«АНАЛАР» ЖУРНАЛЫ АЛДАРЫҢЫЗДА

Әр алуан
2 058 Views

«АНАЛАР» ЖУРНАЛЫ АЛДАРЫҢЫЗДА

О, Аналар, осындайсың бәрің де,

Осындайсың жасың-дағы, кәрің де.

Сыйынатын болса өмірде құдірет,

Сыйынар ем Ана деген Тәңірге! – деп ақындар жырлағандай, біздің бәріміз Аналарымызды қаншалықты аялап, оларға қаншалықты сый-құрмет пен тағзым етсек те артық етпейді. Әрине, мына өмірде Аналарды сыйлаудың сан түрлі жолы бар. Төрдегі төрт қабат көрпешеге отырғызып, қолдарын қашанда ыстық суға малындырып қоятындар келіндеріміздің өздері де Ана ғой. Қазіргі қырмызыдай құлпырған қызғалдақ қыздарымыз да ертеңгі күні Ана атанады. Сәби сүйіп, ұрпақ жалғастырады. Өмір осылай жалғасын тауып, дөңгеленіп өте береді…

Ал, Ажар Момбекқызы Ананы, жалпы нәзікжандыларды сыйлап, құрметтеудің жаңаша жолын тапқанына айрықша риза болып отырмыз. Ол тек өзінің Анасын ғана емес, күллі Аналар қауымына арнап керемет сый жасады. Талантты да дарынды жас «Аналар» атты республикалық қоғамдық журнал ашып, қалың елді елең еткізуі дер едік. Бүгінде аталмыш журналдың үш-төрт саны жарық көріп үлгеріпті.

Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында баспадан шыққан алғашқы нөмірінде жаңа журналдың бас редакторы Ажар Момбекқызы: «…Алып – Анадан» деген сөзді қазақ бекер айтпаған. Шынында да ел бастаған көсем де, топ жарған шешен де, жыр төгілткен ақын да, семсерін кекке суырған батыр да, ой кенін қазған ғалым да, әлемді аузына қаратқан дарын да Анадан туған. Туған халқының атақ-даңқын асқақтатып, дүйім дүниеге танытатын да солар. Демек, бұл дүниеде Анадан асқан, Анадан ардақты жан иесі жоқ.

Бүгінгі қоғамда бір нәрсе ашық – кешегі қазақ Аналары мен қазіргі Аналардың ара-айырмашылығы жер мен көктей. Соңғы 27 жылда қазақтың Анасы қандай Анаға айналды деген сұрақ толғандырады. Қадамын шалт басқан жас қыздар, тастанды балалар, Аналар үйін мекендеген кәмелет жасына толмаған бойжеткендер… Жастардың осылай адасуына кім кінәлі?! Жастарымыз соңғы кезде бір әулетке ғана емес, дүйім елге даналығы асқан байырғы Аналар салған сара жолдан неге жаңылды?! «Ақ жаулығым – арымның садағасы» деп өткен кешегі Аналардың ақ ниетін бүгінгі қоғамда неге ұстана алмай жүрміз?!

Қадірлі оқырман! Біз ұстанған бағыт осы. Біртұтас ұлт болуда Аналардың алар орны ерекше. Ерен еңбек пен тағылымды дүниені дәріптеу – кез келген қалам ұстаған жанға парыз. Осы мақсатта «Аналар» атты республикалық қоғамдық журнал шығаруды қолға алдық. Әз Аналардың мәртебесін көтеру – Ұлы мұратымыз. Аналардың ерлігі мен өрлігін, қажымас еңбектері мен қайратты тірліктерін, жиып айтқанда, бары мен жоғын көрсетіп жазатын біздің басылым жалпы жұрттың көңілінен шығып жатса, ойға алған мақсатымыздың орындалғаны деп білеміз. «Аналар» атты республикалық қоғамдық журналы келешек Аналардың аялы алақаны болу үшін қазақ жұртына қызмет етпек!» – деп жазыпты.

Жаңа журналдың алғашқы санынан Сіздер ақындар – Әселхан Қалыбекованың «Басында ақ жаулығы, бауырында балалары…» атты өлеңін, Ақұштап Бақтыгерееваның «Ана ұлттың Анасы болса ғана қасиетті болады» атты мақаласын, дәстүрлі әнші Кенжегүл Серікбаевамен жүргізілген «Анамыз үйдегі алты қызды бір ауыз сөзбен тәрбиеледі» деп аталатын сұхбатын, тағы басқа бірқатар қызғылықты материалдарды оқи аласыздар.

Екінші санында қазақ қаламгерлері – Ғабит Мүсіреповтің «Ашынған Ана», Сәбит Мұқановтың жан жары жайында «Мәриям Ана» атты туындыларды, журналист, жазушы, өнертанушы Күлия Айдарбекованың Анасы – Қарлыға Мұстафақызы, Түркістан облыстық әйелдер қоғамының төрайымы Баян Жандосовамен жүргізілген «Біздің қоғамда әйел қорғансыз емес» деп аталатын сұхбат, тағы басқа материалдар берілген.

Біріккен үшінші-төртінші сандары түгелдей Созақ ауданының 90 жылдық торқалы тойына арналыпты. Аудан әкімі Салыхан Полатовтың алғысөзімен ашылған журнал бетінен сол өңірдегі Нұржамал Майусова, Рысты Райымқұлова, Сәуле Еденбаева, Мереке Көпеева, Гүлжан Момбекова, Гүлнәр Өмірбек, Марал Тоқсанова, Раушан Сариева, Гүлшат Есмұратова, Гүлнәр Байжігітова, Қарлығаш Жәмиева, Гүлжаһан Мұхитдинова, Айгүл Қостаншаева, Гүлнұр Сұлтанова секілді 29 Ана жайында сыр шертіледі. Журналдың ақылдастар алқасына ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ақұштап Бақтыгереева, ақын, Қазақстанның халық ақыны, «Парасат» орденінің иегері Әселхан Қалыбекова, журналист, жазушы, өнертанушы Күлия Айдарбекова, ардагер ұстаз, Түркістан облыстық әйелдер қоғамдық кеңесінің төрайымы Баян Жандосова, экономист, «Құрмет» орденінің иегері, Созақ ауданының құрметті азаматы Сәуле Еденбаева енген. Бір ғажабы, әр нөмір сайын оның көлемі де, таралымы да өсіп келеді екен. Алғашқы саны 40 бет болса, екінші, үшінші-төртінші саны 50 бетке жеткен. Таралымы тиісінше, 2000, 5000, 5500-ге дейін көтерілген.

Жақында Шымкенттегі «Құрдастар» салтанат сарайында осы жаңа журналдың тұсаукесер рәсімі өткізілді. Онда алдымен дүниеден озған барша Аналардың әруағына арнап Құран бағышталды. Мұстафа Бекмырзаев ақсақал бата қайырды. Сот саласының ардагері Өмірбек Темірұлы, Түркістан облыстық «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Күлия Айдарбекова, облыстық әжелер кеңесінің төрайымы Үрзада Айтөреева, облыстық әйелдер қоғамдық кеңесінің төрайымы Баян Жандосова құттықтау сөз сөйледі. Облыс әкімі баспасөз қызметінің қызметкері Ғабит Сапарбеков «Аналар» республикалық қоғамдық журналының бас директоры – бас редакторы Ажар Момбекқызына облыстық ішкі саясат басқармасының Алғыс хатын табыс етті. Сөз сөйлеушілердің бәрі де жаңа журналдың ұжымына толағай табыс тіледі. Бұл ізгі ниетке қосылған біз де жаңа журнал ұжымына жазар дүние көбейсін, оқырмандарың арта берсін дейміз.

Ә. ҚАҢТАРБЕК.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *