КЕК (РОМАН)

Әдебиет
383 Views

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

АҢДАРМЕН АЛЫСҚАНДА

Күнде тау ішін шарлайды. Азыққа аң атады, одан қалса, тау аралап қиял кешеді. Он шақты күн өткенде күндіз жан-жақты шолып қайтайын деген оймен тағы тау аралауға шыққан. Бұл жолы бағытын өзгертіп, түстікті бетке алған. Әудем жер жүргенде бір жылтыр тасты жарқабақтың түбінен үңірейген кішкене үңгір көрінді. Оның қандай үңгір екенін білгісі кеп, соған жақындады. Таяп барып, үңгірдің аузынан ішіне үңілді. Үңіле бергені сол еді, арғы жағынан «а-а!» деп ақыра баж еткен бір қап-қара аю шыға келді. Күші жаңа толыса бастаған құнан аю арс ете түсіп, тұра ұмтылды. Адамнан қорықпайтын ешнәрсе жоқ. Түрегеле кетіп талтаңдап ұмтылған оған, тек құлақтан жармасудан басқа не істесін. Тұрғандағы бойы кеудесінен келетін бәленің құлақтарына Омарбектің қолы да ілінді-ау. Құлақ түбінің шодырайған шершеулері қолға нақ ілінген. Жылқының болсын қос құлағынан мықтап бассаң көніп тұратыны бар. Бұрын небір шапшыған қабаған иттердің құлағынан ала кетіп жерге ұрған Омарбек қой. Жүгіре келіп ытырылып секірмей талтайып қорбаңдаған жас аю өзін оңай ұстап берді. Құлағынан алдырған бойы арсылдады, күрсілдеді; Қатты қол тұқыртқан басын көтере алмай, етіктің басынан тістеп айырылмай қалды. Белінен еңкейіп құшақтасаң біттің, желкеңнен ауыз салмай ма. Қол орнында жұмсалатын алдыңғы аяқтарының сүйем-сүйем келетін жыртқыш тырнақтары қос бүйірден қадалмай ма?

Аңдардың сырын түсінетін тау баласы аюдың бекерден бекерге адамға шаппайтынын Омарбек жақсы біледі. Қатты ашуланса, бойындағы алапат күші одан бетер қозып, адам тұрмақ, құшағына сиятын тайыншыларды көтеріп жерге ұрып мертіктіреді. Қазандай тастарды оп-оңай лақтыра беретінін де талай көрген. Сондықтан да, ең жақсысы тұспа-тұс ұшыраса қалса ыңғайына көніп, одан үндемей алыстап кету керек дейтін. Бұ жолғы жағдай оған келтірілген, жыртқышты әбжіл қимылмен тұқыртып алғанымен беліндегі қанжарды қынынан ала алмады.

Осындай кезде үңгір түкпірінде аюдың кішкентай екі қонжығын көзі шалып қалды. Аюдың ай-шай жоқ неге бірден өзіне атылғанын енді түсінді. Үрейлері ұшып жан таппай домалаңдаған бейшара қонжықтар аянышты-ақ еді. Енді мына бәлекеттен өзін қалай құтқаруды ойлады.

Бірталай жібермей тұрды да, мойыны қарысуы, бұлқынуы азайғанын әрі құлағын ауырсынған мақұлықтың басын ақырындап көтере бастаған. Құлақ түбінің қалың, қатты шершеуі сықырлай мыжылып қатты ауырсынған. Мақұлық қарысқан қолға көніп-ақ қалған еді. Омарбек бір қолын ақырындап босата бастаған еді. Екінші құлағындағы қолдан босай алмайтыны анық байқалды. Жаңағы оң жақ құлағын жібере сала қанжарын ала берді. Аюдың аларып қараған көзі ұзын қанжарға ауды. Сол орайда Омарбек құлақтағы қолымен арырақ итеріп аюды шегіндіріп тұрды да, қанжарын оған қарсы серпе ұстап екінші қолын жайлап босата берді. Өзі ақырын артқа жылжып жарты қадам, бір қадам шегіне бастап еді. Тілсіз мақұлық та бәледен босанғанына риза болғандай, ол да шегініп барып тік тұрып қалды. Омарбек те кері бұрылмай, қанжарын кезенген бойы жыртқыштан көзін алмады. Бар қауіптен құтылғандай болған үш жасар аналық басын тайқақтатыңқырап тұрып сілкініп қалды да, қонжықтарына мойнын енді ғана бұрды. Төрт аяқтарын бағанадан тынымсыз тыпырлата, безек қаға, тынымсыз қозғалақтаған бейшара қонжықтар кіп-кішкентай қобалақ денелерімен енесінің бауырына қарай екі жақтан ұмтыла кеткен. Үңгір иелерінің қимылдарына соңғы рет көз салған батыр нық қадамдап қырсықтан құтылып, өз үңгіріне қарай бұрылды.

 Аттарының осқырына үркіп жер тарпыған, үрке кісінеген дауысы шықты. Аяғын тездете басып жетіп барса, бір аттың үстіне теңбіл шұбар сілеусін жабысып алыпты. Арқасына ұзыннан жабыса мініп желкесінен алған бойы енді алқымынан қалай алудың ыңғайымен жанталасып жатқан кезі екен. Жылқы жануар алдыңғы аяқтарымен шапшып, артқы аяқтарын тоңқаңдай көтере тепкіленіп аласұруда. Оны көрген екінші аттар байлауын үзердей атырылып жер тарпып, шапши мөңкіп, шұрқырай кісінеуде.

Сілеусін тісімен қоса ағашқа өрмелейтін тырнағы өткір жыртқыш. Ол биікте жартас басында жасырынып тұрып, төмендегі өзі әлі келетін жануарға бірден атылып, желкесіне жабысады. Жабысқан жеріне өткір тістерін қадап еш айырылмай, жемтігін ақыры құлатады. Негізі, сілеусіннің жылқыға шамасы келе бермейді. Дегенмен ол қатты ашықса, жылқы түгілі адамға да шабады.

Жылқының желке тұсынан аққан қан сауылдап, сауырынын жанай жерге ағып жатыр. Сірә, ана жыртқыш өзінен әлдеқайда үлкен әрі күші мол жылқыны жыға алмайтынын білген соң, оның желке тұсы мен тісі батқан жерін шайнап жеуге кіріскен-ау. Омарбек оны атуға ыңғайланып, мылтығымен көздеді. Бірақ ары-бері шапшып, біресе оңға, біресе солға секіріп, жанталасқан жылқы үстіндегі сілеусін көздеуге іліктірмеді. Ақыры бір сәті келгенде оны атты-ау!.. Тулаған аттың үстіндегі оған оқ жөнді дарымады ма, жерге топ еткен сілеусін тұра сап, Омарбекке атылды.

Жыртқыш мұнша жылдам бола ма, бұл екінші рет атып үлгергенше, секіріп келіп, мұның мылтық ұстаған қолына жабысты. Мылтығы қолынан ұшып кетіп, бұл сол қолымен оның тамағынан шап берді. Ананың өткір күрек тістері бір демде сүйектеріне кірш етті. Бұл болса, сол қолымен сілеусіннің тамағын қатты қыса түсіп, оны жерге жықты. Тыпырлаған пәлекет тістерін білектен алар емес, сөйтіп жатып, төрт аяғымен мұның денесін тырмалай бастады. Өткір тырнақтары үстіндегі киімдердің заматта дал-далын шығарып, денесін де тілгілеп жіберді. Осы кезде қаны басына шапқан Омарбек ақырып жіберіп, қолын сілеусіннің тамағынан босата салды да, көз ілеспес жылдамдықпен беліндегі қанжарын суырып алды. Сосын оны жыртқыштың ішіне сұғып жіберіп, жоғары қарата бойлата тілді.

Сілеусіннен әл кетті. Әлімен бірге жаны да кетті. Жаны кеткенімен, жағы қарысып қалды ма, тістерін білектен босатқан жоқ. Омарбек білегін сілеусіннің қатып қалған жағы мен сояудай тістерінен әзер босатты. Білекке тіс батып тұрғанда, қан онша шыққан жоқ-тын. Оны алғанда қып-қызыл қан сауылдай жөнелді. Заматта жаралы білегі солқылдап, жанын көзіне көрсетті.

Қатты қанаған жерге топырақ ем. Әсіресе, таудың иманжапырағы да жарақатқа таптырмас дауа. Мұндай зауалдың талайын көрген ол Омарбек жарақатына алдымен топырақ сеуіп, қан ағуын тоқтатты да, білегіне сол иманжапырақты таңды.

Ауруы біраз басылғанда жаңағы жылқының жағдайын білмек боп, соған жақындады. Желке тұсы мен арқасы қан-жоса болған жануар жарақатын ауырсынғандай басын төмен салып тұр. Сілеусіннің өткір тістері терісін пәршалап, сүйек еттерін мыжғылап тастапты. Қаны тоқтаса, аман қалуы бек кәдік. Жануардың шұрқырап мазасызданғанына қарамай, Омарбек оның жарақатына да топырақ септі.

Аюдың соққысы тиген жауырынының ауруы тез басылды, ал сілеусін тістеген білегі он бес күндей жазылмай, әбден әуреге салды.

Бір айдай өткенде жарақат орны жазылып, әбден сауықты. Сілеусін шайнаған аттың да жал-жауырыны бітіп, жазылып кетті. Содан қазақ пен қырғыз қоныстарын бөліп тұрған әрі ел жақындау Белтау аталатын тауға орын ауыстырған. Белтаудың биіктеу тұсында адам өмір сүруге ыңғайлы және жанында бұлағы, үңгір бар-ды. Екі аттың бірін мініп, бірін жетектеп, екі-үш күн аңнан басқа тірі жан жүрмейтін мың шатқалды, сансыз сайлы, жүз жартасты тау ішімен жүріп, бұрын бір-екі рет көрген Белтаудағы үңгірді зорға еске түсіріп, әрең тапты. Мұнда қонғанына екі күн болған. Кеше түнде азанда Ырғайты тараптағы елге түсіп қайтайын деп ниеттенген. Енді мұны қол бастауға, ұран көтеруге шақырған мынадай түс кіріп, беймаза күй кешті.

Аздан соң бір нәрсені көп ойлай бермейтін әдетіне басып, түсін ұмытты да сілкініп, кеше кешке қақтап жеген елік етінің қалғанымен тамақтанып алды. Күрең атты мініске қалдырып, екінші атты үңгірге кіргізді. Оны аң-құс жарып тастамасын деп, үңгірдің аузын дәу тастармен бекітті. Оны біткесін, күреңге қонып, жолға шықты.

(Жалғасы бар).

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, қоғам қайраткері,

«Әділет. Рухани жаңғыру» газеті

редакциясының алқа төрағасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *