ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ – ЕЛ БОЛАШАҒЫ

Білім
12 Views

Ғылым мен технологияның қарыштап дамыған заманында біздің еліміз де жаңа өзгерістерге бет бұрды. Әр педагогтің кәсіби тұрғыдан үздіксіз дамуына өзіндік үлес қосатын жасанды интеллект технологиялары білім беру процесінде таптырмас тиімді құрал болып табылады.

Орта білім беру саласындағы пилоттық жобаны іске асыру мақсатымен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектті енгізу жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.

Яғни,басты мақсат – жасанды интеллект жедел дамып келе жатқан дәуірде еліміздің өркендеуіне үлес қосатын заманауи,инновациялық білім беру жүйесін дамыту.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жолдауында цифрлық технологияларды дамыту – білім сапасын арттырудың маңызды қадамы екендігін атап өтті. Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының арасындағы алшақтықты қысқарту мақсатында пилоттық жобаны іске асыру, оны кеңінен тарату ұсыныстары енгізілді.

Біз, ұстаздар қауымы, мемлекет басшысының бастамасын қолдай отырып, білім беру саласына өзіндік үлесімізді қосып келеміз. Елімізде ЖИ технологиясын меңгерген ұстаздар үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп келеді. Президентіміздің білім беру үдерісіне ойдағыдай енгізіліп жатқан жасанды интеллект туралы пікірінде: «Технологиялық инфрақұрылым бәріне қолжетімді болу керек», – деген сөзі экожүйені қалыптастырумен қатар ЖИ-ді дамыту керектігін де айқындайды. Орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектінің енгізілуі – білім беру сапасының артуына ықпал етеді. Өз тәжірибемде цифрлық технологияларды қолдана отырып, білім сапасының артқанын байқадым.

Басты мақсатымыз – еліміздің болашағы білімді ұрпақтың қолында екендігін ұстаз ретінде дәлелдеу. Сол себепті заманауи білім беру жүйесін қалыптастыру үшін цифрлық мүмкіндіктерді өзімнің іс-тәжірибемде үнемі пайдаланамын. Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА-ның «Қазақ әдебиеті» пәнін оқытуда жасанды интеллектті қолдану бойынша әдістемелік ұсынымдар тобының мүшесі болуым – осының айқын дәлелі бола алады.

Президентіміз жасанды интеллектті дамытпай, жаһандық бәсекеге төтеп бере алмаймыз деп бекер айтпады. Яғни, цифрлық жүйе – егеменді ел болудың кепіліне, еліміздің экономикасының артуына үлкен күш салады.

Жасанды интеллект – еліміздің инновациялық дамуының, цифрлық дербестігінің тірегі. Ел болашағы да, еліміздің ертеңі де – жас ұрпақтың қолында. Саналы,салиқалы ұрпақ қалыптастыру үшін – уақыт талабына да бағына білуің керек. Ал, заман ағымы уақыт жылжыған сайын өзгеріске ұшырайтынын да есімізден шығармауымыз керек. Жастарымыз заман талабына сай білім алумен қатар цифрлық технологияларды терең меңгерсе, мемлекеттің басты күшіне айналамыз. Білім мен ғылымды дамыту арқылы біз болашақта озық елдердің қатарына қосыламыз дегім келеді.

 

Бахина Олжабайқызы БИГОЖИНА,

Шерхан Мұртаза атындағы №63 мектеп-гимназиясының

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,

«Үздік педагог-2025» байқауының жеңімпазы,

ҚР Білім беру ісінің үздік қызметкері.

Астана қаласы