Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің бұйрығымен Дархан Жұмақанұлы Ахмед-Заки Шымкенттегі Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Зерттеу университетінің ректоры болып тағайындалды. Ол 1981 жылы 29 наурызда Шығыс Қазақстан облысының Мақаншы ауылында дүниеге келген. 2002 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін физика және математика пәндерінің мұғалімі, 2007 жылы Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық Техникалық университетін мұнай-газ саласы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2002 жылы Алматыдағы Республикалық медицина колледжінде физика және математика пәндерінің оқытушысы ретінде бастаған. 2003 жылы Жаңаөзен қаласындағы «Қазақойл» жабық акционерлік қоғамында технологиялық зерттеулер орталығының инженер-бағдарламашысы болып қызмет істеген.
2004-2012 жылдары өзі тәлім-тәрбие алған Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде механика-математика факультетінің ассистенті, оқытушысы, аға оқытушысы, доценті, деканның оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары, «Информатика» кафедрасының меңгерушісі, 2012-2013 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті механика-математика факультетінің деканы, 2013-2016 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің оқу жұмыстары жөніндегі проректоры қызметін атқарған.
2016-2017 жылдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры, 2017-2020 жылдары Халықаралық бизнес университетінің президенті, 2020 жылдың қыркүйек айынан Astana IT University ректоры, 2022 жылдың қазан айынан Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетінің төрағасы, 2023 жылдың қыркүйек айынан Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі қызметін атқарған. 2025 жылдың қаңтар айында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің бұйрығымен Шымкенттегі Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Зерттеу университетінің ректоры болып тағайындалды.
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек сөз сөйлеп, Дархан Жұмақанұлы Ахмед-Закиді жаңа қызметімен құттықтап, табыс тіледі. Өз кезегінде сөз сөйлеген жаңа ректор университеттің оқу-тәрбие жұмыстарын жетілдіріп, еліміздегі озық жоғары оқу орындарының қатарына қосу жолында ерен еңбек ететінін жеткізді.
Қарлығаш ҮСЕНҚҰЛОВА,
Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Зерттеу университеті Ақпараттық білім беру орталығының кітапханашысы, ОҚУ колледжінің оқытушысы, филолог, педагогика ғылымының магистрі.
Шымкент қаласы.