ЖІГІТТЕРДІҢ ЖҰМЫСЫНА РИЗАМЫЗ

Қоғам
965 Views

Оңтүстік өңірінде Елбасының Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдаулары, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», күні кешегі «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларын жүзеге асыру жолында ұланғайыр тірліктер жүзеге асырылуда. Әсіресе, «Туған жер» бағдарламасындағы тапсырмаларды орындауға әркім өзінің хал-қадерінше үлес қосып келеді.

Туған жерді түлету – үлкен-кішінің бәріне ортақ шаруа екені түсінікті. Осы орайда Елбасының арнайы Жарлығымен жаңадан құрылған Түркістан облысындағы қайта ашылған Келес ауданында да ауыз толтырып айтарлықтай жүйелі жұмыстар жүргізіліп отырғаны жан жадыратады. Соның жарқын дәлелін Қошқарата ауылдық округіне қарасты осы аттас ауылдың өмірінен де көруге болады. Біздің ауылымыздан түлеп ұшқан бір топ азаматтар құрған «АНК Даму» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұйымшыл ұжымының Шымкент қаласы мен Түркістан облысының төңірегінде атқарған талай тындырымды тірліктері жайында хабарымыз бар.

Аталмыш серіктестіктің учаске бастығы Нышаналы Ержановтың жетекшілігіндегі бір топ іскер жігіттер ауылымыздағы бірқатар ішкі орам жолдарға алдымен шағал, артынша асфальт төсеп шықты. Ені төрт метрді, ұзындығы 3,1 шақырымды құрайтын жолдардың сапасы көңіл қуантады. Зиябек Рүстемов атындағы жалпы білім беретін орта мектептің қос қапталы, тағы басқа көшелердің ойдағыдай жөндеуден өткеніне тұрғылықты халық дән риза. Әсіресе, ауылымыздың ақсақалдары – Оралбай Өтеуілов, Құсан Құралов, Полат Аманов, сондай-ақ, Назан Төлеев, Жақып Мырзабаев, Бауыржан Шертайұлы, Бақыт Шалқаров, Ақжол Есенбаев, Қашым Әлімқұлов, тағы басқа азаматтар жол жөндеген жігіттерге жүректен шыққан шынайы ризашылық сезімдерін жеткізуде. Олардың бәрінің дені-бастарының сау болып, жұмыстарының табысты жалғаса беруіне ізгі тілектестіктерін білдіреді.

Бердібек АРҒЫНБАЕВ,

Қошқарата ауылының биі.

Түркістан облысы,

Келес ауданы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *