ЖЕР ЖҮРЕГІ

Әдебиет
829 Views

– Сіздің үш ай ғана өміріңіз қалды!.. Тіпті сұрап қоймадыңыз ғой.

Ғалымжан Жартыбаев мұны естігенде жүрегі тастөбесіне шығып, өңі қураған шөптей қуарып, сылқ ете түсті.

– Доктор… айтыңызшы ешқандай үміт жоқ па, сонда? – Беті біруыс шәушиген тыриған арық кәріс дәрігері қолын жуып, орамалға сүрткілеп келіп, көзілдірігін алып, бұған үнсіз қадала қарап отырып, отырып:

– Кореяға барсаңыз болады, бірақ операциясы удай қымбат. Өте қымбат! – деді.

– Барайын, ақшам жетеді. Сіз бірге жүріңізші?

Дәрігер шаңырақтай көзілдірігін қайта киіп, мұның қағаздарына шұқшиып қарап алды да:

– Онда менің досым бар. Кезекке тұруыңыз керек. Оған бүкіл дүниежүзінен небір дәулеттілер операция жасатады. Тек уақыт тығыз, әттең! Тым кеш келіп тұрсыз… Дертім қандай, қанша өмірім қалды деп сұрап қоймадыңыз ғой, ашығын айту дәрігер парызы.

– Айналайын, доктор мені сол Кореяға досыңызға жіберіңізші… Ештеңе де аямаймын? Қанша десе де төлеймін, дүние-пұлым жетеді.

Үстіне ақ халат киген мыжырайған кішкентай кәріс дәрігер басын шайқай берді.

– Тым кеш келгенсіз. Міне, үш күннен бері қаншама анализ тапсырдың, қаншама консилиум өткіздік. Екі омыртқа түйіскен жері шіріп, жұлынға түсіп, жегі құрттай жайылып, бүкіл организмге тарай бастаған. Қазір осында ауруханаға жатқызамыз. Күшті дәрі бере бастаймыз.

– Доктор, өзіңізге қанша керек, не қажет бәрін жасаймын. Үй, машина алып беремін. Тек мені Кореяға емдетуге жіберіңізші. Досыңызға да аямай төлеймін.

– Денсаулықты ерте ойлау керек. Рак деген ауру бұл бүкіл адамзатты жалмап, жұтып келеді. Әсіресе, ХХI ғасырда көп, өте көбейіп кетті. Мен жетпістен астым. Баяғыда бұл аурухана бос тұратын, бірлі-жарымнан ғана келетін. Қәзір жас та, кәрі де осы кеселмен ауыратын болып алды. Қасірет қой бұл!..

Дәрігердің маңдайы жиырыла, қатпар-қатпар әжімдер бет-аузын жауып кетті.

– Палатаға алып барыңдар! – деп еді, бәлекейдей екі жас медбикелер зембілге жатқызып, ала жөнелді.

Абыр-сабыр басталды да кетті, палатасына барып, төсегіне жайғасып үлгермей тағы да зембілмен егу кабинетіне жеткізді.

– Сізге химия салады, алғашқы күні өте ауыр болады – деді топ-толық медбике шұбалған жіптей түтіктің ұшындағы инесін білегіндегі көк тамырға кіргізіп жатып.

Ақ жайма үстінде әппақ төбеге қарап, сұлқ жатты да қойды. Дәрі қанына құйылып жүре бастағанда маужырап, дел-сал күйге түсіп, көз алды тұманданып, бар нәрсені ұмытып, бозғылт тұман үстінде қалықтап жүргендей күйге енді.

Көк тамырына кезек-кезек 4-5 құты дәрілерді үсті-үстіне жіберіп жатқанын да түк сезбеді.

Кешкі іңір кезінде ғана есін жинады. Палата іші алакөлеңке, қасында әйелі Айнаш отыр.

– Ғалымжан, әбден қорқыттың ғой, қорылдап кеттің. Ешуақ қорылдап ұйықтамаушы едің… – деп, әйелі ұйып қалған қолын уқалай бастады.

– Сағат қанша болды? – деді бұл әзер есін жинап.

– Сегіз боп қалды, жаман қорқыттың ғой, Сен аман болшы, Құдайдан өзге ешнәрсе сұрамас едім – деп әйелі көз жасын төгіп жіберді.

– Құсқым кеп жатыр, – деді бұл лоқсып.

…Үш күн бойы ол есін толық жия алмай, өң мен түстің арасында құр сүлдесі салдырап жатты да қойды.

Үш күн бойы оған химия дәрілерін үсті-үстіне сала берді.

Екінші күні ертеңгісін шаштараз келіп мұның бұйра-бұйра толқынды қап-қара қайран шашын сыпырып алды да тастады.

Қайта-қайта лоқсып құса берді. Ішінде дым қалмады. Бірдеңелерді аңсайды, әлдене жегісі келеді, ас ішсе қайта құсады. Іші де тоқтамай азып, әлі кетіп, бет-әлпеті шөмиіп, өңі бозарып шыға келді.

Төсекке таңылып, әуелі түрегеп отыруға да жарамай мүлде жатып қалды.

Бүкіл жонарқасы құрсауланып, сәл қимылдаса омыртқалары опырылып кетердей жанын шығара ауырады.

Төртінші күні ғана әйелі әкелген тамаққа тәбеті ашылды.

– Банан мен қияр жегім келеді – деді.

– Өмірі банан жемеуші едің ғой.

– Соған аңсарым ауып жатыр.

– Жарайды, жаным, асқазаныңа жұмсақ нәрсе керек деп тұр ғой. Қазір әкелемін. Үш күн бойы тамақ ішпей есімізді шығардың ғой. Химия бүкіл денеңді тазалайды екен, – деп Айнаш бұған жалтақтай қарап қойып әңгімесін жалғады.

– Ағайын-туған бәрі естіп алыпты. Келеміз, көреміз деп еді, ешкімге рұқсат бермедік. Үмітжанға да айтпадым. Қайта-қайта телефон шалады, «Папам қайда?» – деп. Қызыңның жүрегі сезеді-ау… Кәріс профессор дәрігеріңе кіріп шықтым. Сені Кореяға жіберуге үлкен онколог-хирург досымен сөйлестім. Енді кезек күтсін дейді. Ол бездерді сылып тастағандай мұндай науқасты бір аптада емдеп, жазып шығарады деп отыр. Ғалымжан, сені соған осында дайындайды, түрлі ем-домын жасайды.

Күту, кезек күту – не деген ауыр, не деген азап! Уақыт шіркін жылжысашы!

*   *   *

Орталық стадионның қарама-қарсысындағы онкологиялық ауруханасы деген жасыл үйдің төртінші қабатындағы палатада бұл жатқанына екі айдан үш күн өтті.

Алғаш мұнда келгенде аптап тамыздың аяғы еді, міне қазанның дауылы мен сілбілеген жаңбыры басталғанына үш күн. Түнге қарай таудан ызғар салқыны еседі, есік-терезені қымтап, жауып тастаған, ауруханада әлі от жағылмаған.

Үстіне екі-үш көрпе жамылса да дірдектеп жаурап денесі жылынбайды.

Терезе сыртына кептерлер ұшып келіп жататын, міне олар да тым-тырыс.

Оларға нан үгіп беріп, кептерлердің ұшып келіп қалай таласып-тармаса тыпырлап жеп жатқанына мәз болатын. Палатада төрт адам: біреуі өрімдей бозбала, екіншісі сонау Каспий бойынан келген егде мұнайшы, үшіншісі түк сөйлемейтін уайыммен алпысты алқымдаған сатушы ұйғыр шалы. «Сарт санасымен байыйды, уайыммен қариды» дегеннің өзі, бәрі дәлізге шығып кетіп, Ғалымжан палатада жалғыз жаңбыр бетін жуған терезеге тесіле қарап жатыр. Жеке қалса болды жаны жабырқап, жүдеп-жадап, сай-сүйегіңді сырқыратар жаман сұмпайы ойлар иектеп, үстіне мініп алады. Үш ай… Алғаш түскенде қайта-қайта тексеріп шыққанда шәушиген кәріс онколог-дәрігерге жалынып: «Шыныңызды айтыңызшы, қанша өмірім қалды?» дегенде; «Үш ай, науқасыңыз өте ауыр бүкіл жұлын-жүйеңізді қуалап, екі омыртқа шіріп барады», – дегенде маңдайын бөріктей таспен ұрғандай сілейіп қалғаны есінде. Ажал дегеніңіз айдаһардай аранын ашып күн өткен сайын жақындап, мысықтабандап бұған да жетіп қалды. «Көре келе неге болса да көндігесің» дегендей, алғашқы күндері мең-зең есеңгіреп есі кіресілі-шығасылы жүруші еді, келе-келе бәріне бойы үйренді.

Химия ектірткеннен кейін шаштары түбірінен сырт-сырт түгел сыпырылып түсіп, жап-жалаңаш тақырайған айнатаз болды да қалды. Бүкіл ауруханадағы еркек-әйелдің бәрі бас киімін тастамайды, бәрінің шаш атаулысы үгітіліп, бір тал қылшық жоқ шақшиған шақша бастарын көрсетуге қорланады. Үш күн химия салады, төрт күн тынығып есіне келе бастағанда қайта химия басталады. Ара-арасында уыс-уыс дәрі жұтасың, кешкілік ұйықтататын укол береді. Бір айдан кейін жонарқасы сатыр-сұтыр омыртқа, қабырғаларын сындырғандай ауыртқанда жандауысы шығып, төсегінен көкке секіріп, бүкіл қол-аяғы селкілдеп, өліп кете жаздайды. Дәрігерлер кеңесе келіп, мұндай кезде бұған морфий салып тыныштандыратын болды. Міне оған да үйреніп алды, қалай морфий қабылдайды жаны жадырап, бүкіл денесі балбырап, рақат күйге бөленеді. Қазір тек сонымен ғана жансақтап жатыр. Бұл дәріден апиыншы-нашақор болып бара жатқанын біледі, сезеді. Ауру дендеп шыжғырғанда жанталасып іздеп сұрап, тезірек морфий салса екен деп жанұшырады.

Терезе кенересіне бір кептер келіп қонды, ересек кептер емес биыл қанаттанған балапаны. Жауынға жаурай үркіп, әрлі-берлі жүріп жем іздеп, түк таба алмаған соң ішке бұған телміре қарап тұрып қалды.

Жүрегі алқына соғып, шым ете түсті. «Балапаным-ау, жаурадың ба, ашсың ба? Қайтейін-ау, қайтейін? Саған да бір үзім нан үзіп бере алмай, қақайып жатқаным мынау»…

«Күнде берген жем қайда» – қарағаның,

Жаутаңдап аш қалдың бе балапаным.

Орнымнан тұра алмаймын, дертті болдым,

Бос тұр ғой міне екі алақаным…

Бұл күбірлеп осыны айтқанда мөлиіп шоқиып қарап тұрған кептердің көздерінен үмітсіздік байқалды да, үсті су-су балапан дір-дір етіп ұшты да кетті. Ғалымжан қалай ғана өлең шығарып жатқанына өзі таңқалды. Жастығының астындағы дәптерін ала сап жаза бастады.

Су-су болған балапаным – кептерім,

Арман-мұңым айтылатын көп менің.

Құр сүйегім тар төсекте таңулы,

Құс болып та шіркін ұшып кетпедім…

«Ей, кептер, сенде мұңлық, менде мұңлық» – деп, асығыс-үсігіс ерні жыбырлап төгіліп келіп жатқан шумақтарды қағаз бетіне түсіргенше асықты. Он шақты шумақты жазып бітіргенде шаршап сылқ түсті. Апырма-ай, ғұмыры өлең жазбақ түгілі бірде-бір ақынның кітабын оқып көрмепті. Өзіне-өзі қайран қалып, әйеліне ұялы телефонмен:

– Айнаш, бір ақынның кітабын сатып әкеп берші – деді бірден.

– Қазір саған баруға дайындалып жатырмын. Не тамақ ішкің келеді? Бүгін қалайсың?

– Тамаша. Өлең оқығым келеді, – деп күліп жіберді.

– Жаным, сен аман болшы, күлдің ғой, «тамаша» деп қуанттың ғой. Қазір жетемін – деп әйелі тұншыға, өксіп жібергені білінді.

– Кел, келе ғой Айнашым. Жылама, сен берік едің ғой. Сен аман жүр. Сен жыласаң мына Алатауым күңіреніп кетердей болам. Уайымдама, әлі бәрі «окэй» болады! – деді жадыраңқы үнмен.

Жалпы үрім-бұтағы, арғы ата-баба тұқымында ақындық деген жоқ, бұл қалай болғаны? Сәл-пәл тыныстап алып, ақ қағазға тағы шұқшиды.

Айта алмай, құса болып жүрген қордаланған ой-мұңы шумақ-шумақ болып жазылып жатты. Сыртынан:

– О, Ғалымжан Жартыбаевич! Хат жазып жатырсың ба? – дегенде ғана есін жиып, есіктен кіріп келе жатқан баяғы шәушиген кәрі кәріс дәрігерін көріп, қаламы мен дәптерді жастығының астына тықты.

– Жақсы хабар әкелдім. Өте жақсы хабар. Сеулдегі досым сені 25 күннен кейін келсін, өзім қарап, операция жасаймын деп уәдесін берді.

– Шын ба? Шын айтасыз ба, Сан Санович! Мың рақмет! – деп

Ғалымжан қуанғанынан алғысын жаудыра бастады.

– Енді сені жолға дайындаймыз. Досым қабылдамайды, қабылдаса құлантаза емдеп қайтарады, – деп езу тартқанда бүріскен бетіндегі жыпырлаған әжімдері жазылып, екі көзіне лып-лып нұр жүгірді. Қасындағы үйірілген әдемі мейірбикеге әлденені тапсырды да, тез шығып кетті. Алма бет келген медбике кетерінде бұрылып тұрып, көзін төңкере жалт қарады.

Ғалымжан бұл фәниден күдерін үзе бастаған. Жұлын-жұлынын қуалаған дерті мүлде үдеп барады. Бүкіл жұлыны жұмыс істемей ақыл-естен айрылып, есуастанып кетем ба деп күнде ертеңгісін оянғанда есінің саулығына тәубешелік ететін болды.

– Айнаш! Айнашжан сүйінші! Кореяға – Сеулге баратын болдым.

Сан Саныч досымен келісіпті. Айнаш, Құран тауып әкелші! Құран!..

Дауысы бұзылып әйелінің қуанғанынан есі шығып кеттті. Өзі «Бісміллә, бісіміллә» – дей берді.

Сәлден кейін ғана қалта телефоны қайта шылдырлады.

– Ғалымжан, сен аман болшы. Бізде де жаңалық бар, барғанда көресің. Қазір жетеміз! – деді әйелі асығып-аптығып.

Тарта берсең арқанда бір күні үзіледі. Бір аяғы жерде, бір аяғы көрде ажал кіріп келе жатқанда мына хабар үміт отын лаулатып әкетті. Тар төсекте тас таңылып сіресіп, бүкіл денесі қозғалмай жатқанына екі айдан асты. Күні кеше ғана таудан-тау, тастан тас қоймай кезіп жүрген геолог Ғалымжан Жартыбаев алпамсадай ет-жеңді, биік жігіт ағасы еді. Енді өзегіне жегі құрт түскен қураған ағаштай семіп, арып, сүйектері саудырап, екі иығы шодырайып, үнемі қызыл-шырайланып тұратын беті бозарып, шықшыт сүйектері білеуленіп, азып-тозып барады. Айнаға қараса өз-өзінен шошынады. Бұйра-бұйра қап-қара шашын толқындата сілкіп қалғанда қыз-келіншектердің көздері прожектор болып кетуші еді. Қазір асқабақтай домалақ тап-тақыр. Көзінде де баяғы от-жалын жоқ, қарашығының төңірегінде қызыл еті өсіп, сөнуге айналған шамдай өлеусіреп, өзеуреп әзер жылтырайды. Күні бітіп, сағаты таусылып, тіршілігінің соңғы уақыты таянғанын біліп-сезіп жатқаннан ауыр қандай қасірет бар десеңші?!

Міне, аждаһа ажалды күтіп жатқанда үміті қайта оянды, ең қымбат Сеулдегі ауруханада ең кәделі қымбат хирург бұған операция-ота жасауға келісім берді. Әлемнің түкпір-түкпірінен оған жеткен науқастар сақайып, аяғынан тік тұрып жүріп кететінін ватсаптан, интернеттен қайта-қайта оқып көріп, жүр еді, енді міне бақыт құсы басына қонған сәті туды! Бұл Кореяға барады, емделіп қайтады!

Мына жарық дүние қандай ғажап, қандай ыстық едің! Небәрі қырық бес жас қана жасап, енді-енді мына өмірдің тәттілігін сезіне бастаған қайран күндер-ай! Екі адым жер жүре алмай, тіпті арқаны жастыққа тіреп отыра алмай, қақайып, серейіп кепкен теректей қатып-семіп жатқаннан артық қорлық жоқ шығар? Қаншама қара түнек жаман ойлар қамалып, тіпті кейде мүлде күдері үзіліп, өзіне-өзі қол салып, ертерек о дүниеге аттанып кеткісі келген сәттері де аз емес. Жұлын-жұлынын қуалаған дерті өршіп, миы істемей, естен мүлде айырылып жындыкөс болып қалғаннан гөрі – ақыл-есі дұрыс кезінде үн-түнсіз жүріп кетсе, біржола өліп кетсе қандай рахат!..

Бұл ауруханадағы дертті жандар – дар ағашына әкеле жатқан тұтқындардай мүсәпірленіп, қилы-қилы жаман ойлар иектегіш қияли жанға айналады. Үміт пен күдік араласып, бір науқас құлантаза жазылыпты десе осы тоғыз қабат толы жатқандар түгел қуанып, бәрінде де үміт оты тұтанады.

Ал, күні кеше ғана жанында бірге жүргендердің біреуі ауру меңдеп, жан тапсырса, бәрі-бәрі іштерінен қайғыға жаншылып, опығып, опырылып келесі ажал кезегі менікі емес пе деп қапаланады.

Енді бәрі артта қалды. Алла тілегін берді.

– Ғалымжан аға құтты болсын! – деп жаңа дәрігермен бірге шығып кеткен медбике кірді.

– Рақмет, қарағым. Кел қасыма отыршы.

Томпақ бет қыз халатымен етегін қымтана төсегінің шетіне отырып, қан қысымын тексере бастады.

– Мынау қарағым жақсы хабар әкелгенің үшін сүйіншің – деп жастығынының астынан бөліп қойған 100 мың теңгені халатының қалтасына сала берді.

– Ой, аға ыңғайсыз болды ғой, – деп қыз сылқ-сылқ күлді. Ғалымжанның алақаны қыздың халатының сыртынан топ-толық санын сипалаған күйі тұрып қалды.

– Сен ақжолтай қызсың. Қолымды уқалап қасымда отырсаң болды мүлде жазылып кеткендей рахаттанамын!

– Аға, Сіз жазыласыз. Сан Саныч досына қайта-қайта айтып жүріп, әзер көндірді ғой. Кейін бізді ұмытып кетпеңіз, – деп қолын алып, білегінен бастап уқалай бастады. Бүртиген саусақтары ұлпадай жанына жағып, уыз күлкілі, ақ борықтай бойжеткеннің толық омырау тұсы дір-дір еткен сайын бұл әзіл-қалжыңын үдетеді.

– Жоқ, сені жұмысқа бірге алып кетемін, менің қарамағымда үлкен полинклиника бар, сонда орналастырамын.

– Айлығы қанша болады?

– Осы жерден бес есе көп. Алғаш жатақхана бергіземін, кейін салып жатқан үйден пәтер бергіземін!..

Бүйректей қыз екі қолымен мұның жүрек тұсын сылап, сипай бастады, алақаны қандай мамық, жұп-жұмсақ.

– Аға, не керек айтып қойыңыз, қазір обходтан кейін келіп кетемін, – деп әсерлі үнімен сыңқ-сыңқ күліп шығып кетті.

Жаны жадырап күлімсіреген күйі рахат сезім әлдилеп, жанағы қыздың әтір иісі өмір атты құштарлықты сездіріп, сендіріп кетті-ау!..

Өмір сен қандай тәтті едің!..

Есіктен кірген Үміт мұны, бұл өз қызын танымай қала жаздады. Шешесінің артына жасырына кірген қызы мұны бас салып, сыңсып жылап жіберді.

– Қой, қарағым! Үмітжан! Қарағым-ау, құлыншағым-ау… Қойшы, – дей берді. Төсек шетіндегі орындықта бет-бейнесі өзгеріп, тозған баяғы тап-талдырмаш әдемі денесінен белгі де жоқ, жайылып, тым толысып кеткен шермиген қызы ырсылдап әзер отыр.

– Папа, не болып кеткенсіз? – Мама, как допустили до такого? Неге хабар бермедіңіздер?

Құлындай еркелеп шапқылап жүретін, жаз жазира бейнелі қайран Үмітінен еш жұрнақ қалмапты.

Қызы сұқ саусағымен іліп ар жағындағы бұйра бас сұңқиған қазанның күйесіндей өрескел жігітті жанына шақырып:

– Папа, мынау күйеубалаңыз – деді.

– Негр ме, кім өзі? – деп үдірейіп үрке тіл қатты, әке байғұс.

– Жо-жоқ, үндіс. Индиядан. Малайзияда бірге оқимыз.

Ойында дәнеңке жоқ сұңқиған үндіс күйеубаласы сағызын шайнаңдап, көзі алақтап, бөлме ішін шолып қарай бастады.

– Процедураға апарамыз, – деп екі медбике кіргенде бәрі жапатармағай шыға жөнелді.

Келіншегі қолына ораулы бірдеме ұстатты, ашып қараса «Құран». Маңдайына тигізіп, кеберсіп, шыт-шыт шытынаған ернімен мұқабасын сүйді.

– Қызыңа ұрса берме, қайтесің енді, – деді әйелі жасық үнмен қоштасарда.

Үндей алмай, тұншығып, қатып сірескен күйі қала берді.

Медбикелер химия салдыруға зембілмен алды да жөнелді.

(Жалғасы бар).

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, қоғам қайраткері, «Әділет. Рухани жаңғыру»

газеті редакциясының алқа төрағасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *