ЖЕТІМДІ ЖЕБЕУ АЙЫП ПА немесе «Қабылдаушы отбасы» дегенді қалай түсінеміз?

Заң Құқық
1 536 Views

Қоғам туған баласы мен ата-анасын тастап кету секілді әрекеттерді масқара құбылыс ретінде бағалауы тиіс. Бұл біздің жанымызға жат құбылыс. Халқымыз әкені асқар тауға балаған, ешқашан алдын кесіп өтпеген, «Жұмақ – ананың табанының астында» деп анасын сыйлаған. «Бала – бауыр етің» деп ұрпағына айрықша қамқорлықпен қараған. Қандай жаугершілік заманның өзінде жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған елміз. Біз қазақ осындаймыз!

Н. Ә. НАЗАРБАЕВ.

Дәл осы тақырыптың бүгінгі таңда қоғамның ең бір өзектімәселесіне айналғалы қашан. Көп жастарымыз жауапсыздықтың салдарынан тасжүреккеайналып, «Балалар үйін» тастанды балалармен толтыруда. «Жетім»,«Тастанды» дегенсөздердің атауының өзі құлаққа түрпідей естіліп, жүрекке ауыр тиеді. Сондықтанбұл сөзді «Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» деген сөзбен ресми,балама түрде қолданып жатамыз. Дей тұрғанмен, сөзімізді қанша жерден жұмсартыпқолдансақ та көз алдымызға тағдыр тауқыметін ерте тартып, кеуделерін ащы өксікпен жанарларын жас торлаған, жүздерінде «Неге?» деген сұрақ тұрған жасөспірімбалалар мен кіршіксіз шараналар бейнесі «жылп» ете қалады. Алайда, мұндайжағдайлар орын алып, қараусыз қалып, ата-ана тарапынан асырай алмау себебіненбас тартылып, тіпті маскүнемдіктің кесірінен ата-ана құқығынан айрылып,«Балалар үйіне» түсіп жатқан балалар саны елімізде өкінішке орай жетерлік.

Бұл, әрине, мемлекеттік мәселе болғандықтан Үкімет тарапынан мейлінше көмек көрсетіліп, мөлшерлі деңгейде жағдайлар жасалынып жатыр.

«Нақтырақ айтар болсақ, біріншіден, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды кәмелет жасқа толғанша мемлекет толық қамқорлығына алады. Жатын орны, киім-кешегі, тамағы, медициналық, әлеуметтік көмектер беріледі. Балалар үйінде тұратын балалар сонда түскен кезден бастап құжаттары жиналып, тұрғын үйге кезекке қойылады. Кәмелет жасқа толған уақытқа дейін баланың кезегі келіп, арнайы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Ал егер кезегі келмеген жағдайда елімізде «Жастар үйі» бар. Онда балалар кәмелет жастан бастап 23 жасқа дейін тұра алады. Баланың өмірге, қоғамға бейімделіп кетуіне мемлекет тарапынан толыққанды жағдайлар жасалады»,–дейді Шымкент қаласының № 3 Балалар үйінің басшысы Қырмызы Тілеубекқызы Қожамжарова өзінің берген сұхбатында. Оның айтуынша, баланың ата-анасының бірі немесе екеуі де қайтыс болған жағдайда мемлекет тарапынан арнайы жәрдемақы тағайындалады. Егер ата-анасы «ата-ана болу» құқығынан айырылған жағдайда олардан сот шешімімен алимент өндіріліп, баланың шотына салынады. Ол баланың жеке шоты болып есептеліп, оны тек баланың өзі ғана қолдана алатын болады.

Иә, мемлекет барынша көмектескенімен, қанша жерден жәрдем бергенімен балаға «ата-ана мейірімін, отбасы қамқорлығын» сезіндіре алмасы анық.

«Біздің қарауымызда қазіргі уақытта, шамамен 60-тан астам ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар. Олар «Балалар үйіне» әртүрлі жағдайда түсіп жатады. Қарапайым тілмен айтқанда, көбіне «Жақсы, тәртіпті» отбасынан бізге келіп түспейді. Сондықтан, мұндағы балалардың даму процесі ең алдымен педагогикалық тұрғыда төмен болады. Мәселен, қарапайым түстерді айыра алмау, өзін-өзі қамтамасыз етуді білмеу, әріп танымау, тәртіпті білмеу жағдайлары жиі кездеседі. Ол баланың кінәсінен емес, толық отбасының жоқтығынан, баламен айналысатын адамның болмауынан. Бала кез-келген нәрсені өз көзқарасымен пайымдап алғандықтан, осындай тежелулер болады. Мұндай балалармен әлеуметтік педагог, психолог, логопед мамандар жеке жұмыс жасап, өз қатарластарымен теңесіп кетуіне көмектеседі. Алайда, психологиялық тұрғыда қиын жағдайда түскен балалардың қабылдауы өте қиынға соғып жатады», – дейді Қырмызы Тілеубекқызы. Оның сөзінше, асырап аламын деуші ата-аналарға арнайы Республикалық базадағы балалардың тізімі беріледі. Елімізде мұндай бала асырап алатын ата-аналар бар болғанымен, олар көбіне кішкентай бала алғысы келеді де ересек балалар отбасына орналаса алмай қалып қойып жатады. Сондай ересек, түрлі жастағы балаларды баламалы түрде орналастыру үшін көптеген заңдар мен ережелер қалыптастырылған. Соларды қолдануға мүмкіндік бар. Мәселен, баланы қорғаншылыққа, патронаттық тәрбиеге беруге болады.

Сонымен қатар қазіргі таңда «Қабылдаушы отбасы» деген заң шықты. Баланы қабылдаушы отбасыға да беруге болады. Алайда, мұндай жағдайда ата-ананы дайындау қажет. Өйткені, біздің менталитетіміз жоғары дәрежеге жете алмағандықтан, ой-өрісімізде «бала алсақ, тек өзімізде қалатындай болса ғана асырап алуымыз керек» деген теріс көзқарас қалыптасқан. Ал ол баланы белгілі бір жасқа дейін тәрбиелеп, қоғамға бейімделуіне мүмкіндік жасап, өсіру деген көп ата-ананың қолынан келе бермейтін дүние. Егер ата-аналар «Қабылдаушы отбасы» болуға келісіп, баланы қабылдап жатса, бұл балаға үлкен көмек болары сөзсіз және балалар үйіндегі балалар санының азаюына да септігі тиер еді. Бала отбасының не екенін, әкенің, ананың отбасындағы орны, қызметі қандай, бауырлардың бір-біріне қарым-қатынасы қалай өрбиді, соны көріп, біліп өсуіне жол ашылады. Қабылдаушы отбасына берілген баланың аты-жөні, тегі өзгертілмейді. Сол себепті, бала өскенде тегі бойынша туыстарын іздеп, табуына мүмкіндігі бар. Мұнымен біз барлық балалар үйіндегі әрбір бала ата-аналы болады, бәрі жақсы болып кетеді деп толық сеніммен айта алмаймыз, әрине. Бірақ қоғам болып, біз болып, жетім балалар санының азаю жолдарын қарастырудамыз, – деп Қырмызы Тілеубекқызы өз сөзін қорытындылады.

Қазіргі таңда жалғызбасты ана мен балаға арналған «Ана үйі» атты қоғамдық қоры бар. Қазақстан бойынша жиырмадан астам «Ана үйі» ашылған. Біздің Шымкент қаласының өзінде екі «Ана үйі» жұмыс жасайды екен.

«Ана үйінде» жасалған шалыс қадам, қате іс-әрекет нәтижесінде ата-анасы қабылдамай, барар жері, басар тауы қалмаған, жүкті болып, баласын не істерін, қалай асырарын білмей жолдан адасқан 30 жасқа дейінгі жас аналарға алты ай немесе бір жылдай баласымен бірге тұруға рұқсат етіліп, ананың жұмыспен қамтылуына жәрдемдеседі. Бала үш жылға жуық сол ұйымның қарамағында болады. Анасы бұл уақыт аралығында баланы келіп, көріп тұруына рұқсат етіледі. Бұл – ана мен бала үшін үлкен көмек.

«Ана үйі», «Бөбектер үйі» сынды мекеме мамандарының көпшілігінің пікірінше, бала өмірінің тағдыр тартысына түсуінің негізгі себептері – жауапкершіліктің жоқтығы, ата-ана болуға екі жақтың дайын болмауы, психологиялық және физиологиялық дайындықтың аздығы, материалдық жағдайдың жетіспеушілігі.

Осы тұрғыда еске сала кетсек, 4 ақпан күні түнде Астана қаласы «Көктал-1» тұрғын үй алабында жеке үйдің ауласында тұрғызылған уақытша баспанадан өрт шығып, нәтижесінде 2006, 2008, 2014, 2016, 2018 жылдары дүниеге келген бес қыз баланың денесі табылған болатын.

«Өрт салдарынан көз жұмған балалардың анасы пластикалық карта шығаратын зауытта, ал әкесі көлік жөндеу орталығында қызмет етеді. Қайғылы оқиға кезінде екеуі де түнгі ауысымда жұмыста болған», – деп елорда әкімдігінің баспасөз хатшысы Эльвира Жүргенбаева нақтылаған болатын.

Бұл қабырғаны қайыстырып, өзекті өртеген бес баланың қапыда ажал құшу оқиғасы бүкіл елді дүр сілкіндірген ата-ананың бала өміріне немқұрайлы қарауының және материалдық жағдайдың жетіспеушілігінің бір дәлелі болып отыр.

Біздің тағы бір ең басты кемшілігіміз — отбасында тәрбиеге көп көңіл бөлінбеуі.

Белгілі жазушы Советхан Ғаббасов: «Тәрбие тәсілдері бала дүниеге келместен, ана құрсағанда пайда болмастан бұрын болашақ ата-ана болар жастардың танысқан сәттерінен басталуы керек», –дейді. Мәселен, еврей халқында ақылды балалар саны өте көп, тастанды балалар саны аз мөлшерде. Мұның бірден-бір себептерінің бірі – ата-ана болу үшін алдын ала дайындалуы. Бала мәселесіне бей-жай қарамай, арнайы ауқымды дайындық жасайды. Өздерін ішімдіктен, темекіден, тіпті зиянды тағамдардан тыйып, шектеу жасайды.

Алысты айтпай-ақ, өз халқымыз да жас ұрпақты оқытып, тәрбиелеу жайында талай сындарлы пікірлер айтқан. «Баланы таба білсең, баға да біл», «Баланы сүйсең – тәрбиесін сүй», «Баланы мақтау жетілдірмейді, тәрбиелеп, баптау жетілдіреді» деген сынды мақал-мәтелдер баланы құр «айналайын» дей бермей, оны адамгершілікке баулу жағын ойластыру қажеттігін отбасынан, ұшатын ұясынан, ата-анасынан алатын тәрбие қандай болса, көп жағдайда оның адалдығы, өмірі де соған орай құрылады деген ойды аңғартады.

Өзіміздің Ұлы Абайды анасының дәретсіз емізбегенін де тілге тиек етсек болады. Абайдың ұлы, дана болуының бірден-бір себебі де тал бесіктен, тар құрсақтан берілген тәрбиеге байланысты болса керек. Сондықтан, тәрбиесі мол, өнегесі зор халқымыздың жан тазалығы, рухани байлығы және қанының тазалығын сақтай білсек, мөлдіреген жанарлары жасқа толған шарасыз шараналар саны азайып, «Жетімдер үйі» болмас еді.

Барымызды бағалай, ұрпағымызды жетімсіретпей, аялай білейікші, ағайын!

А. СӘКЕНҚЫЗЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *