(Жалғасы. Басы өткен сандарда).
– Қолыңды жай, айналайын, бата берейін! Жақсыдан туған жайсаңсың, жас басыңды адамгершілік, аяушылық жолына бәс тіккенсің. Тектілігіңнің мөрі – алтын басың аман болсын, қайда жүрсең де! – Ақ батасын берген соң, ырдуын арба сықырлап өз бағытымен жүріп кетті.
Жібек үйіне қарай құстай ұшты. Арасында кібіртіктеп ілгері басқан аяғы кері кетіп мазасызданады. Құстай ұшқаны – әулетінің аман-есен діттеген жеріне жетуі болса, аяғына тұсау болғаны – ерінің екі қызының адам төзбес ауыр тағдыры.
Үйге кіріп сүлесоқ отыра кеткен Жібекке бір, жанындағы бос қапшыққа бір қарап, үмітін үзгендей жасаураған жанарын Жібекке аударды.
– Дәрі шөп жоқ. Ұшып кетіпті, – деді Жібек. Әлі қалың ұйқы құшағында жатқан баласына қарап.
Қанша қатал, қаншалықты ауыр болса да, есітіп келген әңгімесін отағасына баяндап берді. Ол үнсіз тыңдап отырды.
– Отағасы, анау екі-үш уақ малдың ішіндегі қара тұсақты бауыздап бер, мына баланы қара қойдың өкпесімен қағайын!
Отағасында үн жоқ. Тұқыртқан басы кеудеден төмен түсіп кетіпті. Көзінен көл болып аққан жас бетін шәйіп, сақалын қуалап, желбегейінің омырауына құйылып жатыр. Жібек не істерін білмей дал болды. Көрмеген құқайы жоқ Көмектің дәл бүгінгідей морт сынарын білмепті де, ойламапты да.
Үйдің ішін билеген үнсіздік әлденені күткендей, демін ішіне тартып алған.
Арада сүт пісірімдей уақыт өтті.
– Жібек!
Ыдыс-аяқпен әуре боп кеткен Жібек жүгіріп жетті.
– Жібекжан, ырзамын саған екі дүниеде де, сен де ырза бол! Көңіліңді қалдырған жерім болса, кешір!
Көмек қырылдап оң жамбасына құлап бара жатты.
– Ойбай, қайтейін енді?! – деп, қанатын жая жүгірген Жібектің құшағында Көмек жарықтық жан тәсілім етті.
Дауыс салып жоқтауға екі дүние арасында арпалысып жатқан ұлының үмітінен қорықты. Ол үміт – Жібекте де бар еді. Құлдыраңдаған құлыншағы жанында болса – жәннаттың төрі де сол еді Жібекке.
Ерінің бетін жауып, көз жасы сорғалаған күйі, ұлының тамырын ұстап, тыныс алуын бақылады. Тамыр соғысы өте әлсіз. Сұлық жатыр. Тіл қатпайды. Анасының жанайқайын – әкесінің бұл опасыз дүниені қалдырып, кетіп қалғанынан мүлде бейхабар.
– Құлыным, сөйлеші, бірдеңе деші! Қуанышжан-ау! Әкең кетіп қалды ғой… Тұршы орныңнан?!
Жібектің жыламсыраған жалынышы да, сөзі де құлағына жетпейтіндей. Неге екенін кім білсін, ұлының бойы серейіп өсіп кеткен бе, қалай?! Көрпесін қымтап жатқандағы байқауы солай еді. Қазақтың «бой жасағандағысы» деген сөзі Жібектің қаперіне кіріп-шықпаған бұл кезде.
– Апа, ақ қошқар келді, мені алып кетпекші! – Сәбидің құлындаған даусы «сақтап қалшы!» деп араша сұрағандай, ышқынып барып басылды.
Үнсіз қалған баласының басын сол қолымен көтеріп, оң қолымен тамызған суы ары өтпей, бері қарай лықсып төгілді.
Бұл – таң сыз беріп келе жатқан сәт еді.
Бейнебір, екеуі келісіп алғандай – Жібекті тағдырдың тәлкегіне лақтырып тастап, қолұстасқан қалпы, пейіштің есігіне қарай асығып бара жатқандай. Өйткені, Көмектің де, ұлы Қуаныштың да жүзінде – жұмбақтау қуаныш нұры шалқып тұр еді. Әдетте жан тапсырған қабағы қатып, жүзі сұрланып кетеді деп ойлаушы еді Жібек! Екеуінің жылы жүзіне қарап, «өлім деген жақсы екен ғой» деп, бір сәтке Жібектің де олармен ілесіп кеткісі келді.
Кенет селк ете қалған Жібек өзінің жымиып отырғанын сезіп қалды да, есін тез жия қойды.
– Ей, Алла, менің ақыл-есімді мыналармен бірге алып бара жатырсың ба?
Орнынан қарғып тұрып тысқа беттеді.
Тас төбеде қарақұс қалықтап жүр. Тырнағында әлі тіршіліктің нышаны бар қоянның көжегі бұлқынып келеді. Жан тапсыру оңай ма?! Жібектің есіне қарақұс туралы мына хикаят түсті.
«Әлімсоқтан, адам – адам болып жаратылғаны алғаш болып жер қойнына тапсырылған жан – Әбіл болыпты. Оны абайсызда өлтіріп алған – Әбілдің сыңары Қабыл екен дейді. Ол кезде, әлі адам өлімі болмаған кезде жерлеуді де білмеген екен. Әбілдің мәйітін қайда барса қасынан тастамай, қапқа салып арқалап жүрген Қабыл бір күні жылап отырса, анадай жерде бір қарақұс жемтігін жеп болған соң, қалғанын өзгелерден қызғанып, қазып, жемтігінің бетін жасырғанын көріп: «Ей, Қабыл, құсекеш құс құрлы ақылың жоқ екен ғой» деп, барып жер қазатын құрал-саймандарын алып келіп, жерді тереңдетіп қазып, бауырын жерлепті» деген аңыз бүгінге жетіпті.
«Ендігі кезек менікі – бабадан қалған салт – мәйітті жер қойнына тапсыру». Күрек, сүйменін әзірлеген Жібек үйден қырық қадам аттап шығып, жер қазуға кіріскенінде тұла бойы дірілдеп, әл-дірманы құрып, қара жерге отыра кетті.
Дүниеде ет жақыныңның, әсіресе, бауыр етің – балаңның моласын қазудан асқан қайғы болсайшы жер бетінде. Амал бар ма?! Алланың бұйрығы солай болса… Әлі қанша отырар ма еді Жібек, батыстан ескен жел үдей түспегенде. Қарашаның өкпек желі өтіңді аузыңа құйғандай. Бірақ, Жібек қайғысынан ауыр емес еді! Жібектің көзінде жас жоқ. Көз жасы қайратыңды кемітерін Жібек біледі.
Белін қара белбеумен тас қып байлап, қара топырақты бұрқырата лақтырады Жібек.
Екеуіне бір мола. Әкелі-балалы бірге жатсын дегендік. Қабырхана дайын болғанда, алдымен ерін, соңынан баласын жібек көрпесімен сырғытып әкеліп, қазылған ордың екі жағына ернеулетіп қойды да, өзі секіріп ішке түсті. Оң жаққа ерін, сол жағына баласын орналастырып, тоңып қалмасын дегендей, түйежүн көрпені мәйіттерге жауып, үстіне топырақ тастады. Бұл кезде қас қарайып, күздің суық тамшылары сіркірей бастаған. Басын құбылаға қаратқан қос аяулысымен соңғы рет қош айтысып, Жібек ішке беттеді. Топыраққа аспанның көз жасы тырс-тырс тамып жатты.
* * *
Өлгені – өшіп құтылды-ау,
Тірісі – қашып құтылды-ау!
Талқысына тағдырдың
Жібек қана тұтылды-ау!
Өксік толған көмейім,
Жоқтауымды қайырған.
Құдай, саған не дейін,
Баламнан да байымнан
Бір-ақ күнде айырған?!
Өлейін десем, өле алмай,
Өлмеуге тағы көне алмай.
Дал қылып қойған, Құдайым,
Аманатыңды және алмай!..
Көз ашып көрген қосағым,
Қиянат неге жасадың?!
Кеткенің аздай жоса ғып,
Қуанышымды қос алып,
Қайғыға қайғы жамадың,
Құлдықтан өзің босанып…
А-а-х-х!..
Мен енді қайда барамын,
Мен енді қайда қаламын?!
Дүние – жалған екен ғой,
Қонақ екен ғой адамың!
А-а… Құдай, алсайшы,
Алмасаң, адам қылсайшы.
Жібекті жүндей жұлсайшы,
Әйтпесе, Жібек қылсайшы!
Азаптан шықпас Жібектің
Жанына медет болсайшы!
Жанына сүйеу болсайшы,
Әйтпесе, Құдай, алсайшы!
Түн бойына өзіне-өзі жоқтау айтып, аласұрған Жібектің қаралы үйінде бұл күні білте шам тұтанбады. Ертелетіп баласы мен қосағының басына барып, бет сипайын десе, түнімен суырған қарлы боран сыртқа қарай ашылар есікті жауып қалыпты. Есік ашылмады. Бұл – қарашаның басы еді.
ТОҚСАН КҮНГІ ТОРЫҒУ
Ұршық
Жапанда жалғыз үй тұр қауқиып. Жалғыз ана. Құдай – жалғыз, ол – жалғыз. Ешкінің тоң майынан тамызық қылған білте шамның жанына екіншісін қойды. Бір күн болса да жатар жерім жарық болсын дегені.
Қайран Жібек! Ару Жібек! Бір кездері ақтылы қой айдаған, үйірлі жылқы ұстаған байдың қызы! Он алты қанат ақ үйден бұралып шығатын сұлу Жібек! Жоқ! Бұл – ол Жібек емес!
Ел шетінде елеусіз қалған, ел бетіне қараусыз қалған, басына іс түсіп баспақшыл болған, баласы мен ерін қатар жерлеген қаралы Жібек бұл! Іші толған у, қу сүлдерін сүйреткен пендеуи адам бейнесіндегі тірі әруақ бұл! Далада боран ысқырады. Қыстың ұзақ түнін қалай қысқартпақ?! Көпшікке қисайып, көзін іліндірмек болып еді, қашқан ұйқы ұстатар емес. Ол да әлдеқайда, алыстарға көшіп кеткен сияқты.
Ай өтті ме, апта өтті ме, үнсіздік билеген мына тар қапаста отырғанына жүз жыл болған сияқты.
– О, шіркін заман-ай! – деп күрсініп қойды.
Үйдің іші қаракөлеңке. Білтешамның жарығы әне-мінелі сөнгелі тұрғандай жалқаулана жанады. Айрандай ұйыған қорқыныштың өзі әр бұрыштан Жібекке үрейлене қарайды. Ұрлана қарайды. Уақытты өлтірмекке әдет қылған – ұршық иіру – күнделікті кәсібіне айналғандай. Ұршықтың жібін созғандағы шалт қимылынан, мұң мен зарға толы ән салып отырып, «аһ» деген ащы күрсінісінен қорқыныштың өзі қорқатындай. Әншейінде жібектей созылатын марқа жүні икемге келмей, бәлкім, икемге келгісі келмей қитығып, бырт-бырт үзіледі. Ақ білегіндегі күміс білезіктері сырт-сырт тиіп, икемді қолдарымен үзікті қайта жалғайды. Қайта үзіледі. Тойған қозының бүйіріндей томпайып, доптай домалаған ұршықтың қарны шермиіп кеткенін, жіңішке иірілген жіп көтере алмай үзілетіндігіне көзі енді жетті. Тоң орамды ұршықтың құйрығынан суырып, бұрышқа домалатып жіберді. Бөлменің едәуір бөлігін көлемі бақшадағы әңгелектердей – ақ, қара, қоңыр түсті жіптер қораланып алып жатыр.
(Жалғасы бар).
Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ,
ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері