ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС БІР СӘТКЕ ДЕ ТОЛАСТАМАЙДЫ

Әр алуан
923 Views

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты зерделі мақаласында елімізде қайта түлеудің айрықша маңызды екі процесі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыру қолға алынғанын, басты бағытымыз дамыған 30 елдің қатарына қосылу екенін атап көрсетті, яғни бағытымыз айдан анық. Сол мақсатқа жету жолында сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесі негізгі факторлардың бірі болып табылады.

Тәуелсіздіктің арқасында еліміздің жеткен жетістіктерінің игілігін қазіргі уақытта әрбір қазақстандық сезініп отырғаны баршаға мәлім. Сол жетістіктеріміздің бірі – Ата Заңымызда бекітілгендей, еліміз құқықтық мемлекет болып табылады, яғни қоғамдық қатынастар заңмен реттелуге тиіс. ҚР Президентінің 2009 жылғы 24 тамыздағы №858 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасының» екінші бөлігінде еліміздің конституциялық құрылымның негізі, мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығы конституциялық заңнаманы және оны қолдану тәжірибесін жетілдіру арқылы нығаятыны айқын көрсетілген.

Ал Қазақстанның Ұлттық заңнамасын дамыту, соның ішінде мемлекеттік қызметкерлердің тәртібін нығайтудың басты шарттарының бірі – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жаңадан қабылданған Қылмыстық, Қылмыстық процестік, Қылмыстық атқару, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы, азаматтық процестік кодекстері, бұлардың бәрі – заман талабына сай келетін құқықтық актілер.

Сот жүйесіне қатысты заңнамалар да жаңарды. «Жоғарғы Сот Кеңесі» туралы жаңа заң да судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз етуге қызмет етуде, Жоғарғы Сот Кеңесі дербес орган ретінде қызмет атқаруда. «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» ҚР Конституциялық заңына да өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, судьялар мен судьялыққа кандидаттарға қойылатын талаптар күшейтілді, сот жүйесі түбегейлі реформаланды деуімізге болады.

Президентіміз Н.Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында жемқорлық – жай құқықбұзушылық емес, ол мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді сетінететіні және ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қатер болып табылатыны, біздің түпкі мақсатымыз – жемқорлықты құбылыс ретінде жою үшін жемқорлыққа қарсы заңнамаларды жетілдіру арқылы жемқорлықпен күресті қатты күшейтуіміз керек екенін атап көрсетілгені белгілі. Шымкент қаласындағы Еңбекші аудандық сотында осы бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Судьялар мен кеңсе мамандарының іске қатысушылармен іс жүргізуден тыс қарым-қатынастар жасауының алдын алу мақсатында апта сайын сот қызметкерлерінің әрқайсысына қол қойдыру арқылы түсіндіру және еске салу жұмыстары жазбаша түрде жүргізіледі. Сот ғимаратында болудың рұқсатнама режимінің сақталуы қатаң бақылауға алынған. Сыбайлас жемқорлық құбылыстарына төзбеушілікке тәрбиелеу мақсатында аудандық сотта үнемі оқу-үйрену семинарлары, «дөңгелек үстел» мәжілістерін өткізу дәстүрге айналды. Осылайша Ұлттық заңнаманы жетілдіру арқылы ел болашағының жарқын болуы қамтамасыз етілуде. Қорыта айтқанда, жемқорлықпен күрес бір сәтке де толастамайтын болады.

Асанбек СҮЙЕРҚҰЛ,

Шымкент қаласындағы Еңбекші аудандық сотының бас маманы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *