ЖЫЛАҒАН АТА ӘУЛИЕ БҰЛАҒЫ

Туған жер
2 741 Views

Кең байтақ Қазақстанымызда қасиетті, киелі жер саналатын орындар жетіп артылады. Әсіресе, Оңтүстік өңірінде мұндай жерлер баршылық. Соның бірі – Жылаған ата әулие бұлағы. Аңыздар мен әңгімелерді құлақпен естіп, бейнетаспадан көру бір басқа да, көзбен көру дегенің басқа дүние. Көзбен көру дегенің – сол жердің ауасын жұтып, кереметінің куәсі болу, рақатын жан-тәніңмен сезінудің өзі сөзбен айтып жеткізе алмайтын нәрсе.

Ендеше, басынан бастайық. 2017 жылдың 12-13 тамыз күндері Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің тапсырмасымен келген астаналық топпен бірге Қазығұрт ауданы мен Түркістан аумағында іссапарда болдық. Бірінші күні Қазығұрт тауы баурайында орналасқан «Ақбура әулие кесенесі», «Кеме қалған» монументі және Жігерген ауыл әкімдігінде орналасқан табиғаты тамаша, тау бөктерлей мөлдірей ағып жатқан суы да, топырағы да киелі, қасиетті жер саналатын «Көктен ата бұлағы мен Есенаман қалпе кесенесінде» болдық.

Екінші күні Түркістанға қарайтын Бабайқорған ауыл әкімдігі аумағында орналасқан киелі жерлердің бірі саналатын Мұхамед Пайғамбарымыздың оққағары әрі сахабасы болған Үкаша атаның жатқан жері мен құдығында болдық. Шырақшысы Шамсиддин Закировпен зиярат етіп келушілерден сұхбат алынып, бейнетаспаға түсірілді. Келушілердің де саны көп екен. Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстан, Орал тағы облысынан, басқа жерлерден келгендер де бар болып шықты.

Түс қайта Үкаша ата мазарынан 50 шақырымдай қашықтықта, Қаратаудың қойнауындағы бір түкпірде, тау шатқалы ішінде орналасқан Жылаған ата әулиеге қарай жолға шықтық.

Жол қиындығына қарамай бірде төмен, бірде жоғары өрлей отырып, ақырындап алға қарай жылжи бердік. Тау жолы тақтайдай тегіс емес, ой-шұқырлы, көлденеңдеп жатқан қойтастар көптеп кездеседі. Мінгеніміз – жол талғамайтын автокөліктер. Басқа жеңіл автокөліктер мынадай жолда жүре алмас еді. Жолбасшы етіп Үкаша ата құдығының басында қолғабыс етіп жүрген қара қаба сақалды, жасы қырықтардан асқан, Кентау қаласының тұрғыны Асқар деген жігітті алып шыққанымыз қандай жақсы болған екен. Ол сөз арасында бірнеше рет осы екі аралықты жаяу жүріп өткенін, Үкаша атадан – Жылаған атаға таңертең шыққаннан кешке жететінін айтып өтті.

Тау жолдары тарау-тарау болып, жан-жаққа ала қашады. «Бұрын жүріп көрмеген жердің ой-шұқыры көп» демекші, жолбастаушы болмағанда барып келуіміз қиыншылыққа түсер екен. Таудың қуыс-қуысында малға бола отырған үйлер әр жерде ұшырасады. Көбі жолдан бұрыстау жерге орналасыпты. Діттеген жерімізге жеткенше бірнеше үлкенді-кішілі тау өзендерінен өттік. Әсіресе, тау асуынан асып өту өте көп қиындық тудырды. Мұның үстіне тау жолы тар әрі бұралаң бұрылысы көп, сонымен қатар көлденеңдеп қалай болса солай жатқан тау тастарының өзі үлкен бөгет жасайды. Көліктердің жүрісіне қарап тұрсаң, биікке қарай ақырын-ақырын баспалдақпен көтеріліп бара жатқан адамды көз алдыңа елестетеді. Алайда, топ басшысы Әділеттің тау жолдарында жүріп ысылғаны, тәжірибесі барлығы тығырықтан алып шықты деп ойлаймын. Тауда көлікпен жүрмек тұрмақ, жаяу жүрудің өзі азап екенін тауға шығып көрген адам ғана түсінеді. Егер де бір қателікке ұрынсаң немесе доңғалағың жарылып, тежегішің істен шығар болса таудың етегінен табыларың сөзсіз. Оны ойлаудың өзі қандай қорқынышты десеңізші! Бейнетаспаға түсіріп жүрген операторлардың өздері қорқа жүріп жұмыс жасауына тура келді.

Жылаған ата бұлағы (Жоғарыдағы үңгірден су ағады).

Не керек, әупірімдеп жүріп, Жылаған ата әулиеге жақындап көліктен түстік. Ары қарай көлік бара алмайды. Енді бізді алдымызда үш шақырымдық шатқалға түсетін жалғызаяқ жол күтіп тұрды. Жарты сағаттай уақыт жұмсап, етекке де түстік.

Бізді сол жердің шырақшысы, елудің о жақ бұ жағындағы жігіт ағасы Бақыт Құлжабаев (Сайрам ауданы Құрлық ауылының тұрғыны) қарсы алды. Осы жерде 2017 жылдың 9 мамырынан бері тұрып жатыр екен. Ауасы, табиғаты тамаша болғанымен, тылсым дүние ортасында жалғыз адамға өмір сүру дегенің елегізуі басым, қорқынышты сияқты. Айнала дауыс жетер жерде ел көрінбейді. Тек тау өзенінің сарқырай аққан бір сарынды дыбысынан басқа ештеңе естілмейді, айнала жым-жырт тыныштық құшағында мүлгіп тұр.

Қалқайып, тау өзені маңайында салынған үш үй тұр. Біріншісі – өзенге жақындауы шырақшының үйі, екіншісі – мешіт есебіндегі үй, үшіншісі – зиярат етіп келгендер түнейтін үй екен. Ішкі қабырғалары әктеліп, жерге кілем төселген. Қабырғалары жарты метрдей қалыңдықта бақса тәсілімен жасалып, сырты таспен қаланып шыққан. Шатыры шифермен жабылған.

Шырақшы бастаған топ тау өзенін бойлай шатқалға кірдік. Көп ұзамай Жылаған атаның бұлағына жетіп, үлкен жартастың жанына келіп тоқтадық. Он метрдей биіктікте үңгір көрінеді. Төменде өзеннен бір метрдей биіктікте тастардың арасынан мөлдіреп бұлақ суы ағып жатыр. Астыңғы жағына қаңылтырдан шүмек жасап, жанына желім күрішке қойылыпты. Таза, мөлдір судан шөлің қанғанша ішуіңе болады. Суды ішкен сайын бойың сергіп, жеңілдеп қалғандай күй кешесің.

Шырақшы қойған сұрақтарымызға орай Жылаған ата әулие тарихын тарқатып айтып берді. Бір кісі бай болғанымен, перзенті болмапты. Бұл кісінің аты Гүрізхан (бірде Гүрзіхан, Құрышхан, Уыз хан деп те айтыла береді), анасының есімі Шашты ана деп айтылады. Әулие-әмбиелердің басына түнеп жүріп бір күні әйелі құрсақ көтеріпті. Сөйтіп ай-күні жетіп, толғатқан әйел іркілдеген мес (перделі бала) туыпты. Бала өмірге келген жерді жергілікті халық «Мес әулие» атайды екен. Месті бірнеше ай ел көзіне көрсетпей, көміп тастауға қимай, арқалап жүреді. Мес күн санап үлкейе береді. Мес баланы көтеруден шаршап, шыдамы таусылған ата-ана қазіргі Игілік елді мекеніне келгенде «Сені арқалаумен өміріміз өтетін болды ғой! Сен-ақ бізді шаршатып біттің, сен үшін жылы үй, жұмсақ төсегімізден бездік қой» дей бергенде мес қолынан түсіп кетеді. Сол сәтте мес жарылып, ішінен жүзінен нұр төгілген, қолында алтын асатаяғы бар бала шыға келеді. Ата-анасы аң-таң болып қалады. Екеуі балаға жақындамақ болғанда, бала артқа шегініп: «Жақындамаңыздар, бұл дүниеде Сіздерге қосыла алмаймын», – деп бұрылып алып тауға қарай қаша жөнеледі. Ата-ана жылап-еңіреп кешірім сұрап соңынан жүгіреді. Тау қойнауына кіріп, артынан келе жатқан әке-шешесін көрген бала: «Ата-анам шөлдеді ғой! Шөлдерін басып, жуынып алсыншы!» деп қолындағы асатаяғымен тасты түртіп қалады. Жерден су атқылап шығады. Міне осы жер «Тасқұдық» аталады. Әлі күнге суы бар. Құдықтың жанында баланың жалаңаяқ ізі тастың бетінде сақталып қалған. (Оны өз көзіммен көрдім. Автор.)

Бала қозыкөш жерге барып, тасада бір дәу тасты қақпақыл қылып ойнап отырады. Сол жердегі етекке түсе берісте «Палуантас» деп аталатын тасы да тұр. Ата-анасының соңынан келе жатқанын көрген бала шатқалға түсіп кетеді. Ата-анасы баланың соңынан қалмай, етекке түседі. Ата-анасынан қашқан бала жартас жанына барып, «Қара тас жарыл!» деп айқай салады. Сол кезде жартаста үңгір пайда болып, бала үңгірге кіріп кетеді. Ол үңгір «Періште үңгір» деп аталады.

Бір жеті күткен ата-анасының түсіне кірген баласы: «Енді Сіздерге бұ дүниеде жоқпын. О дүниеде қауышармыз, қайтыңыздар. Тек айтарым, кетіп бара жатып арттарыңызға қарамаңыздар», – деп аян береді.

Амалдары таусылған ата-анасы келген іздерімен жылай-жылай кері қайтады. Есекбел деген жерге жеткенде, алаң көңіл, қимастықпен «Мүмкін баламыз еріп келе жатқан болар» деп арттарына бұрылып қарайды. Қараса, жүрген іздерімен бір арық су ағып келеді екен. сол қараған жерде су жерге сіңіп жоғалады. «Әттеген-ай!» деп өкінген екі қарт Абай ауылына келеді.

Қанша жасағаны белгісіз, әкесі қайтыс болып, осы ауылға жерленеді. Көп ұзамай дүниеден озған анаға Қаражон ауылының топырағы бұйырады. Негізінен аңыздарының айтылуы әртүрлі болғанымен, мазмұны бірдей болып келеді.

Шырақшы аңыз әңгіме желісін бітірген кезде «Бұл жерде Құран оқыған кезде пайда болатын су бар деп естіп едік» дей бергенімде, он метр биіктікте тұрған үңгірден су атқылай шығып, сарқырай ақты. Құдайдың құдіреті! Аққан суға беті-қолымызды жуып, алақанымызға толтыра ішіп бола бергенімізде су өзінен-өзі тартылып қалды. Мөлдір, таза, мұздай су. Қалай пайда болды? Неліктен тоқтады? – деген сұрақтарға жауап таппай аң-таң күйде тұрып қалдық. Шырақшы да: «Ол жағы бір Құдайға ғана аян. Су кез келгеннің бәріне бірдей шыға бермейді. Кейде апталап, айлап шықпай қалатын кез болады. Жаңа Сіздердің алдарыңызда болған зиярат етушілерге де шыққан еді. Біздің ойымызша, ақ ниетпен, шын тілеумен жол қиындығына қарамай осында келген пенделеріне Алланың көрсеткен бір шапағаты шығар» дегенді айтты.

Кезінде бір геологиялық экспедиция келіп, жартасты бірнеше рет динамит қойып жарылыс жасай алмапты. Ол да бұл жердің тылсым құдіреттерінің бірі шығар. Мұнда Польша елінен келген экстрасенстар: «Бұл жер таза рухтар мекендеген жер» – деп баға беріп кетіпті.

Жол бастап барған Асқар маған жақындап: «Жартасқа жөндеп зер сала қараңызшы, онда жылап тұрған қарияны байқайсыз», – деп сыбырлады. Алдында мән бермеген екенмін, жартасқа анықтай көз салғанымда басына бөрік киген, қоңқақ мұрынды, сақалына ақ, көк, қара түс араласқан қарттың жылап тұрған бейнесі анық көрінді. Жаратқанның кереметінде шек жоқ деген осы болса керек.

Шырақшы да сөз реті келгенде түні бойы ұйықтай алмайтынын, өйткені түнімен таң атқанға дейін біреулердің гүмбірлеп сөйлеп, ары-бері жүретінін айтып өтті. Бұл да осы жердің ғажайыптарының бірі болар.

Содан кейін шатқалды өрлей отырып «Ананың жатыры» деген жерге бардық. Ананың жатырына ұқсас иірімге перзент сұраған жандар келіп зиярат етіп, суына шомылып, тілектері қабыл болғандар да бар екен.

Одан жоғары біраз жер тағы да жүрдік. Шыңның жоғары жағында орналасқан қос үңгірді «Періште үңгір» деп атайды екен. Баланың кіріп кеткен үңгірі сол жер болып шықты. Күн ұясына батуға жақындап қалғандықтан, жалғызаяқ жолмен жүрудің қиындығын ойлап, қыр басында қалған көлігімізге жарық барда жетіп алуды мақсат тұтқан біз «Періште үңгірге» бара алмай, үңгірді алыстан суретке, бейнетаспаға түсіріп алдық та кері бұрылдық. Көлік тұрған жерге жеткенімізде күн батып, айналаны қараңғылық қымтай бастады.

Алланың құдіреті! Төбеге қалай көтерілеміз деп ойлаған бізге таза ауа, мөлдір бұлақ суы бойымызға қуат берді ме қайдам, жоғары жаққа қиналмай көтерілдік. Не десек те тылсым бір құдіреттің жебегені анық. Ойымыз да, бойымыз да сергек, өзімізді шаршамаған жандардай сезіндік. Міне, қасиетті, киелі жер деп осындай орындарды атаса керек.

Тау іші салқындай бастады. Қараңғылық көңілімізге қорқыныш ұялатқанына қарамай, көңіліміз көтеріңкі күйде көлігімізді бір тексеруден өткізіп алдық та жолға шығып кеттік.

Күндізге қарағанда, түнде жүру қиынға соқты. Сонда да «жол мақсаты – жету» демекші, тасбақа аяңмен кері қайттық. Қою қараңғылықта асудан өту қаншама қорқынышты болса да аман-есен өтіп, Үкаша атаға шамалы жер қалғанда бір көлігіміздің астыңғы жағы тасқа тиіп жарамсызданып жүре алмай қалды. Ертеңіне көлік тауып, ақаулы көлікті артып алып, таза ауа, тамаша табиғатқа риза кейіпте, таңғажайып тылсым дүние сырына қаныға алмай, әркім өз көңіл түкпіріндегі сұрақтарға жауап іздеген күйімізде Шымкентке оралдық.

Айтпағым, осындай тамаша, керемет жерлерді көпшілік біле бермейтіні өкінішті-ақ! Мұндай жерлердің қасиетін түсіну үшін әрбір адам өз көзімен көруі керек. Сонда ғана жердің қасиетін, киесін жанымен ұғына алады. Киелі, қасиетті жерлерімізді насихаттау жағы кемшін түсіп жатқаны белгілі. Осы кемшілігімізді түзеу үшін насихаттау жұмыстарына көбірек көңіл бөліп, жарнамаларды күшейтіп, алыс-жақын елдерден туристерді тарта білсек, елімізді әлемге танытуға, экономикасын дамытуға көп үлес қосқан болар едік.

Еділбай КӨШЕРБАЙ,

Түркістан облыстық мәдениет және тілдерді дамытубасқармасының «Тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдаланужөніндегі орталық» МКҚК-ның ғылыми қызметкері,
Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылародақтарының мүшесі.


Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *