ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫ БІЛІМ ЛОКОМОТИВІ БОЛА АЛА МА?

Білім Мәселе
712 Views

Өткен айдың орта шенінде осы «АҚИҚАТ» газетінің бетінде «Қоғамдық пікір» және оның саяси-әлеуметтік маңызына арналған мақала жариялаудың сәті түскен болатын. Онан кейін де қоғамдық желілерде, азаматтар арасында және басқа да ақпарат көздерінде еліміздің ішкі көңіл-күйіне байланысты қоғамдық қайнауы жоғары пікірлердің куәсі болудамыз. Менің жеке ойымша, төмендегі үш проблема ең маңыздылар қатарында сияқты: көптен бері қайнауы жоғары болғанымен, пісуі созыла беретін БІЛІМ САПАСЫ; аталмыш проблемамен жүзеге асуы тығыз байланысты болғанымен, жекелігі Конституциялық деңгейдегі ТІЛ МӘСЕЛЕСІ; және соңғы кезде шешілуі қоғамдық пікірге белгілі дәрежеде сәйкестеніп, қызуы төмендей бастаған ЖЕР МӘСЕЛЕСІ.

ҰЛТТЫҚ БІЛІМГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗЕ АЛМАЙ КЕЛЕМІЗ

Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде – өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары – елімізде қаржылық қиындықтар қанша жерден орын алғанымен, тағайындалуынан гөрі тағынан түсуі тез болатын оқу-білім министрлері бәрімізді де осы саладағы «реформаларға» қарқ қылған еді. Бұлардың бәрі бірдей тек зияндылық алып келді, қажетсіз болды деуден аулақпын. Бұл кез жаңару мақсатымен барлық салаларда іздену үдерісі қанат жайған уақыт еді. Артта қалған кеңестік білім жүйесі өз міндетін атқарды. Дегенмен оның әупірімтәңірі де аз емес болатын.

Десек те, ұлы Маркс айтқандай ақиқаттың критерийі практика емес пе? Бір жағынан, көптеген жаңа оқу обьектілері салынды, салалық өзгерістер енгізілді, оқу-тәрбие мазмұнын заман талабына сәйкестендіру әрекеттері орын алды, оқулықтар базасы жаңартылды. Әрі қарай да соза беруге болады. Екінші жағынан, өз билігіміз өзімізге бұйырған отыз жылдың ішінде тиімді, нәтижелі, заманауи талаптарды толық қамтамасыз ететін ұлттық білім саласына қол жеткізе алмадық. Оқыту және басқару жүйесінің ішіне сыналап корруция да, жауапсыздық та, кәсіби компетентсіздік те, басқа да сапасыздықты туғызатын да, оны бүркемелейтін де, жуып-шаятын да, алуан түрлі айла-әдістер кіріп алды. Мектептердегі және басқа да оқу орындарындағы келеңсіздіктерді қадағалауға және оны жоюға тиісті инстанциялар белгілі себептермен өздері солардың «адвокаттарына» айналды.

Азаматтармен, әсіресе жастармен, әртүрлі әлеуметтік статуста кездесіп, пікір алмасқан сәттерде шынымен-ақ айтылмыш «ауру» саланың организміне толығымен кіріп, тұрақтап алған ба дегенді мегзейтін сұрақтар аз кездеспейді. Мұндайда: «Көпшілікке топырақ шашуға болмайды» деген халық нақылы еске түседі. Өте дұрыс. Басшылардың да, педагогтардың да, ең маңыздысы оқушылардың да, ішінде жоғарғы нәтижеге, игі мақсаттарға ұмтылатындар аз емес. Жұмысына қанағаттануға тұратын мектептер, колледждер, ЖОО-лар, олардың ішінде мемлекеттік қана емес, жеке меншіктегілері де бар! Бірақ, өкінішке орай, біріншіден, ондай мәртебеге иелер көңіл көншітетіндей көп емес. Екіншіден, ата-аналар қауымы, басқа да білім саласының нәтижесіне бейжай қарамайтын азаматтар, әсіресе «оқимын» деп жүрген жастардың бәрі олардың іліп алуға тұратындарын жақсы біледі.

Ал, жалпы алғанда оқыту обьектілерінің басым көпшілігі бүгінгі күні ұлтымыздың жанжақты дамуын «белсенді» түрде тежейтін «функциясынан» ажырасқысы келмейтін сияқты. Осындай бүткіл қоғамды мазасыздандыратын жайтты аргументтеп жатудың еш қажеті жоқ. Бүгінде еліміздегі білім саласына көңілі толатын азаматтар некен-саяқ. Осындайлардың өздері де, осы саладағы қалыптасқан мүдделеріне сай статус-кводан айырылғысы келмейтіндер де, мемлекет басшысының жас ұрпақты оқыту және жас мамандар даярлау жөніндегі пікірілерінен соң іштен тұнып қалған шығар. Әсіресе, Елбасымыздың соңғы қауіпсіздік кеңесіндегі білім саласының жұмысына өкініш білдіріп, сын садағына алғанынан соң…

Бүгінгі күні қоғамдық өмірдің барлық саласын негізді де негізсіз, жөнімен де жөнсіз сынаушылар жетіп, артылуда. Осыны «мәртебе» санап, осыған мақтанушылар да жеткілікті. Ал, не істеу керек? Қандай ұсыныстарың бар деп сұрағанда көпшілігі жарытып ештеңе айта алмай қалады. Немесе, мардымсыз бірдеңелерді айта бастайды. Мұндай «қоғамдық пікір» орын алуына білім саласы шенеуніктерінің де үлесі бар. Министріміз бас боп, кейінгілері шет қалмай, теледидар, әлеуметтік желілер арқылы күнделікті қызметтегі болмашы, реттеушілік, анықтамалық, тағы да басқа күнделікті мазмұндағы іс-әрекеттерден, «басшылық шешімдерден» аса алмай отырғандарын жарнамалайды. Мысалы, ата-аналарға: «Балаларыңды қазақ сыныбына беріңдер!» деп, онсыз да «ура-патриоттар» тастап отырған ұрандарды қайталайды. Бәрібір, ата-ана қандай сыныпқа беретінін ешкімнен сұрап отырған жоқ. Немесе, онсыз да мардымсыз көтеріліп отырған педагог еңбекақысын шешу тіке өзіне байланысты сияқты масаттана экранға шығады! Көзі қарақтының бәрі біледі ғой, салыстырсаң Батыс пен Қиыр Шығыста қанша есе көп екенін. Тіптен, Батыстан нәпақасы әлдеқайда аз түбіміз бір Түркияның өзінде мұғалім айлығы біздікінен қанша есе көп екенін! Оның үстіне оқу министрі еңбек ақы тарифін тек сұрай алады. Онда да бейресми, талап ету арқылы емес. Жалақы төлеуді ұйымдастыратын – Минфин, шешетін – Үкімет, бекітетін – Президент! Сонда не мақсат? Несіне сонша көп мақтанады? Саяси-экономикалық және құқықтық мәдениеті төмендерді интернетте шулатып, пиярлау үшін бе?

ҰТЫМДЫ ҰСЫНЫСТАР БАР

Сынауға, мақала жазуға ниеттенген қоғам мүшесі өз мүмкіндігінше, көптің бірі ретінде оқырмандармен және айтылмыш саланың азаматтарымен өз ұсынысын бөлісуі керек. Олай болса, менің ең БІРІНШІ ұсынысым. Бұрынғы өткен педагогикалық тәжірибені пайдалану, ескеру мақсатында тиісті мемлекеттік құрылым республикамыздағы білім саласының соңғы 30 жылдағы даму тарихын кешенді зерттеуді қолға алып, оның жетістіктері мен кемістіктерін халыққа созбай жеткізуі керек. Бұл істі министрліктің өзіне тапсырып, қаржыланса, онда олар өз ықпалындағы орындаушыларға «жақсысын асыртып, жаманын жасыртып» жіберуі де таң қалдырмайды. Саланы ауыртатын себепті сол, әдеттегі өтірік пен мақтану. Тәуелсіз авторлар тобы табылатын шығар.

Бодандық дәуір мен тәуелсіздік аясындағы білім және ғылымның ұлттық жүйесіне өтпелі кезеңнің тым созылып кетуін есте ұстай отырып, мүмкіндігінше қысқа мерзімде осы аталмыш жүйеге өтудің ұлттық деңгейдегі бағдарламасын қабылдап, оны жүзеге асыру – кезек күттірмейтін міндет болуы керек. Өткендегі тиімсіз «реформалар» мен орындалуы мардымсыз «бағдарламалар» білімнің даму тенденциясы мен оның негізгі бағыттарын тежейтін кемістіктер мен қателіктер – ашық ракурста жойылуы керек.

ЕКІНШІДЕН, елімізде білім және ғылым министрі ауысқан сайын педагогикалық қауым тиімді жаңалықтар мен игі жақсылықтарды күтеді. Десек те, өкінішке орай, «баяғы жартас, сол жартас». Астанамыздан «тексергіштер» көші бір жағынан келіп жатады, екінші жағынан кейін қайтып жатады. Өзгерген ештеңе жоқ есебі. Жауап беріп те, жазаланып та жатқан ешкім жоқ есебі. Мұрттарын балта шаппайтын ректорлар. Әкімдер. Кейде әкім қумаса, министрлер қозғалта алмайтын директорлар…Білім сапасының құлдырағанын әлеуметтің барлық сегменттері мойындайды. Кінәлі тек ұрпағынан талап ете алмайтын ата-ана және еш оқығысы келмейтін жас буын екен. Әрине, жарыстарға барып, «марапат» арқалап келген «жүз мыңның бірі» — «таланттардан» басқалары…

Шынтуайтына келгенде, меніңше, бәріміз де кінәліміз. Бұл әлеуметтік-психологиялық бейжайлық біздің (кейбір «пысықтардан» басқа) көбімізде бар. Оқытатындарымыз жарытып оқытпаймыз. Оқитындарымыз жан қинамай «оқимыз». Басқаратындарымызға жоғары сапалы, заманауи оқыту технологиясына негізделген, құқықтық мәдениетпен әспеттелген оқу және тәрбие, ғылыми және әдістеме үдерісі керек пе? Жоқ, әлде, керек емес пе? Кесіп айту қиынның қиыны!

МЕМЛЕКЕТТЕН ДЕ, ҰЛТТАН ДА «МЫҚТЫ» ЖЕКЕ ТҰЛҒАЛАР БОЛАТЫНЫН БІЛМЕППІН…

Соңғы жылдары кеңестік оқыту тәжірибесі көбірек ауызға ілініп жүр. Ағылшындардың өзі, кейде жапондар да, осы оқыту әдісін кеңінен пайдаланғысы келетін көрінеді. Ал, ол біздің кешегі күніміз. Менің түсінігімше кеңестік білім-ғылым жүйесінің басты ұтымды тұстары: ЖОО-лардың мамандандырылған түрі мен мазмұны; қатаңдатылған оқыту технологиясы; басшы және профессорлық-оқытушылық құраммен болашақ мамандардың міндеттерін толыққанды да жауаптылықпен атқаруын қамтамасыз етуі; тағы басқалар. Қазіргі біздерде ше? Мысалға Оңтүстікті алсақ: Медициналық академиядан басқа мемлекеттік те, жеке де ЖОО-лардың бәрі әрі педагогикалық, әрі техникалық, әрі экономикалық, әрі тағы тағысын боп кете береді. Солардың бәріне маман даярлау лицензиясын министрлікті өзі берген жоқ па? Не үшін? Енді мемлекет басшысы дәрежесінде де, ұлттық ауқымда сын айтылса да қайтарып алуы қауқарсыздың көрген күніндей болып тұр. Бір экс-министр айтқандай: «Олардың бәрінің артында адамы бар»! Керемет желеу. Мемлекет басшысынан да, ұлттық қоғамдық пікірден (конституциялық халық билігінен) де мықты жеке тұлғалар болатынын мен білмеппін. Ұзын сөздің қысқа түйіні: Білім және ғылым саласын орнынан тұрғызып, даму тенденциясын қалыптастырамыз десек, осы бағыттағы заңдар мен заңдылықты, жауапкершілк пен тәртіпті жетістіктің аулы жеткенше қаталдатпасақ, онда ешнәрсеге қолымыз жетпейді…

ҮШІНШІДЕН, менің және көптеген азаматтардың пікірінше, білім және ғылым саласын дағдарыстан шығару, оны даму тенденциясына ұластыру үшін ең алдымен, реформалаудың және тежеуші фактыларды жоюдың негізгі звеносы ретінде, ректор, директор атаулылардың міндеттерін, құқықтарын, жауапкершіліктерін заңдар, ережелер, ресми нұсқаулар жиынтығында қайта қарау, немесе терең жетілдіру керек. Түп-тамыры кеңес кезінен бастау алып, тәуелсіздік заманында көзбе-көз есірген білім саласындағы жемқорлықтың негізгі кілті осылардың қолында. «ЖОО-лардағы сапасыз нәтиженің басты себебі мектептерден келетін дайындығы төмен контингент» деген «өте шын» ақталуларды естігенімізге көп болды. Шынтуайтында бәрі керісінше. Бүгінгі күні орта сыныптағылардың өздері «үлкен оқудың» тазалығына сенімсіз қарайды. Демек, қай жол мақсатқа жеткізеді? «Инемен құдық қазған ба?», әлде «басқаша» дайындық ұтымды ма?? Ата-ананы да мектеп педагогтарына қоятын талаптан гөрі, онан жоғары жердегі «талап» көбірек ойландырады.

Қазіргі кездегі министрлігіміздің балаларға: «Жазда кітап оқыңдар!», «Ректорлар мен директорларды конкурспен аламыз!», «Үш-бес жыл сайын ротациялаймыз!», тағы сол сияқты «жаңалықтары» баланың ойынына көбірек келеді. Менің ойымша, білмейді емес, біледі. Не істеу керек екенін. Тек қалыптасқан жағдайға мүдделілігі басым болуы әбден мүмкін. Біздің ментальдық ерекшелігімізде қанша конкурс өткізсең де, бәрібір, жұмыс берушінің кандидатурасы өтеді. Есесіне кейін жұмыс нәтижесіне толыққанды жауап бермейді. Комиссия емес пе ұсынған! Өмір тәжірибесі көрсеткендей, орта және ірі мектептерде жанжақты ұтқыр педұжым аз уақытта қалыптаса қоймайды. Оны қалыптастырған басшы неге өз біліктілігінің, адал еңбегінің нәтижесін қалағанынша көрмеуі керек? «Жақсы» жағы сонда, бірнеше жылда «күнә» арқалап үлгерген, «конкурспен» кезінде өткен кадрыңды басқа оқу орнына, жаңа мерзімге карт-бланш иесі ете аласың.

* * *

Айта берсе, сөз көп шығар? Бұл жерде де ұзын сөздің қысқысы:

І. Біраз бұрын айтылып, бірақ әлі жүзеге аса қоймаған мамандық беру туралы мемлекеттік құжатты – дипломды – оқу орнының өз компетенциясына беру – қазіргі кездегідей лайқа суға секіруді менсінбей, батпаққа секіруге ұмтылғанмен бірдей. Бұл – министрліктің қоғам алдындағы жауапсыздығын онан әрі төмендету. Керісінше, оқу орындарын диплом беру құқығынан мүлде ажырату керек. Олардың компетенциясы мемлекеттік емтихандарға, диплом қорғау процедурасына даярлаумен, оған үміткерлерді ұсынумен шектелуі керек.

ІІ. Егер ұлттық білім беру жүйесін өздігінен жазылмайтын індет — жемқорлықтан, емдеп құтылғымыз келсе, онда оқыту үдерісі үшін міндеті сөзсіз қажет, бірақ ректорлық-директорлық корпустың өз қызметін жеке пайдасына бұруға жетіп артылатын құқықтық потенциалын шектеу керек. Жоғарыда айтқандай, оңайлықпен мұртын балта шаппайтындай емес, керісінше, атқаратын функциясын толық жүзеге асыра алмаған жағдайда орнынан алыну мүмкіндігі заңды түрде максималды болуы керек. Мысалға айтқанда, ЖОО дипломын беретін мемлекеттік сын құрамы жоғарыдан келген «тірлігі таза» сала мамандарымен қатар, құқық қорғау (антикор), қауіпсіздік, өндіріс және қоғамдық ұйымдар өкілдерінен құрылуы керек. Мамандық беру комиссиясын министрлік емес, үкімет жасақтауы керек. Себебі, мемлекеттік сынның нәтижесі министрлік үшін де берілетін баға. Қайшылықтар туған жағдайда барлық құқықтық қоғамдағыдай сот жүйесі бар.

Бітіруші студенттердің ат төбелінен артық пайызы «құлап» қалғанының өзіне ректор жеке жауап беруге тиісті. Шаруашылық жүргізу заңдылығын қоса тексеріп, нәтижесіне қарай баратын жеріне кете беруі керек. Неге дайындығы нашар үміткер мемлекеттік сынға жіберілген? Қалай ол курстан курсқа өткен? Негізгі пәндерден қалайымша орта болса да оң баға алған? Неге осындай кемшіліктерді кезінде-ақ ректор шара қолданып, талапқа сай ретке келтірмеген? Декандар, кафедра меңгерушілері қайда қараған? Оларға оқу орны басшысының не себепті «шамасы келмеген»???

ІІІ. ЖОО-ларда, орта және ортадан кейінгі оқу орындарында «осы қиялдағандай» талап пен жауапкершілік, моральдық-психологиялық атмосфера орнаса. Бірінші басшыдан бастап, әр студентке дейін оқытудағы, оқудағы жауапсыздығы кешірілмейтін талап деңгейінде болса. Ата-ананың, оқушының сана-сезімі, түсінігі, психологиялық уклады, жауапкершілігі қазіргідей жайбарақат болар ма еді?!..Мемлекеттің, ата-ананың қаржысын есепшотқа (қалтаға демей-ақ қояын) басып, толыққанды диплом мен біліктіліктің орнына «печатталған» диплом-қағаз бере салған алаяқтықтың (қылмыстың) дәл өзі емес пе?

ТӨРТІНШІДЕН, орта мектептердің негізгісінде де, толығында да, ҰБТ-мен оқушылар толығымен қамтылуы керек. Жанбасына шаққанда болсын, шығын сметасы арқылы болсын, не жеке меншіктегідей келісім-шартқа байланысты болсын, бәрібір, барлық оқушыға бірдей қаржы жұмсалып отыр. Ал, атқарылған жұмыстың нәтижесіне келгенде жарамдылары нәтижелік сынға түседі де, ал «жарамсыздарынан» жауапкершілік алып тасталынады?!? Оқу және оқыту талабы бәріне бірдей, құқықтық міндет бәріне бірдей де, көптеген «құқығы бірдей» оқушы үшін ресми нәтижелілік бірдей емес! Директор — педагог нәтижесі үшін, педагог — барлық бітірушілер үшін кешенді ауқыммен, әр оқу жылының қортындысы бойынша жеке-жеке жалпыға бірдей пайыздық көрсеткішпен жауап бермесе, онда осылай «мәңгілік дағдарыста» кете береміз. Директорға жоғары нәтижелі қабілетті педагог емес, өзіне қолайлысы керек те, педагог түбі бәрібірге қарай ығысып кете береді. Ынтасыздар, бос диплом иелері, «блатнойлар» басшы болсын, қосшы болсын, бір жылдан артық тұрақтауға мүмкіндігі болмайтындай тәртіптік талапсыз болмайды…

БЕСІНШІДЕН, табиғатынан қабілетті, тәрбиесінен талапты, классигіміз айтқандай «үйретуден балаға» шаршамайтын, ешбір ортада өзін әлеуметтік «төмен типтегі» сезінбейтін ғалымдар мен педагог-мамандар білім саласына жол тартпай ұлттың болашағы, ары мен намысы, азаматтығы мен айнасы болып табылатын білім жүйесіне қол жеткізе алмаймыз. Ол үшін нарық қатынасы жағдайында ғалымдарымыз бен педагогтарымыз бастапқыда жапондар, оңтүстіктегі корейлер сияқты болмаса да, кемінде түріктер, малайлар деңгейінде еңбек ақы, әлеуметтік статус иесі болуы керек. Әйтпесе, ешқандай даму болмайтынын бұл күнде әрбір азамат жақсы түсінеді. Ал, осы мәселені шешу құқығына ие жоғары лауазым иелері ше???

Құрметті оқырман! Мақаланың басында мен өз ойымша соңғы айлардағы қоғамдық пікірдің авангардында білім, тіл және жер мәселелері деген едім. Әр мақаланың да өз логикалық өлшемі бар. Сол себепті білім және ғылым тығырығын шешудің барлық қоғамдық проблемаларды сауықтыруға тікелей маңызы болғандықтан, қылдай болса да пайдам тиіп қала ма деген ниетпен осыдан бастауды жөн көрдім. Оның үстіне жоғары білім объектілерінің өзіне лайықты, әлеуметтік талаптарға сай, құқықтық сәйкестігі үлгілі тыныс-тіршілігі бүткіл білім мен ғылым саласын алға сүйреудің локомотиві екеніне ешкімнің таласы жоқ деп түсінемін.

Республикалық «ӘДІЛЕТ. Рухани жаңғыру» газетінің бетінде келесі кездескенше күн жақсы.

Сапарбек САХОВ,

Қазақстан Республикасы

журналистер Одағының мүшесі,

тарих ғылымдарының мүшесі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *