ЖІБЕК (ДЕРЕКТІ ПОВЕСТЬ)

Әдебиет
472 Views

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

– Құрбым, жолаушы едік, құрқол емеспіз. Үйіңе түнеп шығайық. Ертең жолымыз жалғасады.

– Қайда бара жатырсыздар?

– Тәшкенге.

– Ойпырмай, жаяу болсаңыздар қалай жетпексіздер? Тәшкен деген жердің түбі емес пе?! – деп сұрады, қызып тұрған пешке қара шәугімді қойып жатып.

– Жол мұраты – жеті. Жүре берсек, жетерміз.

Әйел жұпыны дастарханын жайды. Жібек қоржынның аузын ашып, құрт-ірімшік, сөк, бүйеннен бір сығым май салды.

– Мынау батсайы көрпенің тысы еді, – деп, бір орам матаны алдына тастағанда, әйел қуанғанынан орнынан тұрып кетті.

– Ас салайын қазанға! – деп далбалақтаған әйелге:

– Қажеті жоқ. Қайнаған ыстық шайыңа ырзамыз, – деп, әйелді тоқтатты.

Жатар орынға әйелдің жолаушылап кеткен ері келді. Сыры мәлім емес адамға Жібек шешіле қоймады. Бірақ, ауылдың атын, алдағы жүрер бағытын, қанша уақытта, қандай ауылға жете алатындығын суыртпақтап сұрап алды.

«Мынау жанымдағы сіңлім, Тәшкен жақта тұратын туыстарымызға бара жатырмыздан» өзге әңгіме болған жоқ.

– Бұл Қажымұқан атамыздың ауылы. Осында біршама қыпшақтар бармыз, – деп әңгіме бастаған, еріне емеурін танытқан әйелі дастарханды көзімен нұсқап, Жібек әкелген батсайы матаны бүктеп, жазып, күйеуінің көзіне түсіп бақты. Бұл әйелдердің тегін еместігіне көзі жеткендей, отағасы да бір жөткірініп қойып,

көңілдене жол сілтеуге көшті.

– Ертемен шығып оңтүстік-батысқа қарай бет аласыңдар. Намаздыгер намазшамда Күйік ауылының төбесінен түсесіңдер. Ауылдың шашыраңқы отырғаны болмаса, үлкен ауыл. Кез-келген шеткі үйден Ағажанның үйін сұраңдар. Ол – менің туыс бауырым. Завферма қой шаруашылығында. Әйелінің о дүниелік болғанына да біраз уақыт өтті. Үйі адамсыз болмайды. Бір күн түнесеңдер де, дұрысырақ жерде жатқанға не жетсін?! – Өз сөзіне өзі риза болған қалып танытқан Ықылас ақкөңіл адам екен.

Ертелеп оянған қос қонақ алғысын айтып, алға қарай жылжыды. Жарым жолдан асқан кезде Зүбәржат жүруден қалды. Бүгін үшінші күн жаяулатқандарына. Жібектің де жағдайы шамалы. Қара табаны терден шым-шым ашиды. Сілтеген үйді тез тауып алды. «Құдайы қонақпыз» дегенін естігеннен кейін, ешкім де артық сауал қойып, абыржытқан жоқ.

Ағажан да, үй шаруасына көмектесіп жүрген бұрынғы әйелінің абысын-ажындары да жата қоймапты. Ағажанға Ықыластың сәлемін жеткізгенде, бір керіліп қалды. Ақжарқын, кеңпейіл қазақ көрінеді. Он шақты жыл отасқан әйелінен перзент көрмепті.

Босқындар емес, құтты қонақ келгендей, абыр-сабыр. Кеш болып қалғанына қарамай, қазан көтертті.

Бұл – елде мал басы азайып, кәмпескеден түскен мал Мәскеу асып, орыстардың тойынып, қазақ отбасыларының таяқ ұстап қалған кезеңі. Ашаршылық әлі бастала қоймаған. Жұрт қолда барына қанағат қып, ертеңіміз жақсы болады деген балалық сезіммен үкіметке үміт артқан, бұлыңғыр шақ болатын.

Танымайтын жерде – тон сыйлы. Жібек жанға зәру болса да, киер киім мен ішер асқа әлі тарығып көрмепті.

Күн әлі салқындау болғандықтан, тоқыма шапан, ішінде Қытайдан келген панбарқыт көйлек, аяғында ертеректе бір қойға тіктірген шоқайма қызыл етік, іш киімінің сыртынан жылы шалбар киіп алған. Жол жүргенде көйлегін шалбаланып, шапанының қос етегін көтеріп, беліндегі күміс белдікке қыстырып қоятын.

Ас әзірленіп дастарханға келгенше ошақ басында күбір-сыбыр әңгімелер жүріп жатты. Шет-жағасын бұлардың да құлағы шалып қалады. Жеңгелері Ағажанның басын айналдыруда: үріп ауызға салғандай екеуі де, біреуін алып қалайық. Жеңгелерінің азғыруынан бас тарта алмай қалды ма, әлде өзінің де ойы кетті ме, Ағажан да кетәрі емес сияқты.

– Қайсысын оң көріп отырсыңдар?

– Кішісі дұрыс-ау. Әрі жастау екен. Үлкені – бізге бой бермеуі мүмкін. Тіптен батыл ғой. Ертең бәрімізді бір шыбықпен қуып, тарының қауызына сыйғызып жіберердей түрі бар.

– Ендеше, сол қорқып отырғандарыңның келісімін алу керек шығар.

– Ол жағын бізге қойыңыз, – дейді жігіттің сарамжал жеңгелері.

– Құдағи-ау, етігіңізді шешіп жайғасып отырсаңызшы, келіңіз, мен тартайын, – деді қарсы алдына жайғасып алған бір жеңгесі.

Шындығында бұл етік үйден шыққалы шешілмеген. Жібек бейіл танытып аяғын ұсынды. Етік шешілгенде Жібектің ауырсынған даусы шығып кетті.

– Ойбай, құдағи, мына қалпыңызбен қалай жүрсіз? Табаныңыздың бір қабат

терісі сыпырылып қалды ғой! – деді етігін шешкені. – Ойбай, күйдірілген сұйық май әкеліңдер, мына қызыл шақа болған жерге жақпаса, жүре алмай қалайын деп тұр.

Қанша ауырсынғанмен, Жібек шыдап бақты. Жаны шығып кетсе де, алдына қойған мақсаты аяқтан гөрі қымбаттау еді.

Жаман шарығы жолда қалған Зүбәржат дорбасынан резеңке кебісін алып киіп жаны қалды. Соның өзінде әрең ілесіп отырған.

Үймелеген топтың аяғына май жағып отырғанында келіп қалған Ағажан:

– Ай, құдағи, мына қызыл шақа аяқпен ұзақ жүре алмайтын шығарсыз енді, кемінде екі-үш күн жатарсыз, – деп, қалжыңдаған болды.

– Жатсам – жатармын, басқа қандай амал бар, далада жатқаным жоқ, әйтеуір мұсылман баласысыңдар ғой, – деді сұлық.

– Құдағи, мына құдашаны алып қалсақ қайтеді? Мұнда да бір үйіңіз болып қалатын.

Жібек біраз үнсіз отырды. Ішінен: «Реті келіп тұр. Бұл ақыры маған серік болып жарытпас» деп ойлап үлгерді. Дей тұрса да, дауысын кенеп:

– Айналайын-ау, жүрген жерде таратып беретін сіңлім жоқ. Бұл – мал емес қой босағаңа байлап кете беретін. Алдымен өзінен сұрайық, – деп, жүзін Зүбәржатқа бұрды.

Зүбәржатта үн жоқ. Кетәрі емес сияқты.

Әйелдің бәрі бірдей емес екен. Азды күн азапқа шыдамайтын, жан жайлылығын ойлап, неге де көнуге бар, ішкі қуаты кем адамдар да болады екен. Жібек осы ойын ішіне түйіп қойды.

«Бөрі арығын білдірмес» дегендей, беріспе дейді Жібектің ішкі үні. Келіншектің мәртебесін көтере түсейін деп ойлады.

– Ағажан! Қыз кетәрі емес сияқты. Ендеше, ауыл-аймағыңды жинап, белгілеп ал! Біз қыдырып келген болайық! Осылай жасағаның өзіңе де, бізге де абырой!

Келісім осымен бітті.

Ертеңіне ауыл-аймақтың қатын-қалаштары «беташарға» ағылды.

Жібек жүре алмай қалғандықтан емес, сіңлісін ұзатқан құдағи ретінде үш-төрт күн жататын болды.

Беташардың алдында Жібек қоржынын ашып, ішінен мәсі-кебіс, барқыт көйлегі мен пүліш қамзолын, ақ бөрте шәлісін алып Зүбәржатқа ұсынды.

– Жеңешетай! – деген Зүбәржатқа зекіп:

– Апа де, сені сіңлім деп таныстырдым емес пе?!

– Апатай, мына бір киеріңізді маған тастап, өзіңіз… – дей бергенде, Жібек тиып тастады.

– Ойлағаным – сенің абыройың. Онсыз да өмірдің ащысын татып көрдің. Енді абыройлы келін болуға тырыс. Ерні-ерніне жұқпай өсегін айтатын көп қатынның бірі болма! Отырған-тұрғаныңа есеп беретін бол. Өткеніңді ұмытпа!

Зүбәржат көзіне жас алды.

Келінді бетін ашуға тысқа шығаруға келгендер Зүбәржатты жұнттай киіндіріп қойған құдағиға риза болысты.

* * *

Үш күннен кейін аяғы жүруге жараған Жібек байыз таппай жолға әзірленді. Ақкөңіл Ағажан ризашылығын білдіріп, Жібекке құдағи жүзік салды.

– Сізді шарапханаға дейін шығарып салайын, ары қарай Тәшкенге ағылып жатқан көп көліктің біріне мініп, туыстарыңызға жетіп аларсыз.

«Өлмегенге өлі балық кездеседі» деген осы. Бұл да Алланың маған жасаған бір жақсылығы болар», Жібек іштей мың қайтара тәубесін айтты. «Жатты жақын, жарды кешу қылатын» қабілетіне іштей қуанды да. Бір жағынан, Зүбәржат өмірден өз орнын тапты. Адамдарды аңсап келгенде, бақсының моласындай жалғыз қалдырып кеткен жұртта қандай қасиет қалды дейсің?! Ешкінің асығындай болып, осы келіншек еді ғой жаралы көңіліне медеу болған. Онымен қоймай, екі-үш күн жанында жолдас болмады ма?! Ендеше, Құдай бағын ашсын! Келген жері жаман емес. Бір үйдің жұмысын үйіріп әкетер. Етегінен бергей, Тәңірім!

Ағажан ерттеп әкелген торыға жақындай түсіп, жүгенді қолына ұстап, арқасына қайрылып:

– Алақаныңды жай, Зүбәржат, батамды берейін! Мына Ағажан екеуің тату-тәтті өмір сүріп, үбірлі-шүбірлі болыңдар! Үй ішін біретек балаға толтыр. Алла сәтін салса, қызықтарыңа куә болайын! – деді де, торының басжібін босатып, аттанып кетті.

*    *    *

(Жалғасы бар).

Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ,

ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *