КИЕЛІ ОРЫНДАРДЫ АРАЛАП ҚАЙТТЫҚ

Қоғам
902 Views

Мен тарихы тасына қашалып жазылған, 550 жылдан астам уақыт түркіге тұрақ болған Тараздың Меркі ауданының тумасымын. Жердің жаннаты деп санар тұрақты осы дер ем. Балалығымның балғын күні, қуаныш бақытымның бастауы осы төңіректе туған. «Ұлтын сүю иманнан» деп бабаларымыз бекер айтпағандай. Жүрегінің түкпіріне иман нұры ұялаған әрбір жан елін, тілін, жерін сүюі, һам құрмет тұтуы парыз. Әлемнің қай тұсында күн кешсін, туған жерін, өскен ортаның бір жұтым ауасын, мөлдір суын, асқар ала тауларын, мұзбалақ шыңдарын сағынбауы мүмкін емес. Сол себепті даналықтан ғұмыры өрілген асыл бабаларымыз «туған елдей ел болмас, туған жердей жер болмас» деуінің астарында көпшілік сезіне бермейтін мол сыр бар. Тәннің талабын орындар барлық жағдай қай ортада болмасын жасалады. Алайда, жанның қалауы мен рақаты туған төңіректің төрінен ғана табылары ақиқат.

Елге, жерге, тілге жасалған әрбір игі ісің, адамзатқа жасаған жақсылығың, бабалар алдындағы қарызыңның өтелгені, аманаты мен үмітінің ақталғаны. Жуырда тарихы терең, бабалардың басы қосылған айрықша аймақ киелі Түркістан қаласына барып қайттым. Бұл мекенге табаным тиісімен бойымда өзгеше сезім пайда болды. Көптен бергі тебіреніске түскен сезімдер тыныштық тауып, аталар рухы жанымды жадыратқандай. Сопылық ілімнің негізін таратушы Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың, оның асыл ұстазы Арыстан баб бабамыздың басына зиярат етіп, тілек-ниетімізді білдіріп, құран бағыштадық. Сол тұста Қазақстанның бар аймағында қаншама киелі өңірлер бар екеніне көзім жетті. Менің бойымды еріксіз ата бабамыздың саралы жолы мен тереңге тамырлаған кезеңіне алып барғандай болды. Жан тәнім тазарып өзімді жеңіл сезіне бастадым. Ақ киізге көтеріп хан сайлар ордамыздан қатты әсер алдым. Барша қазақтың басын қосып, дәмін тартқызар «тай қазанды» да тамашаладым. Оның да берер тылсым күші Қазақстанымда мекендейтін түрлі өзге ұлт өкілдерінің ынтымағын қорғап тұрған секілді болды. Ынтымағы жарасқан еліміздің қайнар бұлағы, осы жерден бастау алар деген ойды түйіп қойдым. Осы тұста осыншама құндылықтарға ие, киелі мекеніміздің баршылығына шүкір қылдым. Туған өлкеме деген ыстық, махаббат толы жас көңілімді тербеттім. Өзімді осындай елде туылғаныма бақытты сезіндім. Тәңіріден еліміздің тыныштығын, бейбітшілігін қос алақанымды жайып тіледім. Киелі мекендер мен бабалар мұрасы бүгінгі ұрпағына алтын қазық, алынбас қорған секілді деген оймен бойымды жігерлендірдім. Ішімнен мына шумақ еріксіз шығып жатты:

Армысыңдар, туған жер, туғандарым,

Кезіп жердің тау-тасын, нулы орманын

Келіп тұрмын, безгем жоқ өздеріңнен,

Мені алысқа сендерден қуды арманым, — деп Фариза Оңғарсынова апамыз толғанған болатын. Қай қиырға арманның жетегінен еріп, желпінсек те тұғырымыз туған жерге байлаулы. Сол үшін де отанымызды өзгеше махаббатпен жақсы көреміз. Ал оны дәлелдеу үшін елге қызмет етуді парызымыз деп білемін. Қандай да бір қызмет түрін таңдасақ та, тыңғылықты әрекет етіп, өз мамандығымыздың майталманы болуды басты мұратымыз деп білеміз. Рухани жаңғыру мақаласында жиі айтылатын дүние нағыз сауатты, заманауи, іскер маман болу. Мемлекетіміздің негізгі капиталы – адам. Адамдардың ішінде ең жақсы жұмыс күші жалынды жастар екені шындық. Осы заңдылықты ескере отырып, өзіме берілген қайнар білім мен ұтымды уақытты кемелденуге жұмсаймын. Жас достарымды да отанымыз Тәуелсіз Қазақстан үшін қызмет қылуға шақырамын!

Еңлік СЕЙСЕБАЙ,

№6 ЖББМ 10 сынып оқушысы.

Жамбыл облысы,

Мерке ауданы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *