СЫРТТАЙ ОҚЫҒАН АУЫЛ МҰҒАЛІМДЕРІ ҰРПАҚТЫ САУАТСЫЗ ЕТУДЕ

Білім Мәселе
515 Views

2019-2022 жылдары мектеп мұғалімдеріне 25 пайыздан, тесттен өткендеріне 30-50 пайызға дейін жалақысына қосылғаны баршаға аян. Айлық табыстары 250-350 мың теңгеге дейін жоғарылады. Алайда ең өкініштісі, оқушылар білімі мен тәрбие беру тәсілдері жағынан даму жоқ. 2021-2022 оқу жылында облыста мектептерді тексеру жоқтың қасы. Әсіресе ауылды мектептерінде білім алатын оқушылардың білімі өте төмен. Жамбыл облысының білім саласындағы сапа деңгейін қамтамасыз ететін басқарманың басшысы Дәмеш Өскенбаеваның мақаласына көз жүгіртсек.

Аталған мақалада білім ордаларына жүргізілетін тексерулер 5 жылда бір рет қана атқарылады екен. Сонда облыс бойынша 400 мектеп болса, оның әр қайсысын 5 жылда бір тексеру аздық ететін сияқты. Әр оқушының білім деңгейін сәуір-мамыр айларында тексеріп тұрған дұрыс. 4 және 9 сынып оқушыларын гуманитарлық бағыт бойынша білімдерін сынап одан шыққан қорытынды бойынша әр бір мұғалімді еңбегіне сай етіп марапаттап отырса игі іс болар еді. Әсіресе, қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын және тарих, қазақ әдебиеттері бойынша үздік ұстаздарды сый-сыяпатқа бөлеп, керісінше нашар көрсеткіш алған мұғалімдерге тиісті тәртіптік шара қолданса құба-құп.

Бәрімізге белгілі елімізде тамыз конференциясы дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Аталған басқосу босқа уақыт өткізетін жиын болмай, білім сапасындағы жетістіктер мен кемшіліктерді толық саралайтын жиын болса, ізденетін ұстаздар қатары көбейер еді. Қазіргі таңда білім сапасының, оның ішінде ауылды жерлердегі білімнің әлсіздігі тұрақты қатаң тексерулердің аздығынан орын алып отырған жәйттердің бірі. Бұдан өзге де бірнеше факторларды атап өтуге болады. Мәселен, жаңадан салынған ауылдық мектептерде биология, химия, физика сияқты пән кабинеттерінде қажетті құрал-жабдықтар жоқтың қасы. Ол ол ма, жас кадрлар ауылда мүлдем тапшы. Келмейді деуге болады. Оған дәлел ауыл мектептерінде 7,8,9,10 және бітіруші 11 сыныптар біреуден ғана. Оқушылар саны жағынан да мәз емес. Әр сынып 10-15 оқушыдан аспайды. КСРО кезінде мектеп директоры химия пәнін биология маманына, ал физика пәнін математикадан сабақ беретін ұстазға жүктейтін. Тарихты географ мұғалімі жүргізетін. Еліміз тәуелсіздік алғалы бұл әдіс жойылып, әр пәнді өз маманы жоғарғы білімді ұстаз жүргізуі тиіс қой. Алайда бұл орындалып отырған жоқ. Химия пәнін биолог маманы , физиканы математика пәнінің мұғалімі сабақ беру әлі де білім ошақтарында кездеседі. Облыс бойынша кадр тапшылығының жетіспеушілігі байқалып отырғаны жасырын емес. Оған дәлел, «Мұғалім жаршысы» газетінде, Жамбыл облысы бойынша 103 мұғалімнің жетіспейтіндігі жазылған. Газетте «Кадр тапшылығын қалай шеше аламыз?» деген атаумен мақала жарияланған. Одан өзге, Жамбыл облысының білім басқармасы да өңірімізге 103 мұғалімнің қажет екендігін айтқан. Оның ішінде 9 ұстаз Қордайға, 10 мұғалім Меркеге және 18-і Сарысу, 5-еуі Талас пен 61-і Шу аудандарына қажет екен. Осыған орай, Сарысу ауданы жетіспейтін пән мұғалімдерін жас мамандар келеді жұмысқа деген сылтаумен, бұрынғы КСРО әдісін қолданып отыр. Химия пәнін биолог маманына, физиканы математика мұғалімдеріне жүктеген. Ол ұстаздар жүктелген пәндері бойынша арнайы оқу курстарынан да өтпеген. Демек бұл, сұранысқа ие пән мұғалімдеріне немқұрайлы қарау дегенді білдіреді. Бұл болашақ ұрпақ, білім алушы оқушылардың білімдеріне балта шапқанмен тең. Осы тұста, мектеп директорларының жоғары білімді, білікті ұстаздарды ауылға шақырып, білім сапасын көтеруге бастарын ауыртпайтынын да айтып өткім келеді. Тек қана «мамандар күші тартылады, ауылға келеді» деумен ғана шектеледі жұмыстары. Ауыл мұғалімдерінің дені сырттай оқу бітіріп келгендер.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «мұғалім мектептің жүрегі». Сондықтан бұл өзекті болашақтың проблемасы болғандықтан алып-қашпа көзқараспен жүруге болмайды. Мектеп директорларын ротациялау әдісі де сөз жүзінде емес, іс жүзінде жүзеге асырылуы керек. Ауылды аймақтарда кейбір мектеп басшылары, бір мектепті 20 жыл басқарып отыр. Ротациялау әдісін 5 жыл толғандарды ауыстырудан емес, осындай 15-20 жыл бір орында тапжылмай отырғандардан бастау керек. Ол үшін ауысып, жаңадан келетін мектеп директорларын тұрғын-үймен қамтамасыз ету мәселесін де қолға алу керек. Баспанамен қамтамасыз етуді сол аймақтың әкіміне жүктесе, шешімі оңынан болары сөзсіз. Олай болмаған жағдайда жұмыс уақтысының көп бөлігі жол жүруге кетіп қалады. Әр ауылдың арасы кемінде 70-80 шақырымды құрайды.

Жақында ғана Қызылорда облысында мектеп мұғалімдерінің дипломдарына тексеру жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде, 108 жалған диплом анықталған. Сол сияқты біздің де Жамбыл облысымыздағы мектеп мұғалімдерінің дипломдарына осылай тексеру жұмыстарын жүргізсе, арасынан жалған диплом сатып алғандар шықпайды дегенге кім кепіл? Сондықтан да, біздің айтарымыз әр білім ұясындағы мұғалімдер өз білімдері бойынша балаларға сабақ өтсе, жетіспейтін химия, физика, биология сынды пәндерден мұғалімдер жүктеме ретінде сабақ өтпесе. Ал, бұған бағынбай қосымша пән ретінде қарап, балаларға сабақ беретіндерге айыппұл салынса дейміз. Себебі өздеріңіз білетіндей, жаратылыстану бағытындағы пәндер өндірісті, технологияны дамытатын пән болып табылады. Оны өзге пән мұғаліміне оп-оңай жүктеп бала болашағын құртып алмайық. Осындай олқылықтарға көз жұма қарайтын директорларды тәртіптік шарада қарау керек. Жамбыл облысының білім басқармасы, әр ауылдағы орта мектептердің жұмысын, білім сапасын жіті назарға алып, сүзгіден өткізуі тиіс. Ауданға қарасты мектептерде түрлі спорттан жарыстар ұйымдастырылса. Еңбек пәнінен тұрмыстық заттар жасап, оқушыларды еңбекке баулу мақсатында арнайы байқаулар өткізілсе. Химия, физика пәндеріне арналған кабинеттер талапқа сай жабдықталса. Бір сөзбен айтқанда, білім сапасын қатаң қадағаласа шешілмейтін мәселе болмас еді.

2021-2022 оқу жылында ҰБТ онлайн форматта өткізіледі. Әр бір оқушы бейнебақылау арқылы жіті тексеруден өтетін болады. Осы сыннан сүрінбей өтіп, жоғарғы көрсеткіш көрсеткен мектепті марапаттаса. Тестілеуден төмен көрсеткіш көрсеткен білім ұяларына шара қолдануды қарастыру керек. Жаратылыстану бағытына баратын оқушылардың дені, шығармашылық пәндерге барады. Өйткені мұғалім жетіспеушілігінен химия, физика, биология пәндері бойынша оқушылардың білімі төмен. Сондықтан ұстаздар оқушыларға көбіне шығармашылық пәндерді таңдауға үгіттейді. Шығармашылық пәндерге ән сабағы, еңбек және өзін-өзі тану, алғашқы әскер дайындық сынды пәндер жатады. Тараз инновациялық-гуманитарлық институтында осы аталған факультеттер бар. Өткен жылы 55 жылдық тарихы бар Тараз педагогикалық институтының жұмысын облыс халқымен ақылдаспай тоқтатып тастады. Тарихы терең білім ордасын бұлай оңай түрде жаба салу, облыс мұғалімдерге жасалған қиянат болды. Тараз қаласында онсыз да жоғары оқу орындары саусақпен санаулы. Енді келіп, Тараз өңірлік университетіне Тараз педагогикалық институтын біріктіру біздің ойымызша дұрыс бастама емес.

Еліміз бойынша Орал, Ақтөбе қалаларында 4 жоғары оқу орындары болса, Семей қаласында үш бірдей мемлекеттік білім ордалары жұмыс жасап келеді. Осыған орай, Тараз қаласынан да педагогика институтын ашса деген тілегіміз бар. Себебі, мемлекеттік оқу ордасының орны ерекше. Білімі сапалы екендігіне дау жоқ. Ал жекеменшік оқу орындары ақылы болғандықтан білімге аса мән бермейді. Жылдық ақысы 350-450 мың теңгені құрайды. Жағдайы жоқ, әсіресе көп балалы отбасылардың мұндай төлем жасап, балаларын оқытуға жағдайы келе бермейтіні анық. Мұндай қаражат табу екінің біріне оңай түспейді. Сондықтан оқуға сырттай түсіп, оқу ақысын табу үшін студенттер Атырау, Алматы, Нұр-Сұлтан сияқты ірі қалаларға кетіп еңбек етуге мәжбүр. Осы мәселені әсіресе ҚР Білім және ғылым министрлігі назарда ұстаса.Сонда студенттеріміз ақша қумай, білім сапасы дұрысталар еді.

Қ.ШӨКЕЕВ,

Ө.ИМАНБАЕВ.

Тараз қаласы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *