«ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ БОЙЫНША ЖҰМЫСТЫ ЖАНДАНДЫРУЫМЫЗ КЕРЕК»

Билік Қоғам
262 Views

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Жетісай ауданының активімен көшпелі мәжіліс өткізді. Құнарлы жерімен, еңбекқортұрғындарымен әйгілі аймақтың өткір мәселелерін ашық талқылап, ауданды дамытужөнінде кеңесті. Өз саласы бойынша индикаторларды орындай алмай жүрген басшылармен жауаптыларға жұмысты сапалы атқару керектігін айтты.

Көшпелі мәжілісте аудан әкімі Серік Мамытов ауданның даму көрсеткіштері мен алдағы жоспарлары бойынша баяндады.

Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов ауданды дамыту барысындағы кемшіліктер мен мәселелерге тоқталды. Зерделеу жұмыстары көрсеткендей, ішкі өнім, инвестиция салаларындағы көрсеткіштер төмен. Денсаулық сақтау және білім саласы ғимараттарының жай-күйі де сынға ілінді.

Егін шаруашылығының нақты көлемі индексі де кеміген. Ірі қара мал, қой басында өсім байқалмайды. Осыған байланысты өңір басшысы тарапынан Жетісай ауданы әкімдігіне «Ауыл аманаты» бағдарламасын талапқа сай жүзеге асыру, жылыжайлар шаруашылығын дамыту, агроөнеркәсіп кешенінде жұмысты ширату тапсырылды.

– Тек бюджетке байланатын заман өтті. Жан-жақты болу керек. Мәселені өздігінен шешіп, инвесторларды көптеп тартуды күшейту керек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдерге, мемлекеттік қызметшілерге нақты міндеттер жүктеді. Күнделікті мәселелерді шұғыл шешумен ғана шектелмей, мемлекетшіл-реформатор болуды, аймақтарды жан-жақты дамытуды тапсырды. Тазалықты сақтауға, ғимараттарды күтіп ұстауды қолға алу керек. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту, отандық өндірісті ұлғайту, азаматтардың нақты табысын арттыру, байыпты макроэкономикалық саясат жүргізу, инфрақұрылымды одан әрі дамыту, өндіріс орындарын ашу керектігін айтты. Осы бағыттар бойынша жұмысты жандандыруымыз керек, – деген Дархан Сатыбалды бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.

Облыс әкімі аудандардағы ішкі жолдарды стандарттауды, бірыңғай талапқа сай салуды жүктеді. Сапасын арттыруды міндеттеді. Бюджеттің жергілікті кірістерін, түсімдерін арттыру жөнінде де нақты тапсырма берілді.

Ауданның инфрақұрылымын жетілдіру, жолдарды жөндеу, көгалдандыру жұмыстарын күшейту, жер дауларын шешу және өзге де мәселелер бойынша ұсыныстар айтылып, міндеттер жүктелді.

Аудан жұмысын саралауға бағытталған мәжіліс отырысы бойынша нақты тапсырмалар берілді. Келесі жиналыста олардың орындалуы пысықталады. Нәтижесі шығарылады. Жауапты сала басшыларына шара көріледі.

МӘСЕЛЕЛЕР АШЫҚ АЙТЫЛЫП, ШЕШУ ЖОЛДАРЫ ҰСЫНЫЛДЫ

Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында аудан, қалаларда абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазалау жұмыстары туралы баяндалды. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, бұл мәселе бойынша аудан, қалаларда анықталған кемшіліктер жойылуы тиіс. Ол үшін атқарылатын жұмыстардың жобалары әзірленіп, облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасымен келісіліп, бекіту қажет болатын. Алайда бүгінгі таңда Түркістан қаласы мен Жетісай, Мақтаарал, Ордабасы, Келес, Сарыағаш, Қазығұрт аудандары облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасымен келісілген нұсқасын ұсынған жоқ.

Бұдан бөлек, барлық аудан, қалаларда абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық-тазалық жұмыстарын жүргізу, жол бойындағы үйлерді және олардың қоршауларын ретке келтіру жұмыстарын жүргізу бойынша тиісті басқармалармен келісілген іс-шаралар жоспары бекітілуі тиіс болатын. Алайда, Келес, Сарыағаш, Созақ және Бәйдібек аудандарының іс-шаралар жоспары облыстық басқармалармен келісілмеген. Қараусыз қалған ғимараттар мен демалыс аймақтарын қалпына келтіру жұмыстары тым баяу.

– Іс-шаралар жоспарында бекітілген жұмыстардың басталу мерзімдері сақталмай отыр. Кейбір іс-шара жоспарлары сапасыз әзірленген. Бірқатар аудандар сенбілікпен ғана шектелген. Осыған байланысты барлық аудан, қалалар іс-шара жоспарларын қайта қарап, елді мекендердегі орталық көшелердегі нақты атқарылатын жұмыстарды енгізіп, жоспарларды толықтырып, ұсыну қажет, – деді Түркістан облысы әкімі аппаратының инспекторы Мекенхан Қырықбаев.

Осылайша, елді мекендерді жалпы ретке келтіру жұмыстары бірқатар аудан, қала әкімдіктері тарапынан өз деңгейінде орындалмай отыр. Атқарылатын жұмыстар жүйелі жолға қойылмаған.

Аппарат отырысында осы мәселелер айтылып, шешу жолдары ұсынылды. Бірнеше аудан, қала әкіміне жұмысты ширату жөнінде тапсырма берілді.

БІРІНШІ КЕЗЕКТЕ АУЫЗ СУ ПРОБЛЕМАСЫН ШЕШУГЕ БАСЫМДЫҚ БЕРІЛЕДІ

Өздеріңізге мәлім соңғы жылдары әлемде, оның ішінде елімізде ауыз су тапшылығы ең өзекті мәселенің біріне айналып отыр. Дәл осындай проблема ауданымызда да жоқ емес. Баяғыдан бері сумен қамтып келген бастау көздері тартылып, су тапшылығы орын алуда.

Бүгін аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов Ақбиік ауылдық округінде жұмыс сапарымен болып, округке қарасты Ақбиік, Сарытөр және Құлан ауылдарының тұрғындарымен кездесіп, аймақтағы өзекті мәселелердің түйінің шешу жолдарын талқылады.

Елді мекендердегі өзекті мәселенің бірі ауыз су тапшылығы. Биыл Сарытөр ауылынан жаңадан су жинағыш қойма соғылып, су мұнарасы орнатылуда. Нысан шілде айына дейін толық пайдалануға берілмек.

Ақбиік ауылының су жүйесіне жаңа фильтр орнатылып, су айдайтын насосы жаңартылмақ.

Ал, Құлан ауылы жаңа су жинағыш қойманы салуды қажет етеді. Нұржан Жақсылықұлы аталған жұмысты бірінші кезекке қойып, сметалық құжаттарын дайындап, мәслихат сессиясына жауапты бөлім басшысына ұсынуды тапсырды.

Сонымен қатар, кездесу барысында тұрғындар тарапынан Ақбиік ауылына жаңа спорт нысаның, Құлан ауылына мәдениет үйін соғу, жол, интернетке қатысты мәселелер көтеріліп, аудан басшысы тарапынан толық жауап берілді.

Кездесуді пайдаланып аудан әкімі ауыл тұрғындарына тазалық және ауыз суды мақсатсыз пайдалануды алдын алу мақсатында халық арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізуді сұранды.

ТӨЛЕБИ АУДАНЫ ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН 100 ПАЙЫЗ ТАБИҒИ ГАЗБЕН ҚАМТЫЛАДЫ

Төлеби ауданында 2023 жылдың соңына дейін табиғи газбен қамтылғандар санын 100 пайызға жеткізу жоспарлануда. Қазіргі таңда бұл бағытта қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Қасқасу ауылдық округіне қарасты Қасқасу, Жоғарғы Қасқасу, Керегетас, Кеңесарық елді мекендерін табиғи газбен қамту бағытындағы құрылыс жұмыстары жүргізіліп, жалпы 67,11 шақырым ПЭ құбыры, 8,0 шақырым темір құбыры тартылып, 800-ге жуық ГРПШ орнатылды. Бүгінде қосымша 105 үйге ГРПШ қойылуда. Мердігер мекеме – «Azia RS» ЖШС. Аталған төрт елді мекенді көгілдір отынмен қамту жұмыстары өткен жылы басталды.

Бұдан бөлек, аудан орталығы – Ленгір қаласына қарасты Күмістөбе, Кенші көшесі, Достық елді мекенінің Астана көшесі, Киелітас елді мекеніндегі Қарауылтөбе және Қорған көшелері, Қарақия елді мекеніндегі Қарақия көшесіне жалпы 13,8 шақырым газ құбыры тартылып, 118 ГРПШ қойылды. Қазіргі таңда құбырларға сығымдау жұмыстары атқарылуда. Бекітілген кестеге сәйкес, құрылыс жұмыстарын аяқтау тамыз айына жоспарланған.

Айта кетейік, бүгінде аудандағы 55 елді мекеннің 51-і орталықтанған табиғи газбен толық қамтылған.

ТҮРКІСТАНДА КӨШЕЛЕР ЖАҢАРУДА

Биыл Түркістан қаласында 34 шақырым құрайтын 23 көшеге асфальт төсеу жоспарланған. Бүгінде жоспар аясында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, шаһардың Ақниет, Бәйшешек көшелеріне, сондай-ақ, Ақниет — Ертөстік көшелері аралығындағы жолға, Т.Дүйсебаев, Ерқосай батыр, Барақ сұлтан, Ақтайлақ, Жиделібайсын көшелеріне асфальт төселді.

Тас төсеу жұмыстары 2023 жылы 89,6 шақырым құрайтын 94 көшеге жүргізіледі. Соңғы көрсеткіштер бойынша жыл басынан бері 56 шақырымды 65 көшеге тас төселді.

Аталған жұмыстар халық көп шоғырланған алты сектордың алғы тізіміндегі көшелерге жүргізілді.

КЕЗЕКТЕ ТҰРҒАНДАРҒА ПӘТЕР БЕРІЛЕ БАСТАДЫ

Сарыағаш қаласындағы Қапланбек оқу-тәжірибе шаруашылығы аумағынан 5 қабатты 45 пәтерден тұратын 13 көпқабатты тұрғын үй құрылысы аяқталған болатын. Коммуналдық арендалық тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары 2018-2020 жылдары аралығында жүргізіліп, аяқталған.

Биыл жыл басында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен бұл үйлерге арналған автономиялық кәріз жүйесін жүргізу үшін облыстық бюджеттен тиісті қаражат бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілді.

Қазіргі таңда толық инфрақұрылым мәселелері шешімін тауып, баспанаға кезекте тұрған мұқтаж азаматтар мен көпбалалы отбасыларға 585 пәтердің кілтін табыстау басталып кетті.

– «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасына сәйкес, пәтерлер санаттар бойынша үлестіріліп жатыр. Олар: Ұлы Отан соғысының ардагері – 1, жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға – 117, көпбалалы отбасыларға – 211, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына – 256 пәтер, – деді аудан әкімінің орынбасары Б.Полатов.

Баспаналардың кілті 1 маусымнан бастап табысталып жатыр. Пәтерлер толық беріліп болған соң үй иелерімен келісім-шарт түзіліп, тиісті құжаттар рәсімделеді.

ЖАҢА МАССИВТЕРГЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖҮЙЕЛЕРІ ТАРТЫЛУДА

Төлеби ауданында жергілікті тұрғындардың сұранысына сәйкес, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін бөлу мақсатында жаңа массивтерге инженерлік-коммуникация жүйелері тартылуда. Қазіргі таңда 44250 азамат жер телімінде кезекте тұрған. Ауданға қарасты 5 елді мекеннің (Көксәйек, Зертас, Бірінші Мамыр, Қаратөбе, Қайнар) инженерлік-коммуникация жүйелерінің құрылысын жүргізуге 248 млн. теңге қаржы бөлінді.

Бірінші Мамыр елді мекеніндегі жаңа массивтерге 16,4 шақырым ауыз су құбыры тартылып, 92 дана құдық қойылды. 278 электр бағанасы орнатылып, 8,1 шақырым электр желілері жүргізілді. Аталған массивті табиғи газбен қамтамасыз ету бағытында 8,781 шақырым газ құбыры тартылып, екі есептегіш құралымен 133 дана, бір счетчикті 22 ШРП орнатылды. Құрылыс жұмыстары толық аяқталғаннан кейін 255 отбасына жер телімі үлестіріледі.

Сонымен қатар Қаратөбе елді мекеніндегі жаңа массивтен 302 жер телімі бөлінеді деп жоспарлануда. Қазіргі таңда ауыз су құбырлары жүргізіліп, табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Қайнар елді мекеніндегі жаңа массивке 12,4 шақырым ауыз су құбыры тартылып, 65 дана құдық қазылды. Қазіргі уақытта электр жүйелері жүргізіліп, табиғи газ құбырларын тарту үшін конкурс өткізілуде. Жаңа массивтен 165 отбасына жер телімі бөлу жоспарлануда. Көксәйек елді мекеніндегі жаңа массив арқылы 170 жер телімі беріледі деп күтілуде. Аталған массивке ауыз су, электр жүйелері тартылып, 2,4 шақырым орташа қысымды газ құбыры жүргізілді.

Бұдан бөлек, Ленгір қаласы «Алатау» мөлтек ауданындағы жаңа массивті электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында 850 дана электр бағанасы орнатылып, 9 дана трансформатор қойылады. Қазіргі таңда автокөлік жолдарының құрылысын жүргізуге, ауыз су құбырларын тартуға конкурс ұйымдастырылуда. Қажетті инфрақұрылым құрылыстары аяқталғаннан кейін 1030 отбасына жер телімін үлестіру көзделуде.

Айта кетейік, тұрғын үй құрылысына қажетті жер телімін алу үшін еGov.kz порталы арқылы кезекке тұру мүмкіндігі қарастырылған. Кәмелетке толған әрбір қазақстандық 10 соттық жерге онлайн арқылы өтінім беріп, өз кезегін қадағалай алады.

ТАҒЫ ЕКІ АУЫЛҒА КӨГІЛДІР ОТЫН ЖЕТТІ

Түркістан облысының және Келес ауданының құрылғанына 5 жыл толуы қарсаңында Қошқарата ауылдық округінің Мақташы және Алғабас елді мекендеріне табиғи газ берілді. Тұрғындардың қуанышымен бөлісуге Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев арнайы барып, табиғи газды қосу рәсіміне қатысты.

— Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлы елді мекендердегі газға қатысты жобаларды жедел аяқтап, газдандыру жұмысын жандандыруды тапсырған болатын. Өңірде осы бағытта жұмыстар жүруде. Бүгін Келес ауданына қарасты Қошқарата ауылдық округінің Мақташы және Алғабас ауылындағы 258 үйді газға қосуға мүмкіндік туып отыр. Баршаңыздың шаңырақтарыңызға амандық, саулық және жылулық тілеймін, — деді аудан басшысы.

Аудан әкімі салтанатты рәсімнен соң жергілікті тұрғындармен тілдесіп, олардың пікірлері мен ұсыныстарын тыңдады. Аудан аумағында атқарылып жатқан шараларға тоқталып, алдағы жоспарлармен бөлісті.

Айта кетейік, Келес ауданында 133 753 тұрғын, 83 елді мекен бар. Оның ішінде 60 елді мекен табиғи газбен қамтылған. Яғни елді мекендердің 72,3%, тұрғындардың 94,4% газдың игілігін көріп отыр (бүгінгі таңда 14 361 абонент бар). Биыл Келес ауданы бойынша 9 елді мекенді табиғи газға қосу жұмыстары жүргізілуде.

КЕНТАУДА ЖЫЛУ ҚҰБЫРЛАРЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Қысқы маусымда Кентау қаласының жылумен қамту жайы жақсарады. Жылу желісіндегі шығындары мен жылу энергиясын өндіруге кететін шығындар азаяды деп күтілуде. Себебі Кентау қаласы Жылу электр орталығының жылу құбырларының құрылысы басталды.

Жылу орталығының 1960-жылдары орнатылған 38,2 шақырым құрайтын магистральдық құбыры бар. Оның 16,5 шақырымы 2014-2015 жылдары ауыстырылған.

Осы жылы «Кентау қаласының №5 ЖЭО-ның» 6,6 шқ магистралдық жылу жүйесі және 4 кері сорғы станцияларын қайта құру жұмыс жобасына сәйкес, жылу магистральдық желісінің апатты учаскелерін қайта құру жұмыстары жоспарланған. Қазіргі таңда, қаржы қаралып, мердігер мекеме анықталып, қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Аталған жұмыстар биылғы жылдың 1 қыркүйегіне дейін аяқтау жоспарланған.

Жұмыс жүргізуші мердігер мекеме «Ермад» ЖШС. Сонымен қатар «Кентау қаласы №5 ЖЭО-ның қазандықтарын, жылу жүйелерін және қосалқы қондырғыларын қайта құру» жұмыстарына қаржы қаралуда. Басталу мерзімі маусым айына жоспарланған.

ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАН АШЫЛДЫ

Ордабасы ауданының Қараспан ауылдық округіне қарасты Көлтоған елді мекенінде фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды.

Бұл медициналық нысан 1400-ге тарта тұрғынға қызмет көрсетеді.

– Сіздерді медициналық нысанның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл күнді ауыл тұрғындарының асыға күткені жасырын емес. Енді Көлтоған ауылының тұрғындары осында ем қабылдап, денсаулығын нығайтады. Бүгінгі таңда аудан халқына бас-аяғы 55 медициналық ұйым қызмет көрсетіп келеді. Олардың дені – осындай фельдшерлік акушерлік тіректер. Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы өз Жолдауында әлеуметтік салаға үлкен мән беріп отыр. Соның ішінде, әсіресе, денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлініп келеді. Жаңа ғимарат халықтың игілігіне қызмет ете берсін! Мұнда жұмыс істейтін ақ халатты абзал жандардың жұмысына табыс, абырой тілеймін! – деді Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақов.

Бүгінде ауданда 9 фельдшерлік-акушерлік тіректің құрылысы жүргізілуде. Атап айтар болсақ, Көлтоғаннан бөлек Қызылжар, Дербес, Төреарық, Көкарал, Қарабастау, Аққойлы, Жусансай, Сарытоғай елді мекендерінде осындай нысандар салынып жатыр. Барлығын осы жылы елдің игілігіне беру жоспарланған.

ІШКІ КӨШЕЛЕРДІҢ ҚАНАҒАТТАНАРЛЫҚ ҮЛЕСІ 87,7 ПАЙЫЗҒА ЖЕТЕДІ

Өткен жылы Түлкібас ауданы аумағындағы елді мекендерде атқарылған жол жөндеу жұмыстарының нәтижесінде ішкі көшелердің қанағатты жағдайдағы үлесі 82 пайызға жеткен болатын. Биыл аудан аумағында тұрғындар өтініштеріне сәйкес, бірінші кезекте халық көп шоғырланған 27,68 шақырымды құрайтын 51 көше жөндеуден өтіп, ел игілігіне пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Аталған көшелердің ішінде көп жылдан бері өзекті мәселе болып келген Майтөбе ауылының 21 және Азаттық ауылының 26 ішкі көшесі бар. Нысандар «Ауыл – Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында жөндеуден өтпек.

Бұдан бөлек, жол-көлік оқиғалары мен төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында биыл 12,4 шақырым аяқжол салу жұмыстары басталып, соның ішінде 2,6 шақырымды құрайтын Балықты ауылына қарасты Нұртаев көшесі толық пайдалануға берілді.

Қазіргі таңда Шақпақ баба ауылының орталық көшесіне және Т.Рысқұлов ауылының Бекбосынов көшесіне аяқ жол салу жұмыстары жүргізілуде. Аталған нысандарды шілде айына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *