АБАЙТАНУШЫ, АЛАШТАНУШЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Мерей Тұлға
23 Views

Қазақ ғылымы мен руханиятында Абай мен Алаш мұрасын зерттеуге ғұмырын арнаған көрнекті ғалым, Еуразия ұлттық университетінің «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тұрсын Жұртбайға жоғары мемлекеттік награда табысталды.

Ұлттық әдебиет пен тарихи сананың өзекті мәселелерін зерттеуге елеулі үлес қосып келе жатқан ғалым ғылым мен мәдениетті дамытудағы ұзақ жылғы еңбегі, ұлттық құндылықтарға адалдығы және ел руханиятына сіңірген айрықша қызметі үшін I дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. Жоғары мемлекеттік награданы ғалымға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада салтанатты жағдайда табыс етті.

Мемлекеттік награданы тапсыру кезінде Мемлекет басшысы Тұрсын Жұртбайдың қазақ тарихының көмескі тұстарын зерделеуге, Алаш қайраткерлерінің мұрасын ғылыми айналымға енгізуге және ұлттық сананы жаңғыртуға қосқан еңбегіне арнайы тоқталды.

Президент өз сөзінде ғалымның Абай шығармашылығын зерттеудегі еңбегін жоғары бағалап, ұлы ойшылдың мұрасын ұлттың рухани өмірімен сабақтастыра қарастырудың маңызын атап өтті.

«Сіз Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығын терең зерттеп, оның мұрасын жан-жақты насихаттау бойынша орасан зор жұмыс атқардыңыз. Абай – ұлттың рухани темірқазығы, өскелең ұрпақтың айнымас бағдары. Шын мәнінде, ұлы ойшылды тану – қазақ халқын тану деген сөз», – деген Мемлекет басшысы ғалымның Мұхтар Әуезов пен өзге де ұлттық қайраткерлердің өмірі мен шығармашылығына арналған зерттеулерінің маңызын атап өтті.

Президенттің айтуынша, Тұрсын Жұртбайдың ғылыми еңбектерімен қатар көркем шығармалары да ұлттық әдебиеттің мазмұнын байытып, қазақ руханиятының қазынасын толықтыра түсті. Ғалымның шығармашылық ізденісі мен зерттеушілік еңбегі бір-бірімен сабақтасып, әдебиет, тарих және ұлттық сана мәселелерін тұтастай қарастыруға мүмкіндік беріп келеді.

Тұрсын Жұртбайдың ғылыми-зерттеу және шығармашылық жолы ең алдымен қазақ әдебиетінің тарихын, Алаш қозғалысы қайраткерлерінің тағдырын, олардың шығармашылық мұрасын және ұлттық мәдениеттің қалыптасу кезеңдерін зерделеумен тығыз байланысты. Оның зерттеулерінде ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының елдік мұраты, азаттық идеясы, рухани ізденістері мен қоғамдық қызметі кеңінен қарастырылады.

Ғалымның Алаш тақырыбындағы ізденістері ұлттық тарихтың талай жыл бойы көмескі тартқан беттерін қайта зерделеуге жол ашты. Ол тарихи тұлғалардың өмір жолын тек дерек тұрғысынан ғана емес, сол кезеңнің қоғамдық-әлеуметтік ахуалымен, ұлттық ой-сана эволюциясымен сабақтастыра зерттеп келеді. Осы тұрғыдан алғанда, Тұрсын Жұртбай еңбектерінің қазақ қоғамындағы тарихи жадыны жаңғыртудағы орны айрықша.

Абайтану саласында да ғалымның өзіндік зерттеу мектебі қалыптасты. Ұлы ақынның шығармашылық әлемін, ойлау жүйесін, қоғамдық көзқарасын және рухани мұрасын зерделеу арқылы ол Абай тұлғасының қазақ мәдениетіндегі орнын тереңірек танытуға еңбек сіңірді. Абайды зерттеу – бір ақынның шығармашылығын танумен шектелмей, тұтас ұлттың дүниетанымын, рухани болмысын түсінуге бастайтын кең арна екені ғалым еңбектерінен анық аңғарылады.

Бүгінде профессор Тұрсын Жұртбай Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ғылыми-педагогикалық қызмет атқарып, жас ғалымдар мен студенттердің зерттеушілік ізденістеріне бағыт-бағдар беріп келеді. Ұстаздық қызметін ғылыми ізденіспен ұштастырған ғалым отандық әдебиеттану ғылымының дамуына да тұрақты үлес қосып келеді.

Сонымен бірге ол университет құрамындағы «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығында бас ғылыми қызметкер ретінде зерттеу жұмыстарын жалғастырып, ұлттық кітап қорын ғылыми айналымға енгізу, тарихи-әдеби деректерді жүйелеу және құнды мұраларды кейінгі ұрпаққа жеткізу бағытында еңбек етіп жүр.

Тұрсын Жұртбайдың шығармашылық және ғылыми мұрасы Қазақстан аумағымен ғана шектелмейді. Оның зерттеулері мен көркем туындылары шетелдік оқырманға да таныстырылып, бірқатар еңбектері әлем халықтарының тілдеріне аударылды. Ғалымның ғылыми зерттеулерінің ЮНЕСКО-ның ресми тілдерінде жариялануы да қазақ әдебиеті, тарихы мен ұлттық руханият мәселелерінің халықаралық ғылыми кеңістіктегі маңызын көрсететін айғақтардың бірі.

Тұрсын Жұртбайдың көп жылғы еңбегінің өзегінде бір ғана мақсат бар деуге болады. Ол – ұлттың тарихи жадын жаңғырту, рухани мұраны ұлықтау және кейінгі ұрпаққа тағылымды дүниелер қалдыру. Абайды зерттеу арқылы ұлттық ойдың биігін танытса, Алаш мұрасын зерделеу арқылы елдік сананың тамырын тереңнен тартты.

Еуразия ұлттық университетінің ұжымы үшін профессор Тұрсын Жұртбайдың ғылыми-педагогикалық қызметі – ұлттық ғылым мен білімнің сабақтастығын танытатын тағылымды мектеп. Ғалымның ұзақ жылғы зерттеушілік тәжірибесі мен ұстаздық ұстанымы жас буынға бағыт-бағдар беріп, ғылыми ізденіске деген жауапкершілікті қалыптастыруға ықпал етіп келеді.

Жоғары мемлекеттік награда – ғалымның ел ғылымы мен мәдениетіне сіңірген еңбегіне берілген үлкен баға. Бұл марапат Тұрсын Жұртбайдың жеке шығармашылық жетістігін ғана емес, Абайтану, Алаштану және ұлттық руханият бағытындағы ғылыми ізденістердің қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін де айғақтайды.

Еуразия ұлттық университетінің ұжымы көрнекті ғалымды жоғары мемлекеттік наградасымен құттықтап, оған мықты денсаулық, шығармашылық қуат, жаңа ғылыми ізденістер мен толымды табыстар тіледі. Ел үшін емірене еңбек етіп, шығармашылық шыңына шыққан Тұрсағаңның ұлт руханиятының асыл қазынасын зерттеп, кейінгі ұрпаққа аманат ету жолындағы еңбегі жемісті болғай!

 

Мұратбек ТОҚТАҒАЗИН,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры