ОТАНДЫҚ ӨНІМ ҮЛЕСІ 91 ПАЙЫЗДЫ ҚҰРАЙДЫ

Экономика Қоғам
823 Views

Шымкент қаласында биылғы жылы құрылыс басқармасының тапсырысы негізінде 96 нысанның құрылысы жүргізілуде. Ондағы нысан құрылысын қазақстандық өніммен қамту үлесі 91 пайызды құрап отыр. Бұл туралы құрылыс басқармасының мамандары хабарлады.

Олардың айтуынша, құрылысы жүргізіліп жатқан жобалардың 56-сы тұрғын үй болса, 15-і инженерлік инфрақұрылым, ал 16 жоба әлеуметтік нысан және жұмыспен қамту жол картасы аясында 9 нысан болып отыр. Бүгінде қалада құрылыс материалдарын шығаратын 215 ірі, орта және шағын кәсіпорын жұмыс істейді. Осы жылдың алты айында олар 34,2 млрд. теңгенің құрылыс материалдарын өндірген. Қаланың жалпы өнеркәсібінде өндірілген өнім көлеміндегі құрылыс материалдары өндірісінің үлесі 13,2%-ды құрайды. Құрылыс материалдарының отандық өндірісін дамыту мақсатында қалада 2020-2021 жылдар аралығында құны 2,9 млрд. теңге болатын 9 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.

«SHYMKENT» ӘКК» АҚ 5000 КӘСІПКЕРГЕ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТКЕН

Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз брифингінде «Shymkent» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Бауыржан Канкин мәлімдеді.

– Инвесторларға жер телімін ұсынуды жеңілдету мақсатында «Shymkent» ӘКК тарапынан жаңа механизм әзірленді. Аталған механизм негізінде 223,9 млрд. теңгелік 30 инвестициялық жобаны іске асыру бойынша келісімге қол жеткіздік. Бұл жобалар білім, денсаулық сақтау, тұрғын үй құрылысы (девелопмент) және қызмет көрсету салаларында. Осы орайда айта кетейін, фронт офис ашылғалы үш айдың ішінде 5000 кәсіпкерге қызмет көрсеттік, – деді Б.Канкин.

Спикердің сөзіне сүйенсек, 2020 жылдың басынан бері «Оңтүстік» АЭА-ға жалпы құны 39,172 млрд. теңгені құрайтын 2 257 жұмыс орнының құрылумен 9 жоба тартылған. Ал «Оңтүстік», «Тассай» индустриалды аймақтарына, «Shymkent» агроөнеркәсіптік аймағына және көліктік-логистикалық орталықтың аумағына жалпы құны 37,5 млрд. теңгені құрайтын бірқатар инвестициялық жобалар тартылған. Осы орайда «Оңтүстік» және «Тассай», сондай-ақ қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында «Жұлдыз» индустриялды аймағын құру жоспарлануда. Бұл мақсатта көлемі 306 га құрайтын жер телімі анықталды. Қазіргі уақытта қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде», – деді Бауыржан Тоқболатұлы.

Басқарма төрағасының айтуынша, «Шымкент» ӘКК «1000 сауда орны» жобасын іске асыруда. Ол кәсіпкерлерге сауда жүргізу және қызмет көрсету үшін қолайлы шарттар мен жер учаскелерін беруді қарастырады. Ал құрылыс саласына тоқталсақ, 7-20-25 бағдарламасы бойынша жалпы ауданы 63 258,32 ш.м құрайтын 24 тұрғын үйдің құрылысы аяқталған. Сонымен қатар бүгінде ЖАО бағдарламасы бойынша 26 үйдің құрылысы жалғасуда. Оның ішінде 21 үйді осы жылдың соңына дейін, қалған 5 үйді 2021 жылы тапсыру жоспарланған.

Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілген кезден бастап, қалада тұрғын үйге деген сұраныс артқан. Осыны ескерген «Shymkent» ӘКК» АҚ 2024 жылға дейін шамамен жалпы алаңы 700 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй салуды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, биылғы жылы әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының тапсырысы негізінде «7-20-25» бағдарламасы аясында салынған 24 үй пайдалануға берілді.

ЦИТАДЕЛЬДЕГІ ӘРЛЕУ ЖҰМЫСТАРЫ АЯҚТАЛУҒА ЖАҚЫН

Шымкент қаласының әкімі «Ескі қалашық» – Цитадельде атқарылып жатқан жұмыстар барысымен танысты. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің Цитадельді қайта жаңғырту бойынша тапсырмасына сәйкес мұнда қызу жұмыстар жүруде. Қазіргі таңда нысандағы әрлеу жұмыстары – 80 пайызға, абаттандыру –30 пайызға, археологиялық жұмыстар – 60 пайызға аяқталып қалған.

Ескі қалашықтың батыс бөлігінде (подпорные стены), оңтүстік-батыс және солтүстік-батыс бекініс қабырғаларын қалпына келтіру, сондай-ақ, пандуспен кіру жолдары аяқталған. Цитадель төбешігінде жаяу жүргіншілер жолының, айванның, хауздың ғылыми-реставрациялық жұмыстары аяқталып, әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмысшы топ 8 бағытта музейлендіру жұмыстарын жоспарға сәйкес атқарып жатыр. Олар ескі қалашықта табылған экспонаттарды музейге қоятын жәдігерлерді бөлу үстінде. Тарихи нысандағы атқарылып жатқан жұмыстарға қанық болған қала әкімі құрылысты жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды.

ПРОВИЗОРЛЫҚ ОРЫНДАРДЫҢ 90 ПАЙЫЗЫ БОСАДЫ

Шымкент қаласындағы емдеу мекемелерінде инфекциялық ауруға шалдыққан науқастарды емдеуге арналған 2810 төсек-орын бар. Оның ішінде 650 инфекциялық, 2160 провизорлық төсек-орын.

Бүгінде стационардағы төсек-орындардың 90 пайызы босады. Қолайсыз эпидемиологиялық ахуал кезінде COVID-19 инфекциясымен күреске медициналық ұйымдарда 26 провизорлық стационар жұмыс істеді.

Сонымен қатар, шаһардағы емханалар жанынан құрылған 133 мобильді топ тәулік бойы шақыртуларға шығуда. Қазіргі таңға дейін 25 мыңға жуық науқастың үйіне барып, медициналық қызмет көрсеткен.

БАҚ ӨКІЛДЕРІ ҚАЛАНЫҢ ТУРИСТІК НЫСАНДАРЫН АРАЛАДЫ

Шымкент қаласының туристік нысандарына қызығушылық күннен күнге артуда. Бұл жолы Шымқалаға туристік мақсатта солтүстік өңірден бір топ БАҚ өкілдері келді. Олардың қатарында Қостанай мен Павлодар облысынан келген журналист, блогерлер бар.

БАҚ өкілдері үшін бұл саяхатты «Fly Arystan» әуе компаниясының қолдауымен Шымкент қаласының туризм басқармасы ұйымдастырды. Өзге өңірден келген қонақтар «Қылует» этнографикалық мұражайына, ұлттық өнерді дәріптеген Бесбековтер отбасының сурет көрмесіне, ескі қалашық Цитадельге, сондай-ақ Арбат, этноауыл, Бәйдібек би ескерткіші секілді танымдық орындар мен көрікті жерлерді аралады. Мұнан соң теріскейлік әріптестер қала әкімінің орынбасары М.Исаховтың қатысуымен өткен конференцияға қатысты.

«Шымкент – Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан көне шаһар. Ол бүкіл оңтүстік өңір үшін туристік орталық бола алады. Себебі мұндағы климаттың алуан түрлілігі, Түркістан, Тараз, Ташкент, Самарқанд секілді ірі тарихи қалалардың жанында сәтті орналасуы қаладағы туризмнің дамуына өз үлесін қосады» – деді конференцияда Мақсұт Исахов.

Өз кезегінде турист-журналистер ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.

ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫНДА АБАТТАНДЫРУ ЖҰМЫСЫ ҚАРҚЫН АЛҒАН

Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұловтың қатысуымен брифинг өтті. Баспасөз мәжілісінде әкім аудандағы 7 айда атқарылған жұмыстарды қорытындылап, оның ішінде абаттандыру жұмыстарына тоқталды.

– Аудан аумағында орналасқан 672-і көп қабатты тұрғын үй 400 аулаға біріктірілген. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында 100 көп қабатты тұрғын үйдің аулаларын абаттандыру және балалар ойын алаңшаларын орнату жұмыстары орындалып, жалпы саны 100 аула абаттандырылып, тұрғындардың игілігіне тапсырылды. Ал бүгінде 83 көп қабатты тұрғын үйдің ауласын абаттандыру мен балалар ойын алаңшасын орнату жұмыстары жүргізілуде, – деді Ғ.Мәуленқұлов.

Аудан әкімінің айтуынша, тұрғындардың қолайлы өмір сүруі үшін көпқабатты тұрғын үй аулаларына жаңа орындықтар, қоқыс жәшіктері, беседкалар, тренажерлық комплекстер, заманауи үлгідегі балалар ойын алаңшалары мен ойын элементтері қойылуда. Бұл жұмыстар осы жылдың қыркүйек айында аяқталады.

Брифинг барысында аудан əкімі спорт саласында істелініп жатқан жұмыстарды да тілге тиек етті. Сөзіне сүйенсек, бюджет есебінен 18 спорт алаңшасын жөндеу мақсатында қаржы қаралған. Одан бөлек, ойын ойнаушыларға қолайлы болуы үшін жасанды газон төсеу барысы қарастырылып, бүгінде 33 ашық спорт алаңшасына жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Баспасөз мəжілісі соңында Ғабит Патшаханұлы Əл-фараби ауданындағы көп қабатты тұрғын үйлердің 71 пайызы жылу маусымына дайын екенін жеткізді.

ҮШ ЖАҚТЫ КОМИССИЯ ШИЕЛЕНІСКЕН МӘСЕЛЕЛЕРДІ ШЕШУДЕ

Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары М.Исахов және Шымкент қалалық Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Б.Қалжановтың қатысуымен аталған басқарманың 7 айда атқарған жұмыстары жөнінде брифинг өтті.

– «Шымкент қаласының Кәсіподақтар орталығы» Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасымен бірлесе «Шағын кәсіпкерлік субъектілерінің еңбек құқықтарын бұзғандығы бойынша түскен арыз-шағымдармен жұмыс жүргізу алгоритмі» Шымкент қаласы әкімімен бекітіліп, жұмыс жүргізілуде. Яғни бүгінде алгоритм аясында шиеленіскен мәселелерді шешудеміз. Бұл мақсатта үш жақты комиссия құрылды. Олар – Шымкент қаласының аудан әкімдіктері, «Кәсіподақтар орталығы» Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі және Шымкент қаласындағы ҚР Жұмыс берушілер (кәсіпкерлер) конфедерациясы, – деді Мақсұт Пернебайұлы.

Ал Бауыржан Ахметәліұлы атқарылған жұмыстар бойынша сөз қозғады.

– Осы жылдың 7 айында азаматтардан 650 арыз-шағым түсіп, бәріне жауап берілді. Оның 104-не тексеру жүргізіліп, 147-і заң бұзушылық анықталды. Айта кетейін, арыз-шағымның көбісі жекеменшік балабақшаларға байланысты. Бұл ретте жалақы қарызы жайлы жеткізсек, өткен жылы 7 кәсіпорын 73 жұмыскердің алдында 13,8 млн теңге жалақы қарызы болған. Бүгінде атқарылған жұмыстар нәтижесінде бұл көрсеткіш 3,8 млн теңгеге түсті, – деді Б.Қалжанов.

Басқарма басшысы одан бөлек, өндірістік орындарда жазатайым жағдайлардың азайғанын айтты. Сондай-ақ электрондық шарт бойынша сөз қозғап, қалада жыл басынан бері 923 кәсіпорын 37425 еңбек шарттарын жүйеге енгізгенін жеткізді.

ПЕДАГОГТАРДЫ ІРІКТЕУДІҢ ЖАҢА ЖҮЙЕСІ

Шымкент қаласының әкіміне педагог кадрларды іріктеудің «HR-Process» автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесі таныстырылды.

Бүгінде www.hr-process.kz сайтында педагогтар мен қызметкерлерді жұмысқа қабылдау бойынша 137 білім беру ұйымы тіркелген. Қазір 78 бос жұмыс орны бар.

«HR-Process» жүйесі педогогикалық бос орынға өтініш беру және өңдеу барысын автоматтандыруға, үміткерлер мен бос орындардың деректер қорын құруға, сонымен қатар заманауи ақпараттық технологияларды қолдану негізінде педагогикалық құрамды іріктеу процесінің тиімділігін арттыруға арналған.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Шымкентте барлық саланы автоматтандыру және цифрландыру бойынша бірқатар жұмыстар жүргізудеміз. Осы сайттың арқасында оқытушы лауазымына үміткерлер онлайн режимде жұмыс таба алады. Педагогикалық құрамды іріктеуді автоматтандырудың мақсаты мен артықшылығы үміткерді таңдауда меритократия, жариялық және айқындық қағидаларын сақтау», – деді қала әкімі.

Жүйе конкурстық әдіске негізделген. Арнайы комиссия құрамына білім беру мекемелерінің директоры, пән мұғалімдері, психолог кіреді. Әлеуметтік желілерде конкурстық комиссия отырысының онлайн көрсетілімі жүргізіледі. Байқаудың барлық нәтижесі сайтта жарияланатын болады.

Айта кету керек, бұл жоба – педагогикалық қызметке үздік кадрларды іріктеп алуға, жемқорлықтың алдын алуға мүмкіндік береді.

«AR-SHYMKENT» ЖОБАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Шымкент қаласында AR-shymkent – виртуалды жобасы қолға алынды.

Жобаның мақсаты – туризм саласын цифрландыра отырып, идеологиялық, ақпараттық-танымды дәстүрлі жарнамалық шығындарды азайту, заманауи технологияларды қолданудың кері байланыстағы рөлін насихаттау.

AR-shymkent QR-кодының көмегімен туристер өз смартфондарына Шымкенттегі тарихи ескерткіштердің тарихы, жай-күйі туралы ақпарат ала алады. Яғни AR-shymkent аудио, видео, фотоақпараттарды интерактивті нысанда және 3D нысанда көруге мүмкіндік береді.

Қалалық цифрландыру басқармасы мамандарының айтуынша, жобада екі виртуалды ақпараттандырушы қызмет көрсетеді. Біріншісі – қаланың географиялық жағдайы туралы жол көрсетуші виртуалды гид болса, екіншісі – сол нысанның немесе тұлғаның (ескерткіштің) тарихын, я өмірбаянын айтатын видеобаяндамашы.

Қаладағы 103 қоғамдық орында QR-коды бар 830 арнайы бел-гі орнатылады. Атап айтқанда кинотеатрлар, сауда үйлері, сая-бақтар, автобустар, қонақ үйлер мен қоғамдық орындар таңдалған.

Қазіргі таңда жобаны іске қосушы компаниямен келісім-шартқа сәйкес жұмыстар атқарылып жатыр.

ЖЕТІ АЙДА 67 МЫҢНАН АСТАМ ҚҰЖАТ БЕРІЛГЕН

Шымкент қаласындағы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жыл басынан бері жеке басты куәландыратын құжат алу бойынша 67 мыңнан астам азаматтың құжатын рәсімдеген. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» МК Шымкент қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі мәлім етті.

Жеке басты куәландыратын құжаттар – жеке куәлік пен төлқұжат 10 жылға берілетіндіктен, адамдар көбіне оның мерзіміне қарауды ұмытып кетеді. Сондықтан аталған корпорация жеке куәліктер мен төлқұжаттардың мерзімін жиі тексеріп, уақыты таяса, оны ауыстыру үшін ХҚО-ға кезекті алдын ала брондап қою керегін ескертеді. Мамандар құжаттың мерзімі өтіп кетсе әкімшілік айыппұл салынуы мүмкін екенін айтады.

Еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты халыққа қызмет көрсету орталықтарына бару үшін кезекті алдын ала брондау тәртібі енгізілді. Кезекті брондау қызметі тегін және ресми түрде egov.kz порталы, телеграм-бот EgovKzBot 2.0 қосымшасы және 1414 байланыс орталығы арқылы ұсынылады.

Жеке басты куәландыратын құжатты мерзімі өтуіне, аты-жөнін өзгертуіне, құжаттың зақымдалуы мен жоғалуына байланысты қайта алу үшін Қазақстанның кез-келген халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінуге болады, бұл орайда азаматтың қай жерде тұратыны және қай мекенжайда тіркелгені маңызды емес. Ал жеке куәлікті алғашқы рет алатын азаматтар, яғни 16 жасқа жаңа толып жатқан тұлғалар тіркелген тұрғылықты жері бойынша ХҚО-ға баруы тиіс.

Егер сізде құжаттарды алу процесін жеделдету қажеттілігі туындаса, онда жеке куәлікті ресімдеу күнін есептемегенде 2 жұмыс күні мерзімінде жедел көрсетілуі мүмкін. Ол үшін өтінішті тапсыру кезінде көші-қон қызметінің қызметкерін алдын-ала хабардар ету қажет.

Бетті дайындаған Гүлнұр БАЙДУЛЛАЕВА.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *