ЗАҢҒАР АЗАМАТ, БІЛІКТІ МАМАН

Мерей Тұлға
23 Views

Былтырғы жылы қазан айында жылдағы әдетіммен «Оқжетпес» санаторийіне демалуға әрі ем алуға сапар шектім. Көкше өлкенің осы бір көрікті мекеніне кейде қыста, кейде көктемде, ал кейде күзде бағыт алып, сұлу табиғатын тамашалаған сайын таңдана сұқтанып, тамсанбай қайтқан емеспін. Жұмыста жүрген қайбір жылдары мұнда жаз айларында да келуге мүмкіндік болатын. Зейнетке шыққалы бері ондай артықшылықтан айрылдық. Оның себебін жолдама берушілер күннің жылы мезгілінде демалушылар көп, орын бола бермейді деп түсіндіреді. Бәлкім солай да шығар. Оған бола неге бұлай деп сөз жарыстыруды артық көріп, бұған да шүкір дейсің де, жылдың қай мезгілінде де сәнін бұзбай, қалың қарағайлары мен көкше көлдері, көгілдір қыраттары салтанат құра сап түзейтін, көкірегіңді кере демалатын саф ауасы жаныңды жадырататын ғажап табиғатқа жеткенше асығасың.

Бұл жердің табиғаты қандай әсем болса, мұнда келушілерге жасалатын жағдай да соған лайықты. Демалыс ғимараты да, оның ішіндегі тұрмысқа жайлы көріністер де, келушілерге қызмет көрсететін адамдары да сайма-сай. Барлығы да бейне бір айналадағы әсем көрініске көлеңке түсірмеуге, ыңғайсыздық туғызуы мүмкін әлде бір жағдайлармен көңіліңе кірбің салмауға арналғандай әсер қалдырады.

Осындай жанға жайлы жылы ұядай ғимаратқа кіріп, жарқын жүзбен қарсы алған қонақжай күтуші қыздардан жатын бөлмемнің кілтін алып жайғаса бастағаным сол еді, есік ашылып, «Ассалаумағалейкум» деген дауыс естілді. Мен де «Алейкумассалам» деп тіл қаттым. Сәлемдесіп, жөн сұрасқаннан кейін байқағаным, іле-шала келген қонақ менің бөлмелес серігім екен.

Ол өзін Төлебай Әжібекұлы Қожан деп таныстырды. Мен де аты-жөнімді айттым. Әрқайсымыз өзімізге тиісті орындарға жайғасып алғаннан кейін әңгімемізді жалғастырдық. Жаңа танысыммен сұхбаттасу барысында оның астанада тұратынынан, мен сияқты зейнеткер екенінен хабардар болдым. Зейнет жасына жеткенге дейін заң саласында, оның ішінде ұзақ жылдар сот қызметінде жемісті еңбек етіп, қызмет бабымен Жоғарғы Соттың судьялығына дейін көтеріліп, сол жерден зейнетке шығыпты.

Демалыс барысындағы алғашқы бірер күнде бөлмелес серіктесіммен арадағы әңгімеміз танысу, қал сұрасу, жас шамамызды білу, кімнің қай жерден, қай елден екенінен, қандай қызмет атқарғанымыздан хабардар болу тәрізді там-тұм пікір алысумен шектелді. Ал бірер күн тынығып, емшаралар алып, қаптаған қарағайлы қалың орман арасында серуендеп, сергігеннен кейін көңіліміз көтеріліп, көкірегіміз ашылды ма кім білсін, Төлебай танысыммен бір-бірімізді баяғыдан білетін адамдай қауқылдасып, тіл табысып кеттік.

Сондағы байқағаным Төлебай өте ақкөңіл, аңқылдаған азамат екен. Әдетте сот, прокуратура, милиция маңайында жүргендермен кездесе қалғандар бастапқыда аяғын тартыңқырап, тәртіп бұзып алмайын деген адамдай денесін жиыңқырап тұрады емес пе. Ал Төлебайдың жайдары мінезіне қарап оны, егер өзі айтпаса, сот саласының қызметкері деп мүлдем ойламайсың. Әзіл-қалжыңын араластыра сөйлеп, жарқылдай күліп, жадырай түсіп жүреді. Осыған орай бір реті келгенде Төкеңнен қазіргі мамандығына қалай келгенін сұрадым. Ол былай деп жауап берді:

— Мен қазіргі Түркістан облысының (ол кезде Оңтүстік Қазақстан) Мақтаарал ауданында (бұрынғы Киров ауданы) көп балалы отбасында туып өстім. Біздің аудан мақта өсірумен шұғылданатын. Сондықтан мен ауыл шаруашылығы мамандығын таңдауды ұйғарып, мектеп бітірген соң, құласаң нардан құла дегендей, Москваның Ауыл шаруашылығы академиясына құжат тапсырдым. Бірақ жолым болмады. Елге оралып, аудандық су шаруашылығы жүйесінде бір жылдан астам еңбек етіп, әскерге аттандым. Германияда әскери борышымды өтеп жүрдім. Арман жетегіндегі жас емеспіз бе. Сұлтанмахмұт Торайғыров атамыз айтқандай, «алдымда толған мақсат, толған таңдау, алайын анасын ба, мынасын ба», дейтін кезіміз ғой. Заңгер болуға көңілім ауды. Оның өзі сан салаға бөлінетінімен ол кезде шаруамыз шамалы. Сөйтіп әскерден қайтқан бойда Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетіне құжат тапсырдым. Ауылда бір жылдан астам жұмыс істегенімнің және екі жыл әскерде болғанымның пайдасы тиіп, жеңілдікке ие болып, оқуға түсіп кеттім.

Төкең осылай деп сыр ақтарды. Оның таза ауада серуен құра жүріп айтатын әңгімесінен де, тиянақтылығы мен ұқыптылығы көзге ұрып тұратын күнделікті жүріс-тұрысынан да өмірден көргені де, түйгені де көп көшелі азамат екені аңғарылады. Бұл орайда оның жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін өз мамандығы бойынша қырық жылдан астам уақыт абыройлы еңбек еткенін айта кеткеніміз жөн. Алдымен Торғай облыстық сотында тәжірибеден өтуден бастап, Гурьев (қазіргі Атырау) қалалық халық сотының судьясы, Шымкент облыстық сотының мүшесі, Шымкент қаласындағы Әл-Фараби ауданының халық судьясы бола жүріп, бірнеше жыл аянбай еңбек етіп, шыңдалып, тәжірибе жинақтапты.

Жігерлі жас маманның өз жұмысына жауаптылықпен қарап, берілген тапсырмаға тезірек орындап тастау тұрғысынан келмейтінін оның өзіне жүктелген әрбір сот ісінің артында адам тағдыры жатқанына ой тастап, неғұрлым әділ шешім шығару арқылы қылмысқа жол беріп, жаза басқан кінәлінің кесілген үкімнің әділдігіне көз жеткізуіне айрықша назар аударатынын аңғаруға болады.

Ондаған жылдар бойы сот саласында адал еңбек етіп, мамандығын қапысыз меңгерген Төкең әңгіме барысында маған соттың сот төрелігін жүзеге асыру, құқық бұзушыларға мәжбүрлеу шараларын қолдану арқылы қоғамның және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін заңсыз қол сұғушылықтан қорғайтын мемлекеттік орган екенін, сот ісін жүргізудің өзіндік принциптері барын, атап айтқанда заңды қолдану кезінде адамның кінәсі соттың үкімімен заңды күшіне енгенге дейін ол адамның кінәсіз деп танылатынын, ешкімді де бір құқық бұзушылық үшін қайталап қылмыстық немесе әкімшілік жауапқа тартуға болмайтынын, сотталушының келісімінсіз ешкімнің оның заңда көзделген соттылығын өзгертуге болмайтынын, жауапкершілікті белгілейтін немесе күшейтетін, азаматтарға жаңа міндеттер жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күші болмайтынын, егер құқық бұзушылық жасалғаннан кейін ол үшін жауаптылық заңмен жойылса немесе жеңілдетілсе, жаңа заң қолданылатынын, сот ісінің басқа да көптеген нәзік иірімдерін түсіндіруге тырысты.

Әрине бұрын-соңды сот саласының жұмысымен етене танысудың сәті түспегендіктен, Төкеңнің ортаға салған пікірлеріне әуесқойлықпен ден қойып, біраз мағлұмат алғаныма көңілім тоғаюмен бірге бүгінде сот саласының ардагері атанып, абырой биігіне көтеріліп отырған Төлебай Әжібекұлының бұл бағыттағы жеке басының жетістіктерін де ризалықпен еске алуға болады.

Жоғарыда айтқанымдай, жергілікті жерлерде тәжірибе жинақтап, он бес жылға таяу мерзім бойы жергілікті жерлердегі сот саласының ыстық-суығына күйіп, әбден шыңдалып, өз саласының кәнігі маманына айналған Төлебай 1996 жылы республиканың Жоғарғы Сотына судьялық қызметке шақырылды. Осылайша сот саласының ең жоғары органына қызметке келгенде Төлебайдың жасы 40-та еді. Және ол сол кезде Жоғарғы Соттың ең жас судьясы болатын.

Содан бері де 30 жыл уақыт зымырап өте шығыпты. Биыл күзде Алла қаласа мерейлі 70 жасқа толғалы отыр. Өткен жылдарға көз тастап, «не тындырдым» деген сауалға жауап іздер болса, Құдайға шүкір дейтіндей із жатыр екен артында. Ең алдымен өз ісіне адал болыпты. Үнемі әділдікке жүгініпті. Оттың ортасында жүрсе де, ешкімнің обалына қалмапты.

Ұзақ жылдар атқарған әділ де адал ісінің өтеуі де болыпты. 2004 жылы Жоғарғы Соттың Құрмет грамотасын алса, 2005 жылы «Қазақстан Конституциясының 10 жылдығы» мерекелік медалімен, 2008 жылы «Астананың 10 жылдығы» мерекелік медалімен, 2010 жылы «Үш би» Құрмет белгісімен, 2011 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен, 2012, 2015, 2020 жылдары І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медальдарымен, 2016 жылы «Судьялар Одағының құрметті мүшесі» Құрмет белгісімен, осы жылы «Құрметті судья» атағымен, осы жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталды, 2017 жылы Алғыс жарияланды, 2018 жылы «Құрмет» орденімен, 2019 жылы «Сот жүйесінің ардагері» медалімен, 2021 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен, 2022 жылы «Қазақстан Республикасының сот жүйесіне 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.

Бұдан бөлек Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Д.Малаховтың Сот және сот қызметкерлері күніне орай жақында жолдаған құттықтау хаты және бар. Онда былай делінген:

«Құрметті Төлебай Әжібекұлы!

Сізді 24 маусым – Сот және сот қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Сіз еліміздің сот жүйесінде абыройлы қызмет атқарып, әділет пен сот үстемдігін қамтамасыз ету жолында үлкен үлес қостыңыз. Жоғарғы Соттағы жауапты қызметіңіз арқылы құқық үстемдігі мен азаматтардың әділдікке сенімін нығайтуға зор еңбек сіңірдіңіз.

Көп жылғы еңбегіңіз, біліміңіз бен өмірлік тәжірибеңіз өскелең ұрпаққа үлгі, ал заң алдындағы адалдығыңыз бен әділ шешімдеріңіз – кәсіби шеберліктің айқын көрінісі.

Сізге зор денсаулық, отбасылық амандық, мол бақыт пен баянды ғұмыр тілеймін! Сіздің игі істеріңіз бен парасатты жолыңыз ел есінде әрдайым сақталады.

Құрметпен,

Қазақстан Республикасы

Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы

Д.Малахов».

Төкең екеуміз Оқжетпестің саф ауасына тоймай серуендеп, сан алуан әңгімелердің басын қайырып жүргенімізге де оншақты күндей болып, Көкшенің сұлу табиғатымен қимай қоштасатын уақытымыз да таяныпты. Осы мерзім ішінде мен білікті заңгер, білімді азамат Төлебайды және бір қырынан танығандай болдым. Ол Төкеңнің табиғатқа құштарлығы дер едім.

Біз ғой айналамыздағы сұлу көріністерге тамсана қарап тамашалаумен ғана шектеледі емеспіз бе. Ал Төкең болса құр тамсануды қанағат тұтпайды. Табиғатқа зерделей қарап, оны зерттеуге ұмтылады. Кейде қарағайлар мен қайыңдардың ұшар басына мойнын созып, иір-иір бұтақтардың неше түрлі көріністерін тамашалап, «қарашы билеп тұрғандай әсер қалдырады екен» десе, енді бірде көлде жүзген аққу-қаздардың қимыл-қозғалысын қадағалап, ұзақ тұрып қалады, тағы бірде талдардың арасында ойнақ салған тиіндерді суретке түсіріп әлек.

Орман ішін аралап ұзап кеткен кездерімізде кәнігі аңшылардай із кесіп, «қазір осы тұстан бұғы өтуге тиіс» деп, ерінбей-жалықпай, асықпай аңдып, ақыры бұғының бір тұстан жалт беріп, оқыс шаба жөнелгенін көріп, «айттым ғой, әне кетті» деп мәз болады. Бір күні мені бұл арадан едәуір қашықтағы Кенесары үңгіріне ертіп барып, баба әруағына Құран оқып қайттық. Қайтар жолда шаршап-шалдыққанымызға қарамастан, «бұлаққа соға кетейік» деп, бұл арадан қиыстау бір тұстағы жотаға соғып, мөлдір суға беті-қолымызды жуып, әрі қарай Абылай хан ставкасының ту сыртындағы биік қыраттың ұшар басына шығып, алыстан мұнартқан жоталар мен көлдердің қайталанбас көрінісіне тәнті болдық. Осыдан кейін мен Төкеңе «табиғат тамыршысы» деген атақ бердім.

Небәрі оншақты күн бірге болып, бейне бірнеше жылдан бері таныс адамдай тіл табысып кеткен абзал азамат Төлебай Әжібекұлы Қожан туралы әңгімемді аяқтай келе, жетпіс деген жасқа желе жетіп, керілген желкені 80, 90, 100-ге қарай толқындарды жара жүзіп бара жатқан кеме үстіндегі жолаушы Төкең мен қасында қаумалаған жан жары мен бала-шаға, немерелері мұрат-мақсаттарына жетіп, бақытты ғұмыр кеше берсін дегім келеді.

 

Орынбек ЖОЛДЫБАЙ,

филология ғылымдарының кандидаты,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Астана қаласы