ЖІБЕК (ДЕРЕКТІ ПОВЕСТЬ)

Әдебиет
411 Views

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

Жібек болған жағдайды үрейлене баяндады.

– Әпкетай, болды, олар енді нәр татпайды. Жібек байлауға кіріседі. Бұтасы бар жеңіл ағаштарды, тұт ағашының жапырақсыз сабақтарын шашып тастаңыз үстінен, – деді. – Бүгін немесе ертең ол бұтақаналарды жеткізіп береміз. Одан кейін екі-үш күн кірмеңіз де, есігін ашпаңыз да. Өйткені, тітіркеніп, шошып қалса, Жібек байламай қоюы мүмкін.

– Ойпырмай, мұндай да болады екен-ау! – деген Жібек әкелген бұтақшаларды шашып тастады да, есікті жауып, қайта кірмеді.

Үшінші күні есікті ашып сығаласа, шашып тастаған бұтақшаларға бармақтай-бармақтай жібек жіп оралып тұр. Енді тек жинап алу қалып тұр.

Қайта соққан бастық жібек құртының мөлшерін бағамдап:

– Әпке, Құдай берді, ешкімде мұндай болған жоқ. Рекорд жасайсыз әлі. Бұл қауашақтар қапқа сыймайды, ертең қанар алып келем. Әрі екі-үш мектеп оқушысын ала келермін, – деп, шығып кетті.

Ертеңіне ауылға жүк машинасы келді. Үй-үйден қауашақ жинауға кірісті. Бәрінікі бірдей. Екі қаптан аспады. Жібектің үйінен бес қанар алып шыққанда, бәрінің аузы ашылды да қалды.

Сөрелерді жинап алып кеткен соң, үйдің ішін реттеп, тазартып, ағартып алды да, қалыпты тіршілігіне көшті.

Күз өтті.

Жапалақтап қар жауып тұр. Көше беткейге бір машина келіп, гүр етіп тоқтады. Келе жатқан управляющий екен.

– Әпке, тез жиналыңыз. Сізді Райком шақырып жатыр.

– Е, менде несі бар? – Бір жағынан, жүрегі құрғыр дүрсілдеп қоя берді. Баяғы үрей. Адам бойына бір кіріп алған үрей өмірбақи кетпейді екен. Қылт етсе, қайта шыға келеді.

Өз көзіне өзі сенер емес. Өмірінде құрметтеп, арнайы көлік жіберіп, әздектетуді көріп пе Жібек?! Мұндай болатынын біліп пе Жібек?!

Есік пен төрдей кабинеттің төрінде отырған райком хатшысы орнынан тұрып

келіп, Жібектің қолын алды. Орындық ұсынды. Жасы өзі құралыптас, не екі-үш жас үлкендігі бар-ау деп шамалады Жібек.

– Сіз жібек құртын өсіруден рекорд жасадыңыз. Атыңызды да босқа Жібек қоймаған болуы керек, – деп, көпшік қоя көтеріңкі көңілмен сөйлеген үлкен бастық қасындағылардың біріне ым қағып еді, ұшып тұрып бір түйіншекті алып келді. Әдемі дорбаға салыныпты. Жібек енді байқады, бастықтың жанында үш-төрт адам отырғанын.

Бір әйел бастық дорбаны ашып, ішінен панбарқыт мата, жібектен тоқылған шілтерлі орамал, мәсі-кебіс, пүліш қамзол алып, Жібектің алдына қойды. Жібектің есіне осыдан он шақты жыл бұрынғы, босқын болып келе жатқанындағы Зүбәржатқа беріп кеткен киімдері айна-қатесіз алдынан шығып тұрғанына сенерін де, сенбесін де білмей, бейне бір басқа әлемге кетіп қалғандай күй кешті… Сол баяғы кеш, аяғында резіңкі галошы бар Зүбәржатты күйеуге берердегі әрекеті есіне түсті.

– Апай, – деді, қалың ойға кеткен Жібекті иықтан қаққан бастық әйел, – бұл – біздің сізге сыйымыз. Еңбекақыңыз қазір келеді, – деп, есік жаққа қарады.

Сізге өтірік, маған шын, шаршы орамалды шымшып байлаған бір қап болатын ақшаны стол үстіне әкеліп қойды.

– Бұл не? – деп қалды сасқалақтап қалған Жібек.

– Бұл жібек құртын бағып, аудан бойынша жоғарғы көрсеткішке жеткен еңбегіңіздің өтілі – еңбекақыңыз.

Жібек ақшаға жалғыз көзін қадап тұрып:

– Бұған не келеді?

– Бұл ақшаға төбесін шипырлатып төрт бөлмелі үй салдырып алуыңызға болады, – деді үлкен бастық.

– Өзім тұратын ауылға шағын балабақша салуға жете ме өзі?

Ерте көктем басталғаннан ауылдың әйелдері мақталыққа кетеді. Үйлерінде ылғи майда балалар қараусыз.

– Жетеді. Молынан жетеді. Қанша орынға деп ойлайсыз?

– Шамамда, отыз-қырық шақты. Кем дегенде, отызы толық болып қалар.

– Жарайсыз! Жарайсыз! Ер көңілді әйел екенсіз. Әттең, еркек болып туылмай қалғансыз. Айтпақшы, Өлмесхан сіздің ініңіз екен ғой. Ол да өзіңіз сияқты еңбекқор жігіт. Жақында қызметін өсіреміз, – деді, ризалық танытқан үлкен бастық.

– Рахмет, айналайындар! Кете берсем бола ма?

– Күте тұрыңыз. Қазір банктің қызметкері келіп, ақшаңызды санап алады. Ол – алдым, сіз – бердім деп қол қоясыз.

Ауызды жиып алғанша, костюмінің жеңіне қолғап киген, жирен шашты орыс кіріп келді. Бұлар әлдене деп түсіндіріп жатты. Көкшіл көзі күлім қағып, әлгі орамалды шымшып ұстап, көтеріп алып кетті.

Бұл мың да тоғыз жүз отыз тоғыздың қыс айы еді.

Жібек әдемі дорбаны киім-кешегімен қолтығына қысып, сыртта күтіп тұрған машинамен үйіне бақытты болып кірді.

Осыны күтіп отырғандай, көрші-қолаңның әйел-еркектері лап қойды. Әйелдержағы Жібектің сыйлығына қызыға да қызғана қарап, сипап көріп әбігерленді де қалды.

– Әй, Ағабек! – деді, Жібек ең жақын тұратын көршісіне. – Ана қорада тұрған қара тұсақты сой. Келіндер, сендер қаптағы ұннан бауырсақ, шелпек пісіріңдер! Ауылдың бүкіл балаларына жететін болсын!

– Ойпырмай, әпке, мына қойды не беріп баққансыз? Құйрығын көтере алмағаннан жон арқасы жарылып кетіпті ғой! – деді Ағабек. – Өзі де танадай екен!

– Қысқы соғымның алды болсын, бүгін қуырдаққа бір тойыңдар, қазанға етті молынан салыңдар! – деген Жібек бір сәт өзіне сырттай қарады. Баяғы бәйбіше қалпы, қызметшілерге тапсырма беріп жатқан кезі елес беріп, көзінен бір тамшы жасы тырс етіп омырауына тамды.

Айналасы үш-төрт сағатта бәрі дайын болды.

Ерлер жағы дән ризалық қалып танытса, сөзуар әйелдер:

– Сонымен, сізді ударник деді ме? – деп, тықақтап қайта сұраудың астына алып жатты.

Ауылға балабақша салдырамын дегеніне, қар кетіп, көктем келіп, Жібектің үйінің жанына құрылыс материалдары әкеліне бастағанға шейін сенбегендер де болды.

Кеңес өкіметінің не желі барын қайдам, ауылдың кейбір әйелдері «үй артында кісі бар» деп, әдеппен сөйлейтін әдеттен айрылып қалғандай. Әйтпесе, балаларына бақша салып беріп, бір қолын екі етпекке талпынған Жібек туралы: «Шешейдікі дұрыс емес, бақша салдырғанша, төбесін шипырлатып, төрт бөлмелі үй салып алмай ма?» деп тәнакүс (орынсыз) көріп жатқандары да табылды.

Жібек ол сөздерді естімей қалған жоқ. Не өз пайдасын немесе өзгеге пайдасын тигізбейтін, ондай адамдардан өзінің арқауы бөтен, жібі бекем жаратылғанын біледі де сезеді. Басқадай не ойласын?!

Осындай бірқалыпты өтіп жатқан күндердің бірінде Өлмесхан әйелімен келіп:

– Әпке, қуанышты хабар! Төркіндеріңіз аман-сау елге оралыпты. Тек Нұрымбет ақсақал қазалы болып, Тәжікстанда жерлепті. Он жыл бойына Шәркүлден өзге бір әйел босанбапты. Шәркүлдің өзін осы жақтан аяғы ауыр кеткен дейді. Ұл туып, атын Мақсұт қойыпты.

Бұл жаққа да еңбек қолы жетпей жатқандықтан, қайта оралу туралы өтініш қағазына рұқсат етіпті дейді.

– Жақсы болыпты, – деді де қойды.

Өйткені, осы екі аралықта Жібектің басынан нелер өтпеді?! Өз әулеті үшін жанын қиюға дайын еді Жібек! Талай түндерін соларды ойлауға сарп еткені, бауыры езіліп, көз жасы көл болып төгілгені. Он жыл бойына бір хабар жоқ. Іздеген жан болды ма? Бұл күнде Жібектің бауыры берішке айналып, жүрегіндегі ыстық оттың сөніп, қоламтаның табындай ғана жылылық қалған болатын. Ал керісінше, Сауытбай ақсақалдың қазасын естігенде егіліп жылаған. Әке орнына – әке, аға орнына – аға болған, қиын сағаттарда жол сілтеген осы абзал адам болмаса, Жібектің күні не болмақ еді?!

Жібек бұл күндері терең ойға барудан қорқады. Әсіресе, өткен өмірін көз алдына әкелуден. Қай ой болсын, айналып барып өткеніне оралта береді. Сондықтан, ондай кезде орнынан тұрып, отбасына пайдалы шаруамен айналысқанды жөн көреді.

ОРАЛУ

Жергілікті әкімдіктің кешірімінен кейін елге оралғандардың қарақан басынан өзге ешнәрсе арттырмағаны белгілі еді. Елге оралған соң, баяғы Батырша болыс – қайратын қара кетпенге салып, диқаншылық ісімен айналысады. Сол Батыршаның бәйбішесі Оразкүл өз күйеуіне төркін жағынан айттырып, ай десе аузы, күн десе көзі бар – Күмісай деген аруды алып береді. Ұлдың үлкені – Медетті де аяқтандырады. Соңынан Кемелін үйлендіргеніне небәрі үш күн өткенде 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталып, екі ұл да соғысқа аттанады. Екі жас келін колхоздың қара жұмысшысы. Жер аударып, бидай себу, орақ ору, пішен жинау секілді, таңалакөңнен кеш қарайғанша шабындық басында. Үй жұмысы – алпыстан асқан Оразгүлдің мойнында. Бір күні үлкен келіні – Ұлдаш: «Апа, соғыс басталғалы төркінімді көрмедім, бір-екі күнге барып келейінші» деп, қиылып сұраған соң, рұқсатын берген. Үш жыл уақыт өтіпті келін болып түскеніне. Сол кезде ауылды «қаныпезер» атанған Көпбай деген бригадир билеген дейді. Соғыстан жараланып келген. Бір аяғы, қолының саусақтары жоқ.

(Жалғасы бар).

Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ,

ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *