Белгілі қаламгер құрдасым Қуандық Оразбекұлының журналистикадағы ізі «Оңтүстік Қазақстаннан» бастап «Жас Алашта», «Заң газетінде», «Дала мен Қалада»,«Айқында» сайрап жатыр. Жасы жеткен кезде зейнеткерлікке «Айқыннан» шықты.Ғалым ретінде есімін Түркістандағы ерекше мәртебеге ие Қожа Ахмет Ясауиатындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде, Шымкенттегі ОңтүстікҚазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде, Аймақтық әлеуметтік-инновациялықуниверситеттерінде ерекше құрметпен атайды. Жоғары оқу орындарында әліге дейінқызмет істейді.
Ол журналистиканың ыстығы мен суығынан бір сәт те қол үзген жоқ. Сонымен бірге ұзақ жылдар бойы ғылыми-педагогикалық қызметті қатар алып жүрді. Бұл – Қуандық Оразбекұлының таңғажайыптарының бірі. Біз «Оңтүстік Қазақстанда» басы-аяғы 11 жыл бірге қызмет істедік. Қуандықтың еңбекқорлығына қайран қалатынбыз.
Өткен ғасырдың сексенінші жылдары аяқталып келе жатқан Қалекең өндіріп жазып жүрді. Облыстық газеттің бас редакторы – Әмірсейіт Әлиев. Бір күні басшымыз Қуандықтың оперативтілігін сынап көрмекші болды ма, жұмыс күні аяқталуға жақындағанда әріптесімізге табан астынан шұғыл тапсырма берді.
– Қуандық, –деді Әбекең шамалы кідіріп, жұрттың назарын аударып алды, – Саған шұғыл тапсырма бар… Кемінде 250-300 жол болатын мақала. Бас редактор тапсырманың қашанға дейін орындалуы керектігін айтқан жоқ. Ақпарат жинауы бар, мақаланың композициясы қалай болатынын ойластыру керек. Асықпай жазатын шығар деп шамаладық.
Ертеңіне таңертеңгі жиналыста бас редактор:
– Қуандық, кешегі тапсырманы не істеп жатырсың? – деп сұрады. Бәріміз Қалекеңе қарадық. Ол асықпай-саспай:
Әбеке, үстеліңізде жатыр ғой, – демесі бар ма?!
Біз аң-таңбыз. Қашан жазып үлгерген?
Ол кезде «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жауапты хатшысымын. Жиналыс аяқталған соң Қуандық жазған мақаланы бас редактордың үстелінен алып, қарап шықтым. Тастай. Бір артық сөзі жоқ. Сапалы дайындалған.
Мұндай жағдай бірнеше рет қайталанды. Кейін білдік қой. Тапсырма берілген соң Қалекең жұмыста қалып қояды екен де үйіне тапсырманы жазып біткен соң барып қайтады екен.Ол кезде мақаланы қолмен жазып сосын машбюроға теруге береміз. Ал Қуандық өйтпейді. Машинкада өзі тереді. Оның не жазып, не қойып жатқанын жан баласы білмейтін.
Қуандық Оразбекұлы – құқықтық сауаттылығы өте жоғары журналист. Бір күні қиын жағдайға тап болдық. Облыстың бұрынғы басшысы Асанбай Асқаровтың жазықсыз қамалғанына біраз уақыт болып қалған. Тергеу аяқталыпты. «Істі Бішкектегі Қырғыз Республикасы Жоғарғы сотының судьясы Ибрагимова қарағалы жатыр» деген хабар алдық. «Оңтүстік Қазақстан» газеті редакциясының алқа мүшелері жиналып, ақылдастық. Сотқа кім қатысады, сот барысынан материалдарды кім жазып отырады? Бұл сұрақтарға жауап табу оңай болмады. Бас редактор бірінші Қуандықты шақырды. Мәселенің мән-жайын естіген соң Қалекең ұсыныс жасады.
– Бірінші газет қызметкерлеріне айтыңыздар. Асанбай Асқаровтың жақсылығын көрген жігіттер бар шығар. Сол жігіттердің біреуі «мен жазамын» деп шығуы мүмкін. Ешкім табылмаса, онда мен дайынмын, – деді.
Бірақ «Мен жазамын» деп құлшынған ешкім болмады да Бішкекке Қуандық кетті. Жоғарғы сот судьясының «Егер мақалаларыңыздан заңға томпақ бір ауыз сөз тапсам, тілші жауапқа тартылып кетеді» деген өктем сөзі дүңкілдеп жетіп жатты. Сөйтсек, мақала жарияланған газеттің бір емес, бірнеше данасы Бішкекке жеткізіліп отырады екен. Біз аяқ тарта бастадық.
Бірақ, қаймыққан Қуандықты көрмедік. Мақаланы бұрқыратып жазып жатты. Оның «Асқаровтың ісі» туралы соттан жазған мақалалары газеттің таралымын арттырды.
Қуандық Оразбекұлы қазақ журналистикасының тарихында бірінші рет республикалық газетте облыс әкімін быт-шытын шығарып сынауға болатынын дәлелдеген журналист. Тоқсаныншы жылдардың орта шенінде Қалекеңді «Жас Алаш» жұмысқа шақырды. «Барамын» деп кесіп айтты. Сөйтіп республикалық газеттің Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі болып шыға келді. Бірден байқадық. Барды да жазу стилін өзгертті. Құрдастарымыздың біреуі «Бір түнде журналистің жазу стилінің өзгеріп кеткенін көрген емес едім» дегені бар.
Қуандықтың екінші тынысы ашылғандай болды. Сын мақаланы бұрқыратты дейсіз. Бір күні «Жекешелендірудің миллиардтары қайда, Тұрысбеков мырза?!» деп облыстың әкіміне ашық тиіспесі бар ма? Қазақ баспасөзінде бұрын мұндайды көрген де, оқыған да емес едік. «Мұның соңы неге соқтыруы мүмкін?» деп мазасыздана бастадық. Арада екі-үш күн өтпей жатып «Қуандықты облыстың әкімі тексерте бастапты» деген хабар дүңкілдеп шыға бастады. Әріптестері, достары «Қалекеңмен жақсы екенімізді жоғарыдағылар біліп қоймасын» дейтіндей дәрежеге жетіп тек кешке хабарласып тұрдық. Онда екеуіміз де «Отырар» шағын ауданындағы көрші үйлерде тұратынбыз. Өзі болса бұрынғыша түк болмағандай жайбарақат, тіпті емін-еркін. Бір күні шыдай алмай «Облыстың әкімі деген бүкіл бір аймақтың патшасы сияқты. Оның қолында қаншама күш бар…» деген бағытта әңгіме айттым.
– Құрдас, уайымдамаңдар, Құдай сақтасын. Аққа Құдай жақ, тексерте берсін. Түк те шығара алмайды. Қазір облыстық әкімдікке күнде барамын. Неге екенін өзің де шамалап отырған шығарсың, – деп маған барлай бір қарап қойды.
Бір күні облыстың әкімі Елбасынан сұранбай Израильге қысқа мерзімді демалысқа кетіпті. Шымкентте жарық та, газ да өшіп,халық қиналып қалған кез. Әкімнің жұмыста жоқ екенін Қуандық біліп қойыпты. Іле-шала бұл жөнінде «Жас Алаштың» бірінші бетіне көлемі 20-30 жолдай ғана хабар шықты. Сол қысқа ғана ақпаратта қалада жарық пен газ өшкенін, облыс әкімінің жұмыста жоқ екенін айтады, «Әкімді таппай қалдық», – дейді. Газеттің келесі күнгі санында. «Әкім тірі екен, «Өлі теңізден» табылды» деген көлемі 20-30 жолдық ақпарат тағы да шықты. Президент осы екі мақаладан соң облыстың әкімін ауыстырды.
Әне, Қуандық, осындай жауынгер журналист! Өзі:
– Тілшінің мықты болмағы 90-95 пайыздай газеттің бас редакторына байланысты. Бас редакторым Нұртөре Жүсіп болды. Ол – біртуар бас редактор, – дейді.
Ол кезде «Жас Алашта» қызметкерлер 45 жасқа келгенше ғана жұмыс істейтін. Кейін орнын жастарға қалдырып, басқа жұмысқа ауысатынсың. Қуандық 50-ге аяқ басып қалған. Бірақ оның қызмет ауыстыруына бұл жолы басқа мәселе себеп болды. Сол қарсаңда «Жас Алаш» жекеменшікке өтіп ұжымындағы біраз журналистер қызметтерін ауыстырып кетті. Үлкен газетте қызмет істеп әбден ысылған Қуандық құрдасым «Оңтүстік Қазақстанға» қайта оралды.
Қуандық Оразбекұлы – журналистік зерттеудің қас шебері. Бірде мынадай жағдай болды. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінен редакцияға қайта-қайта арыз түсе берді. Келген арыздарды тексеру Қалекеңе беріледі. Ең соңғы арызға Қуандықтың өзін де қосып жазып жіберіпті. «Жөнді тексермейді. Жауырды жаба тоқып кетеді. Ректор Оразалы Сәбденнің сыбайласы болуы мүмкін» – депті. Газеттің келесі санына Қуандық 200 жолдай сын мақала жазып жіберді. Кейін «летучкада» былай деді:
– Бұл редакцияға келіп түскен арыздардың негізінде жазылған жеңіл сын мақала. Журналистік зерттеу нәтижесінде тапқан материалдар толық пайдаланылған жоқ. Егер ректор көрегенділік танытса, сыннан қорытынды шығарса, келесі мақала жазылмайды. Егер маған «шабуылға» шықса, өз обалы өзіне. Онда қорғануға мәжбүр боламын. Нағыз сын мақала сонда жазылады, – деді.
Айтқанындай болды. ХҚТУ-дың ректоры профессорлардың барлығына қол қойдырып ҚР Президенттің аппарат басшысына, Ақпарат министріне, облыс әкіміне және біздің бас редакторымызға шағым хат жолдапты.
Шағым тиісті орындарға жөнелтілген соң Қуандық ректорға қоңырау соғыпты. «Шағымдарыңызды қайтарып алыңыз. Бұл үшін бір апта жететін шығар. Бір аптадан соң нағыз сын мақала жарияланады. Ескерткенім болсын», – дейді. «Журналист маған не істей қояды» деген болуы керек, селт етпейді. Керісінше, жан-жаққа қоңырау соғып, «Бекерге жазғырды» деген әңгіме айтыпты.
Түркістандағылар «Оңтүстік Қазақстан» газетінің басшыларын айналсоқтап жүрді. Ал мақала сол жылдары шығып тұрған мықты басылымның бірі «Ақ жол, Қазақстан» газетінде тура айтылған уақытында бұрқ ете қалды. Тақырыбына дейін есімде. «Ақ пәпкінің құпиясы» деп аталатын. Газеттің ішкі айқарма бетіне тұтас берілген, тым көлемді мақала еді.
Оқып отырғанда төбе шашың тік тұрады. Ондағы келтірілген деректер дәлелденсе ректор сотталып кетпеудің амалын ойлап, аман-есен қызметін өткізіп құтылғанына қуанады. Мақала Түркияның Білім және ғылым министріне, Үкіметіне тексеруге жіберілгенін естідік. Сол мақала бойынша тексеру ұйымдастырылып, оның қорытындысы бойынша ректорды Қазақстан жағы қызметінен босатты. Әне, Қуандықтың журналистік зерттеулері осындай. Оның мұндай мақалаларында есеп жоқ. Журналистік зерттеулері үшін оған Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атағы берілді.
Ол танымайтын, білмейтін, өз шаруасын адал атқарып жүрген адамдарға тиіспейді, сынамайды. Сыналғандардың өзі онымен жауласпайды. Осыған таң қаламын. Бәлкім, жалған, дәлелденбейтін ақпараттарды пайдаланбайтынынан шығар. Оның заңгерлік жоғары білімі бар. Заңды шемішкедей шағады.
Маған белгілі жазушы Серік Жанәбіл: Қуандық Оразбекұлының Төрехан туралы жазған мақаласын оқып, әбден жыладым. Қалай жазады-әй. Өмірі мақала оқығанда көңілім босаған емес еді – , деді.
Белгілі жазушы-журналист Жеңіс Бахадүрдің:
– Бірде редакцияның бірінші қабатындағы корректорлар отыратын бөлмеге барсам, қыздар жылап отыр. «Не болып қалды?» – дедім сасқанымнан. Сөйтсем, Қалекеңнің дүниеден озған перзенті туралы «Періште қыз» атты еске алу мақаласы шығып бара жатыр екен. Ертеңіне номерден оқып көңіліміз босады, – дегені де есімде сақталып қалыпты.
Қазір кезінде атын естігенде ат үркетін құрдастарымыздың барлығы дерлік үйінде отыр. Ары кетсе немерелеріне қарайды. Зейнеткер. Ал Қуандық Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры. Педагогика ғылымдарының кандидаты. Аймақтық менеджмент академиясының академигі. Ол «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Қазақстанның Құрметті журналисі. Түркістан қаласының Құрметті азаматы. Болашақ журналистерге дәріс беріп, ұзақ жылдар бойы жина-ған тәжірибесін жастарға жалықпай үйретіп жүр.
Қолынан қаламы түскен емес. Соңғы төрт-бес жылдың көлемінде Германияның, Түркияның, Үндістанның рейтингі жоғары ғылыми журналдарында — бес, Қазақстандағы жоғары аттестациялық комиссия тізіміне енген журналдарда 23 мақаласы жарияланыпты.
– Шүкір, 59 жасымда диссертация қорғадым. 60 жасымда доцент болдым. 65 жасымда университетім профессорлығы атағын берді. Қазақстан Республикасы білім беру ісінің Құрметті қызметкерімін. Аллаға шүкір, әлі де алда атқарар шаруалар жетеді, – дейді Қалекең.
Осыдан тура он жыл бұрын құрдасым 60-қа толғанда «Оңтүстікте» «Қазақстанда газет оқитын, тіпті оқымайтын адамдар да Қуандық Оразбекұлының есімін жақсы біледі. Ол туралы өзім танитын әріптестерім «Жауы жоқ журналист» дейді. Себебі, мінезі жайлы, білімі терең, адамгершілігі мол, етек-жеңі кең» … деп жазып едім. Енді міне, сол жауы жоқ, жауынгер мінезді, ғажайып журналист бірінші мамыр күні жетпіске толады. Біз, өзіңді мақтан тұтамыз, ұзақ жаса, Қалеке!
Слам НҰРМАҒАНБЕТҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.
Шымкент қаласы.