ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ – БАСТЫ МІНДЕТ

Тәрбие Құқық
1 181 Views

Тәрбиелеу дегеніміз – адамның бойына білімге негізделген этикалық құндылықтар мен өнер қуатын дарыту.

Әбу Насыр әл-ФАРАБИ.

Жасөспірімдерге қатысты қылмыс деңгейін төмендету, ерте жүктіліктің және аутодеструктивті мінез-құлықтың, діни экстремизмнің алдын алу мақсатында Шымкент қаласы білім басқармасының шешімімен 2019 жылғы 18 қаңтардағы «Қылмыссыз жарқын болашақ» тақырыбында онкүндіктің ережесі жарияланған болатын. Онкүндікте өткізілетін профилактикалық іс-шаралар білім беру мекемелерінде 10 күн барысында 10 түрлі тақырыппен жүйелі де жоспарлы жұмыстар жүргізілген. Осыған орай, оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру арқылы әлеуметтік ортаның теріс ықпалынан қорғап, құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында 2019 жылы 2 ақпан күні №80 мектеп-лицей коммуналдық мемлекеттік мекемесінде «Құқықбұзушылықтың алдын алу – басты міндет» тақырыбында іс-шара болып өтті. Онкүндіктің аясында аталған білім беру мекемесінде 19 қаңтарда «Ата-аналармен жұмыс» күні, 21 қаңтарда «Ашық есік» күні, 22 қаңтарда «Сенім» күні, 23 қаңтарда «Рухани байлық» күні, 24 қаңтарда «Өмірді бағала» күні, 25 қаңтарда «Балаларды бірігіп қорғайық!» күні, 26 қаңтарда «Қуаныш сыйлайық!» күні, 28 қаңтарда «Салауатты өмір салтын сақтау» күні, 29 қаңтарда «Өзін-өзі басқару» күні, 30 қаңтарда «Бос уақытты тиімді пайдалану» күні деп бекітіліп, олардың бәрі өз деңгейінде өткізілген.

Бағдарлама бойынша 2019 жылдың 2 ақпан күні сағат 10.00-ден бастап «Қылмысқа жол жоқ» тақырыбында 7-сынып оқушыларының флешмобы, №1 дарын, №2 дарын, №33. №47, №65, №69, №80 мектеп оқушылары арасында «ROBOSPORT» сайысы, 1-2 сынып оқушыларының «Әлемнің әсемдігі – балалар көзімен» тақырыбындағы сурет көрмесі, 8-10 сынып оқушылары арасында «Цифрлы Қазақстан» тақырыбындағы интеллектуалды марафон, 5-10 сынып оқушыларымен «Өнерлінің өрісі кең» тақырыбындағы сәндік қолданбалы өнер көрмесі, 5-11 сынып оқушыларының қатысуымен «Артық ғылым кітапта» тақырыбындағы оқырмандар бәйгесі, 8-10 сынып оқушыларымен «Шахмат– ақыл-ой спорты» тақырыбында шахмат сайысы болып өтті.

Сайыстар ішінде мектептің мәжіліс залында өткізілген білім, ғылым алмасу мақсатындағы «Цифрлы Қазақстан» интеллектуалды марафонына тоқталып өтсек дейміз. Сайыс «XXI ғасырдың – IT ғасыры» екені айтыла отырып, ғылымдағы Қазақстан және өзге де елдердегі соңғы жаңалықтарға шолу жасаумен басталды. Еліміздегі «SMART бесіктің» шығарылғанын, Қазақстандық поштаның толық автоматтық режимдегі «Пошташы роботпен» толығатынын, қазіргі таңда «Қуаныш», «Сәуле» атты роботтардың қызмет етіп жатқанын тілге тиек етті. Сайыста Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінен келген «Жастар», №80 мектеп-лицейінің «Жас ғалым» топтары білім сынасты. Арнайы шақырылған қонақтар Шымкент қаласының білім басқармасының басшысы Ақерке Абылайханқызы, ғалым, физика–математика ғылымдарының кандидаты, доцент Оңалбек Сейітқұлов, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, педагогика ғылымының кандидаты, доцент Сапарғали Ергенұлы, аталмыш университеттің аға оқытушысы, профессор Бүркіт Әуезхан, химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Балқан Маратұлы, «Ұстаз нұры» газетінің бас редакторы, облыстық ата-аналар комитетінің төрағасы Әнуарбек Бейсе және республикалық, қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық «Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің жауапты хатшысы Әбдісаттар Әліп таныстырылды. Сайысқа төрелік ету Оңалбек Сейітқұлов, Сапарғали Алдешов, Бүркіт Әуезханға тапсырылды. Сайыс «Тест сұрақтары», «Бейне сұрақтар», «Үй тапсырмасы»-нан (әр топ 3 шығармашылық жобаларын қорғау) құралған 3 кезең бойынша өткізілді. Топ мүшелері алдымен өздерін таныстырып өтіп, ұялы сымтетіктер арқылы «Kahoot!» қосымшасына тіркеліп, арнайы тест сұрақтарына жауап берді. 1-кезеңді «Жастар» – 4972, «Жас ғалым» – 3093 ұпаймен қорытындылады. 2-кезеңде берілген 3 бейне сұрақ бойынша екі топ 1:1 есебімен тең түсті. 3–кезеңде «Жастар» тобы қазақ тіліндегі «Аудио ертегілер», сайлауға сайт арқылы «Онлайн дауыс беру» және әрбір оқушының ғылыми жобаларын орналастырып, көшірілген немесе көшірілмегендігін анықтайтын «Ғылыми сайт» жобасын ұсынды. «Жас ғалым» тобы қоқысты тазалауға арналған құрылғының үлгісі– «Таза қала» жобасы, қыздар, ұлдар шеберханасы, аспаздар үйірмесі, электронды кітапхана, гимнастика, би, ботаникалық бақ орналастырылған мектеп шатыр астының 3D модельдегі үлгісі, әлемдегі қатыгездікті жоюды көздеген «Мейірімді жүрек» жобасын көпшілікке ұсынды. Төрешілер шешімі бойынша 1879 ұпай айырмашылығымен Назарбаев зияткерлік мектебінен келген «Жастар» тобы жеңіске жетті. Мектеп директоры Сәуле Жантөреқызы оқушылар мен қонақтарға алғысын білдірді. Сөз кезегін алған Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Ақерке Абылайханқызы: «Білім – бренд, болашағымыз осы жастардың қолында, сондықтан біздің ұрпақ – білімді, саналы болуы, жан-жақты дамуы керек. Біз Сіздерге үлкен сенім артамыз! – деп дарынды да талантты жастарға табыс тілеп, жиынды қорытындылады.

Аягөз ДҮЙСЕНБАЕВА,

арнаулы тілшіміз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *