Көктемнің алғашқы аптасында біздің мақаламызға арқау болып отырған ол — Түркістан облысы Полиция департаменті Келес ауданы полиция бөлімінің Көші-қон қызмет тобының аға инспекторы полиция майоры Гүлжан Арапбекқызы Құралбекова.
Гүлжан 1979 жылы желтоқсанның 22-сі күні Түркістан облысы Сарыағаш қаласында дүниеге келген. Кішкентайынан алғырлығымен көзге түсіп, зеректігімен дараланып өскен қыздың мектептегі оқу үлгерімі өте керемет болды. Қай салаға болса да икемділігі мықты бойжеткен экономика саласына қызығушылық танытып, Сарыағаш қаласындағы ауылшаруашылық колледжіне оқуға түседі. Бала кезгі қалпынан танбай, өзінің оқу озаты деген дәрежесін төмендетпей 18 жасында «экономист-бухгалтер» мамандығын қызыл дипломмен тәмамдады.
Әрі қарай мамандығы бойынша түрлі мекемелерде хатшылық қызмет атқарып, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Алайда оның алға құрған жоспары мүлде басқа болатын. Гүлжан өзін полицей формасында жиі елестететін және армандайтын. Содан 2002 жылы бұл арманы түбегейлі өмірлік мақсатына айналып, Ақтөбе қаласына оқуға аттанды. Мейлі қандай жұмыс болсын, қандай сала болсын дөңгелетіп әкетуге дағдыланған үздік жас маман Ақтөбе заң колледжін де қызыл дипломмен сәтті аяқтады. Міне сөйтіп 2 жылдық оқудан соң туған жеріне қайта оралып, ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторы болып, ішкі істер саласындағы алғашқы қызметін бастады. Жұмысына жауапты, әр ісіне тиянақты бола білген жас полицей көп ұзамай көші-қон полиция бөлімшесінің инспекторы лауазымына тағайындалды. Оқуда озат болып, жақсы нәтиже көрсеткен Гүлжан қызметте де тек үздіктер қатарынан көрінді. Осы қызметте жүріп өмірлік серігін тауып, тұрмыс құрды. Дәстүр жолымен өзінің міндетінде адал атқарып, қазір де сол әулеттің шаңырағын шайқалтпай, түтінін түтеп отыр.
Сарыағаш қаласында 17 жыл бойы абыройлы қызмет атқарған білікті маман 2021 жылдан бері Келес ауданы полиция бөлімі көші-қон қызмет тобының аға инспекторы лауазымында келелі істер тындырып жүр. Айта кетерлік бір жайт елімізде көші-қон қызметінің тұрақты дамуына ат салысып жүрген қызметкеріміз демография саласының өркендеуіне де зор үлес қосуда. Қазіргі таңда иығына майор шенін, мойнына күміс алқа таққан батыр ана 2 ұл мен 4 қызды мәпелеп өсіріп отыр. Бүлдіршіндерін айналып-толғанып солардың болашағы үшін аянбай тер төгіп, қолынан келгенін жасап бағуда. Көктемгі мейрамда ол балақайлардың осындай сүйкімді аналарына сыйлық жасап, қуантқылары келері айдан анық. Себебі 8 наурыз ең біріншіден аналардың мейрамы. Тоғыз ай тоғыз күн құрсағында көтеріп, өмірде өз жолыңды тауып кеткеніңше сені әлпештеп, мәпелеп отыратын асыл адам. Әрбір жеткен жетістігіңе қуанып, жығылған сәтіңде өзіңнен бетер бәйек болып, демеп жіберетін ол – сенің жаныңның бір бөлшегі. Мұндай қасиеттер Гүлжан ханымның бойынан артығымен табылары сөзсіз.
Көктем – ол әрбір қыз баласына мерекелік көңіл-күй сыйлап, жандарын шуаққа бөлейтін ерекше мезгіл. Осындай наурыз айының алғашқы аптасында керемет сезімді бастан кешіп жүрген Гүлжан Арапбекқызы: «Елін қорғаған батыр да, жерін қорғаған алыпта, ұлы қайраткер де, ұлы ғалым да бәрі бір ананың құрсағында жаратылған. Мінеки көктеммен бірге жылулығы мен сұлулығын ала келген әйелдер мерекесіне орай аналар қауымына айтар алғысым шексіз. Олардың әрбір көрген бейнетінің зейнетін көргенін қалаймын. Бұған қоса полиция саласындағы барша нәзік жандыларға көтеріңкі көңіл-күй, еңбектеріне береке, жанұяларына бақыт тілеймін. Қазақстандықтардың қауіпсіз қоғамда өмір сүруі үшін олардың қосқан үлесі орасан зор. Еліміз тыныш болып, болашағымыз қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болсын!», — деп өзінің ыстық лебізін жеткізді.
Осындай батыр ана, үздік маман, жаны жайсаң жақсы адамға біздің шын жүректен тілеріміз баянды ғұмыр, абыройлы еңбек, жанұялық бақыт. Көктеммен бірге гүлденіп, үлде мен бүлдеге оранып, көңіліңіз шуаққа бөленіп, жанарыңыздан әрдайым мейірім төгіліп, шат-шадыман күйде жүре беріңіз Гүлжан ханым!