ЖІБЕК (ДЕРЕКТІ ПОВЕСТЬ)

Әдебиет
220 Views

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

Жаяу-жалпыламай, қаздай тізілген ерттеулі есектерді көргенде, көзі шарасынан шыға жаздаған Момбектің әйелі – Бағила «көтек» деп дауыстап жібергенін байқамай қалды. Бірі күлді, бірі таңданды.

Біз енді тау-тасты кешіп жүреміз. Бұл жақта жылқы малы қадірсіз, өйткені оның тұяғы тасқа жараланса, не тұяғына тас кірсе – жүруге жарамай қалады. Ал есектің тұяғында жырық жоқ, бүтін. Сондықтан таулы жерге ең ыңғайлы көлік – осы деп түсіндірді Дүйсенбі.

Ылғи ат немесе түйе мінген қазақтар, есек мінгенде тағынан түсіп қалғандай күй кешкені бар. Дегенмен, «үш күннен кейін дозаққа да үйренесің» дегендей, маңдайға жазылғаны осы болса, қайда қашып құтылмақ?!

Жол-жөнекей өздері сияқты есек мінген талайды көрді. Бастарына дағарадай сәлде салады екен. Бұлар Сталинабадқа таң алакеуімде келіп жеткен. Сонымен, есектерін жетекке алған тәжіктермен сәске мезгілінде бір қышлаққа келіп тоқтайды. Мұндағы ауыл тұрмысы мүлде бөлек. Тау үңгірлерінің алдына тас үйіп, яғни тастан қалап қабырға орнатқан. Өрілген шыбықшалардан есік жасап, сонда мекендейді екен. Есік алдындағы тастан қаланған ошақтың үстінде үлкен жалпақ көк тас. «Бұл неткен жұмбақ тас?!» деп ойланып үлгермей, үйден қолына себет ұстаған әйел шығып, астында оты әбден қызған тастың үстіне жалпайтып жайған қамырды тастай салды. Пішіні бұзылмасын дегендей, қамырдың шетін бүршектеп жинады. Әп-сәтте исі бұрқыраған жарты құлаш нан қызара бөртіп шыға келді.

– Ойпырмай, «жүре берсең – көре бересің» деген осы екен ғой, – деді көшпенділердің әйелі. Жол аузында отырғандықтан ба, жоқ әлде біз сияқты жолаушылар көп бола ма, біздерше «қазан жаппа» тасқа пісірген, жалпақ-жалпақ пәтір нан дастарханға түсті. Бүйендегі майдан жағып жесең, дәмі ауыздан кетпес. Шоққа қайнаған шелектегі суға түрлі шөптер салғанда, кәдімгі қызыл бұйра шай болып шықты.

Ақысын төлеп, қайта есектеріне үзеңгі салысты. Адам бәріне үйренеді ғой. Күлуге де, жылауға да көндігеді. Әйелдер мен балалар жағы Батырша ағаларының мына көрінісіне күлмей қала алмады. Екі аршын Батырша есек үстінде екі аяғы

сүйретіліп келе жатыр. Үзеңгіге аяқ салайын десе – екі бүктеліп қалады. Сонда да қашанғы сабырлылығына салып үндемейді. Күлгендермен қосыла күледі. Кімсің? Батырша көкпаршы басып аты шыққан, ат құлағында ойнайтын Батыршаның бүгінгі мүсәпір қалпын – өзгелердің көрмегені, абырой болды, әйтеуір.

Күн ұясына қона, жазығы бар, айналасын тау қоршаған жерге келіп аяқ сындырды. Таудың ығына орналасқан көш қаз-қатар жатып ұйқының ырымын жасады.

Таң сібірлеп атты. Бұлардың жолбасшысы Дүйсенбі әлдекіммен дабырласып, түсініксіз тілде сөйлескен дауысынан көбі оянып үлгерді.

Келген адам сол төңіректің бастығы көрінеді.

Дүйсенбінің бұларға түсіндіргені былай. «Осыдан он шақты шақырым жерде әлгінің шаруашылығы бар көрінеді. шаруашылығы болғанымен, жұмыс қолы тапшы. Егер келісім берсе, сол жерде тұрғылықты болып қалуларына болады. Тұрмыстары жаман болмайды. Қашқындығы жөнінде сыртқа шашау сөз шықпайды».

Алғашында «бұл неғылған батпанқұйрық?!» деп, сене қоймағанымен, «бара көрелік» деп тәуекелге бел буып, жаяу-жалпылап солай қарай бағыт алды. Үп еткен желі жоқ, айналасын тау қоршауынан түнектен шыққандай болған көш – жазық жерді көріп, өздерінің кең даласын көргендей болды.

Қаз-қатар салынған барақ үйлері бар екен. Әрқайсысының алдында топырақтан үйіліп, сырты сыланған үш-төрт шаршы метрдей, биіктігі үш-төрт қарыс келетін бірдеңе тұр. «Бұл не?» деген сұрауға «сыпа» деді. Жазда күн ысығанда барақ іші қапырықтанып кетеді. Сол кезде далада тыныс алып, ас-ауқатын ішетін жер деп түсіндірді.

Қайдан шыққаны белгісіз, төрт есекке артқан қапшықтары бар, сәлделі адамдар. Қап-қап күріш пен ұнды түсіріп жатты. – «Сіздерге!» дейді ыммен.

– Берген уәдесі рас болса, ешкім түртпектемесе, одан артық не керек? Ата-бабамыз нәсіп етпесе де, жұмыстан өлген жоқ. Келісейік, – деді Батырша.

– Жұмысының сыңайы қандай екен, алдымен соны байқайық, қолдан келе ме екен? – деді Момбек.

Үш-төрт еркекті өзімен алып кеткен бастық көп өтпей қайта оралды. Жігіттер де көңілді сияқты.

– Адамның істегенін – адам істейді ғой, Өзбекстанда шет-жағасын көрген, мақта алқабындағы жұмыс болып шықты.

Нұрымбет ақсақал Дүйсенбіге қарап:

– Қарағым, мен асарымды асап, жасарымды жасаған адаммын. Мына артымда қалатындар шулап жылап жүрмей ме ертең? Алдамайтыныңа көзің жете ме? – деп пысықтап алды.

– Ақсақал, бұл мен білетін Әшірмат болатын болса, бірсөзді адам. Өтебай ағамның досы. Жаңа көріскенде ол кісінің қазасын өзімнен есітіп, көңілі босап, жылап алды. Өтебай да осы Тәжікстанда өскен. Кейін ғой анда ауысқаны.

– Бәріңізге ыңғайына қарап жұмыс беремін деп отыр. Әлі-ақ көндігіп кетесіңдер. Ауғанда Сіздерді құшағын кім ашып отыр дейсіздер?!

Дүйсенбінің уәжіне көшбасшылары сеніп, мақұлдады.

Осылайша келісімге келген көш – аттай он жыл осы жерді мекендейтінін ешкім

білген жоқ ол кезде…

ЖІБЕК БОЛСА

Сауытбай Жібекке әулетінің Тәжікстанға жер ауғанын айтқанмен, аржағынан хабарым жоқ деп шынын айтты. Шындығы да солай еді.

– Ендеше мен оларды Тәжікстаннан іздеймін, – деді Жібек.

– Қарағым Жібек, ол жоқ – бір сөзін түсінбесең, бір сөзін түсінетін өзбек емес. Тілі де, дәстүрі де бөлек халық. Оның ішінде тау-таудың қуысын мекен етеді. Нағыз, Кеңес өкіметін мойындамайтын, Құдайдан өзгені қаперіне ілмейтін тағы халықтар. Қолыңа май шам алып іздесең де, таптырмайды. Тау-таудың қуысына жасырынып қалады. Біздегідей көш жерден көз түсетін жазық дала оларда жоқ. Сондықтан бұл бағытыңнан қайт.

– Өздері бір ыңғайға келіп алған соң, хабар берер. Мені ұмытпауға тиіс олар. Бір хабары жетсе, алдымен өзіңді құлағдар етемін.

– Сонда менің не істеуім керек?

– Жата жастана ойланайын. Мұрша бер. Қазір ас-ауқатыңды ішіп ал да тынық. Таңертең айтармын.

Әңгіме осымен бітті.

Шаршаған Жібек төркініне келгендей үй-ішінің жылы қабағына риза қалыпта, тырп етпей ұйықтады сол түні.

Таңертең шай үстінде Сауытбай:

– Жібек, сен осында бола тұр. Екі-үш күнде Сарыағашта тұратын ұлым бала-шағасымен осында келеді. Мен сені соларға қосып жіберейін. Сарыағаш Тәшкенге тиіп тұрған жер. Бастапқыда сол үйде тұр, екі қолға бір күрек табылар. Туысым деп айтар. Шындығында Ошақты деген бір атаның баласы екеніміз рас қой. Егер төркіндеріңнен хабар болып жатса, сол сәтте өзің еститін боласың, – деді.

Жібекте басқа амал бар ма?!

– Мақұл, жәке, Сізге сендім. Барған жерде мені көзге түртпектемесе болды. Жұмыстың қандайынан да қашпаймын, ел қатарлы істейтін боламын, – деді.

– Жәке, – деді Жібек, Сауытбайға өтіне қарап, – мына құндыз терілерін базарға өткізіп бере аласыз ба? Он шақтысын, – деп қосып қойды.

– Мақұл, таныстарымнан сұрап көрейін.

Сол күні кешке Жібектің қолына қомақты қаржыны әкеліп берді.

Жібек осы арада кір-қоңын жуып, өзі де моншаға түсіп, ағы – ақ, қызылы – қызыл боп жұтынып шыға келді.

Үш күн өткенде, айтқандай-ақ, Сауытбайдың ұлы отбасымен қыдырып келді. Баласы Өлмесхан мен келіні Ақлима өте көргенді, немерелері тәртіпті, әдемі бір әулет болып шықты. Олар керекті нәрселерін базарлап болған соң, қайтуға әзірленді. Жібек жоспардағыдай солармен кететін болды.

Өлмесхан олжалы болып қайтты. «Жібек десе – Жібек екен ғой әпкеңіз. Ойпырмай, осындай да сұлу адам болады-ау!» деп бүкіл ауыл адамдары ауыздарының суы құрып әңгімелеп жатты.

Жібек дөңгелек жүзді, қасы-көзі қап-қара, қыр мұрынды, әсіресе белден төмен құлап жатқан қос бұрымы қамшының өріміндей қатты, дене пішімі де келіскен – нақ сұлудың өзі еді. Бұл оның сырт сұлулығы ғана еді, ішіндегі құса мен қайғының қақпасын ешкім де қағып, аша да алмайтын.

Қарап жатуға дағдыланбаған Жібек апта өтпей, сиыр фермасына сауыншы болып орналасты. Өз қалауымен. Көп ұзамай озат сауыншылар қатарына қосылды.

Інісі Өлмесхан МТС-те әрі шопыр, әрі механик. Бір отбасы болып тату-тәтті өмір сүріп жүре берер ме еді, мынадай бір жаңа хабар жетпесе. Мырзашөл деген канал қазылып, тың жерге су апарылмақшы екен. Арық қазуға аудан-ауданнан жұмысшылар тартылуда деген хабарды естігені сол еді, ферма бастығы Жібекті шақырып алып қолқа салды.

– Әпке, бұл өте күрделі әрі қажетті, елге пайдасы шаш-етектен дейді, соған ауыл-аймақтан білекті деген жігіттер мен әйелдерді жинап жатыр. Алақандай біздің ауылдан жиырмаға тарта адам сұрап отыр. Жатын орын, ас-суы – бәрі өздерінен, құр қол қайтармайтын көрінеді, сіз қалай қарайсыз? – деп, қиылып сұрады.

– Барам, барайын. Ел істегенді мен де істермін. Жұрттан артық та емеспін, кем де емеспін, – деп, келісімін берді. Оның үстіне Өлмесхан басқарып баратын көрінеді.

Солайынша сұлу Жібек Мырзашөлдің төрінен бір-ақ шықты. Бұл 1934 жыл еді.

(Жалғасы бар).

Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ,

ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *