КӨЗ

Әдебиет
436 Views

(ШЫТЫРМАН ОҚИҒАЛЫ ҚЫЛМЫС ХИКАЯСЫ)

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

* * *

Гуля Анталияда теңіздің жағасында демалып жатқанда Шегірді қатты сағынды. «Телефон соқпа, келген соң өзім тауып аламын» деген соң әзер шыдады. Міне, екі күн болды, тым-тырыс. Оның темекі уытты тынысы, дауылдай құтырынған әлемет құштарлы құшағы, тарамыстай тартылған бір қырым артық еті жоқ серіппелі денесі бәрі-бәрі құмарлығын арттырып, қалай іздерін білмей дал. Жанна екеуі де бір аптаға ғана кетіп еді, жұмысын қожыратып жіберіпті, келушілер аз, кассаға мардымды пұл түспеген. Бақылап, тексеріп отырмаса – ақшалы жерде алдау, алаяқтық бірге жүреді. Бұл сұм дүние – кім-кімді алып түседі, шалып түседі, қулық қыр асқан, өтірік шың асқан, пенделердің көбісі арамдықпен мал-жан, дүние тауып жатқан сұрқия заман.

Бұл алыста, разьезде өсті, әке-шешесі екеуі де теміржолшы, ішпесе тұра алмайтын маскүнем, барак үйде тұрды. Шүпірлеген іні-сіңлілері бірінің киімін бірі киіп, сабаққа барып жүрді. Жоқшылық, жетіспеушілік зары сүйегінен өтіп кеткен Гүлжан мектеп бітірісімен Алматыға тартты. Математикаға жүйрік еді, финанс-экономика институтына құжаттарын тапсырып жатқанда Деканмен танысты. Кең маңдайлы, әдемі галстук тағып, қатып киінген жігіт ағасы:

– Сен басқа сабақтардың көбісін үшке оқыпсың, конкурстан өте алмассың, – деп бір қойды.

– Емтихан да қиын, қазақша оқыпсың, дайындығың қалай? Репититор жалдадың ба?

– Жоқ – деп бұл күбір ете түсті.

– Бізде оқу өте қиын, барлық сабақ орысша өтеді. Көп студентіміз үлгере алмай шығып кетіп жатады.

Гүлжан құжаттарын алып басқа жерге тапсыруға оқталғанда маңдайы жарқыраған маңғаз кісі:

– Мен осы факультеттің деканы Тұрсын Бірбаевич боламын. Саған репититор тауып бермесем болмас, – деп ыңыранып, шалқайып тіп-тік түрегеп тұрған мұның басынан аяғына дейін сүзіле қарап шықты.

– Сағат бесте Уәлиханов ескерткіші жанында күт, – деп тілдей қағазға баратын жерін жазып берді.

Ғылым Академиясының алдындағы алаңдағы Шоқан ескерткіші жанындағы сәкіде отырып, алып шыққан кітабына үңілді. Қарны да ашып, қалтасында қалған азын-аулақ тиыны да суға салған шекердей тез бітіп барады.

– Гүлжан! – деп екі иығынан ұстай алғанда мөлдіреген көзі жаутаңдап жалт қарады. Декан ағасы күндей жарқырап күлімдеп тұр. – Жүр, деп ымдап басын изеп еді, түрегеп соңынан еріп, машинасына барып отырды.

Тамылжыған тамыз айында Алматының тау жақ келбеті таңғажайып, сан түрге бөленіп, құлпырып кетеді. Гуля жан-жағына таңқала қарайды. Медеу сайын жоғарылап, сол жақ жотаға бұрылып, қалың зәулім-зәулім шырша-тоғайдың арасындағы көк қақпалы үйге келіп тоқтады.

– Бұл менің саяжайым. Сені емтиханға өзім дайындаймын, – деп қақпасын ашып, көлігін кіргізді.

Саяжайы нағыз ұжмақ дерсің: төменде асфальт еріп, көңірсіген аптап болса, мұнда салқын самал, көк-жасыл ағаштардың жұпар иісі, құстардың әдемі шықылықтағаны, үйдің алдындағы белуардан келген қып-қызыл қос алақандай жауқазын гүлдер, бақтың арғы бетінде сылаң қаққан бұлақ, ал сай ішінде күркіреген өзен үні – рахат әлеміне күмп кіргізіп жібергендей шуақтанып, нұрланып көңілі алып-ұшты.

Есік алдындағы тапшанға отырып алып, таудың анау күннің қызыл шапағы сүйген асқарлы шыңдарына көз тікті, ал көлеңке түскен бұл ара әп-сәтте тоңазып, сай табанын қуалаған салқын самал кернеп, денесі сергіді.

Декан үйге шақырды, шәй қайнатып, дастархан жасап қойыпты.

– Гүлжан, алдымен тамақ ішіп алайық, содан соң емтиханға әзірленеміз, – деп галстук, костюм-сымын шешіп, спортшыдай киініп алған ағасы шашын сілкіп қойып, сұрақ қоя бастады.

– Көзіңде нұр бар, сен жетем деген жеріңе жетпей қоймайтын алғыр қызсың. Менің айтқанымды бұлжытпай орындап, тиянақты болсаң – студент атанасың.

– Ағай, шәйді мен құяйын, – деп Гуля өзі сұранып, шыны-шәйнекке ие болып, төмен отырды.

– Жалпы еркек құйған шәйде дәм болмайды, мұның енді көргенділік, – деп қойды. – Гүлжан айып болмаса күні бойы зыр жүгіріп шаршасам керек, жүз грамм коньяк ішсем бола ма? – деп серванттан аузы ашылмаған коньяк алып, тығынын ашып, рюмкеге құйып:

– Саған да құяйын ба? – деді.

– Жо-жоқ, рақмет ішпеймін.

– Онда міне лимонад бар – деп серванттан бөтелке алып, фужерге құйып ұсынды.

Декан коньякті, қыз лимонадты ішкен соң, қайта құйды. Ағасы тост сөйлеп, мұның оқуға түсуіне тілекші екенін айтты.

Лимонад сап-салқын, ішкі әлеміне жаңа ағын жүгіртіп, басы зеңгігендей болды.

– Қой, құр сумен жумайық. Тұрсын ағаңың тілегі үшін ішкен жан оқуға сөзсіз түседі, – қане сен де жүз грамм іш, – деп қинап, қыстап коньякті бір ішкізді. Гуляға сөз беріп, өңештеп, қоймай отырып және түбіне дейін алдыртып қойды.

– Ағай, басым айналып бара жатыр, – деген сәтте қызуы бөртіп шыға келген былқ-сылқ етіп жүре алмаған қызды қос қолдап көтеріп алып, төргі бөлмедегі төсекке апарып жатқызып, шешіндіре бастады.

– Аға, ағажан не істеп жатырсыз? – деуге әзер шамасы жеткенін біледі, ары қарай бәрі бұлыңғыр, қалың ақмұнар тұман шөккен алқапта жүгіре басып келеді, әппақ дүние, шаршап жүрегі атқақтап, ентігіп, ақшымылдық әлемінде билеп жүр екен дейді…

Оянғанда есін жия алмай қозғалуға дәрмені жоқ, біраз үн-түнсіз жатты. Төсекте қасында қасқабас Тұрсын ағасының қолы мойнына оралып қалыпты, өзінде де, онда да лыпа жоқ. Түрегеп барып, шәугімнің шүмегінен лықылдатып су ішті. Ішіне түскен су шым-шым тер шығарып, басы зеңіп, қайта қызды.

Декан да оянып, сипалап, сүйіп ақүрпек балапандай қызды қапсыра құшақтап, бауырына қысты. Бағана өзі шетелге барғанда алып келген дәрісін лимонадқа салып ерітіп, дайындап қойғаны қандай жақсы болған. Былқ-сылқ еткен қыз оның үстіне бой бермей ішкізген коньякқа қызара бөртіп, мең-зең, не болып жатқанын өң мен түстің арасында білмей қарулы еркектің қақпанына қалай түскенін аңғара да алмады.

– Қарағым, енді өзіңді студентпін деп есептей бер. Бұл ағаң сені қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай оқуыңды бітіріп, диплом алып береді. Тек аузыңа сақ бол, екеуміздің жақындығымызды жан адам білмеуі тиіс. Түсіндің бе? Бағың бар қыз екенсің, мен кездестім. Маскүнем, алқаш, нашақор, нақұрыс біреу бетіңді ашса не болғаның? Бойтұмардай сақтаған пәк асылыңды жігіттің мендей сұңқарына сыйлағаның өте дұрыс болған. Шынымды айтсам, мұндай таза болып осы күнге шейін жүргеніңе сенбеген едім. Қалың қорқаулардың арасында қалай аман қалғансың? – деген Декан ертеңгісін ертерек тұрып, жұмысына жинала бастады.

Су түбіне кеткендей мәңгіп, іші өртеніп, селсоқтанып, кәріп болған мүгедектей қорланғанына ызаланып жатқанымен Тұрсынның зілді сөзінен сескеніп, тұншығып үндей алмады.

– Гүлжан, тұр кеттік, мен жұмысқа баруым керек, – дегенде түрегеп, жуынып, көзін көтеріп қарай алмаған күйі дастархан дайындап, шәй құйып беріп, бәйек болып бұл ағасының күтушісіне қалай айналғанын өзі де аңғармады.

– Сенбі күні сағат бірде кешегі Шоқан Уәлиханов ескерткіші жанында мені күтетін бол! – деді қалаға келген соң, институтқа жетпей түсіріп жатып.

Емтихандардың бәрінен сүрінбей өтіп, дырдай студент атанды, жатақхана алды, у-шу жаңа жастық өмір басталды да кетті. Сенбі сайын Декан мұны машинасына салып алып, Медеу шатқалындағы көзден жырақ саяжайына тартады. Алғашқы кездері өзін-өзі зорлап, ұят қинап, амалсыз көнуші еді, кейін келе-келе бұл күнді асыға күтетін, Тұрсын ағасының иісі мен сөзін, бүкіл қызықты сәтін ынтыға сағынатын сезімге тап болды. Қауызын ашып, күнге маңдайын төсеген қызғалдақтай құлпырып, шешек атып, гүл-гүл жайнаған от қызулы періштеге айналды.

Ай маңдайы біраз қасқаланған, қалған дудар шашы желкесін басқан, қозы қарны бұлтиып, екі беті қызара бөртіп жүретін елуден асқан егде кісіге еті үйреніп, қылықтанып, бура санды бозбала құрдасындай жақын тартып, еркелейтін болды. Жетіспеушілік, қатар құрбылары секілді жаңа көйлек кие алмай, тасып-шалқып жүре алмай өткен сүреңсіз, зынданда қапаста болғандай жоқшылық, сирағы шыққан өткен кедейшілік зары бірте-бірте ұмытылып, айхай да ойхай көл-көсір берекелі, базарлы тұрмысына көңілі шалқып, ажарланып, кеудесі мен бөксесі көз тояттанғандай толысты. Жүріс-тұрысы да өзгеріп, жайқала басып өте шыққанда еркек біткен кербез пішін, сымбатты тұлғасына сұқтана қарап қалатын перизатқа айналды. Айқасқа Декан ағасына уқалап, сипалап отырып, сыбырлап айтса болды қалаған киімін сатып әпереді, қалта пұлынан да қыспады. Қысқы сессиясын ойнап жүріп тапсырды…

Сессия біткенін атап өтпекке біраз курстас қыз-жігіттер жиналып, ресторанға барды. Жып-жылы залда билеп, мәз-мейрам, арқа-жарқа болып жүргенде курстас құрбысы Райхан:

– Анау бұрышта отырған көзілдірікті жігіт сенен көз алмайды, саған өлердей ғашық, – деді. Үстіне шахмат тақтасындай алажабақ костюм киген, алтын жалатқан көзілдірігі жарқ-жұрқ еткен қап-қара шашын майлап, артына қарай тарап қойған арық жігіт түрегеп сусын ішіп тұрған бұлардың жанына келіп:

– Мен Сіздерді столыма шақырамын, – деді бірден. Үсті-басы инеден жаңа шыққандай жап-жаңа импорт киім, мойнында көбелек галстук, әппақ жейде, ақсауыр туфли, қолында варсетка.

– Сіздер бірінші курста оқисыздар ғой. Сырттарыңыздан көріп жүремін. Ал, қалағандарыңызға заказ беріңіздер, – деп даяшыны шақырды.

– Сіз бізді қайдан білесіз? – деп Гүлжан таңдана сұрады.

– Мен де сол институтта оқимын ғой, биыл жазда диплом аламын. Танысып қояйық, менің атым Жарас.

– Гүлжан, Гуля десеңіз де болады.

– Райханмен Сізді жексенбі күні іздеп барғанда жатақханада таныстым. Бүгін кешке осында болатындарыңызды да осы құрбыңыз айтты.

– Иә… иә… Сені іздеп келген, сен әпкеңнің үйіне кетіп едің ғой, – деп Райхан қызарды.

Ақ сәлдесін аспанға ұшырып, шампан ашты. Қара уылдырық, қызыл балық, қақтаған қырғауыл, майы шыжғырылған шашлык… Әйтеуір жеңсік асқа стол үстін толтырып, қайта-қайта көпіршігі бұрқыраған ашқылтым шарапты ішіп, ортаға шығып, у-ду би билеп, мәре-сәре болды.

Жарас биге икемі шамалы, бұраң қаққан екі қыздың ортасында селкілдеп жүр.

Әбден сілелері қайтқанша рахаттана думандатқан оларды Жарас машинасымен жатақханаға жеткізіп салды.

Жарас Гуля айтқан уақытында жатақхана алдында күтіп тұрады. Қолында ылғи да үш тал раушан гүлі болады. Кейде еркелеп, жолығуға шықпай қойса, Райхан арқылы беріп жібереді. Кездесуге ылғи Райханды бірге ертіп алады. Институт жанындағы кафеден ас ішеді, «Арман» кинотеатрынан кино көреді. Медеуге апарып, коньки тебуді үйретеді, Шымбұлаққа шығарып, мәре-сәре ақша қарда шаңғы тепкізеді. Әйтеуір ақшаның көзіне қарамайтын ақкөйлек жомарт. Гүлжанмен жеке қалса өз-өзінен әбіржіп, қысылып ештеңе айта алмай, үнсіз қалады. Тіпті көңілін білдіріп, сүймек тұрмақ қолынан ұстап, бірге жүргенде қолтықтасуға да жүрексінеді. Ашық жарқын Райхан құрбысына «Осы қызға ғашықпын, ұнатамын» деп сырын ақтарыпты, ол да «Жарас жігіттің сұлтаны, енді бұдан айрылма» деп қоймайды.

Жарас оқудың түбіне түскен, білмейтіні жоқ, әсіресе финанс, банк, математика секілді ортақ тақырыпқа келгенде ғана көсіле сөйлеп кететіні бар. Жаңа-жаңа жарасып келе жатқанда ол Америкаға төрт ай практикаға кетіп, мамыр мерекесінен кейін жер масатыдай құлпырып, Алматы гүлге шомылған жұпар аңқыған көгілдір көктемнің тамаша кезінде ғана қайтып келді.

Гүлжанға елдің қолы жете бермейтін қат, қымбат бір шабадан толы дүние – әкеп сыйлады. Құрбы-құрдас қыздардың бәрі үйіріліп, мұндай ен байлыққа көздері тұнып, қызығып та, қызғанып та қарағаны-ай!..

Ә дегеннен екеуі бір-бірін «Гуля», «Жорж» – деп атап кетті.

– Жорж – деді Гүлжан кештеу кинодан қайтып келе жатып: – Жорж, келесі сенбіде менің туған күнім. Қайда, қалай өткізерімді білмей, сенімен ақылдасайын деп едім – деп еркелей бұған қарады.

– Оның түк қиындығы жоқ. Ақсай өзенінің жағасында, қарағай, шырша арасында дачам бар. Сонда өткізейік, бәрін өзім дайындаймын, – деп қауынша жарылды.

Алматының батысында тулап ағатын Ақсай өзенін жағалай салған жолмен бәрі Кардон деген ауылдан өтіп, Жарастың саяжайына он бір қыз, бес жігіт сіріңке қорап автобус жалдап, кеш батпай жетіп алды.

Саяжай аумағы атшаптырым. Өңкей дөкейлердікі екенін байқатып зәулім-зәулім үйлер бой түзеген көшеге кіре берісте шлагбаум жанында күзетші тұр.

Жарас бәріне мекен-жайды алдымен көрсетіп шықты, алты бөлме үй іші дүние-мүлікке сықасқан, есік алдындағы үш бөлме асхананың өзі әңгіредей, ар жағында беседка, көздің жауын алған гүлзар, қызғылтым-ақшылтым гүлге оранған алма бағы, бақ ортасынан сылаңдай аққан мөп-мөлдір бұлақ суын бөгеп, ашық бассейн жасап қойыпты.

– Осының бәріне өзің қарайсың ба? – деп студенттер сұрап еді:

– Жоқ, арнайы бағбан, үй күтушісі бар, – деп қысқа жауап беріп дастарханға шақырды.

Гүлжан бұл мекен-жайды іштей Декандікімен салыстырып, оныкі әншейін торғайдың ұясындай ғана екен ғой деп іштей түйді.

(Жалғасы бар).

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, қоғам қайраткері, «Әділет. Рухани жаңғыру»

газеті редакциясының алқа төрағасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *