«ЖАНАШЫРЛЫҚ – ҚАЗАҚТЫҢ ҚАНЫНДА БАР ҚАСИЕТ»

Ақорда
260 Views

Мемлекет басшысы Халықаралық волонтерлер форумына қатысты. Президент өз сөзінде мемлекет пен қоғамның сенімді серіктестігімаңызды екенін атап өтіп, еріктілер қоғамда айрықша рөл атқаратынын айтты.

– Қазақстанда 2020 жыл еріктілер жылы болды, біраз шаруа атқарылды. Қазір еліміздегі волонтерлік ұйымдар саны 3 есе өсті, яғни 680 ұйым бар. Еріктілердің саны 200 мыңға жетті. Барлық аймақта фронт-офистер ашылды. Онда мыңдаған волонтер дайындықтан өтті. Qazvolunteer.kz платформасы жасалды. Яғни, бүгінгі таңда Қазақстанда кез келген адам еріктілер тобына мүше болып, пайдалы іске өз үлесін қоса алады. Шын мәнінде, бұл – зор мүмкіндік. Сондай-ақ біздің волонтерлер Иордания, Кения, Таиланд және Түркия елдеріне арнайы барып, тәжірибе жинақтады. Осы тұста мен Қазақстан еріктілеріне қолдау көрсетіп жүрген Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдеріне алғыс айтамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент волонтер болу, ең алдымен, патриотизмнің, яғни отаншылдықтың жарқын көрінісі деп санайды. Бұл – адамгершілік құндылықтарын бәрінен жоғары қоятын жандардың өмір салты.

– Еріктілер өнегелі істері арқылы қоғамды дамытуға зор үлес қосады. Жанашырлық – қазақтың қанында бар қасиет. Халқымыз қиындыққа тап болған адамдардан көмегін аямаған. Ел басына күн туған қиын-қыстау сәтте «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара» білген. Қазақстанға жер аударылған талай этнос өкілдерін бауырына басып, барын бөліскен. Сондықтан бүгінгі жиынның мақсаты халқымыздың болмысымен үндес екені сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.

Сөзінің соңында Президент аталған форум бұл бағыттағы ортақ жұмыс өзекті әрі өте қажет екенін және еліміздегі волонтерлік қозғалысты дамытуға тың серпін беретінін атап өтті.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің  форум қатысушыларына үндеуін ұйымның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори оқып берді. Сондай-ақ жиында  БҰҰ Еріктілер бағдарламасының атқарушы үйлестірушісі Тойли Курбанов,  БАӘ Толеранттылық  және бейбіт қатар өмір сүру министрлігінің бас директоры Афра Мұхаммед Әл Сабри, Түркияның белгілі мәдениет қайраткері Халук Левент және басқа да  спикерлер сөз сөйледі.

Akorda.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *