АГРАРЛЫҚ КОЛЛЕДЖ – БІЛІКТІ МАМАНДАР МЕКЕНІ

Білім
2 765 Views

Қазақстан Республикасының Оңтүстік өңіріндегі ауыл шаруашылығы саласына орта буын мамандар дайындайтын іргелі оқу орындарының бірі – Түркістан облысының жоғары аграрлық колледжі деуімізге толық негіз бар. Іргетасы 1972 жылы Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің қаулысына сәйкес республика Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы негізінде құрылған болатын. Кейіннен Шымкент совхоз-техникумы деп аталды. 1996 жылдан 2000 жылға дейін Шымкент агротехникалық колледжі, Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімиятының 2003 жылғы 14 наурыздағы №121 қаулысы негізінде Шымкент аграрлық колледжі болып аталды. Бүгінгі таңда Түркістан облысының жоғары аграрлық колледжіне айналған.

Гаухар Алпысбайқызы Бекбергенова, колледж директоры

Түркістан облысының жоғары аграрлық колледжі – ауыл шаруашылығы саласына орта арнаулы кәсіптік мамандар дайындайтын базалық оқу орны болып табылады. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 24 наурыздағы № 213 бұйрығымен Шымкент аграрлық колледжі республикада ең алдыңғы үздік он арнаулы орта оқу орындарының қатарына енді. Сонымен қатар республикадағы 283 колледждің ішінде сегізінші орынды, ал ауыл шаруашылығы саласы бойынша республикада бірінші орынды иеленді. 2017 жылдың желтоқсан айында колледж институционалдық және мамандандырылған аккредитациядан жоғары деңгейде өтті.

Қазіргі таңда колледжімізді «Нұр Отан» партиясы «Өркениет» бастауыш партия ұйымының төрағасы, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі Гаухар Алпысбайқызы Бекбергенова басқаруда. Бүгінде колледж жаңа оқыту технологияларын енгізу арқылы кәсіби шеберлігі жоғары, ұлтжанды, әлемдік озық мәдениет үлгілерін бойына сіңірген, нарық жағдайына бейімделген, бәсекеге қабілетті білікті мамандар даярлау мақсатында 15 мамандық, 35 біліктілік бойынша шәкірттерге терең де сапалы білім және тәлімді тәрбие беруде. Колледжде 1896 жас талапкер білім алуда, соның ішінде күндізгі оқу бөлімінде – 1674, сырттай оқу бөлімінде 222 жас оқиды. Жалпы алғанда, колледжде 195 оқытушы білім беруде, олардың ішінде біреуі ғылым докторы, жетеуі ғылым кандидаты, 24 магистр, 42 жоғары санатты, 32 бірінші санатты оқытушылар бар.

Колледжде халық шаруашылығында жоғары сұранысқа ие болатын «Агрономия», «Өсімдік шаруашылығы», «Орман шаруашылығы, «Бақ-саябақ және ландшафт құрылысы», «Ауыл шаруашылығын механикаландыру», «Ветеринария», «Электрмен қамтамасыз ету» (салалар бойынша), «Тамақтандыру кәсіпорындарының өнім өндіру технологиясы және оны ұйымдастыру», «Консервілер және тағам концентраттары өндірісі», «Сүт тағамдарының өндірісі» мамандықтары бойынша 9-сынып және 11-сынып негізінде мектеп бітірушілері оқуға қабылданып, білім алуда.

Қазіргі таңда колледж бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау мақсатында оқу процесінде жаңа технологияларды кеңінен қолдануда. Арнаулы орта оқу орны 136 әлеуметтік серіктестікпен бірлесе отырып, жүйелі жұмыс жасауда. Олардың 48-і дуальдік оқыту жүйесі бойынша құрастырылған оқу бағдарламаларымен білім беруде. Атап өтер болсақ, «Оңтүстік жарық», «Глобус», «Ордабасы құс», «Грант береке», «Нұрай» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, «Амангелді», «Ясауи», «Янс», «Қуат жылу», «Оңтүстік қабылдау үйі», тағы басқалар – солардың санатында.

«Кәсіпқор» холдинг» КЕАҚ-мен бірлесіп 45 білім беру бағдарламасы әртүрлі мамандықтар бойынша дайындаудамыз. Бізде осы оқу бағдарламалары ішінен 11 мамандықты модульдік оқыту жүйесі негізінде жұмыстық оқу жоспарлары мен оқу бағдарламалары дайындалды. Колледжде 601 оқушы модульдік-құзіреттілік негізінде құрастырылған бағдарламалары негізінде білім алуда.

Оқу-тәжірибе ісі заман талабына сай жабдықталған дәрісханалар мен зертханалар, компьютер сыныптары, әдістемелік кабинеті, оқу залы, кітапхана, спорт зал, медпункт, автодром және оқу-өндірістік база шеңберінде жүргізіледі. Оқу-өндірістік базада дуальдік оқыту жүйесін жүзеге асыру мақсатында «Агрономия», «Орман шаруашылығы, «Бақ-саябақ және ландшафт құрылысы» мамандықтары бойынша алма, жүзім, қызанақ, болгар бұрышы, бидай, арпа, жүгері танаптарымен қатар заман талабына сай жабдықталған жылыжай, «Зоотехния», «Ветеринария» мамандықтары бойынша ауру малдарға нақты диагноз қоюға мүмкіндік беретін ультрадыбысты толқындармен зерттейтін құрал-жабдықтар, инвазиялық ауруларға қарсы ағзадағы жұмыр құрттарды дұрыс ажыратуға мүмкіндік беретін трихипелескоп, сүттің майлылығын және қышқылдылығын тексеретін «Лактан» құрылғысы, сондай-ақ арнайы мал тұрақтарында төрт түлік мал, қояндар, үй құстары және зертханалық жануарлар, бал омартасы топтастырылған.

Аталмыш оқу базасында «Ауыл шаруашылығын механикаландыру», «Электрмен қамтамасыз ету» мамандықтары бойынша арнайы жасақталған автотұрақ, механикалық цех және соңғы үлгідегі техникалар бар. «Тамақтандыру кәсіпорнының өнім өндіру технологиясы және оны ұйымдастыру», «Консерві және тағам концентраттары өндірісі», «Сүт тағамдарының өндірісі» мамандықтары бойынша электр пештері, блендер, миксер, слайсер, тоңазытқыштар, тарату желісі, сүт өнімдерін өңдейтін цехтармен толыққанды жабдықталған. Компьютер сыныптары Internet жүйесіне қосылған. Электронды оқулықтармен қамтылған. Кітапхана қоры оқытушылардың ғылыми шығармашылық және өздерінің жеке еңбектерімен толықтырылған. Арнайы пән оқытушылары – К.Раманкулова, Б.Аманкулова және Н.Усербаеваның «Сүт өнімдерінің өндірісі» мамандығына арналған «Технологиялық процестерді автоматтандыру» атты оқу құралында Оңтүстік өңірде жұмыс істеп жатқан сүт өндірісінде жүзеге асырылған автоматтандырылған тізбектерде жұмыс істей алатын оператор маманының біліктілігіне сәйкес іскерлік дағдыларын қалыптастыруды мақсат ететін жүйе енгізілген. Техникалық және кәсіптік білімнің республикалық оқу-әдістемелік кеңес мүшесі, басшымыз Г.Бекбергенова эксперт ретінде бұл еңбекке жоғары баға беріп отыр. Түркістан жоғары аграрлық колледжі Шымкент қаласындағы №65, Сайрам ауданына қарасты №74 мектептермен тығыз байланыста жұмыс жасауда. Мектеп оқушыларын мамандыққа бағдарлау, кәсіпке баулу мақсатында колледждің арнайы пән оқытушылары өз тәжірибелерімен бөлісуде.

Оңтүстік Қазақстан облысының білім департаменті ұйымдастырған техникалық және кәсіптік білім беру студенттері арасындағы «WORLDSKILLS KAZAKHSTAN-2018» өңіраралық чемпионатында оқытушы Есенғазы Алтынбековтың жетекшілігімен оқушы Нұрбақ Шырынбек «Тракторлар мен ауыл шаруашылығы мәшинелерін жөндеуші – слесарь» құзыреттілігінде жоғары кәсібилігі үшін Дипломмен марапатталды. Ал 2018 жылдың 3-7 желтоқсан аралығында өткен «WORLDSKILLS KAZAKHSTAN -2018» Ұлттық чемпионатында «Ауылшаруашылығы көліктерін және тракторларын жөндеуші – слесарь» құзыреттілігі бойынша бірінші дәрежелі Дипломын иеленді. Сонымен қатар Ресейдің Казан каласында өтетін чемпионатқа жолдама алды.

Колледж директорының игі бастамасымен жаңа технологияларға негізделген инновациялық идеяларды дамыту және студенттерді кәсіпке баулу мақсатында «СТАРТАП» жобасын іске асыратын студенттік бизнес инкубатор жұмыс істеуде.

Колледжде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдаулары, бағдарламалық мақалалары, сондай-ақ «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа жариялаған Үндеуінің «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» атты Үшінші бастамасын қолдау мақсатында студенттер үйінде көптеген жұмыстар атқарылуда. Мұнда шәкірттердің сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Елбасының халыққа жариялаған Үндеуін қолдау мақсатында заманауи талаптарға сай спорттық жабдықтармен жабдықталған «Фитнес орталығы» салтанатты түрде ашылды. Студенттер үйінде әртүрлі салада 14 үйірме жұмыс істейді. «Нұр Отан» партиясының «English for Jastar» жобасын жүзеге асыру мақсатында ашылған колледж кітапханасында «Cоworking» орталығында Wi-Fi аймағы – ыңғайлы жағдайда тегін, сымсыз Интернетке қол жеткізе алады, Интернет аймағы – электронды жұмыс орны болғандықтан, Интернетке шығатын компьютерлерден тұрады. Сонымен қатар кез келген цифрлық форматтағы интеллектуалды контент қолжетімді (электронды кітаптар, мерзімді басылымдар, аудио, бейне, ойындар және тағы басқалар) қамтамасыз етілген.

2018 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментімен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Түркістан облысы бойынша филиалының бастамасымен Түркістан жоғары аграрлық колледжінде «Студенттерге қызмет көрсету орталығы» ашылды. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің «Техникалық және кәсіптік білім беру саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтер стандарттарын бекіту туралы» 2015 жылдың 14 сәуірдегі №200 бұйрығына сәйкес көрсететін қызмет стандартын Түркістан облысының аграрлық колледжі әзірлегенін де біле жүріңіздер.

Колледж төмендегі аталған қызмет түрлерін көрсетеді:

Колледж қызметкерлеріне, білім алушыларына, Тассай тұрғын алабының тұрғындарына, e.gov порталы қызметінің қолжетімділігін қамтамасыз етеді.

Колледж қызметкерлеріне, білім алушыларына осында жұмыс істейтіні немесе оқитыны туралы, әскери бөлімде оқитынын растау туралы, колледж білім алушыларына сынақ кітапшаларын жоғалтып алған жағдайда жаңа сынақ кітапшасын қайта беру туралы, тағы басқа мазмұндағы анықтамалар береді.

Өтініштерді қабылдау және қызмет көрсету нәтижелерін беру көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесі арқылы жүзеге асырылады.

Орталықтың жұмысын тиімді жүргізу үшін колледж мамандары Сайрам ауданының Халыққа қызмет көрсету орталығында тағылымдамадан өтуде. Орталықтың үш менеджері арнайы сертификаттар иеленді. Сонымен қатар «SMART-колледж» және «AGRAR-APP» мобильді қосымшасы іске қосылды.

Орталықтың ашылуы аясында «Мемлекеттік қызмет көрсету стандарты – сыбайлас жемқорлықты төмендету кепілі» тақырыбында «Брейн-ринг» танымдық – зияткерлік сайысы өткізілді. Ондағы мақсат: Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру аясында студент жастардың халыққа қызмет көрсету орталығы немесе электрондық порталда мемлекеттік қызметтің көрсетілуі туралы білімін тереңдету, жүйелендіру болып табылады. Зияткерлік сайыстың жүргізілу шарты бойынша колледж білім алушыларынан екі шәкірт және оларды қолдайтын ата-ана және кеңесші ретінде оқытушы қатысты. Сайысқа төрт топ қатысты. Олар: «Қожа», «ID — INFO», «Тапқырлар», «Цифрлы Агрария» топтары. Әр топтың атауы, ұраны, эмблемасы, бірыңғай киім үлгісі болды. Сайысқа қатысушылардың белсенділігі, тапқырлығы, ойды жеткізуі, тіл байлығы мен мәдениеті сарапшы мамандардың ұпай сандарымен бағаланып отырды.

Әділқазылар алқасының құрамында осы іс-шараға қолдау көрсеткен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызмет көрсету басқармасының бас маманы Гүлжан Есеновна Мұсабекова және Сайрам ауданындағы Халыққа қызмет көрсету орталығының «СМК және НR басқармасының» НR менеджері Надира Кулашбековна Гайпова, колледж әдістемелік орталығының меңгерушісі Сандуғаш Дүйсенбайқызы Жақып болды.

Қазақстан КТК одағының ұйымдастыруымен Астана қаласында өткен «Маусымашар-2018» фестивалінен «ШАК құрамасы» командасы 216 команда арасында іріктелген рейтингісі жоғары 26 команданың құрамына еніп, «Үздік жоғары рейтинг» сертификатына ие болды және республикалық ашық телевизиялық лигасына жолдама алды.

Түркістан жоғары аграрлық колледжінде «Кәсіпқор холдингі» коммерциялық емес акционерлік қоғамымен бірлесе отырып «Мамандықтар бойынша жаңа білім беру бағдарламаларын ендіру» тақырыбында аймақтық семинар өтті. Оған Түркістан облыстық білім басқармаларының өкілдері, оқу-әдістемелік орталықтарының әдіскерлері, білім беру бағдарламаларын ендіретін Алматы, Шымкент қалаларының, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы облысының ТжКОБ ұйымдарының өкілдері, «Кәсіпқор холдингі» КЕАҚ қызметкерлері қатысты. Екі күнге жоспарланған басқосуда жалпы саны жүзден астам қатысушы болды.

Түркістан облысының техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының арасында өткен «Үздік жас маман-2018» пәндік олимпиадаға Түркістан жоғары аграрлық колледжінің оқытушылары да белсене қатысты.

I орынды – қазақ тілі және әдебиеті пәнінің оқытушысы Гаухар Әбдіғаппарова,

ІІ орынды – информатика пәнінің оқытушысы Мөлдір Ерботаева мен химия пәнінің оқытушысы Жазира Жасұзақова,

ІІІ орынды – 2018-2019 оқу жылында конкурстық негізде қабылданған математика пәнінің оқытушысы Мөлдір Төрехан иеленді.

Түркістан аграрлық колледжінің басшылығы әлеуметтік әріптестікті дамыту және оқытушылардың біліктілігін арттыру мақсатында Түркістан облысының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының көмегімен Халықаралық SES «Аға сарапшылар қызметі» бойынша Германиядан Dr. Johannes Winkelmann арнайы шақырумен келді.

Сарапшы – білікті ветеринар, ветеринария ғылымының докторы, профессор. 30 жылдан астам Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы палатасында денсаулық сақтау қызметінің менеджері ретінде тәжірибесі бар. Сарапшының мамандандырылған білімі мен тәжірибесінің арқасында колледж оқытушылары мен білім алушылар екі апталық тәжірибеде жануарлардың денсаулығын сақтау, эпизоотиялармен күресі, ірі қара мал, қой, ешкі, қоян және мал шаруашылығы жануарлар ауруларының алдын алу тақырыптары негізінде біліктіліктерін арттырып, арнайы сертификаттарға ие болды.

Сонымен қатар аталмыш елден SES қызметінің аға сарапшысы – агроном Dr. Peter Robert Christ «Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында дуальдік оқытудың ыңғайлы стандарттарын және озық инновациялық агротехнологияларды өндіріске енгізу жолдары» тақырыбында үш апталық тәжірибе курсын өткізіп, колледж оқытушыларына сертификаттар табыстады.

Түркістан жоғары аграрлық колледжінде «Жылыжайда көкөніс дақылдарынан экологиялық таза өнімге қол жеткізу – бүгінгі күннің талабы» тақырыбында семинар өтті. Оның мақсаты: жылыжайда көкөніс дақылдарынан бәсекелестікке қабілетті, экологиялық таза және жоғары сапалы өнім өндіруде энтомафагтарды өсірудің тиімділігін арттырудың маңызы. Баршаға белгілі бүгін Түркістан облысында жылыжайда егін егу өндірісі кеңінен қолданып келеді. Өнімді экспорттау да жақсы жолға қойылған. Сұраныс та көп.

Колледждің оқу-өндірістік базасында жылыжай кешендерінде жоғары сапалы, экологиялық таза өнімге қол жеткізу үшін көкөніс дақылдарының зиянкестеріне қарсы биологиялық күресу жолында – заманауи агротехнологияларды ауқымды түрде үйрету үшін энтомофагтар өсірілуде. Энтомофагтарды өсіруге бейімдеу жұмыстары зертханалық жағдайда жүргізіледі. Семинарға Түркістан облысы жылыжайлар қауымдастығының төрағасы, «МРиК» ЖШС директоры Мырзахмет Снабаев, Түркістан облысы білім басқармасының баспасөз хатшысы Жазира Ұласбекқызы Сәрсенбиева, облыстағы жауапты аграрлық сала мамандары, жылыжай шаруашылықтарының агрономдары, шетелдік әріптес мамандар Украина мен Германиядан келген мамандар қатысты.

Дүниежүзілік психикалық денсаулық күніне орай Түркістан жоғары аграрлық колледжі студенттер үйінде Түркістан облысының Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы мамандарының қатысуымен «Қыз баланы тәрбиелей отырып, болашағымызды тәрбиелейміз!» тақырыбындағы семинар-кеңес өткізді. Ондағы басты мақсат – ерте жүктіліктің алдын алу, түсік тастау мен қаламаған жүктіліктің алдын алу мәселелері бойынша қыздардың сауатын арттыру, жоспарланбаған жүктіліктің жоғары деңгейін төмендету болып отыр.

Түркістан жоғары аграрлық колледжінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «100 жаңа есім» жобасы аясында колледж ұжымының 100 жаңа есімге енген ұлағатты ұстазы, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері Гүлбаршын Андасовна Байдарова атындағы «Биология, ботаника және өсімдіктер физиологиясы» дәрісханасының ашылуы салтанатты түрде өтті. Оған Түркістан облысы білім басқармасының басшысы Исатай Өмірзақұлы Сағындықов қатысты.

Түркістан аграрлық колледжінде білім, ғылым мен өндіріс интеграциясын дамыту арқылы аграрлық салаға бәсекеге қабілетті мамандар даярлауда модульдік-құзыреттілікке негізделген оқу бағдарламаларының тиімділігін көрсету және техникалық, кәсіптік білім беру ұйымдарына тәжірибемен бөлісу мақсатында «Аграрлық секторға мамандар даярлауда модульді-құзыреттілікке негізделген оқу бағдарламаларының тиімділігі» тақырыбында аймақтық семинар өтті. Ондағы мақсат: білім, ғылым мен өндіріс интеграциясын дамыту арқылы салаға бәсекеге қабілетті маман даярлауда модульді-құзіреттілік тәсіл негізінде дайындалған білім беру бағдарламаларының тиімділігін көрсету.

Аймақтық семинарға Түркістан облысының білім басқармасының басшысы И. Сағындықов, бүгінгі таңда дуальдік оқу жүйесін енгізуде ұлттық модель қалыптастыру және ел экономикасының инновациялық дамуы үшін кадр дайындау мәселелері бойынша әлеуметтік әріптестікті дамыту мақсатында және оқытушылардың біліктілігін арттыру үшін Германиядан келген Dr. Peter Robert Christ, «Кәсіпқор холдингі» КеАҚ-ның өкілдері, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облысы бойынша ауылшаруашылығы саласына мамандар дайындайтын колледждерден директор орынбасарлары мен әдіскерлер, арнайы пән оқытушылары қатысты.

Білікті мамандар мекеніне айналған Түркістан жоғары аграрлық колледжінде «Бүгінгі жоба – болашақтың жоспары» тақырыбындағы инновациялық идеялар байқауы өтті. Оны ұйымдастырудағы мақсат – жастардың инновациялық және кәсіпкерлік әлеуетін артыруға жәрдемдесу және студенттер арасында кәсіпкерлікті насихаттау. Аталмыш іс-шараға «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығының басқарма төрағасының орынбасары Ақмарал Байсейітқызы Қансейіт, «Оңтүстік» АИО-ның Даму стратегиясы департаментінің бас менеджері, Шымкент аграрлық колледжі директорының кеңесшісі Нұрбек Ачилов, Мұхтар Әуезов атындағы ОҚМУ-дің профессоры, Шымкент аграрлық колледжі директорының кеңесшісі Кванг Дон Ким, колледж директоры Г. Бекбергенова қазылық етті. Байқауды ашып, қатысушыларға сәттілік тілеген Ақмарал Байсейітқызы суденттерді АИО-тың еншілес компаниясы болып табылатын «Ырыс» микроқаржы ұйымының «Жас кәсіпкер» бағдарламасына қатысып, екі миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несиеге қол жеткізу арқылы бизнес идеяларын жүзеге асыруға шақырды. Инновациялық идеялар байқауында барлығы болып 13 жоба қорғалды. Түркістан облысының техникалық және кәсіптік білім мекемелері оқытушылары арасында Тұңғыш Президент күніне арналған V-дәстүрлі спартакиадасында бірінші дәрежелі Дипломмен марапатталды. Міне, біз осындай жетістіктерімізбен мерейлене аламыз.

Майя ТАСПОЛАТ,

Түркістан жоғары аграрлық колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *