Шымкентте білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын дамыту жұмыстарына сәйкес, апатты, үш ауысымды мектептерді жою мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп келеді.
Қалалық білім басқармасының басшысы онлайн тамыз кеңесінде үш ауысымдағы мектептер мәселесін 2024 жылға дейін толығымен шешу жоспарда екенін айтты.
Биыл 5100 орындық 8 мектептің (4 жаңа, 4 қосымша) және 300 орындық 2 өнер мектебінің құрылысы пайдалануға беріліп, апатты мектептер саны 2-ден 1-ге, үш ауысымды мектептер саны 19-дан 14-ке азайды.
Жалпы қаланың демографиялық өсіміне байланысты жыл сайын мектеп оқушыларының саны 12 мыңнан астам балаға артуда.
Сонымен қатар аталған мәселелерді шешу мақсатында Шымкент қаласының орта білім беру саласында жан басына қаржыландыру жүйесін ендіру арқылы жекеменшік мектептер желісін арттыру жұмыстары атқарылуда.
Үш ауысымды білім беру мәселесін алдын алу бойынша оқушы орны тапшылығы туындау мүмкін болған шағынаудандар мен тұрғын алаптарға зерделеу жүргізіліп, білім нысандарының құрылысы бойынша жоспар жасалған.
Үшінші мегаполистің білім саласындағы тағы бір жағымды жаңалықтарға тоқталсақ. Аталмыш басқарма «ҚР білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында өңірлік бағдарламамен жұмыс жүргізетіні белгілі. Шаһарда білім саласының ағымдағы жағдайына талдау жүргізіліп, мемлекеттік бағдарламада белгіленген нысаналы индикаторлар мен көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша іс-шаралар жоспары бекітілген.
Онлайн тамыз кеңесінде баяндама жасаған Шымкент қаласының білім басқармасының басшысы Ж. Тәжиева жаңа оқу жылында бірқатар білім ордалары ашылатынын мәлімдеді.
Жаңа оқу жылынан бастап Шымқалада халқымыздың ұлы перзенті Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай «А. Құнанбаев атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған гимназия мектебі» жұмысын бастайды.
Мінекей, білім саласы қызметкерлері осындай қуанышқа кенеліп отыр. Дарынды балаларға арналған мектеп қалада орта білім беру саласын дамыту, білім сапасын жоғарылату мақсатында ашылып отыр.
Сонымен қатар қалада білім саласындағы инфрақұрылымды және цифрландыруды дамытуда бірқатар жобалар іске асып жатқаны белгілі.
Шымкент қаласының білім басқармасының басшысы онлайн форматта өткен тамыз кеңесінде осы бағыттағы жаңалықтарды айтып өтті.
Қалада жаңа оқу жылынан бастап «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында «Дарынды балаларға арналған мамандандырылған IT лицей-интернаты» есігін айқара ашпақ. Сондай-ақ, 5 «IT мектеп-лицейі» қайта құру арқылы жаңа бағытта жұмыс істейді. Осыған байланысты 12 STEM лабораторияларын ашу да жоспарлануда.
Одан бөлек, биылғы жаңа оқу жылында «Оқушылар сарайы» базасында заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген «IT-орталығы» қосымша білім береді.
Ұлы ақынның есімін иеленген білім ордасы, «Дарынды балаларға арналған мамандандырылған IT лицей-интернаты» сынды жаңашыл бастамалар өзі жемісін беріп, осы мектептерден болашақта білімді, алғыр азаматтардың көптеп шығатынына сенім зор.
Айта кетейік, қалада жаңа оқу жылы 742 білім беру мекемелерімен 320 мыңға жуық білім алушылармен басталғалы отыр.
«Биыл 1-сыныпқа 24 мыңнан астам бала келеді деп жоспарлануда. Білім мекемелерінің жылыту жүйелерін жөндеу, қысымдау жұмыстары толық аяқталды. Жеке қазандықпен жылытылатын 25 мекемеге 4 793 тонна қатты және 190 тонна сұйық отын тасымалдануда. Қазіргі таңда ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталып, 15 мекемеге күрделі жөндеу жүргізілуде. 17 мектепке спорт алаңдары, 36 мектепке ішкі әжетханалар орнатылуда. Сондай-ақ, соңғы үлгідегі бейне бақылау камералары мен 30 мектепке турникеттер орнату үшін мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр» – деді қала әкімі оқу сыныптарын аралап, БАҚ өкілдерімен өткізген брифингте.
Сонымен қатар жаңа оқу жылында сатып алынатын 11-сынып оқулықтары мен қалған сыныптар үшін қосымша оқулықтардың 60%-ы тасымалданды. Жұмыстар толығымен 25 тамызға дейін аяқталатын болады.
Бетті дайындаған
Гүлнұр БАЙДУЛЛАЕВА.