, қазақ және әлем әдебиеті мен мәдениетіне өзіндік өрнек салған дара дарын иесі жазушы, драматург Дулат Исабеков туған жері — Арысқа ат басын бұрып, мерейтой қарсаңында ауылдастарыменкездесті.

«Ардагерлер орталығында» өткен кездесуге Арыс қаласының әкімі Г.Құрманбекова мен әкімдік аппаратының өкілдері, қалалық ардагерлер ұйымы мен «Әжелер алқасының» мүшелері және бір топ арыстық оқырман қатысты.

«БӨРТЕ БАТЫСТЫ ЖАУЛАЙДЫ»

Абыз ақсақал Дулат Исабеков пен ауылдастарының кездесуі емен-жарқын әңгімемен өрілді. Әлем мен ауылдың арасында жүріп өткен жолының алғашқы баспалдағы осы Арыс атырабынан бастау алатындығын тебірене еске алған ол бастан өткерген естеліктерімен бөлісті.

Айта кетейік, санаулы күн бұрын Түркістан музыкалық драма театрында Дулат Исабековтың «Бөрте» спектаклінің премьерасы болып өтті. Автор аз уақытта әлемге әйгілі болған шығарманың жазылуына қатысты қызықты деректерді баяндады.

Ал қала әкімі Гүлжан Құрманбекова туған жерге арнайы келген Дулат Исабековке алғыс айта отырып, арыстық ардагерлер атынан иығына шапан жапты. Төрт-бес жыл бойғы үздіксіз ізденістен кейін «Бөрте» пьесасын өмірге әкелген қаламгер – күні кеше көптен күткен айтулы туындының премьерасы Түркістан театрында шымылдық ашқан соң, арқасынан жүк түскендей шабыттана сөйледі.

Дулат Исабеков, жазушы-драматург, ҚР мемлекеттік сыйлықтың иегері:

— Бұрын туған жерім Арысқа ат басын бұрып келгенімде «Дулат інім» деп әңгімелесетін ағалар болушы еді, қазір олардың қатары сиреген. Осы күні өзімді «ата» деп қарсы алушылар көбейді. Маған «әй, бала» деп сөйлейтін бір ғана адам қалды, ол халық жазушысы, 98 жастағы Әбдіжәміл Нұрпейісов. Телефон соғып «әй, бала, халың қалай?» деп аракідік жағдайымды сұрап тұрады. Мен «тапқан екенсіз, 79-дағы баланы» деп күлемін…

Кеше премьерасы өткен «Бөрте» пьесасының қолжазбасын алғаш оқып, баға берген жанның бірі Әбдіжәміл Нұрпейісов болды. «Әй, бала, жылаттың ғой!» деді. Оның осы жылы сөзінен кейін, шығарманың Әбекеңнің көңілінен шыққанын сездім. «Бөртені» жазып шығу көптен бері ойымда жүрген болатын. Біз Томиристі бір меншіктейміз, одан Ұмай ананы иеленеміз. Негізінен олардың бәрі қа­зақ емес. Бөрте – нағыз қазақтың қызы, «Моңғолдың құпия шежіресі» кітабында бұл жиі айтылады, кітапта қазақ деген сөз өріп жүр. Соның ішінде Бөрте — қоңырат руының қызы. Шыңғыс ханның әйе­лі. Ұлы қағанды ақылмен бас­қар­ған адам. Шыңғыс хан жер бетін жаулаған, қаһарлы қол­басшы болса да, Бөртенің ақы­лына тоқтаған. Жорықты жос­парлау кезінде қағанға қарсы пі­кір айтатын жалғыз адам болған. «Ба­тысқа тиіспе, шабуыл жасама!» деген сөзді де айтқан. Бөртенің төрт ұлы да ел билеуші әмірші, хан болып тақта отырды. Міне, осы уақытқа дейін Шыңғыс хан туралы өте көп тарихи дүниелер жазылғанмен, бірақ Бөрте жайлы мәлімет өте аз болып шықты, тіпті түртілмеген. Мен шөптің арасынан ине іздегендей әрбір тамшы мағлұматпен барынша сүзіп таныстым, солай жинақтап, көркем дүние еттім.

Енді Түркістан театрының ұжы­мы «Бөртемен» дүниежүзін ара­лаймыз деді. Пьеса ағылшын тіліне ау­дарылып қойды. Шығар­ма­шы­лық құрамда шетелдік режис­сер­лар да бар. Олар Алматыға ке­ліп, үйіме қонақ болып кетті. Ма­­­ңайын­дағы бірнеше аударма­шы­лар да келіп, бір күн бойы мә­тін­мен жұмыс істедік. Қазақ пен ағылшын тілін де салыстырдық. Шетелдік режиссерлер Шыңғыс хан туралы, Ұлы қағанның бір­не­ше әйел алғанын біледі. Бірақ Бөр­те туралы мүлдем хабары жоқ. Кейін Бөртенің болмысымен та­ны­са келе, керемет сезімге бөленді. Түр­кістан театрынан кейін италиялық режиссерлер елі­мізде қоямыз деп жоспарлап отыр. «Бөртенің» таныстырылымы өт­ер-өтпес жолы болып жатыр. Швей­ца­рия, Люксембург, Австрия мен Ауст­ралия елдері қызығушылық таны­тып, театрда сахналауға ниет білдірді. 2022 жылдың көктемінде Еуразиялық Шығармашылық ги­льдиясының мұрындық болуымен Аустралия­ның Мельбурн қала­сында «Бөр­тені» көрерменге ұсыну жос­парланып жатыр. Еуропалық режис­серлерді таңғал­дырған дүние – «Бөрте» бейнесі. Біздің ата-баба­мыз­дың ғасырында мұндай қай­рат­ты, рухты әйел бол­маған деп бағалады. Бұл деге­німіз, Шың­ғыс ханның аяғы жетпеген Ба­тыс­қа «Бөрте» барады деген сөз…

ЛОРДТАР ПАЛАТАСЫНДА АРЫС ЖАЙЛЫ СӨЗ ҚОЗҒАДЫМ

немесе бір жасында жан тапсырып, көмілмей қалған бала

Арыстық ардагерлермен жүздесу кезінде Дулат Исабеков бір жылдары Ұлыбританияның Лордтар палатасында сөз сөйлеген сәтін де майын тамыза әңгімелеп берді. Әйгілі Вестминстер сарайында жазушы Лондон лордымен кездесті. Осыған дейін лордтар палатасында қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматов, Нобель сыйлығының иегері Орxан Памук трибунада сөз сөйлеген еді. Сол жолғы қабылдау қазақ жазушы-драматург Дулат Исабековтың шығармашылығына арналды.

-Маған сөз берді, алдымен лорд сөйледі. Ол он минут баяндама жасайды деп ескертті, менің сөйлейтін сөзім одан екі минутқа аз болуы керек екен, заң солай. Алдында он бес минутқа баяндамамды ықшамдап қойған едім, енді одан да азайту керек болды. Қонақ үйдің фойесінде отырмын, сөйтіп, тоғыз минутқа қыстартылды. Аз уақытта мәнді сөйлеу үшін, ойлана келе, өзімнің туған жерімді айтамын деп шештім. Топырағым Арыс қаласынан екенін, соғыс кезінде туылған ұрпақ екенімді жеткіздім. Туылғаннан аурушаң болып, бір жастан аса бергенде бір күні демім жетпей, жүрегім тоқтап қалыпты. Анам да күдер үзіп, қақаған қыстыгүні «ертең жерлейміз» деп дәлізге шығарып қойған екен. Көр қазатындар дайын болғанда көрші әжей бас сұғыпты. Мейірі түсіп, соңғы рет менің бетімді көріп қалғысы келді ме екен, ораулы құндақты ашып қалса, мен ыржиып бетіне қарап күліппін ғой… Кемпір баж етіп шошып кетіп, ойбайлап шешемді шақырады. Жарықтық апам менің тірі екенімді көргенде ботадай боздап жылайды.

Бұл әңгімеден ағылшындар тамаша әсер алған. Соғыс көрмесе де, балалығын соғыс ұрлаған сол сәби бұл күнде шығармалары әлемді шарлаған жазушыға айналды.

Басқосу соңында ардагер, қаланың «Құрметті азаматы» Оразхан Арыстанбаев пен ардагер ұстаз, қалалық ардагерлер ұйымының мүшесі Қоныс Балқыбеков, қалалық «Әжелер алқасының» жетекшісі, «Батыр ана» Өрікгүл Елубаева да сөз сөйлеп, пікір білдірді. Жерлестерін рухани серпілткен жазушы оқырман қауыммен қауышқанына қуанышты екенін жеткізді.

Құралай ИСЛАМҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *